Көз шырағы сөнсе де, сөз шырағы сөнбеген

1027

0

Өмірдің  бұлтартпас соқ­пақ­тары, тіршілік түйткілдері кезінде ел-жұрты ардақтаған, тиісті бағасын берген өнер иелерінің есімдерін кейде елеусіздеу қалдыратыны  бар.

Бүгінгі әңгіме арқауында өнер иелері, ағайынды Бекен, Махан Берлібекұлы жайлы аз ғана өмірдерек пен  өнердегі шығармашылығы жайлы көп­шілікке мағлұмат етуді жөн көрдік.

Бекен 1882  жылы,  Махан 1900 жылы сол кездегі Қазалы уезі Қуаңдария  болысы, бүгінгі Қармақшы ауданында дүниеге келген. Әкелері Берлібек өз  дәулеті өзіне жетерлік, сөзін айта да, тыңдата да алған еліне сыйлы кісі болыпты. Бекен мен Махан арабша, латынша оқып, жаза білетін сауатты, ораза-намазын қаза қылмаған, мұсылмандықты берік ұс­тан­ған кісілер екен. Бекен атамыз кейінірек Қар­мақ­шы­ның ­«Ана­баз» ме­кемесінде жұ­мыс­шы-бри­гадир болып 1952 жылға дейін қызмет атқарған. Жасынан домбыра тартып, жыраулығымен, күй­ші­лігімен өз жанынан өлең шығаратын ақындығымен  ай­­­наласына  танымал  бола  бас­­тайды.  Атамыздың  кө­зін  көр­гендердің  айтуы  бо­йынша, өлеңді жағымды, май­да қоңыр даусымен әр­түрлі мақаммен  нақышына келтіре орындайтын болған. Арасында күй де шертіп қояды екен. Ауылішілік  жиын тойларда, астарда  Бе­кенді  арнайы  алдыртып, таң  атқан­­ша  жырлатқан. Атақты ша­йыр Тұрмағамбетпен құр­дас, сыйлас болып, бір-бірін ере­кше бағалаған. Осы сый­ластықтың әсері болса керек, Бекен 1930 жылы туған жалғыз баласының атын Тұрмағамбет деп қойған.

Сыр  бойында бір дәулетті кісінің Бибіш атты қызы жасы жиырма төртке  келгенше ұлша  киініп, «мен қыз емес­пін, күйеуге шықпаймын» деп айттырған  жерге бар­май қояды. Қыздың әкесі Тұр­мағамбет ақынға өтініш етіп: «Осы  қызыма бір-екі ауыз өлең шығарып көндіріп бер, ол өлеңді орындайтын  құрдасың Бекен болсын» дейді. Осы өтінішпен Бекен атамыз он шумақ өлеңді жаттап, көпшілік алдында орындайды.

Өлең  орындалып  бол­ған­нан кейін қыз келсімін беріп, айттырған жеріне  ұзатылады. Бұл өлеңнің мәтіні 2003 жылы баспадан шыққан «Сыр сүлейлері»  жинағында бар.

Інісі Махан Бөбек (Пірма­ғамбет) деген баласын Тұрма­ғамбетке серік болсын деп ағасына береді. Сол бала төрт-бес жасынан әріп танып, айналасы бір жылда орысша-қазақша жүргізіп оқып, есеп шығаратын дәрежеге жеткен. Осындай өзгешелігінен Бө­бекке алты жасында көз тиіп қайтыс болады. Бұл Бекен атамызға ауыр соққы болып, осыдан кейін өлең айтуды қойып, тек  оңаша өзі ғана домбырасын алып, гөй-гөй сарынмен ыңылдап жататын  болған. «Бөбегім» атты күй де шығарған. Бұл күйдің негізгі  желісін  Бекдәулет  ағамыз аздап білетін. Бірақ бастан-аяқ нұсқасы есінде қалмағанын  мойындайды. Бекен атамыз көбіне Балқы Базардың, Шегебайдың, Тұрмағамбеттің  дастан-термелерін  орындаған.  Таспада  өлеңдері  қалмаған.

