Асыл ұстаз тұлғасы аласармайды

642

0

Белгілі  жазушы Б.Ұзақбаевтың «Шырағың сөнбесін» атты кітабында аймаққа аты мәлім ұлағатты ұстаз Қалыбай Бекеновтің қиын-қыстау тағдыр кеше жүріп, алдына қойған мақсат-мұратының жолында аянбай еңбек етіп, бірегей болмысын қалыптастырғаны жайлы баяндалған.

«…Қалыбай балалар үйінде тәрбиеленсе де жасық болмай, өжет, қайсар әрі батырлығымен қатарластарын таңғалдырды. Ештеңеден тайсалмайтын, өнерге, оқуға құштарлығы басқаларға қарағанда ерекшеленіп тұратын. Әкесі жоқтығын ешкімге білдіргісі келмеді. Төрт құбыласы тең адамдай өзін барынша байсалды ұстайтын» – деп айтылады онда.

Өңірдің дәулетті адамдарының бірі болған Бекен ақсақал кешегі кеңестік кезеңнің тұсында қысым көріп, іргелес қырғыз еліне көшкен екен. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» деп, елден жырақ бас сауғалап кетсе де, іштей күйзеліп жүрген қарттың «сүйегім туған жерде қалсын» деген тілегі қабыл болып, көп ұзамай Отанына оралып, ағайынмен арыздасып, өмірден өтеді.

Бекен ақсақалдың артында он бір бала қалған еді. Ол кезде тоғыз жастағы Қалыбай Аламесектегі балалар үйінде тәрбиеленіп жатты. Ал анасы Жұмакүл екінші ұлы Науқанбайды алып, елден көшуге мәжбүр болды. Жас та болса ойы орнықты, қайсар мінезді Қалыбай елде қалды. Ағайын арасында ер жетіп, қатарға қосылды.

Бала шәкірт Қалыбай барлық сабаққа алғыр, оның ішінде математика пәніне қабілеті ерекше болатын. Сондықтан білікті шәкірттің болашағына ұстаздары да үлкен үміт артқан. Осылайша жастайынан оқу-білімге деген құштарлығы оны  мұғалімдік мамандық алуға жетеледі. Өзі сынды ойы озық, білімі терең қатарластарымен бірге қаладағы педагогикалық училищені үздік бітіріп, Ресейдегі Ульяновск қаласына арнайы сапарға жолдама алған болатын. Алайда, 1941 жылы тұтқиылдан соғыс өрті тұтанып, елдегі ер азамат түгел Отан қорғау жолында майданға жіберіліп жатты.

Білімді жас Қалыбай Бекенов те қысқа мерзімді офицерлікке дайындау курсынан өтіп, соғысқа аттанып, қолына қару алды. Соғыста Власов армиясының қатарында кіші офицер болды. Жауға қарсы жойқын шабуылдарда ажалмен талай мәрте бетпе-бет келді. Майдан даласында от пен оқтың ортасында жүріп, жанкештілік пен табандылықтың куәсі болған сәттері қаншама?! Отанына шын берілген жауынгерлер қарша бораған оққа қарсы еш именбей кеудесін тосатын. Сонымен бірге, сұм соғыста залымдық пен сатқындықтың да зардабын тартқан кезі болды. Жау қолына тұтқынға түсіп, көрмеген азабы қалмады. Әйтсе де «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей, талқаны таусылмаған қазақ солдаты соғыс біткеннен кейін ай жарымдай уақыт жүріп, туған жеріне табан тіреді.

Елге оралған соң Шымбөгет орта мектебіне мұғалім болып орналасып, қызу еңбекке араласып кетті. Ол уақытта жастың да, кәрінің де сауат ашып, білім алуға деген көңілі алабөтен. Сондықтан жас маманның жұмыс ауқымы көбейіп, жауапкершілігі де арта түскен.

Соғыста жүрген кезінде педучилищеде қатар оқып, көңілі жарасқан Дәмегүл есімді қызбен хат алысып тұратын. Бір-бірінен қанша алыс болса да оларды жүрек түкпіріндегі әлдебір аяулы сезім жақындастыра түсетін. Елге оралған соң көп ұзамай Дәмегүлмен қайта жолығып, шаңырақ құрды. Екеуі де мұғалім, сондықтан болар, ой-пайымдары орайласып, көңілдері жарасып, адал еңбек ете жүріп, тұрмыстың мың-сан түйткіліне дес бермейтін. Алайда соғыста жүргенде Қалыбайдың жау лагерінде тұтқынында болғаны қайда барса да алдынан шыға берді. Әлгілер қайта-қайта жауап алып, әуре-сарсаңға салды. Ақырында Қостанай облысына алты жылға жер аударды. Өмірдің бар қиындығы мен қызығын бірге көруге серттескен аяулы жары Дәмегүл қасында болып, қатар жүріп еңбек етті. Сонымен, кесімді мерзімін өтеп, 1954 жылы туған жері – Сыр өңіріне оралады. Осы жылдары отбасы, ағайын-жекжаттың жайымен, Қаратерең ауылдық мектебінде төрт жылдан аса ұстаздық еңбек етті.

