Жақсы істері жадымызда

1597

0

Тарих дегеніміз ортаға талай жыл, тіпті ғасырлар салып қана, өз шындығын шығарып отырады. Бірақ кейде, ширек ғасырға жетпей-ақ тарихты мойындау, сол мойындау арқылы шындыққа тура қарауға батылың жетеді екен. Осы мақалада заманның теңсіздігіне қарамай Ақжар ауылын түлеткен азамат Жарылқасын Мұңайтпасұлы Байсалов туралы айпақшымыз.

Ол кеңестік дәуірдің соңы, Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында ауыл үшін қыруар еңбек етті. Әлі ешкім де түсінбеген нарықтық қатынастардың әліппесін ашқан азамат. Бір сөзбен айтқанда, халқының қамын жеген басшы, дос, аға бола білген еді.

Жарылқасын Мұңайтпасұлы 1943 жылы 8 қарашада Қармақшы ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген.

Қарапайым ауыл баласының арманы асқақ, жігері болаттай берік болса керек. Елден ұзап шықпаған жасөспірім, Алматыға аттанып, 1962 жылы гидромелиоративтік техникумына оқуға түседі. 1967 жылы Саратов ауылшаруашылық институтын агроном мамандығы бойынша қызыл дипломға бітіреді.

Еңбек жолы Көкшетауда гидротехниктіктен басталып, 1972 жылдан сол кездегі Шымкент облысы, Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ совхозында жолдама бойынша агроном болып 7 жыл жұмыс істейді.

1979-1982 жылдары Сайрам ауданында инструктор, 1983-1986 жылдары Шымкент облыстық тәжірибе станциясында директордың орынбасары болып қызмет еткен.

Әбден тәжірибесі толысқан, ең бастысы, ауылға деген сағынышы мен сүйіспеншілігі артқан шақта, туған жерге оралды. 1986 жылы наурыз айынан бастап жолдама бойынша Қармақшы ауданы, Ақжар совхозының директоры қызметіне тағайындалды.

1986-2004 жылдар аралығында ауылдың өркендеуіне өз үлесін қосты. Жары Ұлжанмен бірге 5 бала өсірді.

Ауылға директор болып келген уақытта совхоз жоспарлы экономика негізінде дотациялық жүктемемен тұрған еді.

Негізгі бағыты – күріш егу және ірі қара өсіру. 4 мың гектарға егілген күріштің әр гектарынан 40 центнерден шыққанды місе тұтатын. Көбіне инженерлік жүйеге келтірілмеген жерге егілетін. Жүйеге келтірілді деген атыздардың өзі су деңгейін ұстап тұруда ала-құла. Сондықтан қып-қызыл шығын еді. Директор бірден егістік жерді тегістеуге басымдық берді. Өнімділікті арттырып, гектарына 55-60 центнерге дейін жеткізді.

Ауыл шаруашылығын әртараптандыру мақсатында бақша бригадасын жасақтады. Картоп, сәбіз, біздің жерімізді қолайлай қоймайтын жуа, қызылша, қырыққабат, асқабақ, жүгері, сафлер, күнбағыс егуді үйретті.

Совхозда ірі қара малына арналған орын болмағандықтан мал жаз жайлауда, қыс қыстауда қыстайтын. Ауылдың сүт жинайтын машинасы таңғы 4-тен бастап, қыстау аралап кететін. Директор ауыл шетінен 800 басқа арналған сүт фермасын (коровник) салдырып, оған Беларусьтен сүт бағытындағы сиыр алғызды. Сүт фермасына Израильден арнайы қондырғылар алғызып, 12 түрлі сүт өнімін шығарды. Шұжық жасатты. Өнімдерді Байқоңыр қаласына тікелей сатуға келісімге келіп, дүкен сөрелеріне қойды.

Егілген жүгерінің собығынан сүрлем жасап, қысқы мал азығын дайындау мақсатында, арнайы жем зауытын салдырды.

Аграрлық саланы дамытып отырғандықтан, техникаға мән беру керек болды. Ауылдың оңтүстік бетінен аумағы 15 гектар жерді ашып, 60 машина-трактор сиятын жылы гараж, электрленген жөндеу шеберханасы, жылжымалы мотор ауыстырғыш және көлік жуу орнын іске қосты. Ауыл механизаторлары техникасын гаражға қойып, үйіне жуынып қайтатындай жағдай жасады.

Құрылыс материалдарын ауылдан шығару үшін Шешенстаннан әкеліп, кірпіш зауытын іске қосты. Онда сол елден келген азаматтармен қатар ауыл тұрғындары да еңбек етті. Оларға бартер ретінде күріш берілді. Зауыттың көмегімен фермада жүрген сиыршыларға арнап жиырма үй салғызды.

