Екінші дүниежүзілік соғыс тарихынан сыр шертетін қаншама кино түсірілді. Соның бірі – «Көктемнің 17-ші сәті» атты көркем фильм. Кешегі кеңестік заманда туып-өскен біздер осы фильмдегі ержүрек барлаушының әрекетіне тәнті болатынбыз. Ал штабта емес, ұрыс даласында барлаушы болған ержүрек жерлесіміз Қаби Асановты неге білмейміз? Оның алапат соғысқа бастан-аяқ қатысып, ерлік жасағанын інісінен білдік. Мұны бізге редакцияға Жосалыдан арнайылап келген зейнеткер Смағұл Қауысов айтып берді.
Алашқа белгілі Марал бабаның тұңғышы – Қалқай ишан. Онын шын аты Қалмұхаммед. Осы Қалқайдан – Мамырбай, Мамырбай ишаннан Асан туады. Барлаушы болған Қаби – Асан ишанның кенжесі. Асан ишанның үш ұлы да Қармақшыдағы Абыла атты мекенде дүниеге келіпті. Кенжесі Қаби 1925 жылы туған. Смағұл Қауысұлының айтуынша, атасы Асаннан үш ер бала туады.
– Ұлдың үлкені – менің әкем Қауыс. Ортаншы ұл – Сәдуақас, кенжесі – Қаби (Қабиболла). Әкем Қауыс 1889 жылы туған. Жасының келуіне байланысты соғысқа емес, еңбек майданына алынған. Ал Сәдуақас Асанов 1942 жылы әскерге шақырылды. Сталинград үшін болған шайқаста шейіт болған. Соңында ұрпақ қалған жоқ. Ал Марал бабамыздың шөпшегі Қаби ағам соғысқа өзі сұранып кетіпті, – дейді Жосалы кентінің тұрғыны, зейнеттегі ұстаз.
1928 жылдар Қармақшы төңірегіндегі ахун, ишан ұрпақтарының дүние-мүлкі тәркіленіп, өздері қуғынға ұшыраған заман еді. Асан ишанның туыстары да «Марал
ишан ұрпағы» деген желеумен елден аластатылып жатты. Бабаның шөбересі Асан ишан Өзбекстанның Бегабад қаласы жанындағы шағын ауылға барып паналап, кейін сүйегі сонда қалған. Осылайша әке-шешеден тірідей айырылған Қаби бес-алты жасынан өмірдің теперішін көріп өседі.
Алғашқыда жас бала алыс ағайындарын паналаса керек. Алайда ол да көпке ұзамады. Ақырында елге жұт боп келген 1930 жылдары көшедегі өзі секілді балаларға қосылып кетеді. 1933 жылдардың шамасында комсомолдар көше кезіп жүрген жетім балаларды балалар үйіне өткізіпті. Бұл кезде елдегі жұртты жаппай сауаттандыру науқаны жүріп жатқан еді. Қаби да осы кезде оқып, сауат ашуға кіріседі. «Соғыс» деген суық сөзді естігенде Қаби 16 жастағы бозбала болатын.
Ел басына күн туған сындарлы шақта өз еркімен соғысқа сұранып кеткендер көп болды. Әскери комиссариатқа қайта-қайта барып, жасын ұлғайтып көрсеткенімен, Қ.Асановты 1943 жылдың көктеміне дейін майданға алмайды. Қармақшы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, капитан Р.Тұрғанов берген анықтамада былай делінген: «1943 жылы Кеңес Армиясына шақырылғандар кітабының 67-бетінде Қызылорда облысы, Қармақшы аудандық әскери комиссариаты арқылы 1943 жылғы 15 сәуірде шақырылған және Жұмысшы-шаруа Қызыл әскерлері қатарына жіберілгендер тізімінде Қ.Асанов 27-ші ретпен көрсетілген». Майдангердің бауыры С.Қауысовтың сұранысына берілген ресми жауап осы.
Жерлесіміз 18 жасында 1943 жылы әскер қатарына алынып, алдымен 6 ай барлаушылар мектебінде арнайы дайындықтан өтеді. Оны бітірген соң ұрысқа жіберіледі.
Майдан даласында Сталинград, Орел, Курск бағытындағы жауға қарсы өткізілген шайқастарға қатысып, барлаушы қызметін атқарады. Бұл міндеттің жауаптылық пен ептілік, қырағылық әрі шыдамдылықты қажет ететіні белгілі. Осындай аса қиын әрі жауапты тапсырмаларды орындай білген кіші сержант бірнеше мәрте ерлігімен көзге түседі. Мысалы, Днепр өзенінен өтерде, Витебск шайқастарында қиын да қауіпті тапсырмаларды мүлтіксіз атқарғаны үшін екі айдың ішінде «Ерлігі үшін» медалімен екі мәрте марапатталды. Кескілескен шайқастарда үш рет жарақат алған қазақ жауынгері елге оралу мүмкіндігі бола тұра, оны пайдаланбайды. Өзі сұранып қайтадан жорыққа кіреді. Ол Сталинградтан басталған ұрыс жолын бүкіл Шығыс Еуропаны көктей өтіп, жаудың ұясы Берлин қаласында бітіреді. Қ.Асанов қарт құрлық – Еуропадағы қанды қасап аяқталысымен Шығыстағы жапон милитаристеріне қарсы соғысқа жіберіледі. Жапон самурайларымен болған шайқастарда тағы да мергендігімен көзге түседі. Мәселен, ол 1945 жылы 13 тамыз күні «Мадагош-Маньчжурия» қаласын азат ету кезінде бірінші болып жапондықтардың 4 бірдей снайперінің көзін жойып, өзінің атқыштар ротасына жол ашқан. Осы ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені берілген.
