Теңізбен тамырлас тағдыр

993

0

Әбе әлемін ҚР Еңбек Ері, Кеңестік Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы дегендей әдеттегі теңеулер ауанына сыйғызып қана қоя салу қисынсыз болар. Атақты «Қан мен тер», «Курляндия», «Соңғы парыз» кітаптарын көзіқарақты оқырман басына жастап оқып, әлдеқашан сүйікті жазушысына айналдырған. Қарағаштай қалың қазақ қоғамы ғана емес әлем жұртшылығына да аты мәлім. Қажырлы еңбек, арлы қаламымен жазған шығармалары шетел тілдерінде сөйлеп, талайды тамсантты. Қазақ деген тағдырлы халықтың басынан өткен аумалы-төкпелі заманның суретін кестелі тіл, кемел ойымен сала білді. Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов, Мұстафин сынды әдебиет алыптарынан кейін жарқырап көрінетін биік тұлға, парасатты жазушы осы – Әбдіжәміл Нұрпейісов.  Кезінде қазақтың жері, тілі дауланғанда Горбачевке, Колбинге, Солженицындерге сол ұлтының қасиетті құндылықтарын қызғыштай қорғап, ұлтымыздың атынан пәтуалы сөз айтқан абыз ақсақалдың еңбек-ерлігі ұмытылмайды.

Қазақ сөз өнеріне мол олжа салған кесек суреткердің басынан қилы да қиын дәурендер өтті. Оның өмір жолы өзі айтқандай қан мен терден тұрады. Ә. Нұрпейісов 1924 жылы Аралдың асау толқындары шулап, алғашқы қар жауып тұрған қара күздің ортасында өмірге келген. Сол күні бәлкім әкесі Кәрім Белараңның қозыжон белдерінде қансонарға шығып, қыран салып қызыққа батып жүрген шығар. Ақ пен Қызылдың айқасын, бірінің артынан бірі туған төңкерісті көре-көре ығыр болып, ашаршылықтан енді-енді оңала бастаған жұрт өмірге жаңа келген жас сәбиге ашық аспан, ұзақ ғұмыр тілескен. Қаймағы бұзылмаған қалың ел сол жөргектегі ұлдың болашақта тағдырларын тасқа таңбалайтын жазушы боларын сезбеген шығар. Табиғат кемеңгер, онда жан да, түйсік те бар. Сәбидің құлағына алғаш болып Аралдың асау толқындарының шуылы жеткен шығар. Сол толқындар баланы әлдилеп ұйықтатты, әлпештеп оятты. Күндердің күні тартылған арнасын қаламының сиясымен толтыратын бір перзенттің өмірге келгенін қасиетті Арал сезген шығар. Аралдың толқыны адамша сөйлеп, тіл қатып, сыр ақтарып Әбекеңді есейтті. Оған дарын мен қарымды қатар сыйлаған да сол – табиғат ана. Қаламгер шығармаларын оқып отырсаңыз маң далаға тіл бітіп, өлі теңіз өксік атып сайрай жөнеледі. Әр туындысының қатпары қалың, пайымы терең болары да осы ғажап сырында. Ол кісідей сомдаған Аралдың тағдыры мен балықшыларының образын жетпіс атасынан бері теңізге кеме салған адам болса да осылай ашып бере алмас сірә…

Әрине, ел мен жердің тағдырын жан-жүйесімен жырлай білетін, терең сезінген шығарма ғана нағыз кемел туынды. Әбекеңнің шығармашылығы бір ұлттың басынан кешкен азапты да ауыр, машақатты да қасіретті тағдырына құрылған үлкен әлем. Қазіргі жас ұрпақ баянды өмірде өсіп жатыр. Әрине, тәубе дейміз. Ата-бабаларымыздан тартып мың өліп – мың тірілген қазақ осындай мамыражай заманды аңсады емес пе? Бірақ Әбе туған заман мүлде басқа еді. Балалық шағы қазақ даласында алапат аштық пен репрессиялардан тұрған қасіретті сүркей, суық жылдарға тура келді. Оқу емес жан қайғы болды. Десе де асылдың сынығы болған әкесі баланың болашағын ойлап 1931 жылы Көлқара ауылында ашылған мектепке апарады. Мектеп деген аты болмаса бір бөлмелі жүдеу үй. Осы жерде Әбекең бірінші класты бар болғаны 17 күн ғана оқып, 2 әріп қана танып шыққан екен. Одан бері табаны күректей 98 жыл аунапты. Адам бір терінің ішінде мың арып, мың семіреді. Халық та солай. Қағанағы қарқ болатын күн де, сағы сынатын шақ та көп. Сол 17 күн оқып, әжесінің қазасына байланысты үйіне қайтқан бала қазақтың қабырғалы қаламгеріне айналды. Бүгінгі бақытты заман, шуағын шашқан тәуелсіздіктің құшағында есейіп келе жатқан ұрпақ кешегі ата-бабасы көре алмай кеткен шат дәуренді сүріп жүр деп санаймын. Тек қана өткеннің парқына, ата-бабасының қадіріне жете білсе болашағы жарқын болмақ…

