Барлаушы

1135

2

Екінші дүниежүзілік соғыс тарихынан сыр шертетін қаншама кино түсірілді. Соның бірі – «Көктемнің 17-ші сәті» атты көркем фильм. Кешегі кеңестік заманда туып-өскен біздер осы фильмдегі ержүрек барлаушының әрекетіне тәнті болатынбыз. Ал штабта емес, ұрыс даласында барлаушы болған ержүрек жерлесіміз Қаби Асановты неге білмейміз? Оның алапат соғысқа бастан-аяқ қатысып, ерлік жасағанын інісінен білдік. Мұны бізге редакцияға Жосалыдан арнайылап келген зейнеткер Смағұл Қауысов айтып берді. 

Алашқа белгілі Марал ба­баның тұңғышы – Қалқай ишан. Онын шын аты Қал­мұ­хам­мед. Осы Қалқайдан – Ма­мыр­бай, Мамырбай ишаннан Асан туады. Барлаушы болған Қаби – Асан ишанның кенжесі. Асан ишанның үш ұлы да Қар­мақшыдағы Абыла атты мекенде дүниеге келіпті. Кен­жесі Қаби 1925 жылы туған. Смағұл Қауысұлының ай­­туын­ша, атасы Асаннан үш ер бала туады. 

– Ұлдың үлкені – менің әкем Қауыс. Ортаншы ұл – Сәдуақас, кенжесі – Қаби (Қабиболла). Әкем Қауыс 1889 жылы туған. Жасының келуіне байланысты соғысқа емес, еңбек майданына алынған. Ал Сәдуақас Асанов 1942 жылы әскерге шақы­рыл­ды. Сталинград үшін болған шайқаста шейіт болған. Соңын­да ұрпақ қалған жоқ. Ал Марал бабамыздың шөпшегі Қаби ағам соғысқа өзі сұранып ке­тіпті, – дейді Жосалы кентінің тұрғыны, зейнеттегі ұстаз. 

1928 жылдар Қармақшы тө­ңірегіндегі ахун, ишан ұр­пақ­тарының дүние-мүлкі тәр­кі­леніп, өздері қуғынға ұшы­раған заман еді. Асан ишан­ның туыстары да «Марал 

ишан ұрпағы» деген желеумен ел­ден аластатылып жатты. Баба­ның шөбересі Асан ишан Өз­бекстанның Бегабад қаласы жанындағы шағын ауылға ба­рып паналап, кейін сүйегі сон­да қалған. Осылайша әке-ше­шеден тірідей айырылған Қаби бес-алты жасынан өмірдің те­перішін көріп өседі.

Алғашқыда жас бала алыс ағайындарын паналаса керек. Алайда ол да көпке ұзамады. Ақырында елге жұт боп келген 1930 жылдары көшедегі өзі секілді балаларға қосылып ке­теді. 1933 жылдардың шама­сында комсомолдар көше ке­зіп жүрген жетім балаларды балалар үйіне өткізіпті. Бұл кезде елдегі жұртты жаппай сауаттандыру науқаны жүріп жатқан еді. Қаби да осы кезде оқып, сауат ашуға кіріседі. «Со­ғыс» деген суық сөзді есті­генде Қаби 16 жастағы бозбала болатын. 

Ел басына күн туған сын­дарлы шақта өз еркімен соғысқа сұранып кеткендер көп болды. Әскери комиссариатқа қайта-қайта барып, жасын ұлғайтып көрсеткенімен, Қ.Асановты 1943 жылдың көктеміне дейін майданға алмайды. Қармақшы аудандық қорғаныс істері жө­ніндегі бөлім бастығы, ка­пи­тан Р.Тұрғанов берген анық­тамада былай делінген: «1943 жылы Кеңес Армиясына ша­қы­рылғандар кітабының 67-бетінде Қызылорда облысы, Қар­мақшы аудандық әскери ко­миссариаты арқылы 1943 жылғы 15 сәуірде шақырылған және Жұмысшы-шаруа Қызыл әскерлері қатарына жіберіл­гендер тізімінде Қ.Асанов 27-ші ретпен көрсетілген». Май­­дангердің бауыры С.Қауы­совтың сұранысына берілген ресми жауап осы.

