Өмір жолы өнеге

727

0

Естелік жүріп өткен жолыңның ой-шұқырын бір шолып өту үшін жазылады. Қазір соңымызға бұрылып қарасақ, жолымыз тақтайдай тегіс болмапты. Ой-шұқыры жетерлік, біршама кедергілерден өтіппіз.

«Балалық өтті білдің бе? Жігіттікке келдің бе? Жігіттік өтті көрдің бе?» деп үлкендер айтқан сөзді естіп-біліп, естелік ауылына ат басын бұрар болсақ, бәрі-бәрі кешегідей көрінеді. Бұратылған бұйра белдің арғы жағында қалған замандас ағаларымыздың асыл бейнесі көз алдымызға келе қалады. Осындайда Болат Қарғабаев еске түседі…

Бөкең 1937 жылдың қаңтар айының 3-інде Қызылорда қаласының Шанхай бетінде Негадалов көшесінің бас жағында Қарғабай баласы Ізбастының шаңырағында өмірге келді. Ағайындар шілдеханада бас қосып, Сырдария ауданы басшыларының бірі болып қызмет жасайтын Тәжібайдың Есжаны нәрестеге Сталин есімінің қазақша баламасы «Болат» деп ат қойыпты.

Әкесі Сырдария ауданы «Жаңаталап» колхозының алғашқы төрағасы  қызметін атқарған. Кейін денсаулығы сыр бере бастады. Елге еңбек майданынан тез оралуына қарағанда сол жақта жұмысқа жарамай қалған болуы керек. Ұзақ уақыт төсек тартып жатып, 1946 жылдың 2 ақпанында өмірден озды. Осы жылдың күзінде Бөкеңді шойын жолда жұмыс жасайтын әкесінің туған інісі Елеудің үйіне жатқызып, Ж.Жабаев атындағы жетіжылдық орысша-қазақша мектепке оқуға берді. 1948 жылы Елеу ағайдың қорасына көшіп келіп, қыш зауытына жұмысшы болып орналасты. 1950 жылы Абай атындағы жетіжылдық қазақ мектебін, одан соң П.Осипенко атындағы онжылдық аралас мектепті бітірді.

Басқа оқу орнына түсуге кеш қалып, Тәжікстанның Ленинабад облысының Нау станциясында тұратын немере апасы Күләннің үйіне барып, інісі Жұмағали екеуі тас шығаратын карьерге десятник болып орналасты. Онда бір жыл жұмыс жасап елге оралды. 1957 жылы қаладағы жалғыз  жоғары оқу орны Н.Гоголь атындағы Қызылорда пединститутына тіл және әдебиет бөліміне оқуға түсіп, оны 1962 жылы бітіріп шықты. Институтта қоғамдық жұмыстарға белсене араласқанын, факультеттің комсомол ұйымына үш жыл жетекшілік еткенін ескерген болуы керек, облыстық комсомол комитеті басқа жаққа жібермей, қалада алып қалып Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепке мұғалім етіп орналастырды.

Бір жылдан соң осы мектепте партия қатарына қабылдап, қалалық комсомол комитетіне 1963 жылы екінші хатшы етіп сайлады. Көп ұзамай бірінші хатшы, қалалық партия комитетінің пленум және бюро мүшесі, қалалық советтің депутаты, 1965 жылы облыстық комсомол комитетінің идеология саласы бойынша хатшысы болды.

1980 жылы облыс басшысы Т.Есетовтың тұсында Қазалы ауданының бірінші хатшысы Қ.Табынбаевтың өтініші ескеріліп, партия комитетінің екінші хатшылығына ұсынды. Республика басшысы Д.Қонаевтың және Орталық комитеттің хатшысы Н.Назарбаевтың алдында болып, келісімін алды. Осы қызметті  абыроймен сегіз жылдан  астам уақыт атқарып, аудандық партия комитетінің мүшесі, жергілікті советтің бірнеше мәрте депутаты болып сайланды. 1988 жылдың күзінде жергілікті мекемелердің басшыларын ұжым жиналыстарында өздері сайлап бекітетін тұс еді. Облыстық «Полиграфия» бірлестігі басшысының сайлауына өз еркімен түсіп, көпшілік дауысқа ие болып, бас директор болып сайланып сегіз жылдай зейнетке шыққанша жұмыс істеді.

Бірнеше мәрте облыстық, қалалық, аудандық партия комитетінің мүшесі, облыстық, қалалық, аудандық жергілікті советтердің  депутаты болып сайланды.

Еліне  жасаған қызметі еленіп, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің  грамотасымен, бірнеше медальдармен наградталады. Жастардың  «Сыр сұлуы» ән-би ансамблін алғаш рет Болгария  мемлекетіне бастап барды.

Бөкең ұмыт бола бастаған ата-бабаларының аттарын атап, Таздар руының алғашқы шежіресін кітапша етіп басып шығарды.

