КӨПКЕ ҮЛГІ КЕЛЕЛІ ІС

301

0

Шиелі кентінің ардагерлері биыл ерекше бастама көтерді. Егін егіп, жұртқа үлгі көрсетуді ойлаған олардың өтінішіне сай аудан әкімі Әшім Оразбекұлы ерте көктемде арнайы жер бөлуге тапсырма берген болатын-ды. Осы шаруаның басы-қасында жүрген кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдішүкір Батырбаевтың басшылығымен 9 гектар жер айдалып, арықтары тартылып, 44 ардагерге бірдей бөлініп беріледі. Көп ұзамай, өздерінің қалауынша түрлі дақылдарды орналас­тырып, күтімге алды. Арасында жұмыла жүріп, мал түспес үшін қора да жасауға үлгерді. Нәтижесінде бірінің қызанағы мен қияры ерте өнім бере бастаса, көп ұзамай сарыала әңгелек пен қауын-қарбызы да өздерінің тұтынуларына жарады.
Ардагерлер Алдан Бәйімбетов, Қали Дүйсеманов, Әйтен қажы өз тәжірибесімен бөлісіп, өзгелерге жөн көрсетуден ерінбеді. Бақшалықтың бір бөлігіне ардагер, Шиелі ауданының құрметті азаматы Болат Медетбеков те кетпен салған еді, сексеннен асқан қарияның бұл ісін үлкен ұлы Серік жалғастырып алып кетті. Өйткені, биылғы шілденің аптап ыстығы қарт кісіге қиындау тиіпті.  Сондықтан дақыл күтімін міндетіне алған ұлы өз  қызметінен соң, дала алқабында ұтымды жұмыс істей білді.
– Бақша өнімін апарғанда немерелерімнің қуанғанын айтсаңызшы, егін егуге қамқорлық танытқан аудан әкімдігі мен кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбекеңе рақмет!  Шіркін, дала жұмысы жақсы ғой,  шаршағаның басылып, көңілің жадырайды, – дейді байырғы су маманы Жүзен Қоңқаев. – Менің жанымдағы Олжас деген жігіт те бейнеткеш екен, дақылдары жайқалып тұр. Қуана қараймыз.  
– Жуырда аудан әкімі арнайы келіп, бақшалықтың жұмысымен танысты. Өнімнен дәм татты. Алдағы жылы бұл шаруаны кеңейтуге кеңес берді. Басшының ыстық ықыласына ардагерлер риза болып қалысты, – деп өз пікірін білдірді 78 жастағы Әбдішүкір Батырбаев ағамыз.
Иә, зейнетке түрлі саладан шыққан ардагерлер қол қусырып отырмай, осылай дала төсінде еңбек етуде. Бұл – өнеге көпшілікке ой салуы тиіс оңды іс. Олардың ойынша, кетпен шабу – дүние табу ғана емес, сергектік кепілі.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<