БИІКТІК (очерк)

586

0

Биіктік. Очеркімді осылай атауымның бас­ты себебі – кейіпкерімнің замандастарының арасында еңбекке араласқан күннен бастап, зейнеткерлік өмір кешіп келе жатқан бүгінге дейінгі уақыт аралығында қай қырынан алып қарағанда да өзінің өзгеше биіктігін сақтап келетіні.

Ол жайлы маған дейін талай авторлар жазды да, жазып та жүр. Өлең жолдары да арналды. Солардың бірі ретінде ақын ініміз Балғабай Имашев:

Сұлу Сырдың құндағы бауырында,

Ел жайлаған «Еңбектің» қауымында.

Сіз келгенде өмірге Сәмит аға,

Той болыпты «Ынтымақ» ауылында.

Несібесі өрледі жас баланың,

«Шағанннан» бастау алды бақ-талабың,

Қонекеңнің тәлімін алып өстің,

Ел-жұрттың таба біліп қас-қабағын.

Сабырлы, салиқалы, салмақтысың,

Сыр еліне қадірлі ардақтысың,

Адамдық қасиетің үлгі тұтар,

Жинапсыз бойыңызға бар жақсысын, – деп жырға қосқан еді.

Енді оның өнегелі еңбек жолын айтпастан бұрын, оқырман қауымға өмірбаянымен таныстырайын:

Сәмит Далдабаев 1938 жылы Жалағаш ауданы «Аққошқар» ауылында дүниеге келген. 1961 жылы Алматы қаласындағы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын, 1978 жылы Жоғары партия мектебін сырттай бітірген.

Еңбек жолын 1961 жылы Тереңөзек ауданындағы «Тереңөзек» совхозында бас малдәрігері болып бастаған. Бұл қызметте 1964 жылға дейін болды.

1964-1965 жылдары аудандық малдәрігерлік станцияның бастығы, 1965-1970 жылдары Сырдария және Тереңөзек аудандық Советі атқару комитеті председателінің бірінші орынбасары, 1970-1974 жылдары Тереңөзек аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, 1974 жылдың маусым айынан бастап 1975 жылдың мамыр айына дейін Жалағаш аудандық партия комитетінің екінші секретарі, 1975 жылдың мамыр айынан 1979 жылдың желтоқсан айына дейін Сырдария аудандық Советі атқару комитетінің председателі, 1980 жылдан 1983 жылға дейін Жаңақорған аудандық Советі атқару комитетінің председателі, 1989 жылға дейін Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші секретарі болып қызметтер атқарған.

1989-1992 жылдары облыстық партия комитетінің секретарі, облыстық Советінің кеңесшісі, облыстық Советі атқару комитеті председателінің бірінші орынбасары қызметтерінде болған.

1992-1997 жылдары Жалағаш ауданының әкімі, 1997-2003 жылдары Облыстық тәртіптік кеңестің төрағасы.

Нәтижелі еңбегі үшін 1973 жылы Қазақ ССР-нің ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкері атанса, 1998 жылы Елбасының Жарлығымен «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер» деген құрметке ие болды.

Сонымен қатар ол 30 жыл үзіліссіз Тереңөзек, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандық Советтерінің депутаты және аудандық партия комитеттерінің пленум мүшесі, 20 жыл облыстық Советтің депутаты және Облыстық партия комитетінің мүшесі болған.

Осы жылдар ішінде «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендері мен Совет одағының және Тәуелсіз еліміздің бірнеше медальдарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.

II.

Хош, сонымен Сәкең, Сәмит Далдабаев бүкіл саналы өмірін өзінің туып-өскен Сыр өңірінің өркендеуіне, экономикасының қарқын алуына, халықтың мәдени-тұрмыстық жағдайының жақсаруына арнаған, сол үшін уақыт, заман талабына сай үнемі биіктен көріну бағытында еңбек еткен азамат екенін білеміз.

Көпшілік қауым оны абырой асқарындағы азамат дейді. Ол – халықтың берген ба­ғасы. Мұндай баға алу жайдан-жай бола қоймайтындығы белгілі. Осы жолда қаншама тер төгілді, табанды еңбек жасалды. Ол еңбексүйгіштікті үнемі жетілдіріп отырудың, ұйымдастырушылық қабілетін өмір талабына сай арттырудың, өмір академиясын меңгерудің, ізденімпаздықтың, еңбек баспалдақтарынан шалыс баспай, сүрінбей өтудің жолындағы аса жауапкершілікпен жасалған еңбектері еді.

