Қаржы саласындағы қалтқысыз қызмет

392

0

Адам өмірінің қоғамдағы алатын орны өте зор екендігі баршамызға аян. Осы қоғамды алға бастыруға, дұрыс бағытпен жүруіне, дүниенің дидарына жан-жанарымен қарап көмектесіп, өзінің әл-қадірінше бейнет кешіп қызмет ету мүмкіндігі бәрімізге де берілгенмен, соны барлық пенде бірдей атқармайды. Осы мүмкіндік, талап үдесінен көрініп, еліміздің қаржы саласын дамытуға, экономиканың өркендеуіне асқан жауапкершілікпен қызмет еткен кісінің бірі де, бірегейі де Камал Шөкенов деп айта аламыз.

Камал ағамыз саналы өмірін қаржы жүйесінде қызмет етуге арнады. 1935 жылы «Қаракеткен» теміржол станциясында дүниеге келіп, ауылдың жетіжылдық мектебін, Алматы қаржы-несие техникумын, сол кездегі Орта Азия мен Қазақстандағы жалғыз қаржы-экономика институтын бітірді. 1957 жылдан 1997 жылы құрметті демалысқа шыққанға дейін 40 жыл бойы Қызылорда облысының қаржы органдарында, оның 27 жылын меңгеруші, басшы лауазымында еңбек етті. Зейнетке шыққан соң да қол қусырып отыру дегенді білмейтін Кәмекең Қазақстандық экономика және құқық институты Қызылорда филиалының директоры қызметін атқарып, сол институттың профессоры атағын алды.

Өмірде барынша қарапайым, кішіпейіл, кісі ақысын жемейтін, өте тәрбиелі жан еді. Сонымен қатар ашуды сабырмен, қатыгездікті қарапайымдылықпен, дөрекілікті сыпайылықпен, әдептілікпен, суайттықты әділдікпен жеңуге болады деген қағиданың туын өмір бойы биік ұстап өтті. Оның іскер де білікті, принципшіл де әділетті екендігін, әсіресе, қазына қаржысының орынды жұмсалуында адамдардың жүрегіне жол таба білетін нағыз дос-жолдас екендігін, әрқашанда елдің құрметінде жүретіндігінің куәсі болдық.

«Мен бүкіл саналы 40 жыл еңбек жолымда барлық күш-жігерім мен қабілет-қарымымды да тірлік-тауқыметі мол қаржы саласына жұмсаған екенмін. Осы мерзім ішінде қашанда адалдықтың ақ жолынан айнымай ел-халқымның жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, жанына жалау болуға ұмтылдым. Несін жасырайын, осы орайда кейде базбір басшылармен жүз шайысып қалған кездеріміз де болмай қалған жоқ. Бірақ, имандай бір шындық – әлгілердің қаhарына ұшырап, жылы орнымнан айырылып қаламын-ау деп ешкімнің де ырқына ығып, қаржы қазынасына қиянат жасаған емеспін. Өйткені, қаржы қазаны әмбе жұрттың ортақ несібесі, ортақ нәпақасы ғой. Оған ешкімнің де заңсыз қол сұғып, кеудемсоқтықпен билік жасауына болмайды. Бұл жөнінде жаратушы иеміз Алла алдында да, ел-халық алдында да арым таза деп ойлаймын» деп жазған еді.

