Жалағашта жаңашылдық лебі еседі

2838

0

Жалағаш – 35 мыңнан астам халқы бар шағын аудан. Ал  тұрғындардың 15 мыңға жуығы белсенді халық санатында. Аудан халқы әуелден-ақ атакәсіпті қолға алып, ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етіп келеді. Қажырлы еңбегімен елдің құрметіне бөленген А.Бисенов, Ұ.Еспанов, А.Балғабаева сынды Еңбек Ерлерінің ізін басқан жалағаштық диқандар Сыр маржанын өсіруде қашан да көш ілгері. Айталық, өткен жылы 36750 гектар жерге егін егіп, одан жоғары өнім алған. Бұдан бөлек, заман талабына сай шағын кәсіпкерлікке бейімделіп, шаруасын ұршықтай иіріп отырған тұрғындар қатары артып келеді. Айталық, бүгінде ауданда 2383 шағын кәсіпкерлік нысаны тіркелген болса, оның ішінде 2185-і тұрақты жұмыс істейді. Нәтижесінде, өткен жылы 2,8 млрд теңге көлемінде өнеркәсіп өнімі өндірілген. Біз бұл орайда Тәуелсіздік жылдарынан бері аудан өмірінде орын алған өзгерістерді ой елегінен өткізіп, әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы аудан әкімі Асылбек Шәменовпен әңгімелескен едік.

– Асылбек Өмірбекұлы, аграрлы салаға бейімделген ауданда негізгі өндіретін өнім – күріш. Алайда кейінгі жылдары егінге су алу мә­се­лесі айтарлықтай қиын­дық тудырып отыр. Бұған байланысты қандай шаралар қолға алынды?

– Иә, ол – рас. Жалағаш ауданы – даму әлеуеті жоғары, аграрлы аймақ. Негізгі тір­шілік көзі егін және мал шар­уашылығы.  Жыл сайын 150 мың тоннадан астам күріш жинайды. Десек те, Үкімет тап­сырмасына сәйкес жылдан-жылға егінді әртараптандыруға басымдық беріліп отыр.

Бүгінгі күні ауданда егін шаруашылығымен айналысатын 190 шаруашылық бар. Бұл шаруашылықтарға мемлекет тарапынан бірқатар жеңіл­дік­тер қарастырылған. Атап айтқанда, егіске пайдаланған мине­ралдық тыңайтқыштарды, гербицидтерді және су құнын арзан­датуға субсидиялар бе­рілуде. Осындай қолдаудың арқасында шаруашылық құ­рылымдарының эконо­микалық жағ­дайы біршама жақсарып келеді.

Өздеріңізге белгілі, 2018 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру мақ­сатында инженерлік тұр­ғыда әзірленген суармалы жерде дақылдарды кезектестіріп егу (ротациялау) схемасы бекітілді. Қазіргі таңда ин­женерлік жүйеге келтірілген жерлерде күріш, мақсары, жаңа және ескі жоңышқа дақылдары кезектестіріліп орналастырылуда. Расында, дақылдарды ротацияға сәйкес орналастыру су тапшылығының алдын алуға өзіндік септігін тигізуде. Сол сияқты, егін шаруашылығын дамытудың бір бағыты замандық техникаларды кеңінен қолдануға байланысты. Бұл ретте «Агроөнеркәсіптік ке­шенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мем­­ле­кеттік бағдарламасында» ауыл шаруашылығы тауар өн­діру­шілерінің инвес­ти­циялық шығындарын және техникаларын, жабдықтарын лизингке сатып алудың пайыздық мөлшерін субсидиялау, сон­дай-ақ «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ желісі бойынша несие және лизинг жүйелері арқылы қолдау қарастырылған. Осының нә­тижесінде аудандағы ауыл шаруашылығы тауар өндіру­шілері техника паркін біршама жаңартуға мүмкіндік алды. Бұдан бөлек, суды аз пайдалана отырып, мол жеміс алу мақсатында ауданда бақ өсіруге көбірек көңіл бөліне бастады. Айталық, Мақпалкөл, Таң ауылдарында өсірілген алма бақтары жемісін беріп, оның алды облыс тұрғындарына да жетіп жатыр. Айта кетейік, сырттан тасымалданатын бау-бақша өнімдеріне қарағанда, жергілікті өнімдерге сұраныс жоғары. Біз алдағы уақытта осы жұмыстарды одан әрі дамытуға ден қоямыз.