Ол басшылық жұмысқа институтты бітірген бойдан араласты. Басқалардай жай араласқан жоқ, адамдарды тану, елмен танысу, жақсы мен жаманды көру, басшылардан тәлім алу, көрген-білгендерін ойға түю сынды өмірлік тәжірибелерді жадында сақтай білді. Сөйтіп өмір мектебінен үйренуден, зерделеу­ден, қоғамға үлес қосудан жалықпады, әр адам өмірге парызы мен қарызын арқалап келетіндігін әсте естен шығармады.

III.

Өткен күнге көз жіберсең, талай оқиғалар еріксіз еске түседі екен. Мен өз басым он бір жылдай Қонысбек Қазантаевтың қарауында қызметтес болғанымды өз алдына бір тарих десем болады. Ол жайлы «Қазантаев мектебі» атты естелік кітап жазғаныма оқырман қауым куә. Одан кейін де аудан басқарған біраз азаматтармен қызметтес болдым.

Солардың ішінде Сәкеңді, Сәмит Далдабаевты айрықша атауға тура келеді. Сәкең – «Қазантаев мектебінен» шыққан облысқа, айта берсек, республикаға танымал басшылық қызметте, биік белестерден іркілмей өткен кадрлардың бірі.

Қандай дәрежеге көтеріліп, абыройға бөленсе де аспады, таспады. Менмендік жасамады, өмірден көргені мен білгенін өмірдің өзіне жарата білді. Жақсыларға жақын жүрді. Әсіресе, ел басқарған алдыңғы буын ағалар Исатай Әбдікәрімов, Тәкей Есетов, Зейнулла Жарқынбаев, Әбжәми Байшуақов, Ахметжан Жанпейісов, Гафур Мұхамеджанов, Еламан Жүнісбаев, Елеу Көшербаев сынды тұлғалардың жүріп өткен еңбек жолдарынан тәлім алды. «Сол ел басқарған ағалары жайлы олардың қалың көпшілікпен, жалпы халықпен өзара сыйласу мәдениеті, шуақты әзіл-қалжыңдары, байсалды әңгімелері, қызмет бабындағы әдептері, елге сіңірген адал еңбектері, қайраткерлік қызметтері әліге дейін ел арасында, әсіресе, жастарға үлгі-өнеге ретінде айтылып келеді», – деп еске алады Сәкең. Сондай-ақ, өзінің де жүріп өткен еңбек жолының артында із қалдыруды есінен шығармады. Бұл да болса көрегенділіктің белгісі еді.

«Жауаптымын кешеге де бүгінге,

Өткен өтті, кеткен кетті» демеймін.

Жауаптымын өзім сүрген өмірге,

Айтқан сөзін сыбағасыз өгейдің, – деп Әбділда ақын айтқандай, Сәкең қай кезде де, қандай қызметте жүрседе, алдына өзім сүрген өмірге жауаптымын деген мақсатты берік ұстаған азамат. Оған дәлел – қандай қызметте болғанда да аяғын шалыс баспаған, соның арқасында өз биігінен аласармаған азамат. Қай ауданда жұмыс жасаса да абырой биігінде болды. Елді сыйлады, ел оны сыйлады.

Соның бір жарқын көрінісі Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» атануы. Иә, «Құрметті азамат» атағы бекерге берілмейтіні баршаға аян. Ендеше оның қысқаша тарихына шолу жасап көрейік.

Сәкең 1980-1989 жылдары әуелі Жаңақорған аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, сосын үзбестен алты жылдан астам аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. Ауданды басқарған бұл кезең шаруашылықтарының, әсіресе егін шаруашылығының шалқыған, еңбектің тай қазаны қайнаған, еңбек туының биікке көтерілген жылдары болды.

Жасыратыны жоқ, бұған дейінгі мерзімде аудан күріш дақылынан өнім алуды, оны мемлекетке тапсыру жөніндегі халық шаруашылық жоспарларын орындауда қолда бар мүмкіндіктерден төмен жағдайда болып келген еді.

