Ерлік – тәрбиеден

1053

0

Ерлік тәрбиеден туады. Адам баласы ерлік жасайын, батырлық істейін деп ойламайды, сол сәттегі ойы, түсінігі, адамдығы, сол кезге дейін көрген тәлім-тәрбиесі оны ерлікке жетелейді. Бұл ықылым заманнан солай, ол – адам баласының пайым-түсінігінің әрекеттегі жоғары көрінісі. 

Наурыз айының 15-і күні кешкілік ақ пен қызылдың арасында Өз­гент көлінің шығыс бетінен қою қара түтін бұрқ ете қа­лады. Арада бір-екі минут өтпей қара түтін көлдің екінші тұсынан көрінді. Ақжол ауылы­нан Ақсуат ауылына кі­ре бере қалтамдағы ұялы теле­фон шыр ете қалды. Те­лефон шалып жатқан Өзгент ауылының ақсақалы Анарбек көкем екен. Даусынан асы­ғыстық байқалғанмен, қай іс­ті де байыппен шешетін кө­кем көлге қатысты болып жат­қан жағдайды, не істеуіміз керек­тігін айта бастады. 

«Бала! Көлдің аяқ жағынан шыққан өртті көрдің бе, жел ауылға қарай екен, мен өрт шыққан жаққа бара жатыр­мын. Тез қимылдамасақ бол­май­ды. Бұл не болса да қас­көй біреудің әрекеті. Көл ба­сына тез жет­кенің дұрыс» – деп ол сөзін аяқтағанша мен де автокөлігіммен «Анархан на­сосы» аталып кеткен жерге жетіп қалған едім. Осы сәт өрт енді көлдің оңтүстік жа­ғынан үш-төрт жерден кө­ріне бастады. Өрттің жану ба­ғытына қарай кім болса да атпен кетіп бара жатып от қой­ған. Осылай топшыладым да орман шаруашылығының қыз­меткері Қасымбеков Бектө­реге көлемі жүз қырық жеті гек­тарлық көлдің оңтүстік жағынан баруын өтіндім. Өрт қаупі күшті еді, егер біз тос­қауыл қойып, бетін қайтара алмасақ, бүкіл Ақсуат ауылын шарпу қаупі төнген болатын. Көл шаруашылығы менің иелігімде болғасын көп­теген таныстар болған оқи­ға туралы маған телефон шала бастады. Солардың бірі мектеп мұғалімі Тілеубергенов Шайхиддин мен үлкен ұлым Нұрсұлтанды да солай қарай жібердім. 

Көл басында Анарбек Дүй­сенов аға кездесті, түрі қа­рауытып кеткен, өрт шыққан бет­тен келгені көрініп тұр. Ел «дала академигі» атан­ды­рып жіберген, білігі мен көр­гені мол Әнекең: «Көлдің оңтүстігінен шыққан өрттен ауылға қауіп жоқ, себебі көлге келіп тоқтайды, ал шығысынан шыққаны ауылға қауіпті, қыс­тан қалған ақшеңгелі, жың­ғылы, қоғасы мен қамысы – бар­лығы қурап тұр. Алдын алмасақ болмайды. Тез қимыл­дау керек» деді.

Жалын адамды жүз метр­дей жерден маңына жолатар емес. Бар үміт – көл жағалай өс­кен қоғаның 70-80 метрдей же­ріндегі ашық алаң. Бір амал сол ашық жерден ықтан желге қарсы от қою. Сөйтіп ашық жер көлемін ұлғайту. «Менің де күшімді көріңдер» дегендей шығыстан соққан жел де өртті өршіте түсуде. Бір сәт от көл жағасындағы қоғадан жиырма шақты метр жердегі шеңгелге тиді. Енді үш-ақ метр жердегі жолдың келесі бетіндегі қалың ақшеңгелге немесе өзекті қуа­лып өскен қалың бұтаға тисе ауыздықтау қиынға түсері анық. Бұл кезде қараңғы түсе бастаған еді. Жанталаса іске кірістік. Байқасам, қасымда шалт қимылдап өрттің келесі бетке өтуіне жол бермей он бес-он алты жас шамасындағы бала жүр. Әне­кең: «Жолдан әрі өткізбейік, топырақ шашыңдар, топырақ шашыңдар!» деп жатыр. Осы кезде қолына күрегін алып ауыл мектебінде музыка пәнінен сабақ беретін Әбен Әбшенов ағай да жетті-ау. Өрт­тің арғы бетке өтуіне жол бер­мей өшірген тұста жел де бәсеңдей бастады. Сол жер­дегі төрт-бес адам «Ууһ» деп демді бір-ақ алдық. Әл де құрыған, жер ыза болса да, қисая кеттік. Әлгі жас бала­дан «Кімнің баласысың?» десем, Әнекең: «Әй, Әлия қызым­ның ұлы, өзіңнің жиенің, ме­нің немерем ғой» деді таны­майсың ба дегендей таңырқап. Сол кезде барып мен оның ауылда «Елгезек, тілалғыш» деп жақсы жағынан аты шығып жүрген №245 жалпы орта мек­тептің 9-сынып оқушысы Тас­болатов Ернұр екенін білдім. «Ұлы даланың жеті қыры» атты республикалық іс-шарада үйдің сызбасы мен макетін қоғадан жасап, 1-2 орындарды, қос жүлде ұтып алған дегенді сынып жетекшісі Беркімбаев Бауыржан ағайы­нан еститінмін. «Е…Әнекең тәлімінің жемісі екен ғой. Әйтпесе, үлкендермен бірдей өртпен күресіп, күйе-күйе бо­лып, жалынға шарпылып, ауыл үшін отқа түсе қояр деймісің» деп ойладым.

Өрт қойып елді шулатқан белгісіз адам заң алдындағы жауаптан құтылғанмен, «Ол да Құдай пендесі, түспей қояр деймісің Алланың құр­ған те­зіне» деп ұлы Абай айт­қандай, ар жазасынан құтыл­масы анық. «Ауыл үшін күрес» деген сөздің Отан үшін күрес екенін талай әскери қақтығысты бас­тан өткеріп, оны түсінген­мен, кейбір жандардың бұған немқұрайды қарайтынын бі­лемін. Ал сондай қиын сәт­те, жігіттің жігіттігі сынға түскен мезетте тайсалмай, бет шарпыған жалынға қарсы тұра алған Ернұрға рахмет айта отырып, батырлыққа бейбіт кезде де орын бар деген рас екен-ау деген ойға келдім. 

Орынбек АСЫЛБАЕВ, 

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<