Ел анасы

1797

0

Социалистік Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаеваның туғанына биыл 12 қыркүйекте, яғни бүгін 100 жыл толды. Бір ғасыр, қилы заман: кешегі таршылық уақыт, колхоздастыру кезеңі, Ұлы Отан соғысындағы тылдағы ауыртпалық, соғыстан жарымжан оралған майдандастармен бірге ауыл шаруашылығын қайта өркендету дәуірі. Иә, шаруашылықтарды ірілендіріп колхоз, совхозға топтастыру, Сыр өңірінің тың жерлерін егіншілік айналымына қосу, бәрі де – Шырынкүл апа куә болған басты оқиғалар. Тек сырттай бақылаушы емес, сол алмағайып замандарда ер-азаматтардан қалыспай, күн демей, түн демей еңбек етті. Тәуелсіздіктің таңы атқанда қандастарымен бірге қуанып, ел ынтымағының берік, тірлігінің баянды болуына біркісідей атсалысты.

Шырынкүл апа Шиелі ауданынан шыққан 41 Социа­листік Еңбек Ерінің  соңғы көзі еді, кешеге дейін. Осыдан екі жыл бұрын Алланың аманатын тапсырып дүниеден өтті. Өз замандастары, Батыр Аналар – Ұлбала Алтай­баева, Зәкира Ержанова, Жадыра Таспанбетовалар ел мақ­танышы еді ғой, шіркін! Дала академигі атанған екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың ізбасарының бірі – Шырынкүл Қазанбаева “жазулы жатқан хатпен тең” шежіре кісі еді, жады мықты болатын-ды. Сағаттап отыратын алқалы жиын-тойларында шаршаған сыңай көрсетпейді-ау, елдік іске деген жанашырлық түсінігін, кесіп-кесіп сөйлейтін кісілігін, ер азаматқа тән ірілігін айтсаңызшы! Талай мәрте әңгімесіне қанығып, өнегесін көріп өстік. Әңгіме әуені өткен күндерге тірелгенде жастық шағынан былайша сыр шертілер еді. 

Ата-анасы Қазанбай мен Пәкизаның бауырынан  он бала өргенімен еңсесін кө­теріп, ержете алғаны екеуі ғана еді, ағасы – Әбдіхалық және Шырынкүлдің өзі. Сондықтан да туған ағасының бір ауыз сөзін жерге тастай алмай, Жұмаділдаға тұрмысқа шыққаны. «Осы жігіттің етегінен ұста, қор болмайсың», – деп еді сонда ағасы. Солай болды да. Өлшеулі өмірдің қай қатпарын жұмырбасты пенде біліп болған дейсіз?! Келін болып өзге босағаны аттаған соң,  көп ұзамай Ұлы Отан соғысы басталды да қызықты күндердің ду-дуы ала-сапы­ранға, Алла сақтасынға ұласты.

– Бәрі күні кешегідей есім­де. Сұм соғыс бас­тал­ғанда елдің бәрі абдырап қал­ды. Қатар жүрген аза­мат­тар жаппай соғысқа аттан­ды­рылып жатты. Бірінің бала­сы, екіншісінің күйеуі, ал үшіншісінің туысы, ауылдасы  дегендей. Шиелі станциясынан батысқа қарай сапар шегетін қызыл вагонның маңы күнде у-шу. Қимас жанын қайтар-қайтпасы белгісіз сапарға аттандырып салу қандай қиын десеңізші?! Жылап-сықтап, аздаған азық-түлік салған дорбасын көтерген ығы-жығы тұрғындар. Күніге лықа адам толтырған 10 вагон аттанады бір Шиелі стансасының өзінен. Әскери комиссариат мылтық ұстауға жарайды деген ер адамдарды майдан шебіне қарай осылай үздіксіз жөнелтіп жатты, – дейді ол өткен күндер тізбегін көз алдынан өткізе күрсініп.

1941-жылдың күзінде күйеуі – Жұмаділда, туған ағасы – Әбдіхалық, әкесінің інісі Жайынбай, баласы Тасбо­латпен бірге әскерге алынды. Шиелінің стансасына келетін аждаһа ауызды қызыл вагон жарамды ер азаматты толғай жұтып, тарсылдап майдан жаққа күнара жөнеп жатты. Елдегі ауыртпалық, әйелдерге, жас бала-шағаның мойнына ілінді. Күнкөрістен бөлек, майдан шебіне азық-түлік, киім-кешек жіберу секілді ауыр міндет тұрды. Кейінгілердің бірі біліп, бірі білмейтін шығар, сол кездегі  еңбек майданына әйелдерді де алды. Мәселен, Чкалов қаласындағы аяқ киім фабрикасында жұмыс істеуге  өзінің туған жеңгесі Пернекүл де алынып, бейшара сол күйі хабарсыз кетті…

