Ерлігімен де, еңбегімен де ерен

824

0

Ұзақ жылдар бойы облыста сауда саласын басқарған Сыр елінің біртуар азаматы Әбдіраш Іскендіров оның дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлесін қосып, ерен еңбегін сіңірген. Ол 1919 жылы Қармақшы ауданы Көктөбе қыстағында дүниеге келген. Сыр өңіріне белгілі ұстаз, мыңдаған шәкірт дайындаған, халықтың діни сауатын ашып, мешіт ұстаған Қожабай ахунның тікелей ұрпағы, немересі. Өз әкесі Іскендір Қожабайұлы да дінді насихаттап, медресе, мешіт ұстаған, өте сауатты кісі болған, 1937 жылғы репрессия кезінде тұтқындалып,  «Карлагта» қаза тапқан.

Жасынан оқысам, білсем, үйренсем деген талабы таудай Әбдіраш аға 1936 жылы орта мектепті бітірген соң қаржы қызметкерлерін дайындайтын курсқа оқуға түседі. Оны бітіргеннен кейін «Жаңа тілек» кеңшарында есепші болып жұмыс істейді, одан кейін Қармақшы аудандық мемлекеттік банкінде қызмет етеді. Ұлы Отан соғысының басталуы талапты жастың еңбекке араласқан бақытты күндеріне кедергі келтірді.

1939 жылдың қаңтар айында Қызыл Армия қатарына шақырылып, Прибалтика майданының 14-артиллерия-гвардиялық полкінде қатардағы жауынгер болады. Бөлімше командирі, басқару взводының командирі және №14 «Қызыл Ту» орденді Ленинград артиллериялық-гвардиялық полкінің дивизион старшинасына бекітіледі.

Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен Жеңіс күніне дейін Ленинград және Прибалтика майдандарындағы ұрыстарға қатысады, ұрыс барысында төрт рет жарақат алған.

Екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен, «За оборону Ленинграда», «За победу над Германией», 1- және 2-дәрежедегі «Отан соғысы» ордендері, 12 әртүрлі мадақтаумен, мерекелік медальдармен және Ленинград әскери округінің әскери қолбасшысы, Совет Одағының Маршалы Говоровтың грамотасымен марапатталған.

Осы ретте елге оралмаған қыршын боздақтардың бірі, соғыста хабарсыз кеткен  Ә.Іскендіровтің туған бауыры Ибрагим Іскендіров туралы да қысқаша айта кету жөн болар.

Жұбайы Іскендірдің қудаланып, жазықсыз жала жабылып, репрессия құрбанына айналғанына қарамастан, Айбарша ана балаларын отансүйгіштікке тәрбиелеп, елі мен жұртына адал қызмет етуге баулып, ұлдарын соғысқа аттандырған. Арада жылдар өткен соң, әділдік пен шындық түбі жеңіске жетіп, Іскендір толық ақталып, жазықсыз екені жария болды.

Ибрагим 1942 жылы соғысқа аттанып, өзінің білімі, қырағылығы, жауапкершілігімен көзге түсіп, аз уақыт өтпей сержант атанып, бөлімше командирі болады. Тәлімді тәрбие алған, елін сүйген азамат 1943 жылы хабар-ошарсыз кетті. Айбарша ана ұлын күтумен, іздеумен асыл арманына жете алмай өмірден озды.

Арада 70 жыл уақыт өткен соң obd.memorial деп аталатын Ресейдің соғыс боздақтарын іздеу сайты арқылы Ибрагим Іскендіровтің дерегі табылып, Украинаның Полтава облысының Зеньков қаласында жерленгені белгілі болды. Осы хабарды ести сала ұрпақтары Украинаға аттанып, батыр әкелерінің бейітіне барып тағзым етіп, құран бағыштап, рухына бас иіп қайтты. Осылайша, Әбдіраш әкеміз бен Айбарша анамыздың асыл арманы орындалды.

Әбдірәш Іскендіровке қайта оралсақ, ол 1946 жылдың тамыз айында Совет Армиясы қатарынан қайтарылып, елге келген соң Қармақшы аудандық тұтынушылар одағы сельпосында есепші болып жұмыс істеді. Жданов атындағы колхоздың председателі, Қармақшы, Сырдария, Арал аудандық тұтынушылар одағының басқарма төрағасы, «Аралсульфат» ОРС-ның бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. 1964 жылы Қызылорда қалалық өнеркәсіп тауарлар саудасы мекемесінің директорлығына тағайындалады. Сол жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық Советтік сауда институтын бітірді.

Ал 1968 жылы облыстық партия комитеті бюросының шешімімен облыстық тұтынушылар одағының басқарма төрағалығына сайланып, үздіксіз 16 жыл қызмет атқарады.