«Сабақты ине сәтімен» демекші, ауданды Сәкең басқарған жылдары шаруашылықтың қай саласы болмасын ілгері басты. Әсіресе, күріш егісі саласындағы жетістіктер мемлекеттік жос­парлармен социалистік міндеттемелердің жыл сайын артығымен орындалуына қол жеткізді. Ауданның экономикасы мен мәдениеті арта түсті. Өнеркәсіп пен өндіріс, құрылыс салаларында да бірталай оң өзгерістер орын алды. Сол үшін де Жаңақорған ауданының үлкенді-кішілі азаматтары Сәмит Далдабаевтың есімін ерекше ілтипатпен атайды. Мұны осы ауданға жолымыз түсіп барғанда ел ағаларының өз ауыздарынан естіп, ерекше ықыластарын сезінген едік.

«Халық айтса, қалт айтпайды» деген, өйткені тізгін тартып атқа мінгелі Сыр елінің көз алдында келетін Сәкеңнің үлкенмен де, кішімен де тез тіл табысатынына басшыға тән парасаттылығына дән риза боласың.

Адам баласы өмір сапарында алуан түрлі жандармен жолығады, сырласады, сыйласады, тіптен кейде жауласады да. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында өмірге сүйініп те, күйініп те үлгереді.

Мұхтар Әуезов: «Мен адамдарды екі түрлі болады деп ойлаймын. Олардың бірі айналасына нұр сәуле шашып, ал екінші біреулері түн-түнек орнатып жүреді», – дейді екен. 

Демек,  Сәмит Далдабаевты жаны жайсаң, айналасына сыйлы тұлға деп таныған жұрттың бағалауына біз де қосыламыз.

IV.

Еліміз егемендік алғаннан кейін өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды. Салт-дәстүрімізді өмірге қайта келтіру, өшірілген тарих беттерін қайтадан жаңғырту  мәселелері қолға алына бастады. Бұл тұста да Сәкеңнің еңбегі, жасаған қызметі айтып жүретіндей дәрежеде болды. Соның бір мысалы, Бұқарбай батырдың туғанына 180 жыл толу тойындағы ел тұлғаларының сөзі еді. Тойға дайындық қызу жүргізілді. Бүкіл аудан халқы  жұмылды. Жалағаш поселкесінің басты көшелері асфальт­танып, орталық алаңы күрделі жөндеуден өтті. Той 1993 жылдың тамыз айында үш күнге созылды. Облыс аудандарымен қатар, сонау Алматыдан да белгілі-белгілі қонақтар шақырылған-ды. Солардың ішінде, халық ақыны Әбділда Тәжібаев пен академик Мұхамеджан Қаратаев және қазақтың белгілі өнер зерттеушісі Мардан Байділдаевтан жастары жағынан да, атақ-даңқы жағынан да үлкендері жоқ еді.

Сонда аудан әкімі Сәмит Далдабаев:

– Шәке, үш ағаңа өзің қамқорлық жасайтын болыңыз, – деп тапсырды.

Сонымен сол жылдың 20-21 тамыз күндері ардақты ағаларымыз біздің құрметті қонағымыз болды. Сол екі күн ішінде ағаларымызға сәлем беруге келген ауыл азаматтарынан үйіміз бір сәт босаған жоқ.

Осындай бір сәттерде Әбділда ағамыз:

– Ел деген осындай болады. Ата-бабадан қалған дәстүрдің пұшпағы ғой бұл, – деп Мұ­қаңа, Мұхамеджан Қаратаев ағамызға қарады. Әңгімеге Мардан Байділдаев ағамыз араласты:

– Бұл сәлем беруге келген жігіттердің барлығы да Қонекеңнің қадірлері ғой, Әбеке, – деді ол.

– Одан  да  «Қазантаев  мектебінің»  түлектері   десеңізші,  –  деп    Әбекең әңгімесін одан әрі жалғастыра түсті.

– Мұқа, – деді ол, – осы ауданды Қонысбек деген  ініміз  он жыл басқарды, оған дейін мынау іргелес жатқан Тереңөзек ауданын он екі жыл басқарды. Қай ауданға барса да, жарыстың алдын бермеді. Қазақстанның барлық облыстарында болып, талай аудандық партия комитеттерінің хатшыларымен кездескенім бар. Бірақ, Қонысбектей публицист хатшыны көрген емеспін.

Үнсіз отырған Мұқаң:

– Публицист  дедің  ғой.., – деп «арғыжағын жетілдірмейсің бе?» дегендей сыңай аңғартты.

