Доспан шайық

394

0

ХVІІ ғасырда өмір сүрген әулие Есабыздың киесі қонған әрі оның ұрпағы Доспан шайық Қожабекұлының есімі Шиелі жұртшылығына жақсы мәлім.  Ол 1867-1943 жылдары өмір сүрген.

Айтқаны мүлт кетпейтін көріпкелдігімен аты шыққан. Материалдық тұрғыдан, физикалық  заңдылықпен   түсіндіруге келмейтін, түсіндіре алмаған соң сенбестікпен қарайтын қасиеттердің егесі болған. Аруақтармен тілдескен, сол кездегі көліктің жүйрігі атпен бір күн жүріп жететін жерлерге жедел барып қайта беретін болған. Атамыздың өткел бермес асау Сырдариядан қайықсыз өтіп кететін кереметін талай адам өз көзімен көріп, әулиелігін мойындаған. Сондай сенбес оқиғаларды көрген кісілердің ұрпақтары бүгінде арамызда жүр.

Ол кісі бейсенбі, жұма күндері бейіттері әр қырда жатқан Бақты ата, Түкті ата, Оқшы ата, Қабыл ата, Меңлібай, Сейіт сияқты әулиелерге барып, зиярат етіп қайтып жүрген. Аяғындағы мәсісін қолтығына қысып, жалаңаяқ жаяу кете беретін әулиенің әр жерге түскен ізін көріп, қуып жеткісі келгендер жете алмай, өкпесі өшкен. Ол кісілердің сол сапарда көргендерін басқа күні Доспан шайық айтып отыратын болған.

Доспан шайық – «Оқшы ата» әулиелер кешенінде жатқан қасиетті кісілердің қатарындағы адам. Ол бірақ, «Оқшы ата» қорымына емес, өз ауылы «Қызылдиқанда», бүгінгі Әбділда Тәжібаев атымен аталатын ауыл зиратына жерленген. Бұл топырақ – аңызға айналған «Мың бір түн» хикаяларын түпнұсқадан қазақшалаған Қалмақан Әбдіқадыровтың да ауылы.

Доспан шайық мүрдесінің басқадан оқшау қойылуының өз тарихы бар. 1938-1940 жылдары аудан күріш егісіне күш салып, шаруашылықтарды дарияның сол жағалауынан оң жақ бетіне жаппай көшіреді. «Қызылдиқан» ауылы да атынан көрініп тұрғандай диқаншылықпен айналысатын. «Өмір барда өлім бар», жаңа қоныста жаңа зират пайда болады. Бірақ бейіттер күріш суының астында қалып қоя бергендіктен, қайтқан кісілер биіктеу әр-әр жерге қойылады. Осылайша жұрт әлі орнығып болмаған кезеңде, 1943 жылы Доспан шайық өзінің дүниеден өтетінін біліп, ауыл ақсақалдарымен бақұлдасады. Пірі Есабыз әулиенің қасына жатуға шақырғандығын айтады. Сонда ауыл ақсақалдары Доспан шайыққа: «Жаңа қонысқа келген екі-үш жылда қайтқан кісілерді әркім әр жерге қойып жатыр, әлі белгіленген ортақ қорым жоқ. Есабыз әулиеден сұрасаңызшы, рұқсат етсін. Осы төңіректен бір жерді белгілеп, мазар басы етіп өзіңізді қоялық, тірліктегі бір болған басымыз бақилықта да ажырамасын. Мұнымыз кейінгі ұрпақтың бірлігі үшін керек қой, шайық», – дейді.

Доспан шайық Есабыз баба аруағымен тілдесуге уәде береді. Келесі күні ауыл үлкендеріне тілектері қабыл болғанын айтады.

Бұл кісіден ұрпақ қалмаған. Екінші әйелі Тәтбике 15 құрсақ көтеріп, бәрі шетінеп кеткен. Он бесінші перзентін туарда Доспан шайық жұбайына қыз табасың, оның қол саусақтарының орнына моншақ секілді төгілген ет бітеді, бірақ одан қорықпа деп ескертеді. Бұл бір естіген кісіге жай айтылған сөз сияқты еді. Бірақ, шынымен де жұдырығы жұмылып тұрғандай моншақты қолы бар ерекше сәби өмірге келеді. Дәл осы керемет жаратылған қолы бар қызды көріп қайран қалған көнекөздер бұл ауылда әлі де бар.

Әуелі Алла деп Доспан шайықтан медет тілегендердің талайының перзентті болғаны дәлелді қажет етпейді, мұны бүкіл ауыл біледі.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»