– Биыл Тәуелсіздікке 30 жыл. Осы орайда аудан өмірінің өткен ша­ғына көз жіберіп, ауыл шар­уа­шылығының ты­ныс-­тір­ші­лігін тарқата айт­са­ңыз…

– Егін және мал шаруа­шылығы ежелден-ақ тұр­ғы­лықты халықтың күнкөрісі са­налады. Тәуелсіздіктің ал­­ғашқы жылдары ауданда не­­гізгі дақыл – күріштің әр гек­тарынан 30-35 центнерден ғана өнім алынса, 2019-2020 жылдары 63,5-тен 69,2 центнерге дейін өнім алып, облыс бойынша ауыл шаруашылығы саласында «Үз­дік аудан» атанды. Сол секілді, 2009-2010 жылдары аудан шар­уашылықтары жылына бар болғаны 4-5 техника сатып ала­тын болса, қазіргі таңда жылына 100 жаңа техникаға дейін жетіп отыр. Мысалы, 2020 жылы ауыл шаруашылығында 4 млрд теңгеден астам қаржыға 93 дана жаңа техника сатып алынды. Жаңа техникаларды пайдаланудың нәтижесінде шаруашылық құрылымдары агротехникалық талаптарды жоғары деңгейде жүзеге асырып, егіннің барлық түрінен мол өнім алуға мүмкіндік туды. Жергілікті инвесторлар тұрғындарды тұрақты жұ­мыспен қамтып, ауыл тұр­мысының жақсаруына, сол арқылы ауданның әлеу­меттік-экономикалық дамуы­на игі ықпал етіп отыр. Ол жағын өздеріңіз де жақсы білесіздер, әр жыл са­йын егіс қорытындысымен үздік деп танылған ауыл шар­уашылығы мамандары, жұ­мысшы-механизаторлар жо­ға­ры сыйақылар және жеңіл ав­токөліктер  иеленіп жүр. Осындай қолдау шараларының нә­тижесінде дәстүрлі салаға жас мамандар да бет бұра бас­тады.

Мал шаруашылығы да қар­қынды дамып келеді. Олай дейтініміз, 1990 жылдары аудан бойынша жеке мен шаруа­шылықтардың  малын қос­қанда мүйізді ірі қара 60 мың, уақ мал 130 мың, жылқы 15-20 мың, түйе 3-4 мың, құс 15-20 мың шамасында болған. Ал қазіргі көрсеткіштерде едәуір өсім байқалады.

Ауданда мал шаруашы­лығымен айналысатын 113 құрылым болса, оның басым бөлігі мемлекеттік бағ­дарламалар ар­қы­лы мал басын көбейтуде. Атап айтқанда, «Сы­баға», «Құлан», «Алтын асық» сияқ­ты мемлекеттік бағ­дар­ламалардың тиімділігі мол. Бағ­дарламалар бойынша жұмыс жасайтын шаруашылық құ­рылымдарының есебінен МІҚ – 37349 басқа, жылқы – 14899 басқа, түйе – 658, қой-ешкі – 52286, үй құстарының саны 9458-ге көбейді.

Сондай-ақ, 9,3 млрд теңгені құрайтын «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының 2-кезеңіне аудан бойынша жалпы көлемі 15123 гектарды құрайтын инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жерлер енгізілді.

– Аудан тұрғындары үшін көп жылдан бері күрмеуі шешілмей келген мәселе – орталық аурухана болатын. Сонау тоқсаныншы жылдардың соңында аудан әкімі Қ.Баймахановтың бастамасымен, асарлатып салынған аурухана күні кешеге дейін қолданыста болды. 2020  жылы 100 орындық жаңа аурухана пайдалануға берілді. Оның халыққа қыз­мет көрсету сапасын қа­лай бағалар едіңіз?

– Шындығында көп жылдан бері тұрғындардың төзімін тауысқан аурухана мәселесі шешімін тапты. Халыққа сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында 2019 жыл­­дың мамыр айында 100 орын­дық жаңа аурухана құры­лысы басталып, 2020 жылы пайдалануға берілді.