Қалыбай Бекенұлының туған жері – «Аққұм» ауылы. Бұл жердің әрбір бұтасы көңіліне ыстық, адамдары да соншалықты бауырмал. Аралдан оралған соң ғұмырының соңына дейін жұбайы Дәмегүл екеуі туған ауылының мектебінде еңбек етіп, қаншама балаға білім беріп, қатарға қосты. Олардың ішінде ұстазының ізін жалғап, ғылым жолына түскендер де, шығармашылық пен өнер биігіне өрлегендер де бар. Ал сан түрлі себеппен арнайы білім алуға мүмкіндігі болмағандар ауыл шаруашылығының айналасында адал еңбек етіп жүр. Ұстаз бақыты деген сол шығар, шәкірттерінің бәрі Қалыбай ағайы мен Дәмегүл апайының есімін құрметпен атайтын. Ұрпақ тәрбиелеудегі ұзақ жылғы адал қызметі үшін Қалыбай Бекенов «Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің үздігі» атанды.

«Аққұм» ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Науқанбай Шуақбаев Қ.Бекенов жайлы естелігінде былай деген екен:

«Қоғамда,   елде, өмірде   қандай мемлекет қайраткерлері, дарынды ғалымдар, өнертапқыштар, конструкторлар, өнер адамдары, ақын-жазушылар, даңқты қолбасшы, батырлар, елді аузына қаратқан би-шешендер, барлығы да ұстаздың алдынан өтіп, білім, тәрбие алып, өздеріне құдіреттің берген ақыл-қабілетінің арқасында сондай дәрежеге жетеді. Олардың бәрі де өмір бойы өзін оқытып тәрбиелеген Қалыбай ағай мен Дәмегүл апайдай ұстаздарын ұмытпайды, қадірлейді, сыйлайды, әрқашан айтып жүреді. Бұл – әрбір ұстаздың бақыты, еңбегімен қол жеткен табысы, рухани байлығы десем оған да ешкім қарсы болмас. Адам өмірінде рухани байлығы мол, дүниетанымы кең, жан-жақты білімді адамдар үнемі жақсылық жағымен көрініп, бірге жүрген адамдарына әрқашан өзінің адамдық болмысы мен парасатының өзгешелігімен биіктігін де көрсетіп отырады»

Иә, ол жылдары елдегі жағдай белгілі, біреуден ілгері, біреуден кейін күн кешсе де, отбасының қадір-қасиетін бағалай білді. Елдің баласын оқыта жүріп, отбасынан өрбіген тоғыз баланы өсіріп, қатарға қосты. Олардың әрқайсысының өмірден өз жолын табуы үшін ата-аналық қамқорлығын аямады. Әке тәлімі туралы ұлы Ерталап Бекеновтің айтар әңгімесі көп. Білім саласында көп жыл ұстаздық қызмет атқара жүріп, қандай бір жетістікке қол жеткізсе, оны әке берген тәрбиенің жемісі деп біледі.

– Әкем айтушы еді, «Негізі өмірде үш мақсатың болсын: кісі ақысын, жол ақысын, біреудің еңбегін жеме, Құдай алдыңа келтіреді. Екі адамның арасына төрелік айта алмасаң, әділдікпен шын сөйле. Өмірге бала әкелдің бе,  оны өл-тіріл, өз еңбегіңмен оқыт. Баланы оқытсаң оның сауабы мен мәні көп» деуші еді, – деп жазады ол.

Еңбек және соғыс ардагері, майдангер ұстаз Қалыбай Бекеновтің ғибратты ғұмырын баян еткен «Шырағың сөнбесін» (авторы Б.Ұзақбаев. «Арна» баспасы, 2013 жыл) атты мазмұнды кітаптың шығуына ұрпақтары көп еңбек етіп, ата-ана алдындағы перзенттік парызын атқарды. Сондай-ақ, бұл кітапта Ибадулла Құттықожаев, Абзал Тайманов, Сәбит Иманғалиев, Болат Мұстаяпов сынды елге белгілі азаматтардың естелігі берілген.

Ұлағатты ұстаз, соғыс және еңбек ардагері Қалыбай Бекеновтің туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Әке есімін ардақ тұтып, абыройын асырған ұрпақтары  туған жері Аққұм ауылында жас өркенге тағылым боларлық іс-шаралар өткізді.  Атап айтқанда, А.Бисенов атындағы №38 орта мектептегі ұлағатты ұстаз Қалыбай Бекеновтің атындағы  математика кабинеті жаңа заман талабына сай қайта жабдықталды. Математика пәнінен «Ұстаз бейнесі мәңгі есімде» атты аймақтық олимпиада өтті. Ұстаз Қалыбай Бекенов туралы деректі фильм түсірілді. Сонымен қатар, ұстаздың арғы атасы Қуандық баласы Алтай қажы шегеніне белгі қойылды. Ауыл спортшылары арасында ұлттық көкпар ойыны ұйымдастырылды. Осылайша ғибратты өмір жолы ғасырға жалғасқан ұстаздың жарқын бейнесі ел жадында жаңғырып, есте қалды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<