Жерлесіміз 18 жасында 1943 жылы әскер қатарына алы­­нып, алдымен 6 ай бар­лау­шылар мектебінде арнайы да­йындықтан өтеді. Оны бітірген соң ұрысқа жіберіледі. 

Майдан даласында Сталин­град, Орел, Курск бағытындағы жауға қарсы өткізілген шай­қастарға қатысып, барлаушы қызметін атқарады. Бұл мін­деттің жауаптылық пен ептілік, қырағылық әрі шыдамдылықты қажет ететіні белгілі. Осындай аса қиын әрі жауапты тапсыр­маларды орындай білген кіші сержант бірнеше мәрте ерлі­гімен көзге түседі. Мысалы, Днепр өзенінен өтерде, Ви­тебск шайқастарында қиын да қауіпті тапсырмаларды мүл­­тік­сіз атқарғаны үшін екі ай­дың ішінде «Ерлігі үшін» ме­далімен екі мәрте мара­пат­­талды. Кескілескен шай­қас­тарда үш рет жарақат алған қа­зақ жауынгері елге оралу мүмкіндігі бола тұра, оны пайдаланбайды. Өзі сұра­нып қайтадан жорыққа кіреді. Ол Сталинградтан басталған ұрыс жолын бүкіл Шығыс Еу­ропаны көктей өтіп, жаудың ұясы Берлин қаласында бітіре­ді. Қ.Асанов қарт құрлық – Еу­ропадағы қанды қасап аяқ­талысымен Шығыстағы жа­пон милитаристеріне қарсы соғысқа жіберіледі. Жапон са­мурайларымен болған шай­қастарда тағы да мергендігімен көзге түседі. Мәселен, ол 1945 жылы 13 тамыз күні «Мадагош-Маньчжурия» қаласын азат ету кезінде бірінші болып жа­пондықтардың 4 бірдей снай­перінің көзін жойып, өзінің атқыштар ротасына жол ашқан. Осы ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені берілген.

– Сержант Қ.Асановты ма­ра­патқа ұсынған №449 Ко­вен­скиий атқыштар полкінің командирі, подполков­ник Фи­­латов. Марапат­тың тапсы­рылған күні – 21 қыркүйек, 1945 жыл. Майдангер ағамның көзін көргендер оның жауынгерлік жолындағы ерлік істері туралы аңызға бергісіз түрлі әңгімелер айтады. Бір өкініштісі, олардың ешқайсысы жинақталып, қа­ғаз бетіне түспеген, – дейді С.Қауысов.

Мына қызықты әңгімені оған майдангердің қызы Зәу­ре айтып беріпті: «Мен мұны бала кезімде ауылдағы бір үлкен кісіден естігенмін. Әкем май­данда жүрген кезінде өте жылдам қозғалатын, өзіне бе­ріл­ген тапсырманы мұ­қият орындайтын жауынгер болып­ты. Оны үнемі жау тылына, дұшпан әскерінің ортасынан «тіл» алып келуге жұмсайды екен. Ол командирі берген тап­сырманы бірнеше мәрте еш­қандай мүлтіксіз орындаған. Бір ғажабы, тапсырманы орын­дап, еш жерінен жарақат ал­май, аман-есен өз отрядына оралады. Сонда басшылардың бірі барлаушыға сенімсіздік та­нытып, артынан аңдуға кісі жібереді. Барған жауынгерлер не жарақат алады, не мерт болады екен. Ал, Қ.Асанов әр­дайым қиын деген тапсыр­маның өзінен аман-есен келеді. Сондай бір кезекті тапсырмада оның соңынан тағы да бір жауынгерді жұмсағанда, ол қарсылық білдіреді. «Себебі, біз бұл кісінің ізінен жүргенде, үнемі қалай аңдысақ та көз жазып қаламыз. Ол кісі бей­мәлім бір күштің құпия­сы­мен көзге көрінбей ұшып ке­те­ді, – деп жауап беріпті. Кейін бұл құпияны ол кісінің өзінен сұрағанда: «Білмеймін» деп күліп қана қояды екен». Бәлкім бұл үш жүзге пір бол­ған аруақты Марал бабаның ұр­пағына берген тылсым күші болар.