Әбдіжәміл Нұрпейісов жастайынан қаламын ұштап, жазушы болмасына шарасы да жоқ еді. Ол кешкен ғұмыр, көрген тағдырының өзі-ақ жазбасына қоймады. Маңдайына бір өмір жазып тауыса алмайтын шытырман жазмыш сыйлаған екен. Қазақ баласына келген зобалаң аштықта, қуғын-сүргін кезінде шалқып өмір сүрген Нұрпейістің әулеті жансауға іздеді. Алапат соғыс майданынан ет жақындарынан, асқар таудай әкесінен айырылып жалғыз басы ғана оралды. Туған жері тозып, туған елі азса арлы азамат алдымен күрсінбек. Маңдайына жазған осыншама тағдырды ақ қағаздың бетіне бедерледі. Өлмес, өшпес шығармаға арқау етті. Тұтас бір дәуірдің тірі шежіресіне айналдыра білді.

Әбекең жібек мінезді жан еді. Дүние жаратылғалы бір қалыппен кілкіп қана ағатын өзен сияқты. Арнасының суалып тартылып қалғанын, не асып-тасып кеткенін көрген емеспін. Жетсе тасымайды, жетпесе жасымайды. Дала жүректі, дарқан пейілді адам. Қашан көрсең күлімсіреп, өзінің әз болмысында жүреді. Ғұмырында пендешілікке бой алдырып, жүйкесін шаршатқанын көргем жоқ. Алатаудай атағына қарамастан үлкен болсын, кіші болсын аса кішіпейіл. Бойын менмендіктен, өзімшілдіктен таза ұстады. Жүрекпен ойланып, жүрекпен ғұмыр сүрді. Алды даңғыл, арты таза ғибратты өмірі соған куә. Жүрегін кірлетпеген, кеудесіне шаң қондырмаған осы таза бітімі ол кісінің ұзақ ғұмыр кешуіне негіз болғандай. Жүйкесі сыр беріп, жүрегіне ерте салмақ түскен жан тез қартаяды емес пе? Ал Әбекең өзі сомдаған кейіпкерлер ойындағыдай шықса солармен бірге жасап, жасарып, түлеп отырды. Әр жаңа шығармасы сайын биікке шыққаны бір төбе, жанын басқан қоғамның кірі мен тозаңынан да тазара түсті.

Алқалы жиынның бірінде Сәбит Мұқанов Ә.Нұрпейісов хақында: «Менің қазақ әдебиетінде 20 жыл бойы күткен адамым енді келді», – деп көпшіліктен сүйіншілеп жар салған екен. Әбекең әдебиет есігін именбей аттап, алғашқы қадамын мүйізі қарағайдай жазушылардың тісі батпай жүрген романнан бастады. Әйгілі Әуезовтың өзі қолжазбаларымен танысып, ризашылығын білдірген. Осылайша алдыңғы толқын ағалардың ізін басып қазақ әдебиетіне және бір қабырғалы жазушы қосылған еді. Ауыл өмірі, кішкентай кейіпкерлер Әбекеңнің шығармашылығының негізгі бітімін құрайды. «Әлі күнге бір бүйірің ауыл өміріне бұрып тұрады. Қанша қашыққа шырқап кетсең де, бойыңдағы бір тамырың туған жеріңнің топырағында бүлк-бүлк етіп соғып жатқандай. Кей күні… сен әлденеге өзек аузында жалғыз үй отырған балықшы шалдың қамыс қосын, жұпыны жиһазын, жалпылдақ шамын есіңе аласың. Өз үйің жайнап тұрса да, саған осынау балық сасыған кішкентай қос ыстық. Қос ішінде, ақ иық қылған ауыр еңбектен болар, жан әкең сілесі қатып шаршаған. Күнге күйген жылтыр қара бетінде қалжыраған ажар бар. Үні де қалжырап ақырын шығады. Сол кезде қара пұшық бала әлдеқайдан жүгіре кеп отырса болғаны, оның әжім беті іштей нұрланып, елжіреп қоя береді» – дейді жазушы. «Ымырт» (1961), «Сергелдең» (1964), «Күйреу» (1970) романдарынан тұратын атақты «Қан мен тер» трилогиясының терең қатпарында осы бір жанды өмір қайнап жатыр. Жанымен сезген, жүрегімен түсінген дүние қашанда кемел болмақ. Еламан, Ақбала, Тәңірберген сияқты мінез-құлқы, жан қатпары бүкпесіз ашылған кейіпкерлер әлем әдебиетіндегі аңыз кейіпкерлермен тең тұра алады. «Осы бір ұлы романдағы сан қырлы, алуан бояулы дала мен оны мекен ететін халық өзінің бейтаныс әрі таңсықтығымен ежелгі бір далалық ауызекі тілде айтылған эпопея секілді бізді еліктіріп алып кетеді» – деп француз жазушысы Андре Стиль текке айтпаса керек. 2014 жылы халықаралық Пен-клуб атынан атақты Нобель сыйлығына ұсынылуы да тегін емес еді. Себебі ол кісі бір ұлттың ғана емес тұтас адамзат қоғамының, бір көл ғана емес күллі жер шарындағы өзекті мәселелерді көтере білді. Әбекеңнің романдары шөл даладағы шыңыраудың мидан өтетін мөлдір суы сияқты. Кенезең кеуіп, сусап барғанда ішкен сайын іше бергің келеді. Сарайың ашылып, рухың тазарады.