Кезінде асар әдісімен салынған ескі аурухана ғи­мараты емделушілерге  меди­циналық қызмет көрсету үшін қолайсыз болғаны анық. Ескі ғимараттағы палаталар санитарлық нормаға сәйкес келмейтін, палаталардың өл­шемдері әрқилы, бір палатада 9 адамға дейін жатқызылатын. Аурухана ғимаратында тек 1 ғана операциялық блок болатын, яғни гинекологиялық және хирургиялық науқастарға бір бөлімде ота жасалатын. Реабилитациялық 10 төсек-орын терапия бөлі­мінің құрамында құрыл­ған­дықтан, терапиялық әртүрлі науқастармен бір бөлім­шеде жатқызылып, ауыр нау­қастармен бірге ем алуы­на мәжбүрлік туындайтын. Аурухананың жоқтығы, әсі­­ресе, пандемия кезінде  қат­ты білінді. Аудан бойынша  былтыр 112 адамнан коронавирус анықталып, 225 тұрғын пнев­монияға шалдықты. Бұл уақытта провизорлық стационарлар мектеп, лагерь және ауылдық ауруханаларда дайындалды. Бір сөзбен айтқанда, аудандық ауруханада талапқа сай медициналық қызмет көрсету мүмкін бол­мағандықтан, науқастар көбіне облыс орталығына жіберілетін.

Ал жаңа аурухана типтік ­жобада, 100 орындық, 3 қа­баттан тұрады. Мұнда нау­қастардың жақсы ем-дом алуына барлық жағдай қарас­тырылған. Ғи­марат терапия, хирургия, реанимация, гинекология, балалар бөлімі, асхана, қан алу мен қан құю және басқа да қажетті құрылымдық бөлмелерден тұрады. Сала мамандарының айтуынша, жылжымалы рент­ген-диагностикалық «Radius» аппаратын қолдану арқы­лы травматология-орто­пе­дия­лық оталарды кіші инва­­зивті тәсілмен кең кө­лемде жүргізуге, сондай-ақ, эндовидеохирургиялық  аппаратты пайдаланып, хирур­гиялық, гинекологиялық жедел және жоспарлы оталар жүргізуге мүмкіндік болады.

Бұдан бөлек, реабилитация бөлімшесіне бұрын-соңды болмаған вертикализатор, жү­ру имитаторы аппараттары беріліп, инсульт алған нау­қастардың денсаулығын қал­пына келтіру мақсатында емдеу шаралары кеңінен қол­данылады.

– ХХІ ғасыр ұрпақтарына білім мен тәрбие беруде мұғалімдерге қойылатын талап еселеп артты. Басқару жүйесі, білім сапасын ба­қылау мүмкіндіктері өз­герді. Жалпы осы салада қандай жаңалықтар бар?

– Білім беру саласында мемлекеттік қолдаудың нә­ти­жесін білесіздер. Көрсет­­кіш­теріміз жыл са­йын жақсарып келеді. Бүгінгі таңда аудан мектеп­терінің 75 проценті жаңа модификациялық кабинеттермен қамтамасыз етіл­ген. Материалдық базасын нығайту бағытында 2020 жылы  облыстық бюджеттен 125 млн 53 мың теңгеге 4 мектепке «3Д модельдеу» жабдықтары (инновациялық мектептер №№201, 123, 31, 32) алынды және 10 мектеп 4 химия кабинеті, 6 биология, 5 физика пәндік кабинеттерімен толықтырылды. Аудан бойынша 12 мектепте робототехника үйірмелері жұмыс жасайды. «Жұмыспен қамту» жол картасы бағдарламасы шеңберінде Мақпалкөл ауылындағы №117 орта мектеп, Аққыр ауы­лындағы №188 орта мектеп ғимаратының күрделі жөн­деу жұмыстарына қаржы бөлінді.   Биылғы оқу жылында М.Шәменов ауылындағы апатты жағдайдағы №34 орта мектептің жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Таң ауылындағы №118, Аламесек ауылындағы №124 орта мектептерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жоба-сметалық құжаттар әзір­ленді. 2020-2021 оқу жылында ағымдағы жөндеу жұ­мыстарына жергілікті бюджеттен 18 млн теңгеге тиісті жұмыстар атқарылды.

