Халқына қорған болған балуан

429

0

Халқына қорған болған балуан Мемлекет  және қоғам қайраткері Қазақстанның білімі мен мәдениетінің, экономикасының өркендеп өсуіне өлшеусіз үлес қосқан, Орта Азия елдерінің дамып, қалыптасуына еңбек сіңірген Темірбек Жүргеновті танып-білуіміздің аясы жыл сайын кеңейіп келеді.

Ал сол бір зұлмат жылдары Қара әулетіне және олардың туыстарына  басын бәйгеге тігіп қол ұшын берген, сол үшін  де «халық жауы» атанып, жиырма жыл Сібірде өткізген Тереңөзек, Жалағаш аудандарының құрметті ақса­қалы болып, өмірден өткен Сейіткерей Ұсабаев жайлы білеріміз аз.

Ол – Ақмешіт уездік комитетінің хатшысы, Қызылорда, Қармақшы, Шәу­ілдір, Ырғыз аудандары атқару коми­теттерінің төрағасы болған азамат.

1984 жылдың маусым айы, ол кезде мен «Аққұм» кеңшары партия комитетінің хатшысы болатынмын. Жаздың жадыраған бір күні, сәскеге таман кеңшар директоры Сейітнәби Мұ­қашев, бүгін ауылға Сейіткерей ақса­қалдың келе жатқанын айтты.

– Сен ол кісіні білесің бе? Өмірінен хабардарсың ба? – деп сұрай бастады. Мен де білемін деп жауап қайтармай, Сейіткерей әкемді алғаш көргенімді еске түсірдім.

Бала кезімізде қазіргі Бұқарбай батыр ауылы тайлы-таяғы қалмай көк­темде дария бойындағы «Ақшығанақ» деген жерге жайлауға шығатын. Күріш отағынан оралған бір топ бала суға түсіп жатыр едік, ішіміздегі ересек біреуі бүгін ауылға ұзақ жылдарға сотталып кеткен бір кісі түрмеден босанып, елге сәлем беруге келе жатқанын айтты. Оның сөзіне онша мән бере қоймаған мен үйге келсем, күн шықпай колхоздың жұмысына кететін әкем, тойға баратындай барын киіп, бір жаққа жүретіндей дайындалып жатыр екен. Менің оқыс таң қалғанымды сезіп, әкем: «Түрмеден босанып Сейіткерей деген әкең келе жатыр. Сол кісіні  паромнан күтіп аламыз. Дүйсенбай әкеңнің үйінде қонақ болады», –  деді. Дүйсенбай – кезінде колхозда төраға, ферма меңгерушісі болған, әкемнің туған ағасы. Сонымен үлкен кісілердің соңына еріп, паромға бар­дық. Дарияның арғы бетінен  бір топ аттылы-жаяулы кісілер бергі жағына өтті. Ішінде ұзын бойлы, ат жақты, ақсары, ақ китель, ақ шалбарлы, сұлу кісі басқалардан өзгеше болып, ха­лықпен құшақтасып амандасып жатты. Сейіткерей Ұсабаев әкеміз осы кісі екен. Қасында елдің құрметті ағалары Сәдуан, Сейтен, Шоңбай, Абыт, тағы басқалары бар.

Кеңшар басшысы Сейітнәби Мұқа­шевтің сауалына орай көз алдымнан осы оқиға тағы бір көлбеп өтті. 

Біздер қонақтарды күтіп алып, шақырған үйге бірге бардық. Дайын­далған үйде Сейіткерейлермен бірге Тайман қари, Исахан Мұстаяпов, тағы басқа төрт-бес үлкен кісі болды.

Отырыс көңілді басталып, Сәкең Мұқашев ағамыз түрлі тақырыптардан әңгіме қозғады. Сейітнәби аға өзі  тарихшы және әңгімешіл болғандықтан, әңгіменің төркіні Сейіткерейдің өмір жолы, сол жақтағы өмірінен деректерді білуге бағытталып, сұрақтар қойып отырды. Ол кісі маған қолпаштау мен мақтануды сүйе бермейтін, сөзге сараң, аз сөйлеп, сұраққа нақты жауап беретін, тұйық мінезді, сабырлы адам болып көрінді. Мен оған бұл қасиетті өмірдің өзі үйреткен-ау деген ойда болдым.

Кенет Сейітнәби аға: «Сейіткерей аға, жас кездеріңізде өңірде екі адамның қолы жете бермейтін ескіше де, жаңаша да  мектептерде оқып, білім алып, жауапты қызмет атқардыңыздар. Білуімше, сіз 1934-1935 жылдары Алматыдағы марксизм-ленинизм курсында оқып жүргеніңізде Т.Жүргеновпен сыйлас­тықта болыпсыз. Ол кісі ұсталып кет­кенде де Ырғыз ауданындағы Қараның әулеттері мен туыстарының елге оралуына көмек беріпсіз. Бұл туралы ол кісінің ағайындары жақсы біледі» деп қалды. Мұндайды күтпеген Сейіткерей ақсақал әлі де бұл тақырыптың жабық екенін ескерткендей, бойын тіктеп алды.

