Білімнің жағып шырағын

1297

0

Сыр өңірінде парасатты педагог, білікті басшы Уәли Төрәлиевтің есімі ұлықталды. Арда азаматтың туғанына 100 жыл толуы қарсаңында жақын-жуық, дос-жараны оны еске алды.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов қатысты.
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжіндегі кездесуге тарлан тұлғаның іні-қарындастары, қызметтестері мен шәкірттері жиналды. Облыстық білім басқармасы ұйымдастырған жиында көпшілік оның оқу-ағарту саласына қосқан үлесін, білім саласын өркендетудегі өлшеусіз еңбегін жоғары бағалады.


– Біз ұланғайыр табысымыз бен жетістігіміз үшін аға ұрпақ алдында қарыздармыз. Мемлекет басшысының «Тарихы терең дәстүр сабақтастығы ұлттық тәрбие арқылы беріледі. Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады» деген сөзінің мәніне үңілсек, бүгінгі шара ұлттық құндылыққа негізделген ұрпақ сабақтастығының көрінісі деуге болады, – деді облыс әкімінің орынбасары.


У.Төрәліұлы саналы ғұмырын ел игілігі жолында сапалы қызмет етуге арнады. Қарапайым шаруа отбасында өсіп-жетілген өреннің білімге құштарлығы бала күнінде-ақ байқалды. Жетіжылдық мектепті бітірген соң Ақтөбе мұғалімдер, Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық инстиуттарында шеберлігін шыңдап, тәжірибе толыстырды. Еңбек жолын ересектер арасындағы сауатсыздықты жою бағытында мұғалім болып бастады.

Қоғамдық-саяси жұмыстың белортасында жүріп, түрлі лауазымды қызмет атқару арқылы аймақтың мәдени-рухани жағынан дамуына ықпал етті.


Кездесуге жиналған жұрт оның облыстық халық ағарту бөлімін басқарған жылдардағы жемісті еңбегін тілге тиек етті. Әсіресе, өр кеуделі ердің адамгершілік пен қарапайымдылықтан айнымай, адалдықтың ақ туын аттамай сүрген өнегелі өмірі өзгелерге үлгі.


– Жиырма жыл табан аудармастан білім саласының басшылығында болу, педагогика саласының әрбір өрлеу сатысы мен жаңа қадамдарына тың серпіліс әкелу Уәли Төрәліұлының нағыз педагог, білім беру ісінің майталманы екенін дәлелдейді. Ол – шынайы жанашырлық пен үздіксіз даму жолының негізін салған ұлағатты ұстаз, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.


Кездесу кешінде көзкөргендер абырой биігіндегі азаматтың шежірелі өмір жолы, білім көшін ілгерілетудегі көшелі істері туралы естеліктермен бөлісті. Жиын қорытындысында мерейтой аясында ұйымдастырылған білім және спорт байқауларының үздіктері марапатталды.


Сондай-ақ осы күні облыстың бұрынғы бас ұстазы өмір сүрген үйде арнайы ескерткіш тақта ашылды.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<