– Сержант Қ.Асановты марапатқа ұсынған №449 Ковенскиий атқыштар полкінің командирі, подполковник Филатов. Марапаттың тапсырылған күні – 21 қыркүйек, 1945 жыл. Майдангер ағамның көзін көргендер оның жауынгерлік жолындағы ерлік істері туралы аңызға бергісіз түрлі әңгімелер айтады. Бір өкініштісі, олардың ешқайсысы жинақталып, қағаз бетіне түспеген, – дейді С.Қауысов.
Мына қызықты әңгімені оған майдангердің қызы Зәуре айтып беріпті: «Мен мұны бала кезімде ауылдағы бір үлкен кісіден естігенмін. Әкем майданда жүрген кезінде өте жылдам қозғалатын, өзіне берілген тапсырманы мұқият орындайтын жауынгер болыпты. Оны үнемі жау тылына, дұшпан әскерінің ортасынан «тіл» алып келуге жұмсайды екен. Ол командирі берген тапсырманы бірнеше мәрте ешқандай мүлтіксіз орындаған. Бір ғажабы, тапсырманы орындап, еш жерінен жарақат алмай, аман-есен өз отрядына оралады. Сонда басшылардың бірі барлаушыға сенімсіздік танытып, артынан аңдуға кісі жібереді. Барған жауынгерлер не жарақат алады, не мерт болады екен. Ал, Қ.Асанов әрдайым қиын деген тапсырманың өзінен аман-есен келеді. Сондай бір кезекті тапсырмада оның соңынан тағы да бір жауынгерді жұмсағанда, ол қарсылық білдіреді. «Себебі, біз бұл кісінің ізінен жүргенде, үнемі қалай аңдысақ та көз жазып қаламыз. Ол кісі беймәлім бір күштің құпиясымен көзге көрінбей ұшып кетеді, – деп жауап беріпті. Кейін бұл құпияны ол кісінің өзінен сұрағанда: «Білмеймін» деп күліп қана қояды екен». Бәлкім бұл үш жүзге пір болған аруақты Марал бабаның ұрпағына берген тылсым күші болар.
Алматы қаласында тұратын Бибіхан Қауысқызы өткен жылдың соңында РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен ағасы Қаби Асановтың марапаттары жөнінде мәлімет сұратқан. Жауап осы жылдың 14 қаңтары күні келіпті. Онда барлаушының 8 марапатқа ие болғаны айтылған. Атап айтсақ, сержант Қ.Асанов 1944 жылдың сәуірінде «За боевые заслуги» медалімен және осы жылдың қыркүйек-қараша айларында «За отвагу» медалімен екі рет марапатталған. Барлаушы 1945 жылдың ақпан және сәуір айларында «Красная звезда» орденіне екі мәрте ие болған. (№1162637 және 2289608).
Ал ІІІ дәрежелі «Даңқ» (№528822) орденін 1945 жылдың 30 қыркүйек айында, «За победу над Германией ВОВ 1941-1945 годов» (мамыр, 1945), «За победу над Японией» (30 қыркүйек, 1945 жыл) медальдарын алған.
Майдангер туған жері Жосалыға 1951 жылы оралады. Ол өмірде өте қарапайым, кішіпейіл жан болған екен. 1958 жылы шаңырақ құрған. Артында 1 ұл, 3 қызы қалған. Ұлы Әби 30-ға жетпей кенеттен қайтыс болған. Дархан, Айнұр есімді немерелері қатарының алды болып еңбекке араласып келеді. Келіні Фарида қасиетті шаңырақты шайқалтпай, отанының отын өшірмей отыр. Тағы бір дерек, 1967 жылы ақпан айында ақын Әлиакбар Жұматаев Қармақшы ауданы орталығындағы Жосалы автобазасының жүргізушісі әрі коммунист болған Қаби Асановты үйіне арнайылап іздеп келеді. Барлаушымен әңгімелесіп, кеудесінде жарқыраған орден-медальдарын көргенде алған әсерін жырға төгіпті. Сөйтіп, оны 23 ақпан – Кеңес әскері күнінің құрметіне арнап «Он орден омырауында» атты шағын дастанға арқау еткен. Бұл шығарма қазір Әлиакбар ақынның немересі Салтанаттың қолында сақтаулы.
Қаби Асанов 1967 жылы наурыз айында Жосалы кентінде өмірден озды.
– 1966 жылы орталық басылымдардың біріне Қаби ағаның майдандасы, ленинградтық бір инженер «Где ты, герой?» (немесе «Где ты, Каби?») деген тақырыппен барлаушы досын іздеген мақала жариялапты. Қазір бірнеше газеттің тігіндісін ақтарып, мақаланы іздестіріп жатырмыз. Ағам туралы қолда бар дерек осы ғана. Бұған қоса, әскери комиссариаттардан, тіпті Ресей Федерациясы архивтеріне сұраныс жіберіп, тиісті құжаттарды жинап жатырмын. Түпкі мақсат – ержүректігі мен батырлығына көп адам тәнті болған жауынгер, бірнеше орден-медальдардың иегері Қаби Асановтың құрметіне Жосалы кентінен бір көшенің есімі берілсе деген тілегім бар, – деді Смағұл аға бізбен қоштасарда.
Мынау жарық тіршілікте асыл мұратты адамзат ұрпағы аманда ешкім де, ештеңе де ұмытылмақ емес!
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<