Аралға араша болған азамат

413

0

Ат арқасына мініп, елге қызмет еткелі бері өмір жолымда осындай талай асыл ағалармен сырлас та сыйлас, тағдырлас, дәмдес те болдық. Олардың ақылына жүгіндік, іскерлік тәжірибесіне ден қойдық. Өзім білем демей, жақсыларға жанасып жүрдік. Одан кем болғанымыз жоқ. Сондай жаны жайсаң ағаларымның бірі Нариман Қыпшақбаев болатын. Бізді таныстырған да, табыстырған да өмірдің өзегіне айналған өңіріміздегі су шаруашылығы мен Арал теңізінің тағдыры еді. Қай қызметтегі жұмыс бағыты тіршілік нәрі – суға, тартылған теңізге тірелетін де алдымнан нардай болып Нариман ағамыз шығатын. 

1971 жылы Шымкент қа­ласындағы Қазақ химия-тех­но­логиялық институтын бі­тір­геннен кейін Қазалы ауда­нын­дағы Ба­сықара кентінде №64 жылжымалы механика­лан­дырылған колоннада аға инженер, кейін бастығы болып туған жерімде еңбек жолымды бастадым. Біздің колонна облыстық су шаруашылығы басқармасына қараса, ал ол тікелей Су ша­руашылығы министрлігіне ба­ғынатын. Осы жылдары Семей облыстық су шаруашылығы басқармасының бастығы болып қызмет атқаратын Нариман Қыпшақбаев Су шаруашылығы ми­нистрінің орынбасары лауа­зымына тағайындалды. Кейін ми­нистр атанды. Осылайша Нә­кең республикадағы тікелей бас­­тығымыз болды. Мен кейін Қазалы аудандық партия ко­ми­тетінің екінші хатшысы, ау­дандық атқару комитетінің төр­ағасы болып қызмет атқардым. Қазалы негізінен күріш егетін аудан болғандықтан, егістік же­рі түгелдей суармалы болып келеді. Әркезде де судың мәселесі жетерлік. Мұндайда ауданның су шаруашылығын жолға қоюда министрлікпен, Нә­кеңмен байланыс жасауға тура келеді.

1991-1995 жылдары об­лыс­тық атқару комитеті төр­аға­сының орынбасары, облыс әкімінің бі­рінші орынбасары қызметін ат­­қарған кездерінде Нариман ағамен етене араластым. Онда бір ауданның емес, бүкіл облыстың, барлық аудандардың су шаруа­шылығы жөніндегі күрделі мә­селелерді оңтайлы шешу күн тәртібінде тұратын.

Осы жылдары тартылған Арал теңізінің тағдыры, ондағы ха­лықтың тұрмыс-тіршілігі, өңір­дің экологиялық ауыр ахуалы қатты көтеріліп, тіпті әлемдік мәселеге айналып жатқан кезі еді. Осыған орай, Елбасымыз Н.Назарбаев Аралға шетелдік және кеңестік бір топ ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің ба­сын қосып, экологиялық қасі­рет зардабын тартып жатқан ай­мақтың мәселесін талқылаған болатын. Соның жалғасындай 1993 жылдың көктемінде Қызыл­ор­дада Ресей Федерациясы, Өз­бекстан, Қырғызстан, Тә­жікстан, Түрікменстан және Қазақстан секілді алты елдің басшылары қатысқан халықаралық конфе­ренция өткізіліп, тартылған Арал теңізінің тағдыры, өңір­дің экологиялық мәселесі талқы­лан­ды. Мен облыс әкімінің бі­рінші орынбасары ретінде осы маңызды халықаралық конференцияны өткізуде жұмысшы тобын басқардым. Осы тұста еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қайта құрылған республика су ресурстары комитетінің төрағасы ретінде Нариман аға маған көп көмегін тигізді.