Ел тәуелсіздігін алған соң, ауыл нарықтық қатынастарға тез бейімделіп кетті. Мектеп оқушыларын ыстық сүтпен қамтамасыз ету және оқушыларды еңбекке баулу үшін жоғары сыныптарға арналған  кіші ферма ашып берді. Ферманың арнайы ғимаратында малды суару мен қора тазалығы автоматпен атқарылатын. Жиырма сиырдың сүті тікелей мектеп асханасына жіберілетін.

Ол балалардың болашағына да ерекше мән берді. 1995 жылы 119 мың теңгеге (ол кезде өте көп ақша болатын) барлық құралмен кешенді түрде жасақталған спорт мектебін салдырды. Арнайы сахнасы бар, домбыра, пианино, аккардион кластары бар әуез мектебін ашып, оған маманды сырттан алғызды.

Өзі аграномия саласының маманы болғандықтан, бидай көлемін арттырды. Тәуекелге барып, Германиядан алдырылған арнайы станок жабдықтарын іске қосып, ауылдан ауысымына 40 тонна ұн шығаратын диірмен салғызды. Ғимараты әлі тұр. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында ауыл ұны ауданды қамтып тұрды.

Ауылға ең алғаш сафлер өнімін таныстырған да осы кісі еді. Күнбағысқа қарағанда жерді аса құнарсыздандырмайтын өсімдікті егуді қолға алып, одан май шығаратын цехты іске қосты. Қосымша қондырғы әкелдіріп, өсімдік сығындысынан халуа шығарып, конфеттер, кондитерлік өнімдер өндірді.

Жарылқасын Мұңайтпасұлы қандай қондырғыны болсын Германия мен Израильден алғызған екен. Сол кезде ауылдан германдық тәсілмен дайындалатын макарон цехы да жұмыс жасап, өнімі тікелей Байқоңырға сатылып отырды. Ауысымына 30 тонна күріш ақтайтын диірменді қосып, оның жемін халыққа таратты.

Тоқсаныншы жылдардың ортасында елімізде электр жарығы үзіліспен берілгенін, кей ауылдарда мүлде болмағанын аға ұрпақ ұмыта қойған жоқ. Сол кезеңде басшы, ауылға электр жарығын беру үшін генератор алғызып, кешкі уақытта қосып отырды.

Бақша өнімдерін сақтайтын 200 тонналық қойма жасатып, күзгі өнімдердің барлығын сонда құйғызды. Ауыл халқы картоп, сәбіз, өзге де өнімдерді арзан бағада сатып алу үшін шаруашылық дүкенін, ауыл асханасын ашып берді.

Оңтүстік өңіріндегі тәжірибесін пайдаланып, алма бағы мен жүзім алқабын жасады. Ауыл маңындағы аймақтан қаз көлін жасап, онда 2000 қаз бағылды. Оның жұмыртқасы сатылды, ауыл ішінде балапан басып шығаратын арнайы орын жасақталды. Тігін цехында қаз жүнінен балабақша мен ауруханаға арналған жастық-көрпелер тігілді.

Ауыл ауруханасына да ерекше назар аударды. Дәрі-дәрмек сатып алатын қаржылық көмектен бөлек, ай сайынғы тамағы шаруашылық есебінен еді. Таңғы сағат 7-ден бастап арнаулы бір көлікті жедел жәрдем ретінде кезекшілікке қойды. Тағы бір көлік мал фермаларын аралап шығатын. Ауыл маңындағы ірі елді мекен «Утренняя зарядан» медициналық пункт ашуға да сеп болды.

Имандылықтың үлгісін көрсетіп, күзгі егін орымының алдында ауыл ақсақалдарын жинап, Аллаға мінәжат етіп, құран бағыштаған тұңғыш басшы. Ауылда осы үрдіс қазірге дейін жалғасып келеді.

Жарылқасын ағаны еске алғанда ауылдың халқы осыншама дүниені жекешелендіруге жіберіп, айырылып қалғанына өкініш білдіреді. 1999 жылдың 1 қаңтарында айрандай ұйып отырған ауыл екі шаруашылыққа бөлініп, мүлік бөлініске түсті. Бөлініске түскен мүлікті ешкім де ұқсата алмады, ақыры тоз-тозы шықты.

Жарылқасын Байсалов нарықтық экономикаға негізделген жаңашыл технологияларды өз ауылына тұңғыш енгізген жаңашыл, ізденгіш, талантты, білімді, білікті, қайраткер басшы болды. Оның жарқын істері кейінгі ұрпаққа аманат. Дәурен көшер, бірақ жақсы істер ел жадында қалғаны ләзім.

Рая ЖӨНЕЙТОВА,

ардагер ұстаз, Ақжар ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы,

Нұржамал ТҰРСЫНБАЕВА,

Ақжар ауылдық округі әкімі, журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<