Қызметінде жоғары ұйымдастырушылық қабілетін, өз саласының үздік кәсіби маманы екенін көрсете білді. Оның басшылығымен мекеме қызметкерлері облыс тұрғындарына сауда қызметін көрсетуде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Алыс жайылымдардағы малшыларға дейін сапалы қызмет көрсетілді.

Облыс кооперативтік құрылымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етуге, сауда кешендері құрылысының дамуына үлкен көңіл бөлді және оған көп тер төгіп, күш жұмсады. Оның жетекшілік жасауымен облыстың барлық аудандарында ірі сауда орталықтары – «Универмагтар» салынды.

Қызылорда қаласында сатушылар мен аспаздар дайындайтын үшқабатты сауда кооперативі техникумы ғимараты және оның бесқабатты жатақханасы бой көтерді. Бұл техникум Сыр жастарына сапалы білім мен саналы тәрбие береді.

Сол жылдары сауда саласының базасы мен мәдениеті өзге өңірлерден оқ бойы озып, республика бойынша алдыңғы орынға шықты. Қызылорда қаласы Сырдария өзені бойынан салдырған «Ауыл» мейрамханасы – келелі кеңес өтіп, тарихи шешім қабылданған жер.

Салаға өз бастамасымен қосқан тың жаңалығы – сауданың озат әдістерін өмірде қолданысқа ендіру, яғни, сатып алушының өзіне-өзі қызмет ету әдісі. Осы әдіс нәтижесінде тұтынушылар қатары күрт өсіп, аймақтағы 700-ге жуық дүкен қызметі халық сұранысын толық қанағаттандырды. Тағы бір ендірген маңызды жаңалығы – өндіріс, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау, өңдеу және сатуды жан-жақты, ұтымды ұйымдастыруы болды. Қызылорда қаласында ғана емес, барлық аудан орталықтарында наубайхана, кондитер, сусын цехтары салынып, жұмыс жүргізе бастады. Сонымен қатар, консерві жасау, қауыннан қақ тілу, құрт қайнату, құрт-ірімшік жасау цехтары да барлық елді мекендерде ашылып жұмыс жасады.

Осының нәтижесінде сауда саласының табысы күрт өсіп, 1983 жылы облыстық тұтынушылар одағына Бүкілодақтық ауыспалы «Қызыл Ту» берілді. Облыстық тұтынушылар одағының жұмыс тәжірибесін өзге аймақтарға насихаттау үшін республикалық семинар-кеңестер жиі-жиі өткізіліп, мекеме тәжірибесі Қазақстанның барлық облыстарына таратылды.

Ізгілікті істерінің және бір қыры – кадр саясаты. Ол сауда саласының кадрларына зор көңіл бөліп, оларды білімді де білікті жастардан жасақтады. Ол кісінің табиғатына тамыр-таныстықпен, туысқандық жолмен жұмысқа қабылдау жат нәрсе еді.

Ә.Іскендіровтен дәріс пен тәлім-тәрбие алған ізбасарлары Ж.Сарбалақов, Т.Боқаев, Т.Жүсіпов, К.Тәжмағанбетов, О.Әлібаев, С.Нағашыбаев, Б.Асанов, С.Мығымбаева облыстық тұтыну кооперациясының басшылық жүйесінде ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Ол зейнетке шыққан соң да 1989 жылға дейін облыстық тұтынушылар одағында қызметте болды.

Тұтынушылар кооперациясын дамытудағы табыстары,  қол жеткізген жоғары көрсеткіштері, саланы дамытудағы сіңірген жеке үлесі үшін Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Сол уақытта сауда саласында мұндай марапатқа Ә.Іскендіров алғашқы  болып қол жеткізген еді.

Ол бірнеше рет Қазақстан компартиясы облыстық және аудандық комитет мүшесі, облыстық және аудандық кеңес депутаты болып сайланды.

Әбдіраш Іскендірұлы 2001 жылы 82 жасында дүниеден озды. Ұлағатты ұяда тәрбиеленіп, жоғары білім алған ұрпақтары елге қалтқысыз қызмет етіп, әке салған ізгі жолды жалғастырып келеді.

Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды. Қай кезде де адамды адам ететін адал еңбектің құндылығы жоғалмайды.

Елі үшін қалтқысыз қызмет етіп, кемел келешектің іргетасын қалаған, кейінгі ұрпаққа өшпес із, тағылымды жол көрсеткен, халықтың шексіз ықыласына бөленген Әбдіраш Іскендіровтей батыр да еңбекқор ағалар есімі  әр уақытта да ел жадында мәңгі жаңғыра бермек.

Д.АЙБОЛАТҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<