«Жер телімін алу – кәсіпкерлердің басты мәселесі»

837

0

Кәсіпкерлікті дамыту күн тәртібінен түспей тұр. Өйткені, бү­гінгі қоғам тынысында бұл саланың алар орны өте маңызды. Кәсіпкерлік дамыса: біріншіден, жұмыссыздық азаяды. Екіншіден, салық базасы артады. Үшіншіден, халық тіршілігі түзелген жерде қоғамдық ахуал тұрақты болмақ. Дегенде, осы кәсіпкерлікке қатысты сауал көп. Мемлекет көмегін алып, мүмкіндігін пайдаланғандар аз емес. Ал кәсіп ашайын десе алдынан кесе көлденең шығатын кедергілер де кей бастамашылардың жолына тосқауыл болып тұр. Мәселен, облыстық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен азаматтарға кәсібін жүргізуге кедергі жасаған 41 лауазымды тұлға тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Палата сарапшылары соңғы үш жылда 500-ден астам кәсіпкердің құқығын сотта қорғап, 200-ге жуық сот отырыстарына қатысқан. Қысқасы, сауал көп. Осы орайда палата директоры Ғалымбек Жақсылықовпен әңгімелескен едік.

8 жылда шешілмеген

1 сотық жер

– Ғалымбек Жақсылықұлы, палатаның пәрменді жұмысына қанықпыз. Оның бір дәлелі, таяуда ғана өздеріңіз әлеуметтік желіде бір сотық жерге қолы жетпей жүрген кәсіпкер туралы атап өттіңіз. Жалпы, кәсіпкерлікті жүргізуде жер теліміне қатысты өзекті мәселелер қандай?

– Бұл – кәсіпкерлердің басындағы ең өзекті мәселенің бірі. Жер теліміне қатысты мұндай оқиғаларға көп кезігеміз. Сіздің айтып отырғаныңыз жеке кәсіпкер Құмарбек Төлегеновтің басындағы жағдай. Ол сегіз жылдан бері 1 сотық жерге қол жеткізе алмай жүр. Кәсіпкер 2012 жылы Қызылорда қаласындағы Жалаңтөс Бахадүр көшесінен аукцион негізінде 100 шаршы метр (1 сотық) жер телімін алады. Тротуармен қабаттасуына байланысты бұл жерде құрылыс жүргізу мүмкін болмай, 2016 жылы кәсіпкерге әкімдік арқылы Байтұрсынов көшесінен 75 шаршы метр (0,75 сотық) жер телімі берілген. Аталған аумақты қоршап, 2018 жылы құрылыс жұмыстарын бастағалы жүргенде бұл жердің иесі бар екені анықталып, әкімдік енді Қонаев көшесінен жер телімін табыстайды. Десе де, кәсіпкердің проблемасы мұнымен бітпейді. Қонаев көшесінен берілген 0,75 сотық жерді прокуратура Қызылорда қаласының «бас жос­парына сай емес, бұл жер жасыл желек аумағы» деп наразылық келтіріп, нәтижесінде кәсіпкер жер телімінсіз қалады. Бас жоспарға 2019 жылдың 6 маусымында өзгеріс енгізілген. Оған сай, әкімдік  алып қойған жер телімі «базар», яғни кәсіпкерлік мақсатқа арналған жер болып белгіленген. Кәсіпкерлермен кездесуде көтерілген мәселелердің басым бөлігі жер қатынастары саласына қатысты болып жатады. «Қазір халық жалқау, тірлік істегісі келмейді» деп жүрген кейбір шенділердің әңгімесін жоққа шығарғым келеді. Тірлік жасағысы келіп, жер алып, ақша салған, алайда құжаттарын заңдастыра алмай сенделген жандарды көргенде, еріксіз қынжыласың. Бұл мәселені тікелей бақылауыма алдым. 8 жыл сандалған әріптесімізге көмектесе аламыз деп үміттенемін.

Кім жауапты?