Конференция қорытынды­сын­да «Арал теңізі және Арал аймағы мәселелерін экологиялық сауықтыруды, аймақтың әлеу­меттік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуді бірлесіп ше­шетін ортақ шаралар туралы ке­лісім» жасалынды. Соның не­гізінде халықаралық Арал қоры, Арал теңізі мәселелері жөніндегі мемлекетаралық ке­ңес құрылды. Конференцияға қатысқан Орта Азия басшылары атынан БҰҰ-ның бас хатшысына үндеу хат жолданды. Әлемдік маңызға ие осынау айтулы істе еліміздің су ресурстарының тағ­дырын қолына алған Нариман Қыпшақбаев ағамыздың ат­қарған еңбегін ерекше баға­лаймын. Елбасымыздың тіке­лей бастамасымен әлем қа­у­ым­дас­тықтарына жолдаған үн­­деу хатына алғашқы болып қол­­дау білдірген АҚШ-тағы ЮСАИД халықаралық даму қоры болды. Ол Арал, Қазалы аудандарын ауыз сумен қамтамасыз етуге грант бөлді. Соған сәйкес Алматыда Қазақстан Үкіметі атынан Су ресурстары комитеті төрағасы Н.Қыпшақбаев, Қы­зылорда облысы атынан облыс әкімінің бірінші орынбасары ре­тінде мен және ЮСАИД даму қорының өкілі бар үшжақты ме­морандумға қол қойдық. Бұл шараға сол кездегі президент әкімшілігі мен премьер-министр аппаратының эко­логиялық мә­селелер жөніндегі бө­лім бас­тығы, жерлесіміз Ата­мұрат Шә­менов, сол кездегі Қы­зылорда об­лысының Арал проблема­лары жөніндегі комитет төр­ағасы Дәулет Баялимов, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі жә­не экология, биоресурс­тар, қор­шаған ортаны қорғау ми­нистр­ліктерінің жауапты қыз­меткерлері қатысты. Нәти­же­сінде ЮСАИД қаржысы есебінен «Арал-Сарбұлақ» то­рап­тық су құбыры жүйесіне жөн­деу жұмыстары жүргізілді. Он су көтергіш насостар қайта жа­ңартылды. Электрмен дәнекер­лей­тін шетелдік он агрегат бе­ріліп, су хлорлайтын он қон­дырғы қайта жаңартылды. Ха­лықаралық ұйымдардың осы кө­мегінің рахатын Арал, Қазалы хал­қы күні бүгінге дейін көріп отыр.

Халықаралық конференция­ның тағы бір үлкен жетістігі Сыр өңірінің экологиялық жағ­дайын зерттейтін жұмысшы то­бы құрылды. Оған облыс әкі­мінің бірінші орынбасары ре­тінде мен жетекшілік жаса­дым. Қызылорда облысын эко­ло­гиялық қауіпті аймаққа жат­қызу жөнінде нақты мәлімет, құжаттар даярлап, оны Үкіметке ұсындық. Жан-жақты ізденістің нәтижесінде «Арал өңі­ріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң жобасын әзірледік. Оны ми­нистрлікте, ғылым академия­сында талқылап, қорғауда На­ри­ман ағамыздың батыл да белсенді іс-қимылының көп кө­мегі тиді. Осы заңның арқа­сында облыс халқына жылына рес­публикалық бюджеттен мил­лиардтаған қар­жы бөлініп, жал­ақыларына қосым­шалар, демалыс күндері беріліп келеді.

Мен Арал ауданының әкімі болып қызмет атқарған он жыл көлемінде де Нәкеңмен Арал мә­селесі жөнінде халыққа қажет­ті шараларды бірге атқардық. Бұл кездер оның зейнеткерлікке шық­қан уақыты еді. Сонда да болса, қол қусырып қарап отыр­май, теңіз­дің экологиялық мә­селесін бір сәтке де назардан тыс қалдырған емес. Осы мақсатта БҰҰ-ның «Ғылым бейбітшілік үшін» деп аталатын нидерландтық жобасын жеңіп алып, Аралда 5-6 жылдай жұмыс істеді. Осы жоба негізінде Аралға көптеген ға­лымдарды әкеліп зерттеу жұ­мыстарын жүргізді. Олардың қатарында биография, ботаника, қоршаған ортаны қорғау, экология жөніндегі ғалымдар болды. Олармен бірге ауданның барлық елді мекендерін аралап, өңірдің табиғатымен танысты. Әсіресе Кіші Арал суға толған кездегі өңірдің әлеуметтік эко­номикалық жағдайының жақ­саруы, жан-жануарлар мен өсім­діктер дүниесінің қайта қал­пына келуі, үлкен теңіздің су бармаған құрғақ ұлтанына сексеуіл егіп, көгалдандыру сияқты маңызды мәселелерді ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделеді. Мұнымен бірге САРАТС жобасының екін­ші кезеңінде Ақшатау, Қа­мыстыбас, Ақсай көлдер жүйесін суландыру мәселелеріне де ерек­ше ден қойды.

