Бір орам былғары

2147

0

Ардагер Ибрагим Әбибуллаев әңгіменің майын тамыза айтады. Үш бірдей ауданда әкім болды. Облыста басшылық жұмыстар атқарды. Қазір зейнеткер. Бір отырыста өткен күндерден әңгіме өрбітті. Екеуміз бір ауылда өстік. Бірақ осы бір әңгімені бұрын-соңды естімеген едім.

– Жас кезім. Алматының ауылшаруашылық институтын бітіріп, ауылға келдім. Инженер мамандығым бар. Гараж меңгерушісі болдым. Кейін бас инженерлікке көтерілдім. Аудан басшысы Еламан Жүнісбаев жұмысыма көптен риза болып жүрген. Өзім туған қазіргі «Қоғалыға» кеңшар директоры етіп бекітті, – дейді ол өткен күндерді еске алып.

– Кеңшар күріштен рекордты өнім алып, облыстың жүлдесін бірнеше рет жеңіп алды. Жыл сайын мыңдаған центнер астық тапсыратын кеңшарға айналды.

Жұмысты өрге сүйреуде диқандар Жаңбырбай Қожауов, Гүлнәр Әлекеева, бригадир Оразбек Садықов талай марапатқа ие болды.

Бригадир Оразбек аға майдангер еді, әскерден аға лейтенант шенімен келген офицер болатын. Әңгімешіл кісі еді, жарықтық. Астық жинау кезі. Қырман басында отырмыз. Оразбек аға Берлиннен оралғанын әңгімелеп отырды. «1946 жылы әскери қызметімді аяқтап, Берлиннен оралдым. Рейхстагқа ту тігу үлкен арпалыс болды. Ақыры фашистер тізе бүкті. Қазақ жауынгері Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа ту тікті. Қуанышта шек жоқ. Сонымен бейбіт өмір басталды. Мен ауылға қайтатын болдым. Ескерткішке деп әртүрлі бұйымдар алдым. Дүкендегі былғарыға көзім түсті. Бір орамын алдым. Ауылға барған соң ағайын-туысқа етік-мәсі тігіп беру ойымда бар. Сонымен, бір орам былғарыны қолтықтап, «Қоғалыға» жеттім. Ауылға келсем көп азамат соғыстан оралған екен. Ағайынды Талпақов Жүніс, Айдар, Іздіқұл, Қонысбай, Шамшат, Рүстем, Нәсіреддин Ибадуллин, Шахап Қаюпов, Әжмағанбет Тілеулиев, Әнуарбек, Маханбетжан ағалар соғыстан оралып, елдің ажары кіріп қалған екен. Жер-жерде той-думан, беташар, көкпар-жарыс.

Содан еңбекке араластым. Бір бригаданы басқаруға ие болдым. Егіс бригадирімін. Қолым сәл босаса баяғы Берлиннен алып келген былғарыны шетінен қиып, ауылдағы үлкендерге біріне мәсі, біріне етік тігіп, көп алғысын алдым. Қойшы, бір орам былғарыдан біраз адам етік-бәтеңке киді. Жұрт тапсырыс береді, тігіп беремін», деген еді.

Арада біраз жыл өтті. Оразбек аға зейнетке шықты. Мәскеудегі Жеңістің 50 жылдық мерекесіне шақырылды. Майдандастар  бас қосты. Оразбек аға өзінің еңбек жолын баяндайды. Содан сөз арасында соғыстан қайтар кезде Берлиннен бір орам былғары әкелгенін, онан аяқ киім тіккенін әңгімеледі.

Бір орыс жігіті сәлден соң қол көтеріп сөйлейді.

«Аға лейтенант Оразбек Садықович, сіз әлгі әзірде Берлиннен бір орам былғарыны ауылға арқалап барғаныңызды, одан тұрғындарға етік-мәсі тігіп, сыйлағаныңызды айттыңыз. Есіңізде болсын, ол былғары тұтқындардың терісінен жасалған былғары болатын. Немістер жер-жерге 180 градустық қысымы бар пеш орнатып, тұтқындардың денесінен, терісінен бұйымдар жасағанын қалай білмейсіз! Ауылға барған бойда былғарының қалдығын жойыңыз!» – деп орыс жігіті трибунадан түседі.

Оразбек аға осы әңгімені естіген бойда отырып қалыпты. Өзінің әбес әрекетіне күйзеледі. Туған жерге әрең жеткенін айтты. Аға лейтенант Оразбек аға қазір арамызда жоқ, үрім-бұтақтары ауылда тұрады.

Ауылдас аға Мәскеуден оралған бойда баяғы өзі тігіп берген етік-мәсіні үй-үйден жинап, қапқа салып, зираттың іргесіне көмгені бар. Дүниеден өткенше зират басына барып, құран бағыштаудан жаңылмады. «Бұл менің парызым болсын!» деумен кетті.

Иә, майдангер ағаның Берлиннен әкелген бір орам былғарысының тарихы осылай аяқталған еді.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<