– Жер телімін алудың өзі үлкен проблема екені көрініп тұр. Әйт­кенмен, жерді алғаннан кейін де бір бума қағаз ұстап шапқы­лағандарды да байқаймыз. Мұндай азаматтар мәселесін айтып келе ме?

– Дұрыс айтасыз. Жоғарыда айтып өткендей, жер алудан бастап туындайтын сан мың мәселе бар. Мәселен, жеке кәсіпкер Ұлықбек Каримовтың желге ұшқан 622 мың теңгесін кім өтейді? Ол 2008 жылы Қызылорда қаласына қарасты Ж.Маханбетов ауылынан жер телімін алды. Оған кәсіпкерлік мақсатта ғимарат құрылысын салу үшін «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығынан 2019 жылы 16 млн теңге қаржы алды. Кәсіпкердің жеке меншігіндегі жер телімінің құрылысты жүргізу үшін көлемі аз болуына байланысты Қызылорда қалалық әкімдігіне өтінішін білдіріп, қалалық жер комис­сиясының хаттамалық шешімімен 584 шаршы метр жер теліміне меншік құқығын алады. Жер комиссиясының оң қорытындысынан кейін кәсіпкер құрылысын бастамаққа ниеттеніп отырғанда «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы тіркеу және жер кадастры бойынша Қызылорда қалалық бөлімі «Берілген жер теліміне камеральді және далалық зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Қосымша табысталған жер телімінің алдын ала таңдау актісі, сызбасы, схемасы бойынша көршілес орналасқан жер телімімен қабаттасып қалатынын ескере отырып, жерге орналастыру жобасын жүргізе алмаймыз» деп кәсіпкердің жұмысын тоқтатады. Алайда аталған бөлім кәсіпкердің жер телімімен қаншалықты қабаттасып қалатыны жөнінде нақты ақпарат бермей, кәсіпкердің жұмысына ашықтан-ашық кедергі келтіріп отыр. Осы жағдайдан кейін кәсіпкер құрылысын жүргізе алмай, алған несиесінің 14 млн 658 мың теңгесін уақытылы игермеуіне байланысты «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығына кері қайтарған. Жобаны іске асыра алмаған 5 ай үшін қаржы институтына  622 мың теңге сыйақысын төлеген. Міне, қандай қиындық көріп отыр? Кедергі емей немене? Бұл мәселе жақында облыстық прокуратура, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалымен бірге өткізілген Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте қаралып, тиісті мемлекеттік органға наурыз айына дейін шешу тапсырылды. Нәтижесін көреміз енді.


Тұтынушылық несие

экономиканы

дамытпайды

– Жасыратыны жоқ, қағаз­бастылық әлі күрделі сипат алып тұр. Бұл ретте кәсіпкерлерге нендей кедергілер бар?

– Білесіз бе, тұтынушылық несие алу шағын бизнеске қажет несиеден әлдеқайда оңай болып қалды. Бұрын тұтынушылық несиеге анализ жасаған едік. Сонда байқағанымыз, тұтынушылық несие алудан алдыңғы қатарда екенбіз. Облыс басшылығының да назарына ұсындық. Неге дабыл қағып отырмыз? Біз тұтынушылық несиенің өңір экономикасын дамытуға септігін тигізбейтінін ескеруіміз керек. Бұл экономикамызға жұмыс істемейді. Ал кәсіп үшін берілген қаржы осы жерде қалады. Ол бір зат өндіруі мүмкін, не болмаса қызмет көрсету сервисін ашуы мүмкін деген тәрізді. Сол кезде барып, аймақтың әл-ауқатын арттыруға титімдей болса да бір үлес болар еді. Мәселен, кәсіпкерлердің көпшілігі микроқаржы ұйымдарынан жоғары процентпен несие алады. Олардан сұрағанымызда «бізге осы ыңғайлы. Шұғыл қажет болғанда дереу ала қоясың. Аз құжат апарамын, тез аламын» деп жауап қатады. Мемлекеттің жеңілдетілген несиесінен проценті жоғары, бірақ қаражат керек кезде жылдам ала қояды екенсің. Бұл да үлкен мәселе.

