Аңызға айналған арулар

2497

0

Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспановалар жайлы

Қазақтың батыр арулары,

Жарқырап ел көгінде жалындады.

Қан майданда белгілі қаһарман боп,

Ерлігі елге аңыз боп танылғаны.

Әлия, Мәншүк, Хиуаз қырандарым,

Шығыстан шырқап шыққан шынарларым.

Шығарған ерлігімен елдің атын,

Ерекше бізге берген сыйы Алланың.

Үш ару, үш бойжеткен бүлдіршінім,

Көтерген қан майданның мың бір сынын.

Бойжеткен енді ғана шақтарында,

Кез болған қанды ұрыс, уғын, шуғын.

Жан бар ма, сол кездегі жайды ұқпаған,

Көз тіккен бүкіл халық, барлық ғалам.

Қазақтың қаһарман үш ару қызы,

Қаптаған қалың жаудан қаймықпаған.

Ерлігі үш арудың санамызда,

Айналған әрі тарих, әрі аңызға.

Қаһарлы сол күндерді отқа оранған,

Қайталап тағы да еске аламыз ба.

Белгісіз бұл жай емес қиялдағы,

Қанша жан оған ән мен жыр арнады.

Ерлігі ел сүйсінткен үш арудың,

Ту болып көгімізде тұрар мәңгі.

                       ***

Әлия Ақтөбенің қырында өскен,

Қос өзен Кобда, Нева суын кешкен.

Мәскеуде мергендердің мектебінде,

Қыз болды өжет, қайсар бұрым кескен.

Өзі де бөлек жүріс, тұрысының,

Міні жоқ ол атқарған бір ісінің.

Аз ғана уақытта мергендіктің,

Үйреніп алды шапшаң қыры, сырын.

Соғыстың салған бүлік, отты ойраны,

Жазықсыз қанша жанның төккен қаны…

Әлияның бейбіт елге басып кірген,

Жанында жауға деген кек қайнады.

Өзгерді мінезі, түр, тұлғасы да,

Жетеді батылдығы бір басына.

Қатігез жаумен енді кездесетін,

Әлия күтіп жүрді күнді асыға.

Белгісіз күн орнына батады ма,

Ағарып таңы тыныш атады ма.

Көп күтпей Әлия да кіріп кетті,

Майданға атқыштардың қатарына.

Қалдырмай қарсы алдына келген бірін,

Ерекше көрсетті ол мергендігін.

Он тоғыз жасқа толған бүлдіршін қыз,

Көтерді қаймықпастан ерлер жүгін.

Жанары оттай жанған жасқандырды,

Ерлігі көрді бұдан асқан кімді.

Айқаста өзі ғана жетпіс сегіз,

Өлтіріп жауларды жер жастандырды.

Он тоғыз балауса жас, сырлы сезім,

Көзіңе елестеткен гүлдің өзін.

Әлия осы жаста қан майданда,

Айқаста жараланып, жұмды көзін.

                     ***

Қанша жер жау оғынан жайрап қалды,

Қалың ел қайта тұрып, қайраттанды.

Студент Мәншүк қыз да өз еркімен,

Жауынгер болып, зұлым жауға аттанды.

Игерді барлық жайды үйренетін,

Жанкешті жасқа жасар кім бөгетін.

Бар сырын аз мерзімде біліп алған,

Жанынан қалдырмады пулеметін.

Псковтың Невель деген қаласында,

Батпақты қалың орман арасында.

Бекінген жау биікті алу үшін,

Екі жақ аласұрып таласуда.

Биікте болып жаудың тұр тұрағы,

Сол жаққа жауынгерлер ұмтылады.

Жауған оқ жоғарыдан жолын бөгеп,

Бұзып тұр біздің жақтың шырқын әлі.

Біткен жоқ екі жақтан толас әлі,

Дамылсыз жауған оқты борасады.

Мәншүк қыз пулеметтен оқ жаудырып,

Біз жаққа қайта-қайта жол ашады.

Уақыт болды осылай созылғалы,

Таусылды шыдам менен төзімдағы.

Мәншүк қыз пулеметін тындырмады,

Жау жақтан алмайды еш көзін де әлі.

Белгісіз әлде ұмытып қойды ма өзін,

Көрсетті қаймықпайтын ер мінезін.

Бүгінгі болған айқас кездерінде,

Дұшпанның жетпіс екі жойды көзін.

Жанына жарақаты батып та еді,

Қырылған жау азабын татып та еді.

Қашша да жау жеңіліп тынар емес,

Қалғандай пулеметте қатып қолы.

Дауыстан «Уралаған» құлақ тынды,

Жеңісті Мәншүк сол кез бір-ақ білді.

Жазбаған күйі қолын пулеметтен,

Ақыры осы жерде құлап тынды.

Бар солдат осындағы тұрып күллі,

Еріксіз ерлікке бас иіп тұрды.

Атылған ерлік үшін сансыз оқтар,

Тып-тыныш күркіретті тынық күнді.

                        ***

Ерлігі Хиуаздың мүлде бөлек,

Жаныңды жадыратар нұрға бөлеп.

