Тағдыр, жазмыш! Ол небәрі ердің жасы елуден сәл ғана асты. Осы қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында елге танылып үлгерді. Ағайын мен әріптестер, достар арасында беделге ие болды, шәкірт тәрбиеледі. Ауылдың, ауданның өміріне белсене араласты, мектеп директоры болды, аудандық мәслихаттың депутаты атанды, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды.
Пендеміз, кейде тағдыр жазуына да налып жататын кездеріміз болады. Ол көбіне өзіңнің қасыңда жүрген, құрмет-сыйластығыңа ие болған жақын адамдарың өмірден өткенде қимастықтан туатын көңіл күй болса керек. Ол өмірден өтті дегенге де талай адам сенбеді. Қимастық. Иә, Бағдат өлімге қиятын жан емес еді! Бірақ Алланың жазуынан, тағдырдың дегенінен артық үкім болмасы анық.
Уақыт шіркін, сонша жүйрік! Әсіресе, қазір тым жылдам болып кеткендей көрінеді. Жылдамдығы ғой, Бағдаттың өмірден өткеніне де жыл толыпты!
Ақын еді… Елуге толғанда «Жыр көшің жолда қалмасын» деп лебізімді білдіріппін. Жыр-көшіңді неге жолда қалдырдың екен?
Ақжарқын, бауырмал еді. Қашанда «ағалап» алдымыздан шығатын. Өлеңдері де өзі сияқты: тап-таза, тұп-тұнық, мөп-мөлдір! Ақын-көңіл айналасынан тек жақсылық іздеген сияқты. Қай өлеңін алып қарасаң да ізгілікті, жақсылықты, мейірім мен адалдықты жырға қосыпты. Мүмкін, аз ғана ғұмырында айналасын, адамдарды жақсы көріп, құшағына қысып өткісі келді ме екен?..
– Биік ұстап арман атты жалауды,
Жүректегі жағып келем алауды.
Жас күнімнен сіңіргенсің бойыма,
Кемшілікке кешіріммен қарауды, – дейді ақын. Жақсы көру, сыйластық, кешірімшілдік оның бойына ананың ақ сүтімен, әкенің өнегесімен дарыған. Осы қасиетті өмірлік темірқазығына айналдырған. Ол ақын шығармашылығының тұтас лейтмотиві болып, өлең болып өрілгені байқалады.
Поэзиядағы ерекше жанр арнау өлеңнің шебері. Арнаудың өз табиғаты, басқа поэзиялық жанрларға ұқсай бермейтін өзіндік сипаты бар. Көбіне ел таныған адамдарға арналатын осы өлең түрінің табиғаты адамдарды жақсы көру, олардың бойынан жақсылықты іздеу сияқты авторлық дүниетаныммен, мінезбен, қадір-қасиетпен астасып жатады. Бағдаттың ақжарқын, аңқылдақ мінезі, үлкенге іні, кішіге аға бола алатын азаматтық болмысы осы өлең табиғатымен үйлесім тапқан. Арнау өлеңдерінде өз кейіпкерінің бітім-болмысын, образын жасауда өзіндік қолтаңбасы бар.
– Баян қылсам аққудайын сәніңді,
Жүрегімнен моншақтап жыр төгілді.
Нақ сол сәтте шырқап тұр ма екенсің,
«Махаббат» деп басталатын әніңді.
Жіберейін шұғылалы өткенге ой,
(Өткен шақтар нұрын бізге төккен ғой.)
Жастық деген – жарасымы өмірдің,
Жастық деген – жазиралы көктем ғой.
Элмира апайына арнаған өлеңі екен. «Өмір деген өткен күнге сағыныш» деп атапты. Ескі альбом беттерінен көзіне түскен көне суреттің, жастық шақ деп аталатын «жазиралы көктем-көңілдің» сырын ашуға ұмтылады. Онысы сәтсіз де емес. Өлең жолдары әр оқырманның жүрегінен орын алып, көңіл көкдөненін бір сілкіп алғандай әсерде боласың.