Нариман аға мұнымен бір­ге мемлекетаралық су қорла­рын пайдалану жөніндегі комис­сия­ның Қазақстан бөлімшесін бас­қарды. Сонымен бірге Өз­бекстан, Түрікменстан және Тәжік­стан­дағы өзімен бірге жұмыс іс­тейтін әріптестерін Аралға әке­ліп, біздегі экологиялық мә­селелер жөнінде бірнеше ке­ңес­тер өткізді.

1994 жылы Өзбекстандағы Қарақалпақстан республи­касы­ның орталығы Нүкіс қаласында өткен Ресей және Орта Азия мемлекеттері басшыларының басқосуы «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал те­ңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» деп аталатын ғасырлық жобаның өмірге келуіне жол ашты. Міне осы жобаның жү­зеге асуында да Нариман Қып­шақбаевтың еңбегі зор болды.

Баршаға белгілі САРАТС жо­басының бірінші кезеңінің құ­рылысы 2005 жылы толық орындалып, Арал теңізінің сол­түстік бөлігі «Көкарал» бө­геті арқылы 42 белгіде Кіші те­ңізді суға толтырды. Бірақ ол қа­ладан 18-20 шақырым қа­шық болатын. Ал теңіз суын қалаға дейін жеткізу, яғни Арал теңізінің солтүстік бөлігін тұ­­тастай суға толтыру САРАТС жобасының екінші ке­зеңінің еншісінде қалған-ды. Дүниежүзі ғалымдары қыруар қар­жыға оның экологиялық, эко­­номикалық, техникалық не­гіз­­демесін де жасады. Ол жоба бойынша Кіші Арал Үшшоқы тұсынан тағы да бөгеліп, екі­сатылы, яғни екі деңгейлі теңіз болатыны ғылыми тұрғыда дә­лелденген-ді. Бірақ біздің кей­бір белсенді азаматтарымыз «Бұл жоба дұрыс емес, Көк­арал бөгетін қайта көтеріп, бірдеңгейлі теңіз жасаймыз» деген пікір білдіріп, дайын тұрған жобаны жүзеге асыруға көрер көзге кедергі жасады.

Міне, содан бері 15 жылдай уақыт өтті. Әлі күнге дейін Көкарал бөгетін көтеру арқылы жүзеге асатын бірдеңгейлі те­ңіздің техникалық негіздемесі де жоқ, оған бөлінетін қаржы да жоқ. Осындай екіұдай пікірдің сал­дарынан, халық асыға кү­тіп отырған жобаның екінші кезеңінің құрылысы әлі қолға алынбай келеді. Қазір «Көкарал» бөгетінің өзін ұстап тұру қи­ындап барады деген қауіп те ту­ындап отыр. Егер жиегін жылдан жылға мүжіп келе жатқан кіші теңіз «Көкарал» бөгетінен айналып кететін болса, Кіші Аралдан айырылып қалатынымыз айдан анық.

Жасы 80-нің бесеуіне шық­қан Нариман Қыпшақбаев аға­мыз әлі де Арал теңізінің тағды­рына алаңдаулы.

– Біз жеке адамдардың пікі­ріне емес, ғалымдардың ғылыми дәлелдемелеріне жүгінуіміз ке­­рек. Егер олар екі деңгейлі теңіз жасаймыз деп шешсе, оған эко­номикалық-техникалық негіз­де­месі әлдеқашан жаса­лын­ған дайын жобаны жедел қолға алуы­мыз керек. Мұны ертерек бастағанымызда бүгіндері теңіз суы қалаға дейін жетіп, солтүстік Арал бассейіні толық суға толып, «Көкарал» бөгетіне де қауіп төнбес еді.

Халық САРАТС жобасының ІІ кезеңін асыға күтіп отыр. Дайын жобаны жүзеге асыруға Қазақстанның шамасы жетеді. Құрылысты бастауды  мұнан әрі созуға болмайды, – дейді Аралға арашашы Нариман ағамыз.

Кең-байтақ Қазақстанның су қорларын көзінің қарашы­ғын­дай қорғай білген, «Аралым – арым, Балқашым – ба­ғым» деп бағалап, тамшы суды тағдырына балаған Нариман Қыпшақбаевтай тұлғалы азаматтың пікіріне жү­гіну, оны құрметтеуіміз керек деп білемін.

Нажмадин МҰСАБАЕВ,

Қазақстанның құрметті құрылысшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<