Батальон, алға!

611

0

1942 жылдың қараша айы. Көзге түртсе көргісіз тастай қараңғы түн. Қар аралас жаңбыр құйып тұр. Жау шебінен атылған, өлім сепкен оқ тізбектері әлсін-әлі бекініс үстін басып салады. Траншейден (ор) қылт еткенді қалт жібермей, қағып тастайтын мергені тағы бар. Сәт сайын аранын ашқан ажал небір боздақтарды аяусыз қыршынынан қиып түсіп жатыр.

Құрамында сержант Өмір­зақ Ах­метов те бар рота­ның қорғаныс соғысын жүр­гізіп жатқанына екі ап­таға жуықтады. Фашист солдат­тары­­ның бекінісі 200-250 қадам шамасындай қашықтықта ор­наласқан. Қысқа ғана аралықта төгілген адам қаны телегей теңізге айналып, ша­шылған адам мүрдесінен көз сү­рі­неді. Осынау азалы көрініске көк ас­пан да  күңіреніп, азалы жасын төк­­кендей, жауын басылар емес. Жа­уынгерлердің суға малшынған киім­дерінен өткен салқын ызғар денені темірдей қариды. Десе де, кептірініп алуға ешқандай мұрша жоқ. Жарық көзге шалынса… бітті. Аңдып отыр­ған неміс снайперінің нысанасына айналуың оп-оңай. 

Гитлершілдердің маңдайы тасқа тимеген шағы. Жел екпінімен жау шебіндегі неміс солдаттарының ма­саң даусы, даурыға сөйлескендері құ­лағына жеткенде Өмірзақ кектене тіс­тенді. Кенет… Өмірзақтың жанары дұш­панмен екі аралықта қараңдаған әлденені шалғандай болды. Қырағы көзі қателеспеген екен. Тесіле қарағанда жау бекінісінен бұлардың окобына қарай  жер бауырлап келе жат­қан бірнеше неміс солдатын көр­ді. Тіл әкелуге шыққан неміс барлау­шылары болса керек. Өмірзақ солай қарай автоматынан оқты қарша боратты. Ойран-топыры шыққан бас­қыншылардың өлгені сол жерде қалып, қалғандары тым-тырақай қаша жөнелді. Мұнан кейін түн тыныш өтті.

Бірнеше тәуліктен соң батальон командирі Өмірзақты өзіне ша­қырт­­ты. Өткен жолғы қырағылығы үшін риза­шы­лығын білдірген соң, Воронеж қаласына жақын Анна стан­циясындағы жаңадан ашылған қыс­қамерзімді офицерлер дайындайтын курсқа баруға тапсырма берді. Қару­лас­тарымен қимай қоштасқан Өмірзақтың көз алдына таудай толқыны көкке шапшыған теңіз қол­тығындағы ауылы Қаратерең, май­данға аттанар сәттегі қос қолын көкке жайып «О, жаратушы Алла! Құлынымды құнсыз бердің, енді өзің уақытша сапарға жіберіп жатырсың. Уа, Тәңірім, ботамның он екі мүшесін дін аман қылып, ортамызға оралтшы» деп жер-дүниені күңіренте жал­барынған әкесі Ахметтің тұлғасы елестеп өтті. Шын жалбарынса, Ал­ланың тілегіңді беретіні рас екен. Жылдар өте әке ниеті қабыл болып, Өмірзақтың майданнан аман келе­ті­нін сол сәтте ешкім болжамаған еді…

Бірнеше айдан соң курсты үздік бітірген  Өмірзақ Ахметов кіші лейтенант шенін алып, жанындағы 27 офицермен бірге Харьков қаласындағы Батыс майданының штабын бетке алды. Штабқа жеткен бұлар күтпеген жағдайға тап болды. Осы бағыттағы Кеңес әскерін немістердің екі бригадасы, бұған дейін Италия мен Фран­цияда тұрған құрамы толық,  мұздай қаруланған жаңа армиясы кері тықсырып жатыр екен. Жанталаса соғысқан қызыл жауынгерлер тың күшке төтеп бере алмай, жаппай шегініп келеді. Ал Харьковты жаудың қолына екінші мәрте қалдырса,  салдарын ойлаудың өзі қорқынышты.

– Қалыптасқан ауыр ахуалға бай­ланысты бұл жерде сіздерді қа­былдап, бөлімшелерге таратуды жағ­дай көтермейді. Енді 130 ша­қырым қашықтықтағы Ново-Вольшанск қа­ласына барасыздар. Сонда тиесілі бұйрықты аласыздар, – деген штаб бастығының сөзінен соң бір топ офицер қайтадан жолға шықты. 

Жаяулатып, шаршап-шал­дығып Харьковтың шеткі көшелеріне де ілікті. Құдды осыларды аңдып тұр­ғандай немістің 15-20 само­леті жер-дүниенің астан-кестеңін шы­­ғара бомбының астына алсын. «Шай­танның өзінен аты қорқы­ныш­ты» дегенді естіген шығарсыз. Көкжиектен құлдилай шүйілген жау­дың ауыр бомбылағыш ұшақта­рының бауырынан бомбалар зәре-құтыңды қашыра, ащы дауыспен сауылдай төгіледі. Алып қала әп-сәтте қирап, әр жерден қызыл жалын шалқыды. 

