Ағайынның бірлігі – алынбас қамал

1323

0

Ұрпақтың басты тәрбиешісі ата-ана. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген аталы сөз тегін айтылмаған. Отбасында балаларына әке-шеше сөзімен де, ісімен де үлгі-өнеге көрсетіп отырса, ұрпағы әрі қарай жалғайды. Ұрпақ сабақтастығы деген осы ғой.

Үлкендердің айтуынша біздің бабаларымыздың атамекені Торғай жақта, Арқада болыпты. Қай жылдары екені белгісіз Сыр бойы, Көксу өзені жағасы, Құмсуат, қазіргі «Бірлестік» ауылының маңайына қоныстанған екен. «Сулы жер – нулы жер» дегендей тұрғылықты орналасқан орынның өсіп-өнуге, жақсы өмір сүруге қолайлы, ыңғайлы, ажырамас ағайынның ауылдас, іргелес болуын, қора-қопсы, мал, егін шаруашылығы мәселелерінің бәрін жіті ойластырып, жаңа жер ашып, көп еңбек еткен көрінеді. Меңдіқұл бабамыз ескіше сауатты, сол заманның құрметті, қадірлі, алды-артын болжай білетін, әділ азаматы екен. Ауыл-аймақ «Би ата» деп құрметтеп, «Би ата» ауылы, әулеті, ұрпағы делініпті.

Меңдіқұл бабамыздың Тасболат атты баласынан Құдайберген, Пірмағанбет, Баймахан және Батсайы атты қызы дүниеге келеді. Торғай жақта тұрғанда апамыз Батсайыны халық комиссары Әліби Жанкелдиннің атасы Жанкелді өз баласы Тоғжанға құда түсіп, сән-салтанатымен келін етіп алады. Олардан туған Әліби – біздің әулеттің тұңғыш жиені.

Құдайберген атамыздың бес ұлы Сейдахмет, Ахмет, Сейдалы, Асан, Әліқұл, көкелері Пірмағанбет, Баймахан олардан тараған ұл-қыздар тату, бауырмал, бір-бірін сыйлап, құрметтеуді қанына, санасына сіңірген кең пейілді, жомарт жүректі, иманды жандар екен.

Атадан балаға қалған  тәрбие – ата-ананы қадірлеу, үлкенді сыйлау, бір-біріне жанашырлықты әке-шешелері кеткеннен кейін жасы үлкен міндеті деп сезініп, мойындайды, келесі ұрпаққа жалғастырады. Сейдахмет атамыздың көреген басшылығымен енші бөлінбей, бір қазаннан ас ішіп, бала-шағалары, ағайындар берекелі өмір сүріпті.

Туған енем Шоңқызы Тұрсынкүлдің айтуынша, отбасы, ошақ қасының, туыстардың татулығының маңызы, береке-бірлігі, үлкен жетістігі ұрпақ тәрбиесінің негізгісі деуге саяды. Тамақ, ас-ауқат, әңгіме-дүкен, жұмыстары айтылып біткесін, жағалай салынған қоржын там, қақыра-қамыстан соғылған, жертөлеге тарасады екен. Егін (бидай, күріш, жүгері, тары) салып, мал бағып, аң-құс-балық аулап, етік, киім тігіп, қараша үйдің сүйегін әзірлеп, темір-терсектен шаруашылыққа керекті құрал-саймандар жасап, ерші атанып, не керек қолдары шебер, бесаспап жігіттер екені көрінген.

Сейдахмет атамыз сол маңайдағы атақты, білімді молда атанған Қалабай деген кісінің қызы Қатшаға үйленеді. Иманды, діндар, тазайым, он саусағынан өнері тамған шебер, ақылды, жұмсақ мінезді кісі болыпты. Дүниеге Алтынкүл апам, Алтынбек қайын ағамыз және кіші апамыз Асылкүлді әкеліпті. Немерелеріне масаттанған үлкен атамыз бен енеміз «Үйдің жақсы болмағы ағашынан, баланың жақсы болмағы нағашыдан» деп Қалабай молданы қатты сыйлайды екен.