Камал аға бюджет қаржысын жұмсауда үнемшілдік, діттеген, межелеген түпкі мақсатқа жетуді ойлайтын және осыны алдына міндет ететін. Осы бағытта әр уақытта өзіне идеал есебінде 1938-1962 жылдары Одақтың қаржы министрі болған А.Зверевтің принципін ұстанатын және соны іске асырушы еді. Сол А.Зверевтің «Записки министра» деген кітабы бар. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы И.Сталин кейбір Үкімет мүшелері Қаржы министрінің жұмысынан ілік іздеп, министрліктің қаржы түсімін көбейту жөніндегі жүргізіп жатқан жұмысын қаралап көрсетіп, Кеңес мәжілісінің талқылауына шығарғанда және төрағаның мәселенің мән-жайын зерттеген соң айтқан мына сөзін үнемі қайталап, өзі де сондай ойда болатын. Онда «Мы руководители, должны внимательно разбираться в происходящем и четко представлять себе, в каких случаях критиковать работников, а в каких-поощрять. Товарищ Зверев критикуется за то, что он, руководя финансовой системой, заботится о поступлений денежных средств государству. Нужно было в этом случае не критиковать, а помагать ему в организации дела. Для того он и поставлен на пост наркома финансов, чтобы обеспечивать потребности страны в денежных средствах. Тем более сейчас, когда мы переживаем сложное время. Предлагаю вопрос с обсуждения снять, а товарищу Звереву порекомендовать побольше заботиться о государственных финансах и покрепче держать горловину государственного денежнего мешка». Осы принципті Кәмекең де өмір бойы ту етіп ұстап, елге, халыққа адал қызмет атқарып өтті.

Камал Шөкеновтің осы жоғары адамгершілік қасиеттері мен қаржы саласына берілгендігі, оның ата-анасының тәрбиесі, сол кездегі қоғам талаптарынан қалыптасқан әдет-ау дейміз. Ол кісінің жастық шағы түкпірдегі теміржол бекетінде күнкөрісі төмендеу, әке-шешесі аурулы-сырқаулы отбасында өтіп, өзі жастайынан еңбекке араласып, білім алуға талпынуға тура келді. Сұрапыл соғыс жылдары 8-10 жасар ауыл балаларының қатарында 50-60 шақырым қашықтағы Қараөзектің жағасындағы қырманнан есекке екі-үш қаптан астық артатын. Көліктерін біріне-бірін байлап, өздері жаяу «Қаракеткен» астық қабылдау пунктіне жеткізеді. Жолда, түнде болатын қиыншылықтар, әсіресе, шаршаған, жатаған мақұлықтардың азабы, тесілген қанар қаптардың әлегі, бәрі-бәрі естен кетпейтін көріністер бала Камалды уақытынан бұрын есейтті. Сол кездегі еңбегін Кеңес үкіметі бағалап 10 жасар Камал Шөкенов 1945 жылы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Облысымыздың экономикасы мен дамуы, тұрғындардың тұрмыс жағдайының жақсаруы, қаржылық қамтамасыз етілуінің бірқатар штрихтарын еске түсірейік. 1988 жылы шөл және шөлейт, суы тапшы, табиғаты қолайсыз аймақтарда тұрғаны үшін облыс тұрғындарының айлық жалақысына 1,15 аудандық коэффициент енгізілуі мәселесін сол кездегі облыс басшысы Е.Әуелбеков одақтық органдар алдында көтерді. Соның барлық есебін дайындап, Мәскеудегі құзырлы мекемелерге уақытылы тапсырылуын қамтамасыз еткен осы Кәмекең еді. Кейін тағы да Арал өңірі халқына экологиялық апат аймағы тұрғындары мәртебесін беру және оларға айлық жалақыға қосымша 1,30-1,50 экологиялық коэффициент енгізілуі үшін есептерді сауатты да толық, уақытылы жасауға Камал Шөкеновтің еңбегі орасан болды. 1993 жылдан бері аталған заң өңір халқының игілігіне жұмыс атқаруда. Еліміз егемендік алған соң мемлекетаралық қарым-қатынастардың үзілуі, бұрынғы одақ кәсіпорындары арасындағы алыс-беріс есептерінің шиеленісуі бір-біріне қарыздарын орасан өсіріп, заңды тұлғалардың бюджет алдындағы міндеттемелерінің орындалмауына апарып соқты. Бюджеттен қаржыландырылатын мекеме қызметкерлерінің айлық жалақысы, кәсіпорын жұмысшыларының еңбекақысы мен зейнетақы бірнеше айлап кешіктірілді. Нақты қаржы айналымы мен кәсіпорындар қарызын өтеу үшін 1996 жылы жай вексель мен есептік міндеттемелер айналымға шығарылып, жағдай біршама тұрақталды. Сонымен қатар осы уақытта облыс орталығына ілеспе газ алып келу мақсатымен республикада екінші болып 1997 жылы 3 жылға арналған 100 млн теңгеге «Инвестиция-газ» облигациясын шығарып, облыстағы газдандыру жұмысын бастауға мүмкіндік алған едік. Осы күрделі, бұрын біздің тәжірибемізде кездеспеген, облысымызда іске асуы үшін шығарылған бағалы қағаздарда қаржы басқармасының басшысы Камал Шөкеновтің аты мен қолтаңбасы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге тұрды.

