Бала ойнап өседі

950

0

Балалық шақтың бастауы балабақшадан тамыр тартады. Осы орайда баланың тұлға болып қалыптасуында мектепке дейінгі ұйымның алатын орны ерекше.

Бұл жерде баланың тәрбиелік дағдысы қалыптасады. Себебі бала үйде ата-анаға еркелеген қылықтарын қал­дырып, ішкі тәртіпке үйренеді. Мезгілімен тамақтану, жаттығу, серуендеу, орындыққа түзу отыруға дағды­ланады. Тәрбиешілер баланы мейірімді, қайырымды, әдепті болуға тәрбиелейді.

Мұндай мамандарда педагогикалық бірізділік, әр балаға жеке көңіл бөлу ата-анамен қарым-қатынас орнату қабілеті болуы қажет. Баланы ойната отырып тәрбиелейді, білім береді. А.Байтұрсынов бір сөзінде «Баланың ойыны қайсы, жұмысы қайсы? Баланың ойыны да – ойын, жұмысы да – ойын» деген екен, яғни, бала ойнап жүріп өседі.

Балабақша тәрбиеленушісі ең алдымен байланыстырып сөйлеуге қалыптасады, жеке бас тазалығын ұстауға үйренеді және мүсіндейді, сурет салады, құрастырады, жапсырады, қырқады, сызады, жазады, бояйды, сәйкес­тендіреді, топтастырады, қоршаған ортамен танысады. Ең алғаш еңбек дағдыларын үйренеді.

Сахнаға шығып, өз бойындағы қорқыныш пен үрейден арылады. Сәлемдесуді, сыйлауды, құрметтеуді, қамқор, дос, жанашыр, мейірімді, ашық, таза, ұқыпты болуды үйренеді. 

Әл Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес – тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» дегеніндей, балабақша баспалдағынан өзіне ең құнды рухани азық алып өскен бала үлкен өмірдің бір кірпіші болып қаланатыны анық.

Жадыра ЖҮНІСОВА,

№5 «Шаттық» балабақшасының тәрбиешісі.

Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<