Ісі мен ізі өшпейді

2400

0

Өмірге келіп-кетудің арасындағы қамшының сабындай қысқа ғұмырды Алла тағала пендесіне сынақ үшін берген деген тәмсіл бар. Сол ғұмырында жұмырбасты пенде өзін жақсы жағынан көрсете алды ма, айналасындағы  жандардың жадында қаларлық іс тындырды ма деген сұрақ көкейде тұрады. Артына өшпес із қалдырған жанның бірі Қайрат Смаилов еді. Жарық дүниемен қош айтысқанына да үш айдың жүзі болды.

Қайрат Қыстаубайұлы 1974 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Бала күнінен білімге құштар болып өсті. Қаладағы кооперативтік техникумға түсіп, «Тұтыну қоғамдарында коммер­циялық шаруашылықты ұйымдастыру» мамандығы бойынша бітірді. Білімін одан әрі жетілдіру үшін  Қызылорда агро­өнеркәсіп өндірісі инженерлері инс­­титутында «Экономика және ме­недж­мент» мамандығын алып шықты. Сонымен қатар Қызылорда мемлекеттік университетінде оқып, жоғары білім алды.

Алғашқы еңбек жолын «Береке» ЖШС сатушы болып бастады. Одан әрі қалалық қаржы бөлімінде жетек­ші маман, бас маман, облыстық эконо­мика және бюджеттік жоспарлау депар­таментінде жетекші маман, бас маман, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масында бас маман қызметтерін абы­роймен атқарды. Соңғы уақытта об­лыс­тық экономика және бюджетті жос­парлау басқармасында бас маман, бө­лім басшысы қызметтерінде болды. 

Үнемі жақсы жағынан көрініп, игі істер атқарған азаматтың есімі ұмы­тылмайды. Қайрат үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен жаны жайсаң, ақкөңіл де елгезек, рухы биік, дара азамат еді. Оның ерекше қасиеттері – көпшілдігі, адалдығы, ісіне деген жауапкершілігі мен тиянақтылығы көпке үлгі болды. Ортасына сыйлы, жаны жайсаң азамат өзінен кішіге білген-түйгенін, ағалық кеңесін айтатын.

Ол облыстың экономика саласының өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосты. Жемісті еңбегінің нәтижесінде бірнеше рет облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Оның әлі де талай істің бастамашысы болып, ел игілігіне, саланың дамуына еңбегін сіңіретіні анық  еді. Амал қанша, «Адамның көздегені емес, Алланың өз дегені болады»  деген осы. Айналасына адамгершілік нұрын шашқан, адамдық пен адалдықтың үлгісі болған Қайраттың жарқын бейнесі  мен үлгісі ұмытылмайды.

Фарида АББАСОВА,

облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім бастығы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<