Қиялдап қыран болып қалықтауды,

Жасынан арманшыл боп туған ерек.

Талаптың жастан таңдап тауын биік,

Көп істің алған еді жайын біліп.

Арнайы клубта оқып ұшқыш деген,

Мамандық сырын ұқты бағындырып.

Өмірдің көп қой алда сынағы да,

Уақыт бір орнында тұрады ма.

Хиуаз әйелдерден жасақталған,

Алынды авиаполк құрамына.

Ерлігін бұл полктің ел білетін,

Ісі көп кейде әрең сендіретін.

Жарықсыз жасырынып тұнде ұшып,

Төбеден жауға ажал төндіретін.

Қорғаны тас қараңғы қамалдай түн,

Әр түрлі айла жасап амалдайтын.

Бомбалап қанша рет кеткенімен,

Жау оны нысанаға ала алмайтын.

Жағдай тұрсадағы сан құбылып,

Жалықпай жау жақтағы жайды біліп.

Хиуаз жаужүрек ер қыздармен бір,

Сан рет жау шебіне салды бүлік.

Қаншама қатерлі істі мойынға алды,

Қаншама тапсырмалар орындалды.

Жаужүрек қыздармен бір Хиуаздың,

Ерекше ерлігі де мойындалды.

Қаншама еді қыздың ой, арманы,

Амал не сапта ұзақ бола алмады.

Хиуаз қалды ауыр жараланып,

Апаттан болған ұшақ қонардағы.

Белгісіз бәлкім алда жанар бағы,

Сөнген жоқ жарық сәуле жанардағы.

Құрбысы қасындағы кетті үзіліп,

Хиуаз тек ғайыптан аман қалды.

Көп жатты емханада есі кірмей,

Төсегі болды өлім бесігіндей.

Әйтеуір айлап жатып аман қалды,

Ғажайып тылсым күштің шешіміндей.

Белгісіз кейде өңі түсіменен,

Жүргендей қою сағым ішіменен,

Хиуаз емханадан әрең шықты,

Сүйенген қос балдақтың күшіменен.

Қайсар қыз айналған көк қыранына,

Талпынбай тағы тыныш тынады ма.

Арада тағы бірер ай өткен соң,

Алынды өз полкінің құрамына.

Талабы қайсар қыздың тас жаратын,

Жайы жоқ ештеңеден жасқанатын.

Ұшуға бұрынғыдай шамасы жоқ,

Байланыс жағын болды басқаратын.

Арада тағы біраз күндер өтті,

Ерлігі ұшқыш қыздар тым бөлек-ті.

Хиуаз да өз полкінің құрамында,

Бөлінбей Берлинге де бірге жетті.

Кеудесі толы мақсат, толы арманға,

Қайсар қыз жайбарақат бола алған ба.

Көрсетті зор құрмет жерлестері,

Майданнан елге Хиуаз оралғанда.

Жасады зор құрмет сүйікті елі,

Әлі де көп нәрседен үмітті еді.

Осында отау құрып, бала сүйіп,

Қызмет, мансабы да биіктеді.

Атқызып қуанышпен күліп таңды,

Көп жайды бастан өткен ұмытқанды.

Асқынып майданда алған жарақаты,

Амалсыз зейнетке тез шығып қалды.

Апырай, тағы сынға түседі ме,

Қажитын бір белгі жоқ түс, өңінде.

Амалсыз майданда алған жарақаттан,

Зейнетке шықты тек үш мүшелінде.

Көп жайлар бұдан кейін тұйықталды,

Мадақтау, мақтаулар да тынып қалды.

Майдандас қыздар «Батыр» боп жатқанда,

Есімі Хиуаздың ұмыт қалды.

Аты да еш жерде оның аталмады,

Боп қалды жай зейнеткер қатардағы.

Тек қана Тәуелсіздік алғаннан соң,

Жарлықпен болды «Халық қаһарманы».

Антына адалдығы айқын әрі,

Ерлігі елде аңыз боп айтылады.

Елбасы өз қолымен таққан жұлдыз,

Хиуаз кеудесінде жарқырады.

Игілік шын иесін табады ма,

Халқының осы еді талабы да.

Есімі қайсар қыздың бір ұшаққа,

Берілді әрі спорт сарайына.

Даңқтың жолы мұндай ауыр ма еді,

Елі шын кеш болса да қадірледі.

Осылай көрді халық құрметін,

Қазақтың қайтпас қайсар жауынгері.

Көп жасты ерлігіне еліктетті,

Жанына адалдықты серік те етті.

Асыл жан дүниеден өткенінше,

Халқының құрметін көріп кетті.

                      ***

Әлия, Мәншүк, Хиуаз қырандарым,

Шығыстан шырқап шыққан шынарларым.

Ерекше ерліктерің еске түсіп,

Толғанып біразырақ жыр арнадым.

Белгісіз бұл жай емес қиялдағы,

Қанша ақын оған арнап жыр арнады.

Ерлігі ел сүйсінткен үш арудың,

Ту болып көгімізде тұрар мәңгі.

Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қызылорда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<