Айталық, кәсіпкер Айнұр Қожакелдіқызы 115 шаршы метр жерді 18 миллион теңгеге алды. Оны мемлекеттік жеңілдікпен емес, кәдімгі тұтынушылық несиеге сатып алды. Сол жерден кәсіпкерлік нысанын ашу үшін 40-50 млн теңге жұмсады. Осындай он кәсіпкер әрқайсысы 20 млн теңгеден үнемдесе 200 млн болмай ма? Жерді мемлекеттік бағамен алса, кәсіпкер қалған қаржысын басқа да бизнес ашуға жұмсаған болар еді ғой. Облыстың экономикасына зор септігін тигізер еді.


Аты бар да, заты жоқ

– Ғалымбек Жақсылықұлы, «елде жоқ тың идеямен жаңадан кәсіп ашамын» дегендерді көріп жүрміз. Аймақтың алыс елді мекенінің бірінде тұрады делік. Сөйтсе, «сіздің жобаңыз бұл аумақта бар» деген жауап алады. Яғни, бұрын базбір бағдарламамен қайтарымсыз қаражат ұтып алғандар жобаны бастауын бастап, аяғында жауып тынады. Әйткенмен, құжат бо­йынша ондай орындар бар. Яғни, аты бар да заты жоқ…

– Меніңше, бұл мәселені арнайы мониторинг жасап, зерттеу керек. Бұл инновациялық гранттан басталған нәрсе ғой. Мен ол жердегі конкурста мүше емеспін. Арнайы құзырлы органдар бар анықтамасын даярлайтын. Біз өзіміздің тарапымыздан өткен жылы берілген гранттарға мониторинг жасаймыз. Қайтарымсыз қаражат – үлкен қолдау. Нысаналы мақсатта жұмсалу керек. Жобаны қорғағаннан кейін ол не істеді? Егер өзінің мойнына алған міндеттерін орындап, жобаны жүзеге асырып жатса, мемлекетке қайтармайды. Алған қаражатты қайда жұмсады, қандай құрылғылар алды деген есебін тапсыру керек. Бастап келе жатып тұрып қалса, оның басында қандай кедергі болды, не себептен жұмысын бастамады деген мақсаттарда зерттеп жатырмыз. 

– Кәсіп ашамын деген адамға алғашқы кеңес қандай болар еді?

– Бала күнімізде анамыз «үйден береке кетпесін» деп айтып отыратын. Екі отбасын білемін: бірі – ақшаны жақсы табады, ал екіншісінің табысы аздау. Бірақ сырттай қарағанда табысы аз отбасы біріншісіне қарағанда әлдеқайда жақсы тұратын сияқты. Міне, біз эмоциялы түрде шешім қабылдамауымыз керек. Бір жобаның табысын ойлап отырып, эмоциямызға ерік беріп, қаражатын алып қоямыз да әрі қарай іске асыра алмай қаламыз. Өнімді өндіру бір бөлек, өткізу – басқа нәрсе. Өндіріп жатқан өнімімізді өткізу жағын да ойластырып алған абзал. Наубайхана ашамын деген бір кісі келді. Сұраған ақшасы қыруар. Оған өз алдына ғимарат салмақшы екен. Шын мәнінде жобадағы уақыты ғимарат салып жүріп-ақ кетіп қалады. Мен оған үйінің бір бөлмесін пайдалану мүмкін екенін айттым. Ол наубайхана ісін әрі қарай алып кетті. Міне, көрдіңіз бе, алғашқы бастағанда осыны алып кете аламын ба деп шама-шарқын біліп алған жөн. Ол ақшаны қарызға алып отыр, яғни, әлі түспеген болашақ табысынан қайтаруды ойлап тұр. Бұл – қиын нәрсе. Кәсіп ашарда қажетті қаржыны ғана алу керек. Ертеңгі мүмкіндікті, бәрі-бәрін саралап барып жұмыс жасаған жөн деп білемін.

– Рахмет.

Әңгімелескен

Дәулет ҚЫРДАН.

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<