ҚАРЫМДЫ ҚАРЖЫГЕР, АБЗАЛ АЗАМАТ ЕДІ

676

0

Қайран өмір-ай! Тіршіліктің жалған екендігін білеміз ғой, бірақ бір сәтте өте шығатынына сенгің келмейді, амал жоқ көнесің, қолыңнан келер басқа шара жоқ.

Қарымды қаржыгер, мемлекет және қоғам қайраткері Құттықожа Ыды­рыс­ұлы әріптесімнің, інімнің бұл дүние­ден өткеніне 40 күн болып қалыпты-ау. Оның 67 жылдық өмірінде кейінгілер айта жүретін айшықты ізі қалды, кіршіксіз таза жолы қалды.

Біз Құттықожа екеуміз де Жаңақорған ауданындағы көршілес Қыраш және Манап ауылдарында қарапайым колхоз­шы­лардың отбасында дүниеге келіп, ата-анамыздың үмітін ақтап жоғары эко­номикалық білім алып, туған өлке­мізге келіп қызмет атқардық. Менің Құт­тықожадан үш жас үлкендігім бар, сондықтан да мені ол «аға» деуші еді, ал өз кезегінде мен де оның атын атамай, өмір бойы «Қожеке» деп атап кеттім.

Қожекең 1974 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген соң «Түгіскен» совхозында есеп қызметкері, кейін шаруашылықтың бас экономисі болып жемісті еңбек етті. Өткен ға­сырдың 80-ші жылдары елімізде мем­­ле­кеттік агроөнеркәсіп жүйесі орта­лық­­­тандырылып, бұрынғы 6 ми­нистр­­ліктің орнында бүкіл ауыл шаруа­шылығын біріктірген өте алып құрылым құрыл­ды. Алпысыншы жылдардың екінші жар­тысынан бастап күріш шаруа­шылық­тарындағы жер тегістеу, шаруа­шылық орталықтарын салу және оның инфрақұрылымын дамытумен Одақтың Су шаруашылығы министрлігіне бағы­натын «Главриссовхозстрой» бас бас­қар­масы айналысты. Жаңақорған ау­­да­нында осы құрылымдар жүйесі бой­ын­ша Түгіскен магистралдық каналы салынып, 1967 жылы күріш егуге ма­ман­дандырылған «Түгіскен» совхозы құрыл­ды. Осы шаруашылықта механиза­тор болып қызмет бастаған Қожекең кейін ұйымның бас маманы болып, оның эконо­микасының дамуына зор үлес қосты.

Атап айтсақ, сол кезде республика­да­ғы ауыл шаруашылығындағы колхоздар мен совхоздарда шаруашылық есеп ен­гізі­ліп, шығындарды ли­миттеу мақсатында шаруалар бар­лық шығындары үшін қызмет көрсе­тушілерге чек кітапшасы арқылы есептесу жүргізілді. Егер технокартадағы шы­ғындар үнемделсе, жыл аяғында сол қаржы шаруаларға беріліп, шын мә­нін­де «үнем» жасауға ықпал етті. Дәл осы процесті өз совхозында батыл және жоғары дәрежесінде алғашқыларға бірі болып жүргізіп, жұмысшылардың отба­сылық бюджетке қосымша қаржы түсі­руді түсіндіріп, шын мәнісінде оны іске асырудың басында «Түгіскен» совхо­зының бас экономисі Құттықожа Ыды­ры­совтың тұрғанын бүгін еш бүкпесіз ай­туымыз керек. Құттықожадай өз ісінің нағыз маманының бір шаруа­шы­лықтың масштабында қалып қоюы шындығында дұрыс болмас еді. Іскер жасты облыстық ауылшаруашылық бас­қармасы уақытында байқап, облыстық аппаратқа шақырып, ол экономикалық блокта қызмет етті. Кейін колхоздар кеңесін байыпты, салмақты, өте сауатты басқарды. 80-ші жылдардың ортасында облыстың беделді қаржыгері, қаржы басқармасының жетекшісі Камал Шөкенов Құттықожаны қызметке шақырып, бөлім басшысы, басқарма меңгерушісі орынбасары лауазымдарына тағайындап, оның кейінгі қаржы саласында өсуіне даңғыл жол салып беріп еді. Қожекең де қаржы саласына сәл кештеу келгенімен, өзінің табиғат берген еңбекқорлығы, қаржы заңдылықтарын тиянақты және үнемі оқып, үйреніп, күнделікті жұмыста пайдалана білуінің арқасында өңірдегі, еліміздегі белгілі қаржыгерлердің біріне айналды.

Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде Қызылорда қаласында арнайы эко­но­микалық аймақ құру ісіне атсалыс­ты. «Инвестиция-Газ» заемын, айлық жал­ақының бір бөлігін төлеу үшін вексельдер, есептесу міндеттемелерін шы­ғарып, айналымға кіргізіп, сол кездегі эконо­микадағы қиындықтарды біршама же­ңілдету мақсатында аянбай еңбек ет­кен­дердің бірі осы досымыз, әріптесіміз еді.