Алматы қаласында тұра­тын Бибіхан Қауысқызы өт­кен жылдың соңында РФ Қор­ға­ныс министрлігінің Орта­лық архивінен ағасы Қаби Аса­новтың марапаттары жөнінде мә­лімет сұратқан. Жауап осы жылдың 14 қаңтары күні ке­ліпті. Онда барлаушының 8 марапатқа ие болғаны айтыл­ған. Атап айтсақ, сержант Қ.Асанов 1944 жылдың сәуі­рінде «За боевые заслуги» ме­далімен және осы жылдың қыркүйек-қараша айларында «За отвагу» медалімен екі рет марапатталған. Барлаушы 1945 жылдың ақпан және сәуір ай­ларында «Красная звезда» орденіне екі мәрте ие болған. (№1162637 және 2289608).

Ал ІІІ дәрежелі «Даңқ» (№528822) орденін 1945 жыл­дың 30 қыркүйек айында, «За победу над Германией ВОВ 1941-1945 годов» (мамыр, 1945), «За победу над Япо­нией» (30 қыркүйек, 1945 жыл) ме­да­льдарын алған.  

Майдангер туған жері Жо­салыға 1951 жылы оралады. Ол өмірде өте қарапайым, кі­ші­пейіл жан болған екен. 1958 жылы шаңырақ құрған. Ар­тында 1 ұл, 3 қызы қалған. Ұлы Әби 30-ға жетпей кенеттен қайтыс болған. Дархан, Айнұр есімді немерелері қатарының алды болып еңбекке араласып келеді. Келіні Фарида қасиетті шаңырақты шайқалтпай, ота­ны­ның отын өшір­мей отыр. Тағы бір дерек, 1967 жылы ақпан айында ақын Әлиакбар Жұматаев Қармақшы ауданы орталығындағы Жоса­лы ав­то­базасының жүргізушісі әрі коммунист болған Қаби Аса­новты үйіне арнайылап із­деп келеді. Барлаушымен әң­гі­ме­лесіп, кеудесінде жар­қыраған орден-медальдарын көр­генде алған әсерін жырға төгіпті. Сөйтіп, оны 23 ақпан – Кеңес әскері күнінің құрметіне арнап «Он орден омырауында» атты шағын дастанға арқау еткен. Бұл шығарма қазір Әли­акбар ақынның немересі Сал­танаттың қолында сақтаулы. 

Қаби Асанов 1967 жылы наурыз айында Жосалы кен­тінде өмірден озды. 

– 1966 жылы орталық ба­сылымдардың біріне Қаби аға­ның майдандасы, ленин­град­тық бір инженер «Где ты, герой?» (немесе «Где ты, Каби?») деген тақырыппен бар­лаушы досын іздеген мақала жариялапты. Қазір бірнеше га­зеттің тігіндісін ақтарып, ма­қаланы іздестіріп жатырмыз. Ағам туралы қолда бар дерек осы ғана. Бұған қоса, әскери комиссариаттардан, тіпті Ресей Федерациясы архивтеріне сұ­раныс жіберіп, тиісті құжат­тарды жинап жатырмын. Түпкі мақсат – ержүректігі мен ба­тырлығына көп адам тәнті бол­ған жауынгер, бірнеше орден-медальдардың иегері Қаби Асановтың құрметіне Жосалы кентінен бір көшенің есімі берілсе деген тілегім бар, – деді Смағұл аға бізбен қоштасарда. 

Мынау жарық тіршілікте асыл мұратты адамзат ұрпағы аманда ешкім де, ештеңе де ұмытылмақ емес!

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<