– Халқының жарық жұлдызындай болған Темірбекті нақақтан-нақақ «халық жауы» деп атса, елдегі мына Тай­ман қариды молдасың деп қуда­лады. Мені  сонау Ырғыз  аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметінде жүргенімде «халық жауы», Т.Жүргеновтің әулетіне көмектесті деп айыптап, жиырма жылға соттап, Сібірге айдады. Тұз-дәмім таусылмай елге оралдым. Сол кездері атылып кетпей, бүгін сіздердің орталарыңызда отырмын. Бұған тәубә деймін, жігіттер, – деді. Әңгіме осымен бітті дегендей сыңай білдірді. Сәкең де ақсақалды мазалауын доғарды.

Арада көп жылдар өткеннен кейін облысқа белгілі  абзал азамат, ауыл шаруашылығының ұтқыр ұйым­дастырушысы болған Өмірзақ Тұң­ғышбаев ағаға Сейіткерей Ұсабаев туралы осы бір әңгімені айтқанымда,  ол кісі ақсақалды жақсы білетінін жеткізді.

– Өзің білесің, Темірбектің әкесі Қара ауқатты адам болған. Ол кездері ауқатты адамның маңына ағайын-туыстары жиналып тіршілік жасай­тын еді. Атақоныс Жаңадария бойында болғанымен, малдың жайылы­мына бай­­­­ланысты аталарымыз Қарақұм, Арал жағалауы, Ырғызға дейін көшіп-қонып жүрген. Кей жылдары сол жақта қыстап та қалған. Оның үстіне аты­шулы Қарақұм көтерілісінен кей­ін біздің әулеттің азаматтары да сол жақтағы ағайындарға барып, бой тасалаған сияқты. Сонымен Т.Жүргенов бауырымыз ұстал­ғаннан кейін НКВД тапсырмасымен оның  туыстарын жа­залау жүргізілген. Осы кез­дері Ырғыз аудандық кеңес атқару  комитетінің төрағасы, жерле­сіміз Сейіткерей Ұсабаев болған, – деді Өмекең.  

Осындай тықыр-таяң кезең сол кездегі сәби Өмірзақтың ата-анасына да жақын қалыпты. Шешесі сәбиін бауырына қысып, төраға Сейіткерейге жолығып, құтқаруды, елге кетуге кө­мек­­тесуді сұрайды. Жағдайдың барлы­ғына қанық төраға өзінің басын бәйгеге тігіп, Өмекеңдердің отбасына және туған-туыстарына: «елдеріне кетіп бара жатқан босқындар, саяси қыл­мыстарға қатысы жоқ» деген анықтамаға өзі қол қойып, астыртын жолбасшы жіберіп, теміржол беке­тіне дейін шығарып салып, поездға отыр­ғызып жіберуді тапсырады. Тапсырма төраға күткендей болып орындалады. Өмекеңдер аман-есен Сыр бойы­на, ата-қонысына келіп қауышады. Арада аз уақыт өткенде төр­аға Сейіт­керей Ұсабаев «Халық жауы­ның құйыр­шығы» деп ұсталып кетеді.  

Он сегіз жыл Сібірдің қақаған аязын­да ағаш кескен Сейіткерей ақта­лып, партиялығын қалпына келтіріп, Тереңөзек аудандық кеңес атқару коми­тетінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарып, зейнетке шығады. Сыр ананы тең еміп жатқан Тереңөзек, Жалағаш аудандарының құрметті ақсақалы, елдің тілеуқоры болып жүрген ша­ғында ақсақал «Ақсу» кеңшарына тойға келеді. Сейіткерей бастаған кісілерді той иесі, көршісі, кеңшар директоры Өмірзақтың үйіне кіргізіпті. Сол жерде арада көп жылдар өтіп кетсе де Өмекеңнің анасы Сейіткерейді танып, құшақтасып көрісіпті. Сондағы құндақтағы бала деп, Өмекеңді де таныстырады. Той аяқталғаннан кейін Өмекең ауылдың үлкендерін үйіне шақырып, Сейіткерей ақсақалға қо­нақ асын беріп, сый-сыяпат көрсетіп қайтарады.

Жақсының аты өлмейді, халқына жасаған жақсылығы мен еңбегі өшпей­ді. Темірбек сияқты жарық жұлдыздай тұлғаның туыстарына шапағаты тиіп, бір әулетті зобалаңнан аман алып қалған қайраткердің есімі қай дәуірде де жаңғыра бермек.

                           

   Рысбай КӘРІМОВ, 

Қазақстан Журналистер 

одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<