Осындай қаржының қазанында қай­нап піскен Құттықожаны қандай салаға жіберсе де дайын еді, оның да оңтайы келіп, 1994 жылдан бас­тап жаңадан Қаржы министрлігі құрамында бөлек отау тіккен Қазы­нашылық комитетінің облыстағы басқармасына алғашқы же­текшісі болу міндеті жүктелді. Осы құры­лымды 7 штаттық  бірліктен бас­тап, он жылда іргелі 170 қызметкері бар ірі мекемеге айналдырып, бюджеттің барлық қаржылық түсімдері  мен шы­ғыстарының орталықтандырылған бір жерден кірістелуі мен жаратылуы қам­тамасыз етілді. Саладағы ерен еңбегі лайықты бағаланып, «Қазақстан қаржы саласының үздігі» атағын алды, облыс әкімінің экономикадағы жауапты орынбасары лауазымында 5 жылдай қызмет атқарып, өңіріміздің экономикасының өсуіне қол жеткізгенінің куәсі болдық. Құттықожа облыстың 3 әкімінің тұсында қызмет атқарғанда бюджеттің кірістері үнемі артығымен орындалып, көптеген құрылыс объектілері салынды, банктер­дің экономикаға беретін несиелері кө­бейіп, кәсіпкерліктің дамуы артты, зейнетақы, жалақы, жәрдемақылар өсіп, уақытылы, дер кезінде берілу қамтамасыз етілді.

Құттықожа Ыдырысұлының мемлекет және қоғам қайраткерлігін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің IV және V шақырылымдарында депу­тат болған кезінде нақты көрдік. Сол жылдары тәуелсіз Отанымыздың көпте­ген заңдары қабылдануына, өзгеріс енгізілуіне тәжірибелі қаржыгер есебінде зор үлес қосты, депутаттардың сайлаушылармен кездесуінде Парламенттің заң шығарушылық жұмыстарымен таныстырумен қатар, елдің жағдайымен жан-жақты танысып өзекті мәселелер бойынша жоғарғы органдар алдына тұрақты түрде мәселе қойып, оның шешілуін үнемі бақылап отыратын еді. Соның айқын айғағы Жаңақорған ау­данындағы 28 елді мекенді таза жерасты ауыз сумен қамтамасыз етуге ар­налған «Талап-Сырдария» топтық су құбырының жобалық-сметалық құжат­тамасын дайындау мен құрылыс жұ­мыстарына республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлінуі үшін экономика, ауыл шаруашылығы ми­нис­трліктері мен Су шаруашылығы ко­ми­теттерімен қойын-қолтық нақтылай жұ­мыс атқарды, соның нәтижесін қазір жүргізіліп жатқан құрылыстан көріп жүрміз.

Құттықожа қаржы орган­дарындағы ұзақ жылдар қызметте болған кезінде көптеген шәкірт тәрбиеледі және олар еліміздің көптеген өңірлерінде жауапты қызметтер атқаруда. Оның ішінде Рахымжан Нұрсейітов Алматы облыстық Қазынашылық  департаментін басқарып, қазір Білім және ғылым министрлігінде комитет төрағасының орынбасары қыз­метін атқаруда. Тағы бір шәкірті Гаухар Арынова Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазынашылық департаментінде қызмет істеді. Қазір «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында жауапты қызмет атқаруда, көптеген ізбасарлары облыс аудандарындағы қаржы ұйымдарында жемісті еңбек етуде.

Қожекең өмір бойы оқыс, келеңсіз қылықтарға бармаған, жаны да, тәні де таза азамат еді, ішімдік ішу, темекі шегуге еш уақытта әдеттенбеген, бірақ отырыс­тарда, той-жиындарда өте көңілді, жора-жолдастарымен әзілдесіп, жарқырап отыратын еді.

Ол үлгілі отбасын құра білді, балалары тәрбиелі болып өсіп, бәрі де жоғары білім алып, тиісті қызметтер атқаруда. Жұбайы Рабат екеуі енді солардың қызығын көруді армандап жүр еді, бірақ ауыр науқас дегеніне жеткізбеді. Кейінгі үш жылда жабысқан дертті Қожекең мойындамай, бар ем-домды алып жүрді, осы жылғы наурыз айында жолдастарымыздың бірі ас-ауқатты таңдап жеп отырғанын байқап, жағдайын сұрағанда, ол: «менің еш жерім ауырып жүрген жоқ, мен тек қана диета сақтап жүрмін» деген-ді. Осылайша асыл әке, қимас жолдас, үлкен жүректі іні, білгір қаржыгер 80 жастан асып қайтыс болған шешесі мен  100 жасында дүниеден озған әкесінің қасында мәңгілік тыныш тапты.

Біздер Құттықожаның жақсы қа­сиет­терін үнемі еске түсіріп, айтып жү­реміз. Оны білетіндердің тек жақсы қа­сиеттерімен ғана еске алатынына кү­мәніміз жоқ.

       Қамбар ӘЖІБЕКОВ,  

қаржы саласының ардагері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<