Тәуелсіздік бізге аспаннан түскен жоқ. Оған жету – ата–бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған армандарының іске асуы. Тәуелсіздікке дейін қазақ халқы қай заманда, қандай дәуірде өмір сүрсе де азаттықты аңсаудан бір тынған жоқ, ел мен жерді қорғау үшін әр уақытта күресіп келді. Қазақ тарихында 380-ге жуық ұлт–азаттық көтерілістің болуы – осы айтқанымыздың дәлелі.
Өзі өмір сүрген уақытта, дәуірде қоғам мен мемлекеттің алға ілгерілеуіне адал еңбегімен, саналы іс-әрекетімен үлес қоса отырып, азаматтық жолда айтулы табыстарға жеткен тұлғалар әр кезде болған.
Мәселен, кеңес үкіметі кезіндегі саясат пен экономикадағы, өндіріс пен ауыл шаруашылығындағы, мәдениет пен білім салаларындағы туған жер мен туған елдің бақытты болашағы үшін қызмет еткен айтулы азаматтарымызды ел тәуелсіздігіне қатысы жоқ адамдар деп ешкім айта алмайды. Кеңестік үкімет, Коммунистік идеология деген мәселенің саяси жағы ғана. Атқарылған қызметтің түпкі мақсаты – туған жер мен туған ел тағдырына арналғандықтан сол кезеңде өмір сүріп, елі мен халқына адал қызмет еткен азаматтарды ұлт, мемлекет тарихынан тысқары қоя алмасақ керек.
Сондай азаматтардың, ел ағаларының бірі де бірегейі – Ержігіт Бозғұлов болатын. Көзі тірі, болса Ерағамыз биыл 90 жасқа толар еді.
Ержігіт Бозғұлов көп жылдар бойы облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңестің депутаты болды. Қазақстан Компартиясы ХІV съезінің делегаты болып сайланған. Ел алдындағы еңбегі үшін «Октябрь Революциясы», екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, «Лениннің 100 жылдығы», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игерудің 50 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Астанаға 10 жыл» медальдарымен марапатталған. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің жеті рет алтын, күміс, қола медальдарымен, «ВЛКСМ-ның жеңімпазы» белгісімен, «СССР Су шаруашылығы және мелиорация министрінің «Отличник мелиорация СССР» белгілерімен марапатталып, «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген гидротехнигі» құрметті атағын алған. Ержігіт Бозғұловтың есімі Қазақстан Республикасының Су шаруашылығы және мелиорация министрлігінің «Құрмет кітабына» жазылған. Республикаға айрықша еңбегі сіңген зейнеткер 2004 жылы Жаңақорған, 2007 жылы Қазалы ауданының, ал 2009 жылы Қызылорда облысының құрметті азаматы атақтарын алған.
Ерағаң барынша қазақы адам болатын. Қазақ болған соң қазақы болмай кім болады деп ойлаймыз ғой. Дегенмен кең жүректі, қарапайым, үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйлайтын ізеттіліктің, бірсөзділік пен кішіпейілділіктің Ерағаң болмысына біте қабысқан қасиеттер болғанын ойлап, дәл осындай ақсақалдар қазір неге жоқ, болса да өте аз ғой деп кейде қамығамыз! Тереңірек көз жіберіп қарасақ, бәрі де заманға, қоғамға байланысты-ау деп тоқтаймыз. Адамзат үшін құндылықтардың бәсі мен бағасы тым арзандап, бәрі ақшаға тірелетін болғасын адамдардың тым майдаланып, ұсақталып кетуі, қазақтың нағыз ақсақалдарының азаюы – бәрі заманнан, уақыттан. Ұлы данышпан Абай адам мен заман, қоғам арасындағы қарым-қатынасты:
«Заманға жаман күйлемек, заманы оны илемек» деп жырлады. Дәл айтқан ғой.
Көзі тірісінде ұсақтаған да, майдалаған да жоқ. Тамырын тереңге жіберген алып емендей асқақ азамат қалпында бұл дүниеден озды. Бәріне шүкір, артында жоқтайтын елі мен жұрты, бала-шағасы, дос-жарандары, әріптес аға-інілері, шәкірттері қалды. Олардың жүрегінде мәңгі сақталатынына ешқандай күмән жоқ.