Туған жерді қастерлеген, әр түйір құмы, бір тамшы суына дейін қызғыштай қорғаған жанның бірі Әбекең. Жүрегі туған жермен бірге соқты. Аралмен бірге ортайып, Аралмен бірге толатын еді. Бала кезімде кеудесі қазынаға толы Аралдың атақты жылқышысы, Социалистік Еңбек Ері Көшербай атамның аузынан сан алуан аңыз-әңгіме тыңдап өстік қой. Сол кезде батырлар шапса да, атса да өлмеуші еді. Оның жаны терең көлдің түбіндегі семсерінде жасырулы болатын. Осы күні ойлаймын Әбекең де өз жанын сол ертегінің батырлары сияқты Аралдың тереңіне тастаған екен. Табиғаттың кетеуі кетіп, жылдан-жылға Арал тартылған сайын ол кісінің қайғысы да қалыңдай түсті. «Соңғы парыз» – алтын кебектей ақ құмақтың ортасындағы табиғат сыйы – Арал теңізінің қасіреті туралы кітап. Дала, табиғат, теңіз – Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармашылығының өзекті де негізгі арқауы» – дейді әдебиетші Нағашыбай Төлепов. Арал қасіреті Әбекеңнің жүрегін кемірген жегі. Арал болып ойланып, Арал болып дөңбекшиді. Оған өзімнің де сан мәрте көзім жеткен еді.

Мен Маңғыстау облысының әкімі болып жүрген шағым. Арал теңізі қайтып, арнасы адырайып, жалаңаштана бастаған. Ә.Нұрпейісов туып-өскен, балалық шағы қалған жері Белараң теңіздің бір сұғына біткен түбегі. Ол жерден қазір теңіз кетіп қалды. Суы қайтып қаңсыған құмның тозаңы шығып жатыр. Биік жерден көз салып қарап тұрсаң төменде теңіз табанында қалып қойған кемелердің қаңқаларын көресің. Тарихтың ескірген, тозған, уақыт жемірген бір парағындай көңіл құлазытады. Сол жердегі биіктеу бір төбенің басына Әбдіжәміл ағамыз өзінің кесенесін салдырды. Соған істететін құрылыс материалдарын (белый ракушечник) Маңғыстаудан жеткізіп бер деп қолқа салды. Адам тірі кезінде өзіне мола салудың не қажеті бар деп қисаңдап, көнбеп едім қатты ренжіп, ұрсып тастады. Сосын үлкен кісінің меселін қайтармай, айтқанын бұлжытпай орындадым. Кейін бір кездескенде маған оғаштау көрінген осы қылығының мәнін сұрадым. «Күні бұрын басыңызға кесене көтергеніңіздің керегі не? Алматыда тұрасыз. Кейін бала-шағаңызға қиын болады ғой сонау жердің түбі Аралға қатынау» деп едім мүлдем басқа жауап алдым. Мен де сол Аралдың перзентімін ғой. Жан жүрегім елжіреп кетті. «Мені іздеген адам болса сол жердің түбіне келсін. Тозған, топалаңы шыққан жердің жағдайын, елдің күйін көрсін. Көзіқарақты, көкірегі ояу пенде болса ойланар. Ойланса мысқалдай болса да пайдасы тиер. Мен өлгеннен кейін де сол шерлі Аралыма пайдамды тигізгім келеді. Қазіргі Қызылорда, Маңғыстау облыстарының орнында бағзы бір замандарда үлкен Таксис деген мұхит болыпты. Арада талай заман өткенде сол телегей мұхит қайтып, орнында Каспий теңізі, Арал теңізі, Қара теңіз, Азов теңізі сынды ұсақ теңіздер қалған. Білгірлердің айтуына жүгінсек бұл жер жаралғалы үшінші рет осылай болып отыр. Біресе түбі сарқылып кетеді, біресе кенерін толтырып қайта келеді. Бұл жолғы теңіздің кетуі адам пиғылының нашарлығынан деп ойлаймын. Бұл тек экологиялық апаттардан ғана емес, бұған адами сезімдер де әсер еткен сияқты. Мейірімділіктің жоғалуы, ізгіліктің өшуі, тасбауырлылық, жауыздық, бәрі-бәрі… Оны «Қан мен терді», «Соңғы парызды» мұқият зер салып оқыған адам байқайды. Сондықтан мен жай жатпай сол Белараңыма барып, алыстап кеткен теңіздің шуылын аңсап жатайын. Мүмкін, күндердің күні адамзаттың пиғылы өзгерер, теңіз ескі арнасына қайтып келер, тасып төгілер. Буырқанған толқыны жартасты көміп, шағалалар шаңқылдап, тіршілік жыры маздайтын шығар… Осындай бір аңсарлы үмітпен мені сол жерге жерлеуді сендерге аманат етіп тапсырамын» – деді арда туған Әбекең.