Сол бірлік-берекенің арқасында Сейдалы атамызға Шоңқызы Тұрсынкүлді, Асан атамызға – Дүйсенбайқызы Тотыны, Әліқұл атамызға Байболсынқызы Жамалды құдаласып, аяқтандырған. Ахмет атамыз сауатты, жан-жақты білімді Торғай, Түркістан, Ташкент, т.б. қалаларға барып-келіп жүретін, орысша жақсы білетін жігіт болыпты. Жалпы әулетіміз сауатты, өмірдегі өзгеріс, жаңалық, саясат мәселелерінен хабардар жандар екен. Білім алу мәселесіне әріден назар аударса керек.

Ахмет атамыз патшаның бұйрығымен қара жұмысқа алынып, ұзынқұлақ хабары бойынша бірнеше қазақ қашып шығып, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан, қайта оралмаған, хабарсыз кеткен көрінеді.

Қатша енеміз келген келіндерді үй тәрбиесіне, шаруашылық, ас-су әзірлеу икемділігі, бірін-бірі сыйлау, отағасыларын пір тұту, құрметтеу, дауыс көтермей сөйлеу, болашақта келісті келін, мейірімді ана болуға баулыпты. Дастарханнан ұлы қасиетті ешнәрсе жоқ, үйге келген кісі келіннің қас-қабағын бағдарлайды. Кішіпейілді, жылы қабақ таныту, сыпайылық көрсетуге, әр қонақ өз ырыс-несібесімен келеді деген ұғымды бойларына терең сіңдіріпті. «Келген кісіге ізгі ниетің, жайған дастарханың, болашақ ұл-қызыңа көрсеткен тәрбиеңнің негізі деп біл» дейді екен. Халық даналығын, мұсылман қағидаларын әріден бойына сіңірген ата-әжеміз іні, қайны-келіндеріне, ұл-қыздарына Ұлы Жаратушы пендесіне мол несібені оның пейіліне, ақ ниетіне, маңдай теріне береді деп әр кезде сабырлы, шыдамды, кең дастарханды болуға баулыған көрінеді. Өзі күнделікті бес мезгіл намазын, жылда келетін оразаны қаза етпепті. Сауатсыздықты жою кезеңінде ликбезге қарсы болмай, келіндері мен қыздарын, ұлдарын оқытыпты, өзі ескіше сауатты болыпты.

Өз енемнің айтуынша ұлды осы елдің ұрпағын жалғастырушы деп әке тәрбиесін, ықпалын, үлгісін көрсетуге, еңбекке көбірек араластыруға, қастарына ертіп жүруге тырысады екен. Бір әкенің тәрбиесін он әйел бере алмайды. «Атасы жер жырта білмегеннің, баласы тұқым себе білмес» деп аталарымыз көп айтыпты.

Үлкен атамыздың болашақ ұрпақ қамын ойлау қасиетінің ұлылығы – астаң-кестең заман, төңкеріс, ашаршылық, қалың халыққа жасалған нәубет, соңы – Отан соғысы кезінде ағайын ұйымшылдығын, еңбек ету мүмкіндігін сақтай отырып, елді тентіретпей, тоз-тоз етпей, барлық қиындыққа ақылмен төзгені. Шолақ белсенділер «діндар молданың қызын алғансың, бай құлақсың деп қуғынға ұшыратып, түрмеде әжемізді де ұстаған. Көзіқарақты ауылдас ағайындар, жер аударылған басқа ұлт өкілдері ізденіп, «ашаршылыққа ұшыратпай, бір ауылды аман алып қалған осы кісілер» деп әрі Халық комиссары Әліби Жанкелдиннің «қауымдасып, еңбек етуді ұйымдастырған» деген дәлелімен босатылған көрінеді.