Әбекең одан әрі:

– Иә, Мұқа, солай ол өзі жазудың жолына түспеген, барлық күш-жігерін ел басқаруға жұмсаған. Ал, оның сөйлеген сөздерінен публицистиканың иісі шығып тұратын. Қазір зейнеткерлік демалыста. Қызылорда қаласында тұрады. Жол түссе, ініме соғып, денсаулық-жағдайын білсем бе деген ойым бар, – деп Қонекеңнің науқастанып жүргеніне дейін айтып, ол жөнінде бірталай жылы лебізін білдірді.

Сонымен бірге Әбділда ағамыз арасында бізге қызмет жасап жүрген аудан әкімі және бірқатар азаматтар Қонысбектің шәкірттері, «Қазантаев мектебінің» түлектері деп те қойды. Бұл менің өткен өмірімнің қымбат шақтарынан есте сақталған бір көрініс болатын.

Мінезге бай, сабырлы да байсалды, танымы терең, көрегенділігі басым Сәкең қандай да болмасын күрделі мәселені шешуде қалың жұртпен ақылдасуды естен шығармайтын. «Көппен бірге болсаң қателікке жол берілмейді» дейтін.

Ауданды басқарған 1992-1997 жылдар нарық­тық экономиканың өмірге енген, совхоздар та­­рап, шаруашылықтың жаңа түрлері келген, бірақ, әлі қалыптасып болмаған мезгілі-тұғын. Сол сияқты көлік, өнеркәсіп орындары да тара­ты­­лып, қайта құрыла бастаған, қоғамдық мал-мү­лік жекешелендірілуге айналған кезі еді. Оны адамдардың бірі түсінсе, енді бірі бұрынғы ой­­дан, түсініктен әлі арылып болмаған кездері еді.

Алайда уақыт, қоғам кідіруді қаламады, қалай болғанда да нарықтың негізгі заңы өмірге ену керек болды. Бір сөзбен айтқанда, бұл бағыттағы кездескен барлық қиыншылықтарды іс жүзінде талдай, сараптай отырып, оны дұрыс жолға салуда, жекешелендіру жұмысын заң талаптарына сай іске асыруда Сәмит Далдабаев барлық құзырлы орындардың жауапты қадрларымен ақылдаса, бірлесе отырып шешіп, ауданды қиын кезеңнен, жаңа нарықтық кезеңге көшіріп алып шыққанына ел, халық куә. Бұл өзі кімнің де болса естерінде ұзақ уақыт сақталатын жылдар болды.

Әліге дейін елдің есінде сақталған тағы бір жағдай, Сырдария өзені тасыған сайын, М.Шәменов ауылын су алып кету қаупі тө­не­тін. Бұл қиындықтан құтылудың жолын ізде­ген аудан басшысы мамандармен ақылдаса оты­рып, да­рияның қауіпті тұсы аудан мекемелерінің тех­ни­каларының күшімен бөгеліп, дария тура аға­тын арна қазылып, өзен арнасы М.Шәменов ауы­лынан екі шақырымдай жерге қашықтаған еді.

Сол уақыттың қиын-қыстау кезеңінде батыл шешім жасаған аудан басшысына риза болған ауыл адамдары жаңа арнаға «Сәмит арнасы» деген атау берді. Бүгінде Сырдария өзені сол арнамен ағып жатыр, ауыл тұсы қауіпсіз.

Сайып келгенде, осының бәрі оның ұйымдас­тырушылық қабілеті мол, алдын ала болжай білетін, тереңнен тыныс алатын іскер басшы болғандығын көрсетеді.

Жалпы қарапайым халықпен араласуға, олардың мұң-мұқтажын біліп отыруға, мүмкіндігінше мәселе шешімін тапқанша назарда ұстауға Сәкең аудан басшысы ретінде аса ыждағаттылықпен қарайтын. Тіпті, жеке шаңырақтардың бастарында болып жатқан қуаныштары мен реніштерін де біліп отыратын. Оларды қалт жібермей, жұмыс арасында уақыт тауып барып, ортақтасып көңіл білдіретін. Мұндай қарапайым адамдармен араласу басшының халық арасындағы беделін көтермесе төмендетпейтіні белгілі.

Әр адам басынан сан тарау өмір жолын өткізеді. Қай жолға түссе де Сәкең жолы болған азамат.

Қандай қызметте болса да, уақытында лайықты бағасын алды, зейнеткерлік өмірді де мәнді өткізіп келеді.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<