Сыр суының сардары

497

0

Есте жоқ ескі заманнан Сыр бойы халқының бірден бір тіршілік көзі болып келе жатқан Сырдария өзенінің облыс орталығынан жоғары, он шақты шақырым қашықтықта асау толқынды тоса қарқынды басталған Қызылорда су торабының құрылысы Ұлы Отан соғысының басталуымен тоқтауға мәжбүр болып еді. Бірақ бұл құрылыс 1954 жылы  Сыр бойына бұрын Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы ОК хатшысы болған Мұхамедқали Әленұлы Сужиковтың облысқа партия ұйымының басшысы болып келуімен қайта қолға алынып, 1956 жылы аяқталды.

Енді Сыр суының облыс өңіріне жаңа тірлік, жаңа өмір әкелетінін ойлаған көреген басшы КОКПОК Төралқасына «КСРО дағы күріш өндірудегі елеулі кемшіліктер туралы» арнайы хат жазады. Онда күрішті жер шарының жарты халқы аса маңызды тамақ ретінде пайдаланумен қатар одан крахмал, дәрілік заттар, күріш сабанынан қағаз, т.б. өнімдер дайындауға болатындығы, бірақ соңғы жылдары оның өндірілуі өсудің орнына кеміп бара жатқаны айтылды. Осымен іле-шала партияның Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің атына арнайы жолданған екінші хатта  Қызылорда плотинасының (ол кезде осылай аталды – Ә.Б.) бітуімен байланысты Сырдария өзенінің төменгі сол жағасын игеруге қаржы бөлуді өтініп, оның екі жылдағы қайтарымына нақты дәлелдер келтірілді. Содан тарихта тұңғыш рет Одақтық партия Кеңес органдары  «Қызылорда облысының экономикасын дамыту, еңбекші халықтың мәдени-тұрмыстық жағдайын жақсарту шаралары туралы» қаулы қабылдады. Сөйтіп Сырдарияның сол жағасындағы жаңа күріштік жерлерді игеруге, су жүйелерін салуға, құрылыс материалдарына тиісті қаржы бөлініп, келешекті жұмыстарға жол ашылды.

Талай ақындарды шабыттандырып, жырланған Сыр бойының ақ күріші үшін айқас 1963 жылы облысқа партия ұйымының бірінші басшысы болып Мұстақым Біләлұлы Ықсановтың келуімен бұрын соңды болмаған жаңа қарқынмен басталды. Одақпен тиісті жұмыс істей алған жаңа басшы Сыр өңіріндегі жаңа алқаптарды жаппай күріштікке айналдырды. Талайдан түлеп жатқан Жаңақорған ауданындағы Түгіскен алқабы игерілді. Облыстағы 286,5 мың гектар суармалы жердің 210,5 мың гектары инженерлік жүйеге келтірілуі осы кезеңдерден бастау алған болатын. Ескі, жаңа су жолдары реттелді, кеңейтілді, арнайы қашыртқы каналдары, көпірлер мен жолдар салынды. Жаңа ондаған шаруашылықтар ұйымдастырылды. Бір сөзбен айтқанда, Сыр өңірінде ақ күріштің алқабы белгілі бір жүйеге түсіп, жаңа тыныс алған-ды.

Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ыбырай Жақаев облыстық газет бетінде «Жас ұрпақтарға  сәлем хат» жолдап, жастарды күрішші болуға, бұл саладағы жаңа технологияны игеруге, күріштен жоғары өнім алу үшін суармалы жердің мәдениетін көтеруге шақырған болатын. Бұл кейін жақаевшылар қозғалысына айналып, талай жастарды еңбектің биік аренасына шығарды. Талайлар ер атанып, мемлекеттік марапаттарға ие болды.

Осы бір, шын мәнісіндегі, сол кездегі облыс ауыл шаруашылығының басты саласына айналған күріш егістігінің бұрын соңды болмаған аса ауқымды тірлігіне Сабыр Арыстанбаев та белсенді араласып кеткен болатын. Әрине ол бұл жұмысқа үлкен рухани һәм кәсіби дайындықпен келген еді.

