Жанар Байсемізова: КАМЕРА МЕН МИКРОФОНДЫ ҚАТТЫ САҒЫНДЫМ

1323

0

Ұлттық арнадағы «Шет елдегі қазақ балалары» жобасымен танылған журналист Жанар Байсемізова бүгінде қыз-келіншектерге арнап мотивациялық тренингтер мен семинарлар өткізіп жүр. Әріптесімізді журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында Қызылордадағы осындай жиындардың бірінде жолықтырып, әңгімеге тартқан едік. 

– Жанар, сізді бұрын теледидардан көрсек, енді жаңа қырыңыздан танылып жүрсіз. Бұл бағытқа түбегейлі бет бұрдыңыз ба?

– Біржақты айту қиын. Өйткені алдағыны Алла біледі. Мен ертең, тіпті жарты сағат, бір минуттан кейін не күтіп тұрғанын білмеймін. Менің жантану әлемінің тереңіне бойлауыма, рухани практикамен айналысуыма журналистика трамплин болды. Бұл ілім тағы басқа қабілетімді ашуы мүмкін ғой. Сондықтан пәлен-түген деп кесіп айта алмаймын.

– Өзіңізді тану, жантану ілімі сізді несімен қызықтырды? Бір нәрсеге бір нәрсе себеп дегендей…

– Мен бұл жолға қызыққаннан емес, қиналғаннан келдім. Адам өзінің өмірінде қандай да бір кедергіге жолыққанда, басына іс түскенде, айналасындағылармен қарым-қатынаста қиындық туғанда, күйзеліске ұшырағанда сол тығырықтан шығудың жолын іздейді. Жан дүниесіне үңіледі. Өзін-өзі зерттейді. Осылайша өзгені де тануды түсінуді үйренеді. Мен тренинг өткізу тренд, семинар өткізу сән екен, мен де жұрттан қалыспайын деп бастаған жоқпын бұл істі. Өмірлік тәжірибем түрткі болды.

– Осы күні семинар, тренинг өткізу белең алды. Сіздің мақсатыңыз қандай? Аудиторияны қалай жинайсыз? 

– Мақсатым – өзім ғана біліп қоймай, білгенімді басқалармен бөлісу. Мықтылардың қатарында болу үшін күнделікті өзіңді-өзің жетілдіріп, біліміңді толықтырып отыру керек. Қазір осы үшін көп уақыт және күш жұмсаймын. Өзгелерге қиындықты айналып өтпей, керісінше оған қарсы тұрудың, төзімді болудың, проблеманы шешудің жолдарын, тәсілдерін көрсеткім келеді. Жантану ілімімен айналысқаннан өмір керемет болып кетпейді. Пенде болған соң алдымызда неше түрлі сынақ жолығады. Артықшылығы, өзін-өзі танып-білген адам осындай жағдайда не істеу керектігін біледі. Эмоцияңды басқаруды үйренесің. «Шет елдегі қазақ балалары» жобасы халыққа фейсбук арқылы көбірек танылған болса, осы күнгі семинар-тренингтерімнің аудиториясы негізінен инстаграмның көмегімен жиналып жүр. Бұл да әлеуметтік желілердің күшін көрсетсе керек. Журналистикаға сіңірген аз-кем еңбегімнің әсерімен де адамдар сөзіме иланып, семинар-тренингтеріме қатысып жатады. Жарнаманы әзірге тек әлеуметтік желіде, оның ішінде инстаграм арқылы жасап жүрмін. Дос-жаран, әріптестерім үнемі жәрдемдесіп жүреді. Ақпарат тез тарайды ғой, қатысушылардың басы осылай құралады.

– Сіз өткізетін тренинг қанша тұрады? 

– Орта есеппен 10-15 мың теңгенің айналасы. Оның ішінде ауыл-аймақ, шет жақтан келген, көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға, жасөспірімдер мен студенттерге жеңілдіктер қарастырылған. Кейбір кісілер өтініш білдірген жағдайда тегін қатысып, кеңес тыңдауына мүмкіндік береміз. «Неге осы үшін ақша алады?» дейтіндер де табылады. Алайда, өткізетін орын, жүріп-тұруың бар, көмекшілерге жалақы бересің – мұның бәріне ақша керек. Жақында Атырауда тегін кездесу өткіздім. Семинар-тренингтің болатыны туралы ақпарат екі-үш күн бұрын ғана жарияланса да соған 70-тен астам адам жиналды.