Аймақтың қаржы саласында қызмет атқарған 40 жыл уақытында бұрынғы Одаққа, республика, облысымызға аты белгілі кадрлар даярлады. Кәмекеңнің шапанынан шыққан қаржыгерлерді жүздеп санауға болады. Атап айтқанда, Парламент Мәжілісінің 2 шақырылым депутаты Құттықожа Ыдырысов, бірнеше министрліктің вице-министрі болған Рахымберген Тоқсейітов, бірқатар облыста қаржы, салық органдарын басқарған Дайрабай Ысқақов, Ресей қаржы жүйесінің генералы Ғалымжан Шәмшиев, бірқатар облыстың қаржы, салық, қазынашылық, қаржылық бақылау органдарын басқарған Нұргүл Беркімбаева, Балжан Шәменова, Райхан Ысқақова, Гаухар Арынова, Рахымжан Нұрсеитов, Сәндібек Аманжолов және тағы басқаларды айтуға болады. Ағамыз өзі Қазақстандық экономика және құқық институтының облыстағы филиалын басқарған уақытта 500-ден астам экономика, қаржы және құқық саласы мамандарын дайындауға дәнекер болды және солардың көбісі қазір республикамызда өз мамандықтарына сай табысты еңбек етуде.

Ол ұзақ жылғы қызмет жолында адалдықтан аттамауға, жан-жағына шұғыладай нұр шашуға ант берген адам секілді көрінеді де тұрады.

Өңірді басқарған мемлекет және қоғам қайраткерлерімен қатар қызмет етіп ешқайсысымен де «ищай» дескен емес. Қаржыны басқару, оны жұмсау тәртібін қатаң сақтауға көп көңіл бөлетін, іс қағаздарын, шешім, қарар, өкімдердің жобасын дайындағанда заңдылықтың сақталуын, жауаптылықпен жазылуын ыждағаттылықпен қарап қате жібермеуге тырысатын. Кезінде облыстық атқару комитетінің төрағасы болған С.Құбашевтің «Шөкеновтің қолтаңбасы қойылып түскен құжаттардың жобасында қате болмайды және мен оларға оқымастан қолтаңбамды қоя беруден қорықпаймын» деген сөздері ұжымдастарын қуантады. 90-жылдардағы облатком төрағасы Е.Золотаревтің қаржы министрі А.Бақуланың облысқа келгенде өткізген актив жиналысында «бастапқы кезде кейбір шараларға бюджеттен қаржы бөлу жайлы ұсынысыма К.Шөкенов мені қолдамағанда, бұл кісі неге қарсы пікір айта береді деген ойда болсам, кейіннен Үкіметте бірқатар облатком төрағаларына қаржы тәртібін бұзғаны үшін қатаң шара көріліп жатқанда, өзімнің бұл мәселеде ешбір ескертусіз жүргенім үшін К.Шөкеновке алғыс айтатын болдым» деген сөздері Шөкеновтің абыройын арттыра түскен-ді.

Камал аға қаржы саласының нағыз майталманы болумен қатар өнердің де, спорттың да үлкен жанашыры еді. Ұлдары Бауыржан, Батырхан, Бақытжан кішкентайынан әке қолдауымен әртүрлі музыкалық аспаптарды меңгеріп, бұрынғы КСРО-ның біраз жерінде өнер көрсетті. Батырханы әлем танитын өнер жұлдызы дәрежесіне көтерілді.

Ол абзал да ардақты азамат, Қазақ КСР-інің еңбегі сіңген экономисі, «Құрмет белгісі» және бірнеше мемлекеттік медальдардың иегері еді, 2011 жылы 23 наурызда бақилық сапарға аттанып кетті.

Қалқазбек ӘЖІБЕКОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<