Ұмытылмас ұлағат

337

0

Соңында суылы қалып отырған уақыт самұрығын кім тұғырына қондырған?! Әйтсе де, өткен күннің қараңғылығы қоюлана түскенмен, шығыстан найза бойы көтерілген күн секілді жарық шашып, өшпес із қалдырып кеткен жандар болады. Талай шәкіртіне адалдық пен адамдық жолын танытқан, жас ұрпақты елін, жерін сүюге тәрбиелеген, саналы ғұмырының қырық жылдан астамын ұстаздыққа арнаған Қаламқас Әбуқызы сондай жанның бірі еді. Жүзін топырақ жасырғанына жыл өтсе де, ізгілік лебі әлі есіп тұр…

Қаламқас Әбуова 1939 жылы 15 қарашада қазіргі Ж.Махамбетов, бұрынғы Киров совхозында дүние есігін ашқан. Туған ауылының бастауыш мектебінде сауат ашып, кейін қаладағы №6 орта мектепте білім алған.

Тумысынан білімге құштар, зерек болып өскен ол 1959 жылы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищені тәмамдайды. Сол жылы Қызылөзек елді мекеніндегі №39 мектепте мұғалім болып еңбек жолын бастады. Алдыңғы буын өкілдерінен үйренуден, тәжірибелі мамандардан тәлім алудан жалықпаған ізденімпаз жан аз уақытта өзін кәсіби маман ретінде танытып үлгерді.

Тәлімі асыл парасат иесі ұстаздық ұлы қызмет екенін үнемі есте тұтып, білімін жетілдіруді мақсат етті. Сөйтіп, Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың сырттай бөлімінде оқуын жалғастырды. Институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітіргеннен кейін Қызылорда қаласы Ғ.Мұратбаев атындағы №161 орта мектепте ұстаздық етті. Кейін Сәкен Сейфуллин №4 атындағы мектепке ауысып, бұл білім ордасында да қарапайымдылығы, қазақылығы бұзылмаған, әдептен аттамаған қасиеті қаншама шәкіртке бағыт-бағдар болды.

Ұмытылмас ұлағат иесін көп жыл қызметтес болған ардагер ұстаз Жібек Есенжолова өз мамандығын шебер меңгерген жан ретінде еске алады.

– Қаламқас апайды 1967 жылдан бері білемін. Бір мектепте зейнетке шығып кеткенше бірге жұмыс істедік. Мектебіміз орысша-қазақша аралас еді. Орыс кластарында әртүрлі ұлттың балаларына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін. Ол кезде әлі қазақ тілін онша мойындамайтын еді. Солай бола тұра, Қаламқас апайдың сабағында басқа ұлттың балалары тек қазақша сөйлейтін, – деп еске алады Ж.Есенжолова.

Қаламқас Әбуқызы 1998 жылы 42 жыл еңбек өтілімен зейнетке шықты. Өзінің қырық жылдан астам ұстаздық қызметінде мыңдаған шәкірттерді тәрбиелеп шығарды. Олардың санасында білім, жүрегінде ізгілік нұрын ұялатты, өміріне қажетті білім берді.

Шәкірттерінің арасында техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қылышбай Бисенов, мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысының әкімі болған Гүлшара Әдбіқалықова, ұстаз Сәуле Оспанова, танымал эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Сәдуақасова, Роза Қойшыбаева, құрылысшы, белгілі кәсіпкер Қанағат Сақтағанов, дәрігер Гүлмира Әлиева секілді ел мақтанышына айналып, түрлі салада өзінің еңбегімен танылып жүргендері қаншама?!

Жақсылық пен ізгілікке толы еңбек және өмір жолы жастарға, ұстаздар қауымына әрқашан үлгі болды.Ұмытылмас ұлағат иесі отбасында да өте парасатты адам еді. Әйел затына тән инабат, ибаны, одан артық білетін адам жоқ сияқты көрінетін. Жақын-жуығы оны отбасының татулығын, ағайынның қарым-қатынасын сақтаған керемет кісі ретінде еске алады.

– Сондай мейірім иесі енді жоқ. Ондай қасиет Қаламқас әпкеме Алланың берген сыйы шығар деп ойлаймын. Іздейсің, аңсайсың, амал жоқ. Әулетте әпкеміздің «Шежіре апа» деген аты бар еді. Кім кімнен тарағанын талдап айтып беретін, – дейді сіңлісі Кенжегүл Әбуова.

Жары Мәдібек Ибраев көп жыл өңірдің қаржы саласында еңбек етті. Қызылорда қалалық партия комитетінде, қалалық халықтық бақылау комитетінде басшылық қызметтерді абыроймен атқарды. Облыс пен қала деңгейіндегі басшылық қызметтерде өңірдің өркендеуіне үлесін қосты. Сыр елінің дамуына еңбек сіңірген, еліне танымал азамат бірнеше мәрте қалалық мәслихат депутаты әрі тексеру комиссиясының төрағасы болды. Қаламқас Әбуқызы өмір дариясында бір жүзген, қуанышта да, қайғыда да бірге болған арқасүйері екеуі үш бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде екеуінен өрбіген ұрпақ түрлі салаларда қызмет етіп, ел дамуына өз үлес қосуда.

Қаламқас Әбуқызы үлгілі ғұмыр кешкен асыл жар, абзал ана, ұлағатты ұстаз ғана емес, таза көңілді дос ретінде де көп адамның жүрегінде қалды.

– Менің жарым Ордабек Момынқұлов 1970 жылы Қызылорда қаласындағы аяқкиім фабрикасына басшы болып келді. Екі қызымызбен осында қоныс аудардық. Сол кезде Мәдібек Ибраев, Шәміл Нұрымгереев, Айтбай Ыстықбаев, Сергей Мироновичтің отбасыларымен танысып, бұл таныстығымыз бүгінге дейін жалғасқан достыққа ұласты. Олармен достығымыз таза жүректен, бір-бірімізді шын пейілмен түсінгеннен пайда болды. Қаламқас менің бауырымдай еді. Әпке деп сырласушы едім. Ойланып сөйлейтін, не айтса да таза жүрекпен айтып тұрғанын сезіп, сенуші едім, – деп еске алады Жаңыл Құрманова.

Саналы ғұмырын болашақ ұрпақ тәрбиесіне сарп еткен Қаламқас Әбуқызының жарқын бейнесі көз алдымызда. Ақ жүректі абзал жанның үлкеннің де, кішінің де көңілін таба білетін ұлағаты көпке үлгі.

Ардақты қалыбынан таймай, көпшіл мінезімен бағаланған жан ұмытылмайды. Өнегелі өмірінде өшпестей өсиет, ізгілікті із қалдырған оның орны биіктегі тұғырынан түскен жоқ.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<