– Адамның діни сенім-нанымы сіз үшін қаншалықты маңызды? Жолдасыңыздың ислам дінін қабылдауына ықпалыңыз болған шығар

– Бір кездері адамның діни көзқарасы, бағыты мен үшін соншалықты маңызды болды. Қазір олай емес, ешкімді нәсіліне, ұлтына, жүзіне, руына қарап бөлмеймін. Барлық адамды бірдей көрем. Жаман ұлт болмайды, тек нашарлау адамдар кез келген ұлтта, мемлекетте, дінде бар. Ең бастысы, адам өзгеге, айналасына, қоғамға зиянын тигізбеу жағын ойлауы керек сияқты. Жолдасымның ислам дінін қабылдауына ықпал еткен жоқпын, бірақ себеп болған сияқтымын. Ол хақ дінге келу арқылы тағы бір белеске көтерілуі тиіс болған шығар. Мұны Алла тағаланың маған берген шапағаты мен махаббатының көрінісі деп білемін. Ал мен үшін Құдай біреу, тек оған баратын жол әртүрлі.

– Қайын жұрт жағыңызда – итальян отбасында жар, келіннің рөлі, міндеті қандай? Екі түрлі ұлттың тұрмыс-тіршілігіндегі ұқсастық пен айырмашылық неде?

–Енем – өте жақсы, мейірімді кісі. Ол шет елде тұрады, ара-тұра телефон арқылы хабарласып, жағдай сұрасамыз. Ал қайын жұртқа барғанда мен оларға емес, енем маған көбірек қызмет етіп жүргендей көрінеді. Екі ұлттың менталитеті, тұрмыс-тіршілігі бәрібір бір-біріне ұқсамайды. Әуелгі кезде күйеуіме қазақтың өмір сүру салтындағы ерекшеліктерді тәптіштеп түсіндіруге тура келді. Әсіресе, екі жақтың ас-ауқатындағы айырмашылыққа үйренісу оңай тиген жоқ. Күйеуім ұннан әзірленген тамақ жемейді, ал бізде керісінше. Бізде жұбайларға керек ең басты нәрсе бар, ол – түсіністік пен сыйластық. Жолдасым екеуміздің қарым-қатынасымызға тұрмыс-салттағы айырмашылық кедергі келтіре алмайды.

– Психологиялық, мотивациялық кітаптардың көбі – шетелдік авторлардікі. Бұл нені көрсетеді? 

– Жаңашылдықтың көбі бізге дамыған елдерден, батыс жақтан, Америкадан келеді. Бізбен салыстырғанда олардың анағұрлым алдыңғы шепте екенін мойындауға мәжбүрміз. Дамыған мемлекеттердің халқын жаһандану, ғаламдық жылыну немесе экология проблемалары алаңдатады. Біз әлі күнге тұрмыс деңгейінен аса алғанымыз жоқ. Әйтсе де, қазақ қоғамы ақырын дамып келеді. Қазір мұндай кітаптар қазақ тілінде де шығарылып жатыр.

– Тренинг өткізе бастағалы өзіңізге көп сұрақ қойылып жүр. Осылардың бәріне жауап ретінде кітап шығаруды ойладыңыз ба?

– Бала күнімде жазушы болсам дейтінмін. Көркем әдеби бағытта болмаса да, адамдарға көмекші құрал ретінде кітап жазу ойда бар. Ол бір жағынан көп сұрақтың жауабы болмақ.

– «Шет елдегі қазақ балалары» – өте танымал жоба. Жалғасы бола ма әлде көрерменмен қашан қайта жүздесесіз?

– Уақыты келгенде көреміз оны. Жобаны жалғастыру нақты жоспарда болмағанмен, жүрегімнің түкпірінде бар. Көрерменмен қашан қайта жүздесетінімді де әзірге білмеймін. Телевизия саласы мен үшін өте ыстық. Журналистикадағы жолымды құрметтеймін, әріптестерімді сыйлаймын. Менің танылуыма осы сала тікелей ықпал етті. Телевидениеден кеткеніме бір жылдай уақыт өтіпті. Камераны, микрофонды қатты сағынып жүрмін. Реті келсе, журналистикаға қайта оралуым мүмкін.

– Жанар, ендігі арманыңыз не?

– Арман ешқашан таусылмайды. Бір белеске шықсаң, екінші белес менмұндалап тұрады. Арманы жоқ адам өзін-өзі дамытудан кеш қалғанмен бірдей. Қуыс кеудеден артықшылығы болмайды. Белгілі бизнесмен Генри Форд айтқандай, өзгеріске ұмтылуды қойған адам өлгенмен тең, ал жерлеу – рәсім ғана. Арман-мақсат өте көп. Құдай қуат берсе, жолдасым түсіністік танытса, сол жоспарларым жүзеге асады деген сенімдемін.

– Уақыт бөлгеніңізге рахмет. Кәсіби мереке құтты болсын!

Сұхбаттасқан 

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<