Ауданда 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесі шешімін тапқан. Өткен жылы 90 орындық «Жау­қазын» балабақшасы жа­ңа ғимаратқа қоныстанды.

2020-2021 оқу жылында ауданда 321 оқушы мектеп бітірді. Оның ішінде 36 оқушы «Алтын белгі», 13 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Жалпы 295 бітіруші түлек ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген.

Білім саласындағы тағы бір жақсы жаңалық – 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебінің құрылысы жүріп жатыр. Жобаға тапсырыс беруші – облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Жалпы жоба құны 431,5 млн теңге, ал келісім шарт құны 378,1 млн теңге. Бас мердігер – «Самат- Мұнай» ЖШС. Ғимараттың құрылысы 2020 жылдың шілде айында басталған, биыл қыркүйек айына дейін пайдалануға беріледі.

– Қазір Жалағашқа келген кісі тазалық пен абаттандыру ісіне ризалық білдіріп жүр. Көшелер жөнделген, жүзу бассейні, балалар ойын алаңы салынған дегендей…

– Әрине, тазалық, айна­ланың көрікті болып тұруы халықтың көңіл-күйіне тіке­лей әсер етеді.  Кент  орта­лы­ғындағы көшелердің басым бөлігі асфальтталып, жол белгілері қойылды. Абат­тандыру жұ­мыстары үз­діксіз жүргізіліп жатыр. Со­нымен қатар, таяу күн­дерде жалағаштықтар жү­зу бассейнінің игілігін кө­реді. Ғимаратта үлкен, кіші бас­­­сейндер, жаттығу залы, дәрігерлік кабинет, дүкен, киім ауыстыру бөлмесі және душ қабылдайтын орын қамтылған. Осынау әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асыруға қаржы салып отырған кәсіпкер Қайыржан Құлтекенов – Атырау облысының азаматы, «Казкомсервис» ЖШС-ның құрылтайшысы. Ал құрылысты салып жатқан мердігер – «Интегрострой» ЖШС. Жоба аясында бассейн құрылысын салуға 395 млн теңгеден астам қаржыға келісім-шарт жасасқан. Жоба мерзімінен бұрын, маусым-шілде айларында жүзеге асырылмақ.

Тағы бір жаңалық – аудан орталығынан балаларға арнап жаңа ойын алаңы пайдалануға берілді. Бұл ауданымызға күн электр станциясын құры­лысын жүргізген «Nomad Solar» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің де­меу­шілік қаржысы есе­бінен салынды. Ойын ала­ңына орналас­тырылған жаб­­дық­тар жоғары сапалы және балалардың жан-жақты қауіп­­сіздігі де ескерілген. Алдағы уақытта да жергілікті атқарушы органдар мен бизнес өкілдерінің әріптестігі аясында жүзеге асырылатын бірқатар жаңа жобалар бар.

– Қай заманда да тір­шіліктің түп тамыры ауыл­да жатыр. Десек те, Тәуелсіздіктің әдепкі жылдарында сол ауылдардағы құны бар дүние-мүліктер қолдан-қолға өтіп, талан-таражға түскені рас. Бүгінгі ауыл бейнесі туралы не айтуға болады?

– Өте орынды сұрақ. Жасыратыны жоқ, Тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдары ал­тын қазығымыз саналатын ауыл өмірі айтарлықтай қиын­дық­тарды басынан өткерді. Қа­лып­тасқан тіршілік арнасын жоғалтып алды. Дегенмен, бүгінгі таңда ауыл тұрмысы заман талабына сай өзгеріп, шаруашылықта  жаңаша  өз­ге­рістер жүзеге асырылып келеді.

Ауданда күріш дақылын өндіруде көпжылдық тәжі­рибесі бар Таң ауылын өз­деріңіз жақсы білесіздер.  Осы  ауылдың  тұрғындарын тұ­рақты жұмыспен қамтып отырған «Таң LTD»  ЖШС та­рапынан ауылды абат­тан­дыруға байланысты көп жұмыс ат­қарылды.