Ынталы топ  Алмас, Темір, Қылышбек, Сүлеймен, Рахмет,  Тұраш,  Тұрар, Төребек, Пазынай, Бақыт, Айтбай, Төлеп, т.б әр шаңырақта болып, көзі тірі үлкендермен жүздесіп, қыруар жұмыс атқарды. Қойсары батыр бабамызға Мыңшоқы (Тереңөзек ауданы)   жерінде үлкен ескерткіш орнатып, Жеңістің 70 жылдығына орай Ұлы Отан соғысына қатысқан ер-азаматтардың есімі анықталды, артында қалған ұрпақтарының қатысуымен ас беріліп, Құран бағышталды.

Естеліктерге кезек берсек, ғылым докторы Әбдіжәлел Бәкір былай дейді:

– Бөкеңді институт қабырғасынан жақсы білетін едім. Екеуміз де кешегі Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтта, бір факультетте болдық, ол бір курс жоғары оқыды. Бірақ қоғамдық жұмыста жиі кездесіп тұрдық. Ол факультеттің комсомол ұйымының хатшысы, мен профсоюз (сол кезде осылай аталатын) ұйымын басқаратынмын.

Бөкең өзінің «Жарасқан жастық шақ» деген мақаласында былай деп жазған екен: «Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында облыстық комсомол комитетінің жастар арасындағы негізгі жұмыстары: еңбек ұжымдарында екпінді жастар бригадаларын жасақтау, жастарды Ғаниша өмір сүріп, еңбек ету, ұрпақ дәстүрінде тәрбиелеу, өмірге жаңа салт-дәстүрлерді кеңінен енгізу болатын».

Бұл істерге ақын-жазушылар қатыстырылып, өмірге жаңа туындылар келді. «Сыр сұлуы» ән-би ансамблі республикада бірінші орын алып, содан оны Садықбек Хангелдин Мәскеуге апарса, Болгарияға тұңғыш сапарын Болат Қарғабаев басқарды.

Осылай комсомолдағы бес жылы қарқынды өтті.  Облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Х.Бектұрғановтың Бөкеңе Мәскеудің партия мектебін ұсынуы негізінен тегін емес тұғын. Бұл сөзсіз, өзін жұмыста көрсете білген кадрдың болашағын ойлаудан туған. Бірақ тағдыр қызық қой. Облыстық партия ұйымына жаңаша стильдегі жаңа басшы келді де, ол ауысқанша партия мектебін бітірген кадр сегіз жылдан астам облыстық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы болды.

Облыстық партия комитетіне басшылыққа Тәкей Есетов тағайындалғанда Бөкең Қазалы аудандық партия комитетіне екінші хатшы болып кетті».

– Болат Қарғабаев 85 жасқа келіп, бақытты өмір сүріп артында өшпес із қалдырды. Ұрпақ өсіріп, немере- шөбере көріп, отбасы алдында парызын орындап, дүниеден өтті. Абылай Айдосовтың басшылығымен Болат Ізбастыұлы басқа да комсомол лидерлерімен бірге облыс жастары арасында көп іс тындырды. «Сыр сұлуы» ансамблінің атағы облыстан асып, республикаға, шетелдерге белгілі болды.

Қазалы аудандық партия комитетінің хатшылығын атқарғанда елді мекендерді көркейтіп, аудан орталығынан «Жеңіс» паркін  ұйымдастыру, кадр тәрбиелеу сияқты сан салалы жұмыстардың басы-қасында болды.

Комсомол ардагерлері 2011 жылы заманымыздың оң, үздік тәжірибесін қазіргі жас ұрпаққа насихаттау үшін облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігін құрдық. Басты мақсатымыз – патриоттық рухта тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге  шақыру. Сол ұйымды құруға бастамашы болғандардың бірі – Болат Ізбастыұлы, – дейді «Парасат» орденінің иегері Алмагүл Божанова.

Қазалы ауданының, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Жарылқасын Шәріпов:

– Кіммен бірге жұмыс жасамадық, кіммен көрші тұрмадық. Бірақ Бөкеңнің, Болат Қарғабаевтың, оның отбасының орны ерекше еді. Қазір бірге ойнап, бірге мектепке барған балаларымыз ержетіп, үйлі-баранды, немерелі болып отыр, – дейді.

Қызылорда қаласының, Арал ауданының құрметті азаматы Сайлаубай Әбішев 1986 жылы жаңа саяси оқу жылын облыстық комитеттің идеология жөніндегі  хатшысы Болат Қарғабаев ашып бергенін, өмірінің соңына дейін республикаға, облысқа танымал қоғам қайраткері ретінде «Ұрпақтан ұрпаққа» облыстық қоғамдық бірлестіктің беделді мүшесі болып, жастарға ұлағатты тәрбие беруге орасан зор үлес қосқанын айтады.

