МЕМЛЕКЕТТІК ДУМА ЖӘНЕ МҰСТАФА ШОҚАЙ

1950

0

  Ежелгі көрші Ресей мен Қазақстан қарым- қатынастары туралы сөз еткенде кешегі патша өкіметінің отаршыл саясатынан қайшылықты жағдайлардың болғаны тарихтан белгілі. Бұл көбіне билік жүйесінің саясатынан туып жатты. Дегенмен, екі халықтың арасында жаңаша  байланыстың, әрісі Батыстың, берісі Ресейдің озық  мәдениеті мен ғылы­мының қазақ қоғамына игі ықпалының да болғанына көз жұмуға болмайды. Өткенге ой жібергенде Ресейде оқып, қызмет еткен қазақтың талай ардақтылары елінің ілгері жылжып, жаңаруына өлшеусіз үлес қосты. Бұған тарих та, бүгінгі күніміз де куә. Міне, осындай тұлғалардың бірі, Алаш қозғалысының оңтүстік қанаты – Түркістан ұлт­азаттық  қозғалысының жетекшісі Мұстафа Шоқай болатын.
Шынында да, Мұстафа Шоқайдың күреске толы ғұмырының алғашқы қа­дамдары сол кездегі Ресейдің бас қала­сынан бастау алды. Бас-аяғы 6-7 жылға созыл­ған Ресей орталығындағы кезең тәлім алатын, кейін әлемге танылған тұлғаның өмірінде ерекше із қалдырған өткен жолы еді.
Мұстафа Шоқай, ең алдымен, терең білімге ие болды, сонан соң сол кездегі орыс қоғамындағы демократиялық үрдістерді бойына сіңірді. Оның әлеу­меттік-саяси санасының өсе түсуіне және қоғамдық күрес сахнасына шығуына Ресейдің  орталық аудандарында бірінші орыс революциясынан кейін құрылған саяси партиялар мен қозғалыстардың бағдарламаларымен жете танысуының, сол кездегі империя орталығында орын алған күрделі саяси оқиғалардың әсері мол болды. 1933 жылғы «Есімдегілерден… (Ресейдегі түрік студенттер өмірінен) атты мақа­ласында  Мұстафа Шоқай Ресейді реакция жайлаған 1910-1914 жылдары саяси бой көрсетулерге шық­қанын, көшелерде демонстрациялар жасап, студенттер арасындағы сая­си қозғалыстар ортасында болғанын жