Өмірге сыймай кетті

411

0

– Шаранамен туып едің,

Бөз оранып өтесің,

Бір сағымды қуып едің,

Қай уақытта жетесің? –

деп, Шәкәрім айтқандай, өмірге келмек бар да, кетпек бар. Ол біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Өкініштісі, біреу жауқазындай жас кезінде, екінші біреу жалындаған жігіт шағында өмірден өтеді. Өмірден ерте өткен сондай жанның бірі менің қызметтес жолдасым, құдайы көршім Сәбит Мәдібеков еді. Ол аққан жұлдыздай қысқа ғұмырында көп іс тындырды. Ақпейіл, ақжарқын мінезімен, парасат-пайымымен біздің жүрегіміздің түкпірінде сол жап-жас, жас та болса салмақты күйінде қалып қойды.

Әрбір ұлттың тарихында саяси-әлеуметтік, дәстүрлі, мәдени даму кезеңдері, сол уақытта көпшілікті алға бастайтын азаматтар болды. Мен бұл жерде тарихи тұлғаларды айтып отырғаным жоқ. Қоғамдық өмірдің  белгілі бір саласында қарапайым ғана қызмет ететін, солай бола тұра айналадағы өзгерістер мен үдерістердің мәнін түсінетін, оны сараптай, саралай алатын, ақыл-ойы ауқымды адамдармен қатар жүрдік. Интеллектуалдық деңгейі жоғары осындай жандар тарих пен заманның түйткілді мәселелерін ішкі түйсікпен сезініп, бүгінгі болмыстан ертеңгі күннің бедерін көре алады. Сәбитті мен сондай жан деп білемін. Әрине, ондай адамдар өте қарапайым келеді, сондықтан жақын араласпаған жан олардың жақсы қасиетін тани алмайды.

1973 жылы сәуір айында Қызылорда қаласы Аманкелді көшесіндегі №102 үйден екеуміз пәтер алдық, Сәбитпен таныстығым, міне сол күндері басталды. Маған екі бөлмелі пәтер тиесілі еді. Барсам пәтер үш бөлмелі болып, оған кіре алмай жүрдім. Бір күні подъездегі қарсы есіктен денелі жігіт шықты, сөйлесе келе екеуміздің пәтеріміздің ауысып кеткенін білдік. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» дейді қазақ, сол алғашқы таныстығымыз жақындыққа, сыйластыққа, жолдастыққа ұласты. Қай үйде қазан қайнаса, сол үйден тамақ ішеміз, қонақ келсе бірге атқарамыз, шақырған жерге бірге барамыз.

Сәбит денесі де, жүрегі де кең жігіт еді. Оның «Урал» мотоциклі – қатынас көлігіміз. Өзінен гөрі жанындағы адамның жағдайын көбірек ойлайтын және жаны әділеттілікті сүйетін. Екеуміз облыстық партия комитетінде қатар қызмет еттік, мен обкомға 1974 жылдың көктемінде, ал Сәбит 1975 жылдың күзінде келді. Сол жылдары саяжайлық жер беретін болды. Маған жерді тегістеу тапсырылды. Содан жерді тегістеп, жыртқызып, қарықтатып жүргенімде өзіме учаске тимей калды. Содан ренжідім. Сәбит те осы жайды ойланып жүрген болуы керек. Бір күні:

– Әй, сығыр, Атақаевтың үлесіне ең шеттен, соқаның айналған жері тиген екен. Соны алмапты, сол жерді сен алсайшы, – деді.

Жастайымыздан кетпен шауып, егін еккен бізге түк қиындығы жоқ, «Құдай қолға қуат берсін» деп кірісіп кеттім. Сол жылы бәріміз де бақшамыздан өте жақсы өнім алдық.

Облыстық партия комитетінің аппаратында бір толқын жігіттер қатар қызмет еттік. Жарылқасын Сейтімов, Шахизат Төребаев, Бақытбек Ермақашов, Амангелді Ерубаевтың қайсысын алсаңыз да өз қатарының алды еді. Жан дүниесінің тазалығы сондай, Сәбит өте сенгіш жігіт болатын. Бәріміз де жаспыз, ойынымыз бен әзіліміз қатты, әзілдеп жүріп оның аңқаулығын да пайдаланамыз. Біз алты адам «колхозбыз», кезек төлеп, түскі тамақты бірге ішеміз. Сәбиттің кезегі келген күні Жарылқасын асхана меңгерушісіне қуырылған балапан сияқты бағасы қымбат тамаққа тапсырыс береді. Сәбит оны үнемі байқамайды:

– Маған келгенде елде жоқ тамақтың қаптап кететіні несі? – дейді.

Міне, осылай жылдар жылжып өте берді. Өмірге ұл-қыздарымыз келіп, отбасымыз өсті. Үш балалы болған кезде маған 4 бөлмелі пәтер берілді. Балаларымыз екі үйдің арасында қатынап жүрді. Содан бір күні біздің подъезде 4-қабатта тұратын Нұргелді Байболатов Жалағаш аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды да, сол жаққа көшетін болды. Оның пәтерін Сәбит алды. Оған кіремін дегенше біз бірнеше рет «пәтер Мәдібековке берілмейді» қылып, әзілмен әңгімені сан-саққа жүгірттік.

Сәбит тек еңбекқор ғана емес, мемлекеттік қызметке, қоғамдық жұмысқа, іні-қарындастарының, балаларының оқуы мен өнегесіне келгенде өте ыждағатты еді. Өзі ұстаз болғандықтан ба, білімге, тәрбиеге қатты мән беретін. Жұмысты жанын салып істейтін еді. Облыстық партия комитетіндегі бастығы Нұрділдә Уәлиев өте мәдениетті әрі кірпияз адам болатын. Адами қасиеттерге қатты қарайтын, адалдығы жоқ адамды сыйламайды. Сәбит сол кісінің сынынан өтті ғой.

Тірлік қызмет, қоғамдық жұмыс, жеке шаруадан тұрмайды ғой. Бос уақыт деген болады, бір-біріміздің үйімізге жиі қонаққа барамыз. Қонаққа барғанда Қуаныш Шапшаңов асаба болады. Өзі Роза мен Қарипаны үнемі шатастырып алатын. Қызметтесіміз Любовь Федоровна Сапожникова кейде түсінбей қалады. Ол кездері ішіп те жарытпаймыз, карта да ойнамаймыз. Қосылып ән салып, кішкене кештің өзін думан етіп жіберетінбіз.

Айта берсем жолдасымызда қасиет көп еді. Өзі барынша қарапайым. Сыйласатын адамы, жолдасы мен досы көп болатын. Ешкімді де жатсынбайды, танымайтын адамға да жақсылық жасайды. Аузын ашса жүрегі көрінетін аңқылдақ  жанның нақ өзі.

«Азаматтың қосы оңбай, ісі оңбайды» деген мақал бар. Роза да ешкімді жатсынбайтын еді. Үйіне қашан кірсең де қазаны асулы, дастарханы жаюлы. Олар да біз сияқты қарапайым тұрады, асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Бұл жерде мәселе көңілде, ниетте деп ойлаймын. Сонымен Сәбиттің отбасы бұрын Нұргелді тұрған пәтерге көшіп келіп, баяғы тату көршілігіміз, жарасымды тірлігіміз қайта басталды.

Мен бір нәрсеге әлі күнге дейін таңғаламын. Сол жаңа үйге кірген 1982 жылы Сәбит маған:

– Қасыңа көшіп келдім. Балаларға көз қырыңды салып жүрерсің, – деді.

– Жоқты айтпашы, – деймін.

Араға көп уақыт салмай Сәбит өмірден өтті. Таңғы 6-7-нің шамасында кезекші миллиционер үйіме қоңырау шалып:

– Жолдас бастық, (мен құқық қорғау органдарына қарайтын едім) Сәбит Мәдібековтің көлігі жол апатына ұшырады, – деді.

– Өзі тірі ме? – деймін.

Сонымен не керек, дереу қызметтік көлігімді шақыртып алып, Тереңөзекке тарттым. Ауданға кіреберісте ішкі істер бөлімінің бастығы күтіп тұр екен, ертіп алып аудандық ауруханаға келсем Сәбитім жансыз жатыр. Денесін жедел жәрдемге салып алып, дариядағы қалқымалы көпірге келгенімде алдымнан аңырап жылап Алдаберген Бисенов ағам шықты.

Асқар тау әкеден, аяулы жардан, асыл достан, туыс-бауырдың қамқорынан біз осылайша айрылдық.

Тек қана ішке симай, өзегіңді өртейтін өкініші – осындай жайсаң жанның жол апатынан қас-қағымда опат болуы. Шүкір, көңілге медет тұтарлығымыз бар. Сәкеңнің шаңырағы шайқалғанмен, құлаған жоқ. Сүйікті жары Роза оны сақтай білді. Ұл-қыздары – Гүлбануы, Ғалымжаны мен Бауыржаны, өзі көре алмай кеткен Төлегені ержетіп, білім алып, үйлі-баранды болды. Жақсының артында өшпейтін, жақсы ізі қалуы табиғи заңдылық болса, «орнында бар оңалар» деген осы шығар. Демек, шырағың сөнген жоқ, ізің өшкен жоқ.

Біз сені ұмытқанымыз жоқ, жаның жәннатта болсын, Сәбит дос!

Қорғанбек ҚАЙРОЛЛАҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Қызылорда облысының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<