«Құрмет» орденінің иегері Қожамжар Наурызбаев та Болат Қарғабаевпен таныс, жолдас, дос, қызметтес болғанын, оның «Сыр сұлуы»  ансамблін Жастардың Дүниежүзілік фестиваліне Болгарияға бастап баруы небәрі отыздағы жігітке артылған сенім екенін айтады.

Оны Абылай Айдосов «жетімнің жебеушісі» деп  атайды екен.

Жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы:

– Жаратушы адамды өмірге әкелгесін, оның ғұмыр жолында талай сындар мен қилы кезеңдер кезіктіреді. Соларды адами асқарлы қасиетте еңсеріп, абырой үдесінде алып өту кім-кім үшін де тағдыр сыны деп танылады. Болат Қарғабаев өзінің  азаматтық қажырында, адами болмыс-бітімінде, сондай өмір кезеңдерінен абыроймен өткен, игілікті жетістік-биіктерге жеткен азамат деген сенімім бар. Ол ағайын мен таныс-достарының алдында 85-ке қараған шағында өмірден өтті. Артында алғысты жұрты, құрмет-көңілді әріптес-достары, жақсы лепесті ағайын, болашаққа із жалғайтын ұрпақтары қалды, – дейді өз естелігінде.

Қызылорда қаласының, Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарының құрметті азаматы Нәжмадин Мұсабаев аудандық дәрежедегі лауазымды жұмысқа келуіне шынайы қамқорлық жасаған Қ.Табынбаев пен Б.Қарғабаев екенін айтады.

Қоғам қайраткері Әбдіғаппар Әмірғалиұлы:

– 1985 жылы Қазалыға төраға болып қызметке барған мен үшін арқасүйер, ақыл айтар аға болды. Ол кісінің сабырлы да салмақты, ұстамды да берік, аспайтын-саспайтын мінезі, қандай да бір шаруашылық мәселелеріне деген көзқарасы, ұстанымы бізге үлгі болатын. Ешкімді сырттай ғайбаттамайтын, кімді болса да бір көргеннен өзіне тартатын бауырмашылдығы – бүгінгі күні өкінішке қарай, сиреп бара жатқан қасиеттер.

Ағамыздың жан жары, сенімді серігі, ақылшы тірегі болған Раушан апамыздың біз үшін орны бөлек. Жібек мінезді, жайдары жүзді, дастарханы, пейілі дарқан. Осынау құтты шаңырақтан тараған ұл-қыздары өмірден өз орнын тауып, егемен еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етіп жатқанына қуаныштымыз.

Есте қаларлық бір басқосу Бөкең мен Рекеңнің шаңырақ көтергеніне 30 жыл толуына орай мерейтой еді. Оған Абылай аға-Несіп, Аманкелді-Жеңіскүл, Мұқан-Салтанат, Қуаныш-Ғалия, Шамилидин-Сара, Аманкелді-Қатша, Жәлел аға-Туғанай, Ибрагим-Жібек, Қылышбек-Ұлжан, Мұхит- Ұлжан, Исатай-Шынар және біз Несіпкүл екеуміз бардық.

Бір-екі тілектен кейін «Подмосковные вечера» әнін Абылай аға-басшымыз өзі шырқап, ән ырғағында би басталатын. Бұндайда алдарына жан салмайтын Мұқан мен Салтанат жүлдеге ие болатын. Бұдан соң баянмен Аманкелді Жұматаев нақышына келтіріп, «Жас дәурен», т.б. әндерін орындайтын. Ортамыздағы Исатай ақынжанды азамат болатын лезде өлең шумақтарын құрастырып оқып беретін, – дейді.

Бөкең жұбайы Раушан екеуі  57 жыл тату-тәтті өмір сүріп, 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Раушан – ұстаз, Батыр ана. Әдебиетке жақын, жазуға да бейім,сөзге шебер. Балаларының бәрі жоғары білімді, барлығы да үйлі-жайлы. Өз мамандықтарымен жұмыс атқарады. Немерелердің өзі ержетіп, алды оқу бітіріп, жұмыс жасауда.Үлкен шаңырақтың иесі – Бөкеңнің ұлы Ғани.

– 2022 жылы 25 тамыз күні мен келін болып түскенде ата мен әжемнің отасқанына 56 жыл болған екен. Алла тағала Мадияр екеумізге ата-анамыздың жолын берсін, – дейді келіні Аружан Кеңесбек.

Комсомол және партия қызметкері, қоғам  қайраткері,  білікті басшы, іскер ұйымдастырушы, еңбек ардагері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы, Қызылорда облысының құрметті ардагері Болат Ізбастыұлы Қарғабаевтың азаматтық болмысы мен кісілік келбеті туралы қысқаша айтарым – осы.

Қуанышқали ШАПШАҢОВ,

Қызылорда облысының құрметті қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<