Өткен күндерге тағы бір қысқаша шолу жасасақ, Шырынкүл апа әуелі 1940 жылы Сұлутөбедегі бух­галтерлік курсты бітіреді. Ал Ұлы Отан соғысы басталар 1941 жылы Шиелідегі МТС-тің тракторшылар дайындайтын 3 айлық курсын тәмамдайды. Ел басына қатер төнген сол шақтарда тылдағы ауыр бейнет әйелдерге түсті. Колхоз басқармасы Шырынкүлді трактор руліне отырғызды. Уақытылы жер жыртып, дән себуі қажет. Қырман басу мен малға шөп тасу науқаны кеудесінде жаны бар кісіні құр отырғызбайтын-ды. Тыл­дағы еңбек ауыртпалығы соғыстағыдан бірде кем болған емес. Үстінде панасы жоқ жалаңаш, орындығының жанында 350 литрлік май құятын багі бар «ЧТЗ» деген трактордың тізгіні тиді Шырынкүлге. Ауыр доң­ға­лақты техниканың моторын оталдыру үшін тетікке бекі­тілген тросты күшпен тартып, іске қосу керек.  Оны өте әбжіл істемесе тағы болмайды. Бұған анау-мынау жігітіңнің де шамасы келе бермейді кейде. Жастайынан ат құла­ғында ойнайтын келіншек бұл шаруаны тез меңгерді. Тәулігіне 2-3 сағат қана демалып, колхоз жұмысында жүрді. Жұмыс, жұмыс деп жүріп, өз жағдайын ұмытып та кетіпті. Қызық болғанда, тұмса келіншек қызын босануға 10 күн қалғанда ғана тракторынан түсіпті. Онда да енесі байғұс ауданнан келген уәкілге, «Мына қатынды темірдің үстінде тусын демесең, үйге қайтар» деп өктем сөйлемесе,  тракторды шыр айналдырып жүрген Шырынкүлдің заты әйел екендігін жұрт ұмытып кеткендей де екен.

Ұрыс даласындағы от пен оқтың арасы ұстарадан бетер қылпылдап тұрады емес пе?! Апамыздан туыс үш кісі сол күйі хабарсыз кетті. Тек ері – Жұмаділда 1945 жылы, неміс басқыншыларына қарсы соғыстың бел ортасында жүрген ағасы Әбдіхалық 1946 жылы елге оралды.

Ол ері Жұмаділда майдан­нан келген соң  1947 жылдан бастап күріш егуге шықты. Алайда соғыс кезінде серік болған тракторынан да  ажырамады. Өзіне тиісті  гектар көлеміндегі жерді техникамен өзі баптап, күтуші еді. Арық-каналдарды тазалайтын, шы­лауын алатын. Нәтижесінде өнімділігі еселеп өсті. Алғаш­қы жылдары гектарына 70-80 центнерден, кейіннен 100 цент­нерден тұрақты өнім алып, Отан байлығына мол үлес қосты.

Жанкешті еңбегі жо­ғары бағаланып, әуелі «Құр­мет белгісі», кейіннен  «Ленин» орденін алған «Ком­мунизм» колхозының күріш звеносының жетекшісі Шы­рынкүл Қазанбаева 1972 жылы ең жоғары атақ иеленіп – Социа­листік Еңбек Ері атанды. Сегіз мәрте халық қалаулысы болып сайланды. 4 рет ВДНХ-ның Алтын медалін алды. Сол еңбек қарқынын төмендетпей 1980 жылға дейін колхозда жұмыс істеді. Әсия, Әсемкүл есімді қос қызын тәрбиеледі.

– Өмірге адам болып келген соң, азаматтығыңды танытатын адамгершілігіңді айшықтайтын ақ-адал іспен айналыс. Боркемік жігіттерге, бойкүйез қыздарға айтарым, жан-жағыңа қара, сілкін! Данышпан Абай атамыз айтпақшы: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» дер едім. Еліміздің егемендігінің арқасында білім алуға да, еңбек етуге де жар­қын жол ашылды емес пе?! Көзіңді ашып қарасаң, сан тарау соқпақты көресің, тізең діріл­демей, қолын былғанбай әрі қарай қадам бассаң, алдың – даңғыл, – деп еді бірде Батыр Ана.

Бұлайша нық сөйлеуінің мәнісі – еңбегімен елге еленіп, биіктерді бағындырған Шырынкүл апамыз рухани күш жинауға аса мән беретінін байқағанбыз. Төсегінің бас жағындағы жатаған үстелде қат-қат кітап, құшақ-құшақ газет-журнал жинаулы тұрушы еді. Көбі көрнекті азаматтар, қоғам қайраткерлері жөніндегі естеліктер. Мұстафа Шоқай, Шахмардан Есенов, Ыбырай Жақаев, Нұртас Оңдасынов, Дінмұхаммед Қонаев жөнін­дегі кітаптар болатын-ды. Сыр елі мақтанышының бірі – Қонысбек Қазантаев тура­лы кітаптың бірін маған сыйлағаны да бар.

Үлкен жүректі ана жан жары Жұмекеңе мұрагерлік жолмен  әйел алуға да кеңшілік жасады. Олардан бір топ бала өсіп, әулеттің керегесін кеңейтіп отырғандығын қалай айтпаймыз?! Қазір де бір-бірімен араласып, қауқыл­дасып жатады. 

Алланың назары түскен, сүйегі болат, жүрегі шуақ Батыр ана өмірден өткенше ағасының ұлы Секеннің от­ба­сымен бірге тұрды. Келіні Айжан, немерелері бәйек болып жүрді. Облыс әкімінің өтінішімен жергілікті кәсіп­керлер кейіннен қарт анаға қо­лайлы дербес тұрғын үй салып берді.

Бала кезінен зейінді Шырынкүл ана өзі жасаған ғасырға таяу ғұмырында есті сөзді құлақ түре жадында тоқып, есер сөзді кейін ысырып, жан дүниесінің айна­көлін кір шалдырмай өмірден өтті. Болаттай берік­тік, темірдей төзімділік жа­ра­тушы берген  қасиет болса, оны одан әрі  өзінің зеректігімен шыңдаған Батыр анамыз шыңға шықты, аманат жанын адалдықпен аптады, кісілікпен күптеді. Сондықтан да ол өзгелерден еңселі, ажары ашық болды.

Өскелең ұрпаққа өнеге деген – осы!

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<