Ерлік даңқы өшпейді

514

0

Екінші дүниежүзілік соғыста бүкіл қазақстандықтармен бірге қызылордалық жауынгерлер де Отанға берген антын адал орындап, ел басына түскен сын сағатта өз борышын абыроймен атқарып, алдыңғы саптан табылды. Мәліметтерге сүйенсек, облыс бойынша майданға 150 мың ер-азамат аттанған болса, олардың 30 мыңы елге оралмады. 

Соғыс кезінде майдандағы ерліктері үшін 20 мыңнан астам қызылордалық жауынгер КСРО орден-медальдарымен ма­рапатталса, ер­лігі мен қаһармандығы үшін 22 қызылордалық Кеңес Ода­ғының Батыры атағына ие болды. Еңбек даласында жұмыс істеген әйелдер, жасөспірімдер мен қарттардың ерен еңбектері Жеңіс күнін жақындата түсті.

Ендігі біздің парызымыз – ардагерлерді қамқорлыққа бө­леу, олардың майдан дала­сы мен тылдағы ғажайып ер­лік­терін болашақ ұрпаққа ұлық­­тап, үлгі ету. Осы орайда, Қы­­зылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі от кешіп, қан жұтқан сол бір жылдар мен аты аңызға айналған ер­лер­­дің ерлік істерін келер ұр­паққа дәріптеп отыр.  Музей қоры мен экспозициясында олар­дың суреттері мен жеке құ­жат­тары, соғыс кезінде оларға берілген ордендер мен ме­дальдар, мадақтамалар, түр­лі деректер мен мәліметтер сақ­таулы.     

Соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, Ленинград қа­ласын қорғауда көзсіз ер­лігімен үлгі болған, бірнеше ме­дальмен марапатталып, 4 рет Жоғарғы Бас қолбасшыдан алғыс алған, үш мәрте «Даңқ» орденінің иегері Кәкім Әбді­қадыров атамызды еліміз мақ­тан тұтады.

Майдандағы жеңіске тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі зор. Тылдағы еңбекшілер жо­ғарыдан берілген жоспарды орындау барысында күні-түні еңбек етті. Соғыста жауын­гер­­лер жаумен шайқасса, елде қалған азаматтар тыл жұ­мыс­­тарын ұйымдастыруда, май­данға қаржы жинауда қы­р­уар істер тындырып жатты. Май­данға ерікті түрде көмек көрсету майдан мен тылдың арасын жақындата түсті. Осын­дай Отанға адал қызмет еткен азаматтардың бірі – Қазалы ауданы, «Қызылту» колхозының төрағасы Қашақбай Пірімов. Өз дәуірінің алға қойған мін­деттерін орындауда табанды­лық, жігерлілік, қабілеттілік таныта білген Қ.Пірімов «Қа­зақстан колхозшысы» танк ко­лоннасын жасауға қаржы жинау барысында өзінің еңбекпен тапқан қаржысынан 100  мың сом  көмек беріп, замандастарына үлгі болды. 

Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен қиын күндерде елден жолданған әр­бір хат жауынгерлерге рух беріп, қайраттандырып отырды. «Туған жерді қасық қанымыз қалғанша қорғаймыз» деген сенімін шыңдады. Туған елге деген сағынышқа толы мына хаттар сол қиын күндерден сыр шертеді. 

Ақтөбе қаласында ұйым­дастырылған 101-атқыштар ди­­­визиясының политругі Сү­лей­мен Сейітов – Отан қор­ғауға өз еркімен аттанған ал­ғаш­қы­лардың бірі. Майдан даласында ерлік үлгісін көр­сеткен оның фотосуреті мен құ­жаттары музей төрінде сақ­талған.

Жарты әлемді жайлаған ала­пат соғыс қаншама шаңы­раққа қасірет әкелді. «Қара қағаз» алмаған отбасы қалмады. Сол зұлматты күндердің куә­сіндей болып сақталған, май­данда қаза болған Қара Арыс­баевқа келген «қара қағазды» көрген сайын жүрек сыздайды. 

Бұл соғыста Сыр елінің талай боздағы жеңісті жақындатуға атсалысты. Соғыстан екі қол­сыз оралып, елге келген соң бейбіт өмірде еңбек май­да­нының алғы шебінде болған асыл азаматтарымыздың бірі – панфиловшы Перне­ах­мет Ерденовтің фотосуреті мен құ­жаттары, мемлекеттік награ­да­лары музей қорында сақтаулы. 

Соғыс жылдарында ақшаның шығарылмауына байланысты халық қажетті тауарлардың бар­лығын есепті карточкамен алғаны тарихтан белгілі. Сол кезеңдерде халықтың пайда­ланған азық-түлік карточкасы  (прикрепительный талон, про­дуктовая карточка на  про­довольственные  и промыш­лен­ные товары), сонымен бірге ақша реформасы мен карточ­каның тоқтатылуы туралы 1947 жылғы СССР Министрлер Советі мен Орталық комитеттің шешімі музей залының экспо­зициясына қойылған. Бұл құнды құжаттардың барлығы өткен күндерден мәлімет береді.  

Майдан мен тылда ерлік көрсеткендер күн өткен сайын азайып барады. Бірақ олар жасаған ұлы ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Жаумен шай­қаста аға ұрпақ қол жеткізген Жеңіс кейінгі ұрпаққа аманат болып жетпек. 

 

Эльзира САҒИТЖАНОВА, 

облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<