Ізгілік ізі өшпейді

1295

0

Ана мен бала денсаулығы – ұлт байлығы. Мемлекеттің жарқын күні, халықтың баянды болашағы ана мен бала денсаулығына тікелей байланысты. Демек, осы салада тер төгіп, ұлт саулығына ғұмырын арнаған жандардың еңбегі өлшеусіз. Ана бақытын алғаш сезінген талай нәзік жандардың қуанышымен бөлісіп, шыр етіп дүние есігін ашқан сәбилердің кіндік шешесі атану да екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Ақ халатына дақ түсірмей өткен сондай абзал жандардың бірі – Гүлбибі Райымқұлова еді.

Гүлбибі Байсеркеқызы Жа­ңа­қорған ауданы, Бірлік ауылында дәрігерлер отбасында дүниеге келген. Еңбек жолын Тасбөгет кентіндегі перзентханада акушер болып бастаған ол 40 жыл ме­дицина саласында қызмет етіп, халықтың алғысына бөленді. Өмірін жастарға жол көрсетіп, ұлт саулығына қатысты өз тә­жірибесімен бөлісуге арнаған аб­зал жанның бүгінде орны ой­сырап тұр…

– Тумысы бөлектердің тағ­дыры да бөлек екендігі қашанда ерте сезіледі. Осы қағида қа­дірі қимас достарыңнан көз жа­зып қалғанда, жалған дүние ал­дында еркіңнен тыс тосылып қалады екенсің. Әріптесім әрі замандас, тағдырлас досым Гүл­бибі Райымқұлова жайлы суық хабарды естігенде, осындай күй­де болдым. Мен үшін Гүлбибі көп достарымның бірі ғана емес, бірегейі еді. Оның өмір жолы күтпеген тұстан ерте үзіледі деп кім ойлаған? Ауыр хабар сол сәтте санамды суытып, жанымды күйзелтті. Қара жерді қарыштап басып, бірге өткізген көп күндер, әріптестен достыққа ұласқан жас­тық шақ, жұмыстың ыстық-суығын бірге көрген көңіл-күйім толқып, санам сапырылысып кетті.

Ол тумысынан ерекше жан болды. Ұжымға алғаш келген күннен бастап өзінің тынбайтын еңбекқорлығымен, мұнтаздай та­залығымен, өзгелерге деген жанашырлығымен ерекшеленіп еді. Оның болмысының бөлектігі мен даралығын шыққан тегінен жұғысты болғанын көзіне айт­пасам да, іштей мойындап, сезі­нетінмін. Құрбым еңбек етіп отырған ұжымын айрықша қадір тұтатын. Әрдайым әріптестеріне ұжым үшін аянбай еңбек етуді ісімен де, сөзімен де насихаттап отыратын. Өмірді сүюді, айна­ладағы әдемілікті бағалауды мен Гүлбибіден үйрендім. Сабырлы дауысымен сөйлеуі, асықпай жа­сайтын берекелі тірлігі мен үшін ғана емес, ұжымдағы қыз-келіншектерге де үлгі болатын. Медицина саласында осындай мейірімді де таза жандар қызмет етуі керек деп ойлайтынмын.

Ерекше есте қалғаны – біз­дің емхана ұжымы бір жылда Гүлбибінің үйіне кемінде екі рет қонақ болып баратынбыз. Сонда Гүлбибінің дастарқанынан Аралдың балығы, түйенің өр­ке­ші, Қармақшының шұбаты мен Сырдарияның қымызы үзіл­мейтін. Тіпті Гүлбибі бәрінің қайдан әкелінгенін, ол тағамның құрамын, ағзаға тигізер пайда­сын түгел айтып бере алатын. Сондай-ақ дастарқан басында жарқын әңгімелер айтылып, әзілмен қалжыңдасып отыратын­быз. Жолдасы – Кеңес – ме­нің күйеуіммен сыныптас. Гүл­би­бі­нің пейіліне сай отағасы да жора-жолдасқа бай, қолы ашық, кең адам деп айтар едім. Кеңес пен Гүлбибінің жақсылығы ағайын-туыс пен достарының арасында әлі ұзақ айтылады деп ойлаймын.

Амал қанша, аяулы құрбым­ның барша адамзаттан қонысын бөлек салғанына да, міне, жыл болды. Оның жан тазалығы, бол­мыс-бітімі, отбасына қандай қадірлі болса, ұжымына да өшпес өнеге, үлгі болатынына сенемін. Ізгіліктің иесі, жақ­сылықтың киесі болған аяулы досымды мен де ұмытпаймын, – деп еске алады әріптесі әрі замандасы Әсем Байқадамова.

Адам өмірінің қорғаушысы атанған медицина саласы ерік-жігермен қатар жан жылытар мейірімді де қажет етеді. Ауыр­ғанда шипа іздеп алдына барған кез келген науқасқа қолдау біл­діріп, тіпті кейде оларға екін­ші өмір сыйлайтын жандар­дың қатары көп емес. Саналы ғұмы­рын осы бір қиын салаға арнаған жан тек қыз­мет­те ғана емес, отбасының да ұйытқысы бола білді.

– Табиғат әйелге былай дей­ді: қолың­нан келсе, сұлу бол, қа­ласаң, дана бол, ал саналы, ақылды болуға сен міндеттісің. Бұл қасиеттің барлығы менің бауырымның бойынан табылды. Оның сұлулығы мен даналығына, ақылы мен парасатына еш­кім шүбә келтірмейтін. Қиындығы мен қуанышы қатар жүретін медицина сала­сында еңбек ете жүріп бала тәрбиесі, бауырға деген қамқорлығынан еш танған емес. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» емес пе? Гүлбибі де ізгілік атаулының барлығын бойына жинап біздің жол көрсетер бағдаршамымыз бола білді. Ол 4 баласына сапалы білім, саналы тәрбие беріп, жо­ғары білім алуына жағдай жаса­ды. Келін түсіріп, немере сүйіп, тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтеректей әулеттің анасына айналды. Оның жарқын бейнесі туған-туыстарының ғана емес Тасбөгет халқының жүре­гінде десек, артық емес шығар. Себебі, «Баламның кіндік шешесі еді» деп көңіл айтып келген халықта есеп болмады. Бес күн жалған өмірде артыңа өшпестей із қалдырып, дүниеден өтсе де алғысын жаудырып жатқан жұрт­тың ниеті жанымызға медеу болды, – дейді бауыры Бейбітгүл.

Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – адамгершілік айнасы. Өмір жолында осындай құндылыққа кір келтірмеген асыл жан біздің мәңгілік жадымызда.

Ербол БЕКЕНОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<