Кеудесінде жаны бар, еті тірі, жүрегі ояу адамды елең еткізер ұлы сөз, кемеңгер байлам емес пе? Тек жасы ұлғайып, індеттен (пандемия) бірнеше рет емделген соң ғана бірде маған, Смағұл Елубайға, бауыры Марал Итеғұловқа Алматыда жерленуге келісім берді. Ал жерлестері Белараңда Әбенің шығармашылығына арналған белгілі жерді қорғауды міндетіне алды…

Шығармалары күллі қазаққа рухани сусын болса, енді ғұмырымен де үлгі болмақ. Осы бір әңгімелерден кейін Әбенің жүрегімдегі орны тіпті де биіктей түсті. Ол кісі кейде Қазығұрттың басында қалған Нұх пайғамбардың өзі де, кемесі де сынды. Ескінің көзін көрді, жақсының сарқытын ішті. Ешкімнің алажібін аттамай, ғибратты ғұмыр сүрді. Қажымай, талмай, таусылмай көл-көсір еңбек етті. Атақты жазушының асыл арманы орындалса қазақтың ырыс қазаны тасып, іркіті мол болары сөзсіз. Лайым, Құдай Тағала Алты Алаштың Арал сынды тартылып қалған несібесін қайта беріп, кемеріне келіп, шалқып отыратын баянды заманға жеткізсін деп тілейміз!

Кешегі ызғарлы қаңтардан кейін өзінің өсіп-өнген сүйікті ортасы Алматының, Алаштың зиялы қауымының басын қосып, бірлікке шақырып кеткен абыз ағаның аруағының алды жарық, иманы саламат болғай!

Әбеңнің мәңгілік өмірі енді басталды. Аралдың қайта толғанын біз көрерміз, мүмкін көре алмаспыз. Десе де, асау толқыны жағаны ұрған телегей теңіздің тірі суреті салынып қалды. Ол Әбеңнің шығармаларында. Ол шығармалар Аралдың ғана емес, қазақтың толған, ортайған, тартылған тарихын жырлап береді. Қазақтың өткені Аралдың кепкен, кезерген  арнасы сынды енді. Оған асау дария құйылды. Ол дария Әбеңнің қаламының сиясы, халқымыздың қан мен тері. Сұр шинелін киіп алапат соғыстан аман оралғанда перзенттік парызын өтеу үшін қолына қалам алды. Сол күннен бастап саналы ғұмырының соңына дейін ақ қағазбен анда болды. Арымен серттесті. Көл-көсір мұра қалдырды. Әбеңмен бірге салқар, сәнді көш бел алыс кетті. Онымен бірге бір ғасырдың парағы жабылды. Енді біз Әбеңді Алматыдағы үйінен емес, кітаптарының сарғайған парақтарынан іздейміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға арнайы келіп, жазушыға Еңбек Ері жұлдызын тапсырып тұрып, «ғасырлық мерейтойда кездесейік» деп жүрекжарды тілегін айтқан еді. Жақсының аты өлмейтіні ақиқат. Оның 2024 жылы ғасырлық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде атап өту біздің парызымыз! Сәулетті шаһарларымыздан Әбеңнің ескерткіштері, атына оқу-мәдениет орындары, көшелер беріп, университеттерден, кітапханалардан, мектептерден шығармаларын көреміз деп сенемін.

Өткенінен ұлағат, болашағынан мақсат-мұрат іздеген жас ұрпақ ұлы суреткер шығармашылығын оқу арқылы ұлғаусар дүниеге кез болады. Бұл жолда барды бағалап, жоқты саралап, тәубемізден жаңылмай, тәуекелден айнымай, Тәуелсіздіктің тасын өрге сүйреу әрбіріміз үшін жауапты.

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,

мемлекет және қоғам қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<