Ерағаң өте бауырмал адам еді. Ағайын-туыс, көрші-қолаң, жақын-жуықтардың қуаныштарында, қайғылы сәттерінде қастарынан табылып, ақсақалдық жасап, ағалық, әкелік ақылын айтып отыратын. Ол кісі не істесе де, не айтса да шын жүректен шығатын. Айтқанын екі етпеу, ризашылығын алғанша барынша адал, жауапкершілікпен қызмет ету, әсіресе, ізінен ерген інілеріне үлкен абырой, бедел болатын.
Ерағаң жар сүйді, перзент көрді, немере иіскеді, ағайын-туыстардың арасында абыройлы, беделді болды. Бір қарағанда шүкіршілік айтып, тоқтамға келгенімізбен, 78 жыл ғана жасау, осындай заманда Ерағаң сынды асыл ағаларға тым аз көрінеді. Өмір шіркіннің бәрібір өткінші екенін ойлап күрсінетін тұс дәл осы жер…
Оның өмірден көргені де, түйгені де көп адам еді. Қайсыбір жылдары облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, марқұм Сейілбек ағамыз қашанда жақсы істердің басында жүретін әдетімен облыс ардагерлерінің басын қосып, пленум өткізді.
Пленумның күн тәртібінде «Қазақтың әдет-ғұрыптары: озығы мен тозығы» деген тақырып. Сол кездегі ректорымыз Б.Момынбаев С.Шаухамановтың өтінішімен осы пленумға баяндама жасауға мені жіберді. Басқа да кісілер баяндамалар жасады, сөз сөйледі. Пленум өте жақсы өтті. Сол кез Оңтүстік Қазақстан облысындағы су қоймасы «Көксарайды» салу-салмау мәселесінің қоғамдық талқыға түсіп жатқан уақыты болатын. Модератор С.Шаухаманов «Көксарай» мәселесіне қатысты пленумның қаулысын шығарып, жоғарыға жіберу керектігін айтып, «қарсы болмасаңыздар «Көксарайды» салу керек дегендеріңіз қолдарыңызды көтеріңіздер» деді. Залдағылардың бәрі қолдағандай болған, алдыңғы қатарда отырған Ерағаң «мен қарсымын» деп гүр ете қалды да, «50 жыл су жағалаған адаммын» деп бастаған сөзін 20 минутқа дейін созды. Бәрі дәлелді, нақты, тұжырымды айтылғандықтан ешкім қарсы болмады. Сөйтіп пленумның қаулысы қабылданбай қалды. Кейін «Көксарай» бәрібір салынды ғой.
Өз ойын тайсалмай, қаймықпай дәлелдеп жеткізген сондағы қалпы практик маманның, өмірлік тәжірибесі мол басшының, өзіне сенімді азаматтың нағыз өзі еді. Залдағы жұрттың оның сөзінен кейін сілтідей тынып, тым-тырыс бола қалуы көп жайтты аңғартса керек. Ерағаң осындай әділ, адал адам болатын. Дүниеге, мал-мүлікке, ақшаға қызыға бермейтін. Барынша қарапайым тұрмыс құрып, тіршілік жасады. Үйіндегі жиһаздар, ыдыс-аяқ, кілем-төсеніштер өте қарапайым көрінетін, жылтырақ, қымбат дүниелерге отбасының өте әуес еместігі байқалып тұратын.
Қызылорда қаласындағы інілері, 3-4 жігіт Ерағаңның қасында көп жүрдік. Ол кісі бәрімізді бірдей көріп, атымызға «жан» сөзін қосып айтып, үнемі мейірленіп, айналып-толғанып отырып-ақ үлкендіктің, ақсақалдықтың үлгісін көрсете білді. Ел тарихына, облыс өміріне қатысты қызық-қызық әңгімелер айтып, өз ой-толғамдарын әдемі, әсерлі жеткізіп отыратын.
Бір қасиеті ешкімді жамандамайтын. Жек көретін адамы болса да, оның есімін аузына алмайтын. Адамдар туралы өз пікірін айтқанда салқын сабырмен, асықпай ойланып отырып, сыздықтатып жеткізетін. Адамдарды жақсы көруі ерекше еді, құлай, елжірей отырып, айналып-толғанып жүрегінің мейірімін төге, алғаусыз, ардақтап жақсы көретін.
Көзі тірі болғанда Ерағаның 90 жылдығын елі, ағайын-туысы, балалары болып ерекше атап өтер еді, тойлар еді. Жазмыш солай, ол кісі арамызда жоқ. Жақсы ағаның есімі жүрегімде жатталып қалғандықтан 90 жылдығы тұсында көңілімдегі риясыз жақсы көру сезімін қағазға түсіруді жөн санадым.
Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<