Азамат арқалайтын жүк

966

0

«Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербейді» деген тәмсілдің құдіретіне кім-кім де бас иеді. Нәзік жандылар отбасының ырыс-берекесін сақтап, өскелең ұрпаққа тәрбие берумен қатар, қоғамның сан алуан саласында да белсенділік танытып жүр. Елімізде іскер әйелдер қолдаудан кенде емес. Қолға алған кәсібін кеңейтіп, әр ісін тыңғылықты жүргізетін іскер, ұйымдастырушы әйел «РК Мұнай» ЖШС құрылтайшысы Рәбибі Нұржанованы көпшілік үлгі тұтады.

Бүгінгі қоғамда «Ер – түздікі, әйел – үйдікі» деген біржақты пікір ескірді. Себебі, қазіргі әйел бейнесі іскер, басшы, кәсіпкер сынды сипатпен толыққан. Олар бала тәрбиелеп, үйдің түтінін түтетіп қана қоймай, кәсіп ашып, оны дамытуға қабілетті. Ақ жаулықты аналардың жетістікке жетіп, табысқа кенелуіне, сондай-ақ талай асу алып, белесті бағындыруға білімі мен білігі жеткілікті.

Бұл күндері республика бойынша кәсіпкер қыз-келіншектердің үлесі 50 проценттен асқан. Шағын бизнес кәсіпорындарының 60 процентін әйелдер басқарып отыр. Рәбибі Нұржанованы тек шиеліліктер емес, Сыр елі мақтанышпен айтады. Азаматтың жүгін арқалап жүрген кейіп­керіміз Шиелі ауданы, Алмалы ауылындағы Алла үйінің іргетасын құйып, кірпішін қалаған жан. Жастайы­нан еңбектің бел ортасында өскен кәсіпкер ісі өрге басқанда ең әуелі кіндік қаны тамған жерге мешіт салуды қолға алады. Әкесі Құрманәлі мен анасы Шонан Рәбибіні мектеп бітірген соң, Қызылорда сауда техникумына оқуға түсіреді. Оқу бітірген соң, Қызылорда сауда базасында бухгалтер болып жұмыс істейді. Осы қызметін 10 жылға тарта Шиелі аудандық мұнай базасында жал­ғастырды.

Сауданың қа­за­­нын­да қай­нап өскен ол заман кө­шіне ілесіп эконо­ми­ка­да­ғы қа­жет­­ті­лікті аң­ға­ра бастайды. Мұнай сала­сындағы тә­жірибесі тала­бы­на қанат бі­ті­ріп, 90-жылдардың қажеттілігі жанар-жағар­май еке­нін ұғады. Осылайша алдына таудай талап қойып, білек сыбана іске кіріскен кәсіпкер не­бір қиындықты жеңе білді. Облыс бойынша 11 жанар-жағармай құю бекеті мен олардың жанынан техникалық қызмет көрсету орталықтарын ашты. Қызылорда мен Шиелінің арасында кәсібін жан­дандырып, мейрамханалар салды. Рәбибінің жігерін қайраған отбасы мен жолдасы Атсәлім Хазуевтің қолдауы еді. Азаматы бақилық болса да, кәсібін жандандыруды жалғастырды.

2001 жылы Испанияға дүние­жүзілік кәсіп­кер әйелдер форумына барды, Елбасы Н.Назарбаевтың қабылдауында болды. Осы жылдары «Онжылдықтың озат кәсіпкері» облыстық конкурсының І орын жеңім­пазы, бір­неше жыл қатарынан облыстың «Үздік кәсіпкері» атанды. Лондон төрінде өткен дүниежүзілік кәсіпкерлер көрмесіне барды, Грузия астанасы Тбилиси қаласында өткен Ұлттық бизнес-рейтингі одағының 38-басқосу салтанатында «Экономика мақтанышы» орденімен марапатталды. 

300-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып, облыстың экономикалық әле­уетін арт­тыруға үлес қосқан Рәбибі Құрманәлі­қы­зының еңбек жолы үлгі етіп айтуға тұрарлық.  Мейірімді жүрегін, аялы алақанын қиналған жанға тосатын ол қайырымдылық жасауға қашан да даяр тұрады. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Сыр үміті», «Жомарт жүрек», «Жүрек жылуы», т.б қайырымдылық акциялардан шет қалған емес. Жасаған жақсылығын жариялауды қаламаған кейіпкеріміз көп ісін іште бүгіп қалды. Пандемия әуре-сарсаңға салғанда туған жеріне көмекке келгендердің  басы-қасында болды. Бетперде таратып, дәрі-дәрмек тапшылығын толтыруға атсалысты. Іскер әйелдер арасынан ерекшеленіп тұратын Р.Нұржанованың еңбегі бағаланып, аудан әкімі Қ.Мүбараков жақында оған «Шиелі  ауданының Құрметті азаматы» атағын берді.

Кәсібімен қатар отбасы тәрбиесіне баса мән беретін Рәбибі апай 2 баланың анасы, 3 немеренің әжесі. Ерге тән еңбекке қайыспай келетін ол қазір бизнестен береке тауып отыр.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ,

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<