Сабыр Шаймерденұлы 1953 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын ойдағыдай бітіріп, инженер-гидротехник мамандығын алғаннан кейін арнайы жолдамамен сол кездегі қаладағы санаулы орта оқу орындарының бірі – Қызылорда гидротехникумында алдымен оқытушы, сонан соң оқу ісі бөлімінің меңгерушісі болып істеді. Осында өткен 7-8 жылын ол өз алдына бір мектеп санады. Бұл иінді де еді. Шынында да кеше институттағы оқу үдерісі кезінде ой тоқтата бермеген кейбір теориялық қағидаларды араға уақыт салып қайта қарап, бұрынғы алған білімін тиянақтай, тереңдете түсті. Көпшілікпен жұмыс істей білудің алғашқы өнерлерін үйренді. Мұның барлығы 1961 жылы облыстың  су шаруашылығы саласына ауысқанда, 1962 жылдан басшылық қызметте болғанда кәдеге асты. Ал 1967 жылдан әуелі облыстық су шаруашылығы мекемесінің бас инженері, сонан соң бастығы болған бас-аяғы 20 жылдан астам уақытта Сәкеңнің бар қабілет-қарымы айқын байқалды. Бүкіл Сыр бойының су шаруашылығына катысты мекемелерде жаңа сілкініс пен серпілістер басталды. Облыстың көлемі (Түгіскен, Жаңақорған-Шиелі, Қызылорда сол және оң жаға, Қазалы оң және сол жаға) 220 мың гектарға дейін суармалы жерлердің инженерлік жүйеге келтірілуіне және көптеген гидротехникалық құрылыстардың салынуына ерекше үлес қосты. Өз ісінің майталманы, жұмыстың көзін  таба білетін, жеке жауапкерлігі өзіндік өлшем болған, қажырлы тірлік, ойлы іс, адал еңбек, лауазымды қызмет, тапсырылған іске ерекше қатынас Сәкеңді Сыр бойына кеңінен танымал етті.

Осылай Сабыр Арыстанбаев Сыр бойындағы алтын дән үшін күрестің  өз саласы бойынша алдыңғы сапында болды. Жаз бойы суда бойлап, күн түні шөлдеп, сусап тұратын күрішті сусыз көзге елестетіп көру мүмкін емес. Олай болса, осы өлкені мекен  еткен  жұрттың  күнкөрісі  де,  тіршілік  көзі  де  су болғаннан кейін су мамандарының ерекше құрметпен аталуын, олардың айрықша мәртебесі  болғанын түсінуге болады. Сондықтан Сәкеңнің өзі көктемнен бастап «Сәке, Сәке» боламын, егінге су алу біткеннен кейін жай «Сабыр» боп қаламын деп алдымен өзі күлетін,  сонан соң жұртты күлдіретін.  Өмір солай ғой…

Сабыр Шаймерденұлы – табиғатында сонау бала кезден жетіле, байи түскен, өзегін өзгертпей, арнасын кеңейтіп отыратын дара мінезді адам еді. Алла мінезсізден сақтасын. Тіке айтып, тура сөйлейтін. Сөйте тұра ол еш қиянатқа барған емес. Кейде қаттылау айтса да, ешкім кек сақтамайтын. Осынысымен қызметтес, араласқандардың барлығына түгел жақпаған шығар, бірақ оны көбісі түсінетін. Өйткені оның мінезі – еңбек ете білудің мінезі, жауапкершіліктің көрінісі, әділдіктің бейнесі болатын. Ол  әркез ізгілікті сезімін байқатып, адамдар жүрегіне жол таба білді. Сәкең кешегі кеңестік заманда өктемшіл партия органдарының дегені болып тұрғанда да өз ойын, өз білігін тайсалмай айта алған азаматтардың бірі болды. Осынысымен де ол халық арасында өз болмысын азайтпай, байытып, өз беделін кемітпей, асырып отырды. Билік биіктік емес, бедел биік дегенді көрсетті. Батыл, өз саласын жетік меңгерген Сәкеңе қатысты кейбір әңгімелерді замандастары осы күнге дейін айтып жүр.