Балалары, күйеулері соғысқа аттанған ата-апаларымызды өз қамқорлығына алып, жақын маңайға орналастырып, алдына ірілі-уақты мал беріп, күтімін өз балалары мен келіндеріне жүктеген. Енем «Істеген еңбегің Алладан қайтады деп бізге күш-жігер беретін» дейтін. «Шашетектен жұмыс атқарып жүрсек те, құлақ тыныш, береке-бірлік, тамақ тоқ, көйлек бүтін, шаршағанымызды білмейтінбіз. Үлкен ата-енелерімізден қалған үрдіс, тәрбие, әйелді сөгу, тиісу, ұру, боқтық сөз айту дегендерді білмей қартайдым» дейтін енем марқұм.

Енеміздің тағы бір ұстанымы «Қыз – жат жұрттық, қыз – қонақ, барған жеріне тез сіңіп, сол елдің адамы болуы керек, артына алаңдамасын» деп ерекше тәрбие, жағдай, күтім, сый-құрмет жасатады екен. Мән беретін басты қағидасы – әйелдің өз орны әрі іс-әрекетінің шегі болғанын қадағалайды.  «Әйелдің пірі – еркек», «Еркек бір саты жоғары болуы тиіс», «Еркек – отағасы», «Үйде бір күн ұрыс болса, қырық күндік ырыс кетеді», «Жанжалды үйде береке болмас», «Қатынның жақсы-жаманы қонақ келгенде білінеді», «Қонақ келсе есіктен, пәлекет шығар тесіктен», т.б. даналық өсиеттерін айтып отырған. Келген келіндерінің бойындағы өзгерістерді бірден бақылап, ұрпақтың таза, дені сау, саналы болуы құрсақтан басталатынын ұғындырып, жерік асын құмары қанғанша жеуіне жағдай жасайды екен. Құрсақ шашу, сүйінші, жарыс қазан, көз тимеу, т.б. салт-дәстүрімізді орындап, балаға жаман әсер береді деп мал сою, балық, құс тазалау, лас жерді баспау, ұрыс-керістен аулақ ұстайтын болыпты. Үнемі жатарда, ерте азанда «Алладан дені сау, өмірлі, саналы ұрпақ беруін, өздеріңнің аман-есен жеңілденулеріңді тілеңдер. Тілектеріңді Алла береді» деп құлақтарына құйыпты. Өмірге келген сәбиді салт-дәстүрмен қабылдап, емізу қағидасын, анаға берген Алланың сыйын құрметпен мейірім-шапағатын төгіп, бар ықыласыңмен беріліп отырып еміз, ал өзің құнарлы ас ішуге тырыс деп аналық, әйелдік, абысындық міндетін атқарған данагөй үлкен енемізді өз енем құрметпен айтып отыратын.

1937 жылы Алтынбек қайнағамызға Белгібайқызы Жақсыгүлді сый-құрметпен келін етіп қабылдапты. Қайнағам туралы айрықша тоқталғым келеді. Ол соғыс басталысымен 1941 жылы 23 маусымда майданға аттанады. Орысша білімді болғандықтан, кіші командирлер дайындайтын курста білім алып, бөлімше командирі ретінде Ресей, Беларусь, Украина жерлерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысады. Жараланып, майдан даласынан қайтарылуға бұйрық берілсе де, жарақатын таңдырып, соғысты жалғастыра берген. Көрсеткен ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, медальдармен марапатталады. Соғыс біткен соң Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ерекше бөлімінде қызмет атқарған. 1944 жылы партия қатарына қабылданған.

1942 жылы желтоқсан айында  емханадан шыққан Алтынбек ағаның демалысқа келгені әлі көз алдымда дейтін отағасым Мырзалы. «Қоржын там, ортада пеш, лаулап жанған оттың лебі, қазандағы тамақтың буы, бір кезде есік ашылып, салқын ауамен араласып екі кісі кіргенде, ағаны мен таныдым. Әкемдер «Бұл кім-ай?» дегенше жүгіріп, мойнына асылдым» дейтін. Аманкелді қайным қоршаумен отыратын 6 айлық кезі екен. Қасындағы ауыр жарақат алған Әбсан деген ауылдасты бірге ала келген көрінеді.