Харьков – өндіріс ошағы мол шоғырланған, аумағы зор ірі қала. Арасында Өмірзақ та бар бір топ офицер өлдім-талдым дегенде қаланың шығыс беткейіндегі жазыққа шық­ты. Николаев аталатын қыстаққа жа­қындағанда кеңес әскерлері тағы да қырсыққа тап болды. Немістердің бронетехника, мотоцикл, маши­наға мінген қалың қолы кеңес солдат­та­рының алдын орап, қоршай бастады. Қым-қуыт шайқас басталды. Оқ­ты бұршақша жаудырған совет жауынгерлері табандап соғыс сала отырып, жау шебін бұзып  шықты. Түнімен үздіксіз жүріп, негізгі қолға да қосылды. Шығын аз болмады. Өзгені айтпағанда, әскери курсты жаңа бітірген 27 офицерден небәрі 3 адам ғана тірі қалыпты. Дәл осы күні Өмірзақ Ахметов тура 23 жасқа толған еді.

Әр минуты айға, сағаты жылға тең азалы уақыт жылжып жатты. Украина майданындағы бір  рота­ның  командирі Өмірзақ Ахметов та­лай мәрте ажалдан аман қалды. Кеу­десіне снаряд жарқыншағы тиіп, гос­питальда емделіп, қайтадан қа­тарға қосылды. Польша мен Кеңес ода­ғының арасын бөліп тұрған Батыс Буг өзенінің бойындағы сұрапыл шайқас көзіқарақтыларға жақсы мәлім. Немістердің бірнеше жыл жасаған, Гитлердің өзі тасқамал са­наған  бекіністерін бұзу оңайға соқ­пады. Кеңес әскерлерінің қуатты күші осы жерге шоғырланды. Таңсәріден басталған шабуылдан кейін фашист қорғанысының күлі көкке ұшты.Адам қаны суша ақты.

Люблин қаласындағы үл­кен конц­лагерьдегі мың­да­ған тұтқындар­ды азат ету опера­ция­сына қатысқан Өмір­­зақтың ротасы көптеген жауыз­­дық­тарға куә болды. Конц­лагерьдегі фашистердің қатал­дығы шектен шық­қан екен. Тұтқындарды итке талатып өлтіру, темір пешке салып тобымен өртеу, адамның майын техника майлауға пайдалану, ұрып өлтіру тағы басқа тәсілдер адамгершіліктен жұрдай гит­лер­шілдердің үйреншікті дағ­дысына айналыпты. Қалған тұт­қындарды аман алып қалу үшін шабуылды түнде жасау жоспарланды. Көше соғы­сының өзіндік қиындығы бар. Әр бұрышта, жертөле, шатырда тосқауыл күтіп тұрады. Аяқ бассаң, ажалға тап боласың.

Өмірзақтың ­ротасында айып­тылар батальонынан (штраф­бат) жіберілген екі жауынгер бар еді. Солар бүгін бұған жақындағы неміс окобында жау автоматшылары ор­на­ласқанын айтып, соларды тірілей ұстап әкелуге рұқсат сұрады. Не істеу керек? Айыптылар уәдесінде тұрса жақсы. Қашып немесе жау жағына өтіп кетсе ше? Ондай жағдайда айыптыларға ие болмағаны үшін бұл атылады деген сөз… Ұзақ ойланған рота командирі Өмірзақ Ахметов екі солдатқа сенім білдіруді жөн санады. Алайда, олар келем дегенше өзі де қатты қиналды. Арада жарты сағат өткенде қос солдаты фашистің бақандай 17 автоматшысын қаздай тізіп айдап әкелді. Мұны естіген комбаттың өзі арнайы келіп, екі солдаттың өтеуге тиісті жазасын алып тастап, «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынды. Өмірзақ болса, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденін кеудесіне тақты. Бұған дейін де І дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін», өзге де медальдармен марапатталған қайсар қазақ бұл жолы да ерліктің үлгісін көрсетті.

Соғысты жарақаттанып, батальон командирі, гвардия майоры шенінде аяқтаған Өмірзақ Ахметов бейбіт майданның да алғы шебінен табылды. Аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, колхоз басқармасының орынбасары, кеңшардың партия ко­митетінің хатшысы, селпо төр­аға­сы, ірі құрылыс мекемесінің кадр бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді. Қандай ұжымда, қай жерде жүрсе де кешегі қаһарман майдангер арына қылау түсірмеді. Кімге болса да тура сөйлеп, әділін айтатын дағдысынан жаңылмады. Адал ең­бегі ескерусіз қалмады. Жеңістің 60 жылдығы мерекесінде «Құрмет» орденімен марапатталды. Тұңғыш Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мәдениет министрінің, облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарын иеленіп, мерейі тасыды.

Көпшілік қауымға Өмірзақ Ах­метұлы атамыздың есімі қарымды қаламгер, мықты ақын, білікті ше­жіреші ретінде де жақсы мәлім. «Жанқожа батыр» дастаны, тағы­лымы терең мақалалары құнды дүние ре­тінде оқырмандар тарапынан жоғары бағаланды.

Өз басым көкірегі асыл сөз көм­бесіне толы абыз ақсақалмен көзі тірісінде бірнеше мәрте сұхбаттасып, қызықты дерекке толы мақала да­йындағанымды мақтаныш тұта­мын. Міне, Өмірзақ Ахметовтің дү­ниеге келгеніне 100 жыл толды. Тау алыстаған сайын биіктей тү­се­ді. Уақыт жылжыған сайын ер­жүрек майдангер, гвардия майо­ры, шежіреші әрі ақын Өмекең ата­мыздың тау тұлғасы да жарқырай тү­сетіні анық.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<