Ғасырлар еркін, шалқып аққан Сырдария бойына 60-жылдары салынған әртүрлі бөгеттерді кейде ретсіз пайдаланудан өзен суы бір жерде жетсе, екінші жерде жетпей жатты. Осындай жағдаймен бірде Жаңақорған ауданынан обкомға шағым түседі. Онда Келінтөбе каналының төменгі жағына орналасқан шаруашылықтарға су жетпей жатқандығы туралы жазылған еді. Жалпы, Сырдарияда судың деңгейі жылдағыдан төмен емес, жоспарланған егіс көлеміне жетуге тиісті болатын. Неге бұлай? Жағдаймен танысып, шара көру үшін облыстық су шаруашылығы басқармасының бастығы Сабыр Арыстанбаев облыстық партия комитетінің бір нұсқаушысы екеуі шағым ізімен келсе, канал бір совхоз тұсында басылған, төменгі жаққа су мөлшерден аз кетіп жатыр екен. Сөйтсе, совхоз директоры аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының о жақ, бұ жағына шығып жүріп, оны дегеніне көндіреді. Аудандағыларды ашса алақанында, жұмса  жұдырығында ұстап отырған хатшы судың аудандық басшысының «бұлай етуге болмайды, төменгі шаруашылықтардағы су режимі бұзылады» дегеніне көнбей, өктемдік жасап, шлюзды бастырады.

Облыстан келгендер дереу шлюзды аштырады. Айқай енді басталады. Хатшы облыстан келгендерді дауыс көтеріп, өз өктемдігін танытады. Мұндай әділетсіздікке төзе қоймайтын, өз басынан біреудің сөзін ретсіз асыртпайтын Сәкең де хатшыдан кем түспейді. Даудың аяғы обкомнан шығып, сол кездегі бірінші хатшы Исатай Әбдікәрімов оған нүкте қояды. Аудан хатшысы әділетсіздігін мойындайды. Мұндай жағдайлар өмірде аз кездеспейді ғой. Әділеттіліктің әділетсіздікпен бірге дүниеге келгені бесенеден белгілі. Бұл өзі – егіз ұғым.

Кең ауқымды, бір мекемеде жиырма жылдан астам басшы болған Сабыр Шаймерденұлы қарамағындағы сушылардың тұрмыстық-мәдени мәселелерімен де батыл айналысты. Ең бастысы, жұмысшылар мен қызметкерлерге тұрғын үйлер тұрғызды. Жаңадария, Шіркейлі сағаларынан және Жалағаш ауданында дария бөгетінен сол заманның талаптарына жауап беретін пионер лагерьлері салынып, онда облыс, аудан балалары демалды.

Сабыр Арыстанбаев туралы айтқанда тек қызмет бабымен шектеліп қалсақ, онымыз кемшін тартар еді. Адам медальдің екі бетіндей, тән мен жаннан тұрады ғой. Шынына келгенде адамды айқындап жататын оның рухани дүниесі емес пе?! Сәкең – досқа адал, адамға жақсылық жасаудан қашан да жалықпайтын кісі болатын. Бұл үшін үлкен жүрек, биік парасат, жан ізгілігі керек екені белгілі. Оның осындай даралау туғанына, қатарластарына ұқсай қоймайтын өзіндік іс-әрекетінің молдығына ешкім күдік келтіре қоймас. Бұл болмыс Сәкеңнің табиғаты ма, әлде тәрбиесі ме? Бұл да бар, ол да бар. Жақсы ағаның бейнесінен екеуі де жарасымды көрініс тапқан болатын. Өмірде бұлай бола бермейді ғой. Алла адамға тегін бергенімен, тәрбие төрін бермегені де, не кері жайлар тіршілікте толып жатыр. Әділеттілігі принципшілдігімен астасқан, қаталдығы қайырымдылығымен көмкерілген, сөзі ісінен айырғысыз, тік мінезі жылы жүрегімен жарасқан, бәйтеректігі маңайындағы ну орманымен сәнді, әсем де ерекше тұлға туралы осы отбасының қызуына жылынғандар, кезінде Сәкеңнің өзімен тұз-дәмдес болғандар көп нәрсені ойға оралтып, шуақты сәттерді ілтипатпен қазір де еске түсіріп отыру дәстүрге айналған. Өйткені әлі де айтатындар да, тыңдайтындар да жоқ емес. Өмір осынысымен сәнді, осынысымен мәнді емес пе?