Соғыс аяқталған соң жарақаты сыр бергесін елге оралды. Халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласқан. 1950 жылы Орал қаласында партия, совет қызметкерлерінің білімін жетілдіру курсында оқып келіп, «Құмсуат», «Бірлестік», «Қазақстанның 30 жылдығы», «Айдарлы» колхоздарында колхоз төрағасы, ауылдық кеңес төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Қандай қызмет атқарса да адалдығы, шыншылдығы, әділеттілігімен елдің, халықтың құрметіне бөленді.

«Еңбекшілерге көп жәрдем берді. Еңбек кітапша деген жоқ, зейнетке шыға алмай, қиналысқа ұшыраған ауыл адамдарының құжаттарын жинастырып, біраз есіктерді ашып, табалдырығын тоздырып, зейнетақы алуларына жәрдемдесті, қайырымдылық жасады. Денесіндегі алынбаған оқтарына қарамастан, ауыл жастарының білім алып, маман егесі атануына, ауылдың өсіп-өркендеуі, көркеюіне де атсалысты. Біздің темірқазығымыз болды» дейтін отағасым. Жақсыгүл абысынымыз қайын ененің топырағынан жаралғандай деген, ұлағатты сөзді, жұмсақ мінезді, мейірімді, еңбекқор, қатты сөзі жоқ, қайнағамызды құрметтеді.

Біздің атамыз Сейдалы 1896 жылы туған. 1942 жылдың күзінде соғысқа алынып, қолынан мылтық жасау келетінін, ағаштан түйін түйетінін байқап, әскери басшылар Мәскеу түбіндегі қару-жарақ заводына жібереді. Үш жылдай білгір маман есебінде еңбек етіп, аман-есен ауылға қайтады. «Бірлестік», «Құмсуат» елді мекеніндегі тұрғындарды 15, 16, 17-бекеттерге көшіріп, құрылыс, мал, егінмен айналысуға үкімет жағдай жасапты. Атамыз бен Әліқұл атамызға, т.б. туыстарға облыстық әскери комитет бұйрығымен 15-бекеттегі «Керкелмес», «Көксу» өзендеріне салынған теміржол көпірін қарауылдау, 14-бекет, «Сұлутөбе» арасындағы жолдың амандығын бақылау, жөндеу тапсырылыпты. Колхоз мүшелігінен заңды шығарылып, екі ағайын елу жасында отау болып бөлініп, «Керкелмеске» жертөле қазып, көшіп келген көрінеді.

Асан ата мен Тоты енеміздің 1932 жылы Балғабай атты тұңғышы дүниеге келген. Атамыз ірі денелі, ұзын бойлы, ерекше сымбатты әрі қарулы болған екен. Нағыз еңбектің адамы. Қай жұмыс болмасын қиын жер, қарулы қол керек болса, белсеніп, беріле кірісіп, аянбай жанкешті қимылдайтын ержүрек, адал азамат саналыпты. Сол кезеңдегі канал қазу, колхоз шаруашылығының барлық саласын меңгерген. «Еңбек озаты» атағына ие болып, 1936 жылы Мәскеуге ВДНХ-ға жіберіледі. 1938 жылы Қыдырбай қайным өмірге келген. Тоты енеміз бойшаң, ажарлы, мінезге бай, ақжарқын, көңілді жүретін еңбекқор әйел екен. Соғысқа атамызды шақырған кезде айы-күні жетіп, үшіншісіне аяғы ауыр болыпты. Толғағы ұзаққа созылып, Алланың жазуымен нәрестемен бірге көз жұмады. Атамыз жерлеу рәсімін өткізгеннен кейін үлкен атамызға екі баласын тапсырып, өзі соғысқа аттанады. 1944 жылы соғыста ерлікпен қаза тапты деген қара қағаз келеді.