2018  жылы   Таң  ауылын­дағы 100 орындық «Таң бөбегі» бөбекжайының ғимараты күр­делі жөндеуден өтті. Қазір балабақшада 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында құны 56 млн теңге тұратын 100 адамға арналған спорт кешені пайдалануға берілсе, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасына сәй­кес республикалық бюджет­тен 13 млн 244 мың теңге қаржы бөлініп, 150 орындық Таң ауылдық мәдениет үйінің ғимаратына жөндеу жүргізілді. Бұдан бөлек, «Таң ЛТД»  ЖШС-ның жеке қаражаты есебінен 2021 жылы 2 қабатты 2 пәтерлі 4 тұрғын үй, орталық монша, жылыжай кешені, орталық стадион, спорт ке­шені салынып, пайдалануға бе­рілетін болады.

«Еңбек Жер» ЖШС директоры Ш.Ысқақовтың өз қаражаты есебінен де  ауыл орталығын көркейтуге, абат­тандыруға талпыныс жасалып отыр. Ауыл тұрғындары үшін көп жылдан бері шешімін таппаған аяқсу мәселесі болатын. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы  арқылы 8 млн 900 мың теңгеге «Мәдениет» каналына электрлі су тартқыш насос алынып, қазіргі уақытта электр желісін қайта тарту жұмыстары жүргізілуде. Аудандық бюджеттен 4 млн теңге бөлініп, Қ.Адаев  көшесі  (ұзындығы 500 метр) ағымдағы жөндеуден өтті.

Биыл Мүсірәлі баба, Сырбай ата, Ғ.Мұратбаев кө­ше­леріне күрделі жөндеу, Т.Дәуітбаев, А.Құнанбаев, М.Бай­ділдаев көшелеріне ор­таша жөндеу жүр­гізіледі. Сонымен қатар, «Ең­бек Жер» ЖШС  жылыжай және күріш зауытын салуды жос­парлап отыр. Міне, осындай тіршілік ауыл-ауылда астасып, қызу еңбек жасалуда.

– Биылғы жылдың жақсы жаңалығы десек болар, аудан орталығына көптен күткен «көгілдір отын» жет­кізіліпті… 

– Бұл енді халықтың игілігіне жасалған ең бір қуанышты жағдай. Жалағаш кентінде газ құбырларының құрылысы жүр­гізілді. Тапсырыс беруші – об­лыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шар­уашылық басқармасы, бас мер­дігер мекеме «Stroy­Gaz­Company» ЖШС. Жоба­ның жалпы құны 3 млрд 691,3 млн теңге.

Жобаның сипаттамасы бо­йынша бірінші бөлікке «Тереңөзек-АГТС-дан Жала­ғаш-БГРП-ға дейін 1,2 МПа жоғары қысымды бұрма-газ құбырын тарту жұмыстары (жалпы ұзындығы 25,9 ша­қырым) кіреді. Бүгінгі күнге бұл жұмыстар толық атқа­рылып, тиісті сынақтан өт­кізілді. Екінші бөлікте кенті­шілік газбен жаб­дықтау желілерін салу құры­лысы. Жоба бойынша 2 ГРП (газ тарату пункті), 18 ШРП (шкафты тарату пункті) орнату, 19 шақырым орташа қысымды, 78 шақырым төменгі қысымды жерасты газ желісін, 37 шақырым төменгі қысымды жерүсті газ желісін тарту қарастырылған. Бүгінгі таңда жоспарланған жұмыстар 90 процент орындалып тұр.

Жалпы Тәуелсіздік жылдары Жалағаш ауданында 8,5 мың жұмыс орны құрылды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2,6 есеге өсіп, 2,3 мыңға жетті. Аудан тұрғындарының 100 проценті орталықтандырылған ауыз­су­мен қамтамасыз етілді. Ау­дандық маңызы бар автомобиль жолдарының 88 проценті жөндеуден өтті. Әлеуметтік салада 13 медициналық ұйым­ (аурухана, емхана, дәрігерлік амбулатория және фельдшерлік бекет), 3,3 мың орындық 5 мектеп, 1,7 мың орындық 23 балабақша, 28 спорттық кешендер мен алаңдар салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Алдағы уақытта да халықтың тұрмыс-тіршілігі, ұрпақ мұраты, жалпы өмірлік құндылықтар жолында жасампаз істер жүзеге асады деп сенемін. Ал бұған тірек болатын, әрине, Тәуелсіздігіміз.

Сұхбаттасқан

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<