Табиғатында басқаға ұқсай бермейтін Сабыр Шаймерденұлының шыққан тегіне, өскен отбасы жайлы бірер сөз айта кеткен артық болмас. Өйткені адами жаратылыс пен азаматтық келбетті әлеуметті орта, қоғам қалыптастыратыны белгілі. «Тегіне тартқан» деген төркінді сөз. Мұнсыз азаматтың шынайы болмысын толық ашу қиын. Кішіге аға, үлкенге іні болып өскен, үлкендердің қасында жүріп көп нәрсеге көзі қанығып, көп нәрседен ойы өріс тапқан әкесі Шаймерден өзі онға толар-толмаста Ұлы Отан соғысына аттанып кетіп, оның шексіз мейірімін, айрықша тәрбиесін көп көре алмады. Сөйтіп отбасының бар қиындығы мен тағдыры бірыңғай ана иығына ауысты. Арабшаға өте сауатты, құран сүрелерін жатқа айтатын кейуана қолынан талай шай-су ішкенбіз. Ескіше оқығаны да, өмірден тоқығаны да жетерлік, сөзге шешен, іске бекем, мейірімді де талапшыл, ерекше жанның бай қасиетін  ұрпақтары бойына күннің нұрлы сәулесіндей жия білді. Бұл жылу кейінгі келіндерге дарыды.

Шіркін, кешегі соғыс кезіндегі ерін ел қорғауға жіберіп, отбасының бар тірлігін мойнына алған әрбір ананың тағдыры бір бір роман ғой. Облыс орталықтарында Ана бейнелерін айшықтаған алып ескерткіш тұрғызылып жатса, біз әсте ұтар едік. Адамзат қоғамындағы сөзбен жеткізе алмайтын Ананың бейнесі өзін өзі паш етіп тұрар еді.

Сабыр Шаймерденұлы Арыстанбаевтың Сыр бойы су  шаруашылығын автоматтандыру және механикаландыруды іске қосу, мелиорация жүйесін пайдаланудың тиімділігін арттыру саласындағы еңбегі үкімет тарапынан лайықты бағаланып, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендері мен көптеген медальдармен марапатталды. «Республикаға еңбегі сіңген гидротехник» атанды. 2017 жылдың 17 қарашасында Қызылорда су торабы әкімшілік ғимаратының алдында оның ерекше маман,  іскер басшы, қажырлы қайраткер екенін дәлелдей түсетін ескерткіш бюсті  қойылды. 

Енді, міне, Үкіметіміздің үстіміздегі жылдың ақпан айындағы шешімімен Қызылорда су торабына саналы ғұмырын Сыр суына арнап, жарты ғасырдан артық қалтқысыз қызмет еткен, бүгіндері 90-ның тұғырына қонған Сабыр Шаймерденұлы Арыстанбаевтың аты беріліп отыр. Бұл қазағымның «Еңбегің еш кетпейді» дегенінің бекер айтылмағанының нақты дәлелі. Сондай ақ «Халық жады жаңылмас» деген де бар ғой. Ал халық ықыласынан артық  не бар, не құрметті?! Артында еңбегін таныған әрі іздейтін халқы барда адам баласын әсте өлді деуге болмайды. Оның ісі – тірі, рухы – жанды.

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылымдарының докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<