Балалар жетімдік көрмей аға-інілерімен бірге еңбекке араласты. Атамыздың ерекше назарында жүріп, ол кісі қайтыс болғаннан соң Алтынбек қайнағамыздың қамқорлығына өткен. Екеуі де ашық мінезді, ұзын бойлы, қайрат күш егесі, қарапайым, жайдары, біреуге жәрдем беруге әрдайым дайын, жанашыр, ажарлы, аузын ашса, жүрегі көрінетін әрі балажан болып өседі.

Аманкүл абысынымыз – қазіргі үлкеніміз. Бірнеше шөберенің әжесі. Алла жар болып, шөпшек көруге жазсын!

Құдайберген атамның кенжесі – Әліқұл атамыз ерке, шолжаң, айтқанын істететін, тез ашуланғыш болып өсіпті. Әжеміз «Үлкейген соң қояды, ақылды тентек» дейді екен. Ағаларымен бірге жұмыс істеп, өзінің күш-қайратын, икемін әр салада көрсете алған. Соғысқа алынып, еңбек майданында, немістердің қиратып кеткен көпірлерін, темір жолдарды жөндеу жұмыстарында еңбек етіп, соғыстан аман-есен оралған.

Балалары өсіп-өркендеп Сарыағаш, Шымкент, Алматы, Қызылорда қалаларында өмір сүріп, шаңырақтарын биіктетуде. Ұл-қыздары ата-әже атанған, берекелі отбасылар. Өз енем Жамал келініне дән риза болатын. Ағалары кенже інісіне шешесіндей қамқор болып, барлық ерке қылықтарын көтерген. Өз енем атама «ана шолжаң інілеріңді неге сабап алмайсыңдар» деп кеңес айтыпты. «Не деп отырсың, екінші бұл сөзіңді естімейін, басқаларға да айт. Әке-шешемнің аманаты – бауырым, біздің әулеттің заңы – татулық. Қол көтеру – әділетсіздік біз үшін» депті.

Ағайынның татулығының арқасында бұл әулеттің адамдарынан ақыл-кеңес, тура жол, бітімгершілік сұрайтын, әділдік күтетін. Дастарханнан дәм татқандар, қазы-қарта жемесе де ниетпен берілген сүтті шайға риза болатын. Айнала абысын-ажындар бізден үлгі алатын, қызығатын, алтын-күміс таққанымыз жоқ, ол кезде жоқшылық, жоқ затын бізден сұрайтын. Үлкен енеміз келген жанның қолын құрқол жібермеңдер дейді екен. Анда-санда «бастаңғы» жасататын. Сондықтан әйелдер татулықтың түп қазығы екенін ұмытпағаны жөн.

Қазір кейбір білгірлер батыс пен шығыстың жетістіктерін айтып, бізге жапсыруға құмар. Алла Тағала осынша жер, ауа, табиғат, жер асты мен үстінің байлығын дана, батыр, батыл, ақылды, ержүрек, көріпкел, алды-артын болжай білетін қазақ халқына сыйға тартқан.

Ұрпақтың дені сау, саналы өсуінде ата-ананың міндеті зор. Ата-енелеріміз баланың еңбекке араласуын қалаған, шынықтырған, қолдарына өздеріне лайықты құрал-саймандарын берген. Ол атадан балаға, баладан немереге жалғасқан. Әйелдері бойына  біткен баланың дені сау, саналы болып келуін тілеген. Жат қылық жасамаған. Аллаға сансыз шүкір! Тепсе темір үзетін жігіттер, жүзік көзінен өтетін қыздарды көріп, қарттық кезеңге келдік. Алла, көмегіңді адал халқыңнан аяма деп тілеймін.

Алтын Қалиәкпарова,

Зейнеткер

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<