Махан Берлібекұлы Көк­төбе (Қармақшы ауданы) деген  жерде  дүниеге келген. Он алты-он жеті жасында Әб­дікәрім Жүсіпбаевтан дәріс алып, арабша-латынша сауат ашады. Домбыра ұстап жыр айтуды жиырмаға жақындаған жасында бастаған. 1927 жылы «Жаңа-тілек» артелінің ұйымдастырушысы, мең­ге­рушісі болады. 1940  жылы Ақтөбе қаласындағы колхоз басшыларын дайын­дайтын біржылдық крусты бітіреді. Өзі айтулы аңшы, мерген болып 1932-1933 жылдардағы алапат аш­тық­тан отбасын, ағайын-туыс­та­рының біразын аман алып шыққан. Мергендіктің арқасында 1941-1945 жылдары  со­ғыс­тан аудандық әскери ко­миссар Жантасов деген кісі броньмен алып қалып, соғыс аяқталғанша аңшылар тобының бригадирі болады. 1945 жылдан бастап мал фермасының бригадирі болып жүргенде  өз ағайындарының жалған арызымен 10 жылға  түрмеге  қамалады. 1954 жылы ел-халқына аман-сау оралып, колхоздың сиырын бағып, 1961 жылы екі көзі бірдей көрмей қалғасын «Карл Маркске» (қазіргі Алдашбай ахун ауылы) көшіп келіп, отбасында отырып қалады.

Махан көкеміздің көзін көріп, әнін тыңдағандардың айтуы бойынша, оның жыр қоры өте бай болған. Жыраулық мақамы да өзгеше, дауысы ашық болған деседі. «Қыз Жібек», «Алпамыс» хиссаларын, «Тақ Сүлеймен», «Жарлы  тәліп», «Ұры қарға», т.б. көптеген дастандар мен Балқы Базар, Ешнияз сал, Тұрмағамбет, т.б ақын-жырау­лар­дың термелерін жатқа біл­ген. Ертерек  жас­тау кезінде ас, жиын-той­ларда Рүстембек, Ібаш, Махан – әрқайсысы бөлек-бөлек ті­гіл­ген үйлерде таң атқан­ша жырлайтын бол­ған. Өз жа­нынан өлең шыға­ратын ақындығы да бар.

1973 жылы филиология ғылымдарының докторы Рах­манқұл Бердібаев Махан көкеміздің үйіне арнайы ат басын бұрып, біраз әндерін, шығармаларын тыңдайды. Ол кісі осы кездесу жайында облыстық «Ленин  жолы» газетінде жарияланған кө­лемді мақаласында: «Махан жыраумен кездесу – мен үшін үлкен жаңалық. Әсіресе, екі көзінен қалып, жарық дүниені бір көруге зар тағдырға налып шығарған өлеңдері ерекше жан тебірентерлік оқиға бол­ды» деп келтіреді. Ғалым осы мақала  желісін «Жамбыл және қазіргі Қазақ поэзиясы» деген кітапқа түсірген.

Махан  ақсақалдың  көз­ден  қалғаннан кейін шы­ғар­ған өлеңдерінен бірер шу­мақ мысал етейік, соның бірі ақынның құрдастарына ар­науы:

Құрдастың көрсем жүзін

қырау басқан,

Әзілі кезектесіп

мың алмасқан.

Сол күні домбыра алып

дүр сілкініп,

Төгер ем шабытпенен

біраз дастан.

Көре алмай көңіл орта

ескегімді,

Ерлерді еске алдым

ескерімді.

Сабырлық сабасына

ой бөлейін,

Нәзуіш,  қалыңдау сал

бөстегімді.

Махан жырау 1961 жылы көзден қалғаннан кейін үйге келген  қонақтардың, қатар замандастарының өтінішімен ғана домбырасын алып, өлең  айтатын болған. Кей-кейде шабыттанып дүр сілкініп кетуші еді дейді. Шығарған өлеңдері баласы Бекдәулеттің, немересі Маринаның архи­вінде сақтаулы. Шағын тиражбен жеке кітап етіп бастыруға дайындау үстінде екен.

Махан  жырау 1974  жылы 74 жасында қазіргі Алдашбай ахун ауылында  дүниеден озды. Қазақ халқының тіл, дін, рухани қазыналарын тереңнен гауһар тергендей жинақтап, рухани байлығымызды есе­леген тума талант иелерінің есімдері мен шығармаларын болашақ ұрпақтың игілігіне ұсыну, аманаттау – баршамыз үшін парыз.

 

Амандық БҮРЛІБАЕВ,

К.Рүстембеков атындағы

жыраулар үйінің директоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<