Бағдат шығармашылығынан бұндай арнау өлеңдерді көптеп кездестіруге болады. Бірінде жақсы адамның жан сырын ашса, бірінде оның бойындағы жақсы қасиеттерін көпке үлгі қылады. Ал енді бірде өмірден өткен ақынның рухына тағзым етеді. Қалай болғанда да жылт еткен жақсылықты көзінен таса қылмайды, өлең өрнегіне айналдырады.
Ақынның анасына арнап жазған өлең жолдары кім-кімнің де жан-жүрегіне әсер етпей қоймайды. Әрине, қазақ поэзиясында ана тақырыбы – көп жырланған тақырыптың бірі. Бірақ Бағдат өзіндік ой-өрнекпен келеді. Оның анаға деген сезім-құрметі де ерекше. Әр өлең жолы ақынның таным-түйсігінен, анасына деген перзенттік махаббатынан хабар береді:
– Өзін-өзі таба түспек өнерден,
Үмітіңнің үкісі едім үлпілдек.
Ақ сүтіңді ақтаймын деп келем мен,
Күні-түні дегбірімді ап бұл міндет.
Адалдыққа балап айтқан ақылың,
Қабыл алам сүресіндей Құранның.
Өмірдегі ең жақыннан жақыным,
Тәңірімнен саған медет сұрармын.
Перзент борышы, жауапкершілік пен міндет, ана махаббатын сезіну – барлығы төгіліп тұр. Өлеңді жай ғана оқу мүмкін емес…
Арал тағдырын жырға қоспаған сөз зергері жоқтың қасы. Айдынды Аралдың бүгінгі мүшкіл халі ақын атаулының жан-жүрегін тебірентеді, бірі теңізбен бірге мұңға батады, бірі жанұшыра жанайқайын жеткізеді. Ал Бағдат ше?! Ол өзінше ой түйеді. Үмітін үзбейді, көк айдынның оралуына тілекші, қажет болса қанатымен су сепкен қарлығаштай жыр-тамшысымен су тасуға дайын!
– Келешегіне сенім мен мол шырай беріп,
Ақ айдынына аққу-қаз қонсын-ай келіп.
Аңқасы кепкен арнаға құйылсын жырым,
Шөліңді басар мөп-мөлдір тамшыдай болып!
Аралдың төл перзенті, дара талант Зейнолла Шүкіровтің мына өлең жолдары еріксіз еске оралады:
– Қан керек болса берем мен,
Жан керек болса қиям мен.
Көк нөсер болып төгем мен,
Көк ала бұлт болып төнем мен.
Асау Ертістің мойнына бұғалық салып,
Жетектеп ертең келем мен!
Өлем мен!
Ал тірі жүрсем,
Аузыммен су тасып берем мен!
Ақындық үндестік сыры туған теңізге деген махаббатта, сүйіспеншілікте жатса керек. Асылы, шын поэзиядан ақынның тұтас жан дүниесі, бітім-болмысы, қуаныш-өкініші, мұң-назы көрінеді. Өлең сонысымен де құнды, сонысымен де қымбат. Өлеңдегі ой мен сезім – ақын дүниетанымының жемісі. Бағдаттың Аралға арнауынан оның тек ақындық әлемі ғана емес, азаматтық болмысы, туған топыраққа деген сүйіспеншілігі, табиғатқа деген алғаусыз көңілі көрінеді.
Туған топырақ кім үшін де ыстық, қымбат, қастерлі! Ал ақын үшін туған ауылдың орны ерекше. Сондықтан болса керек, Бағдат қаламынан туған өлеңнің табиғаты да өзгеше:
– Мөлдіреп таудың аққан бұлағындай,
Баурайды жан-сезімді жыр ағындай.
Мен үшін жазиралы туған өлкем,
Гүлзарлы құдіреттің жұмағындай.
Өзің жаныңдай жақсы көрген, «гүлзарлы жұмақтай» қастерлеп өткен туған топырағыңды мекен еткеніңе де жыл толыпты. Сол жұмақ-мекенің жайлы, топырағың торқа болсын! Сенің екінші өмірің – жыр-ғұмырыңның ұзақ болатынына біз сенеміз.
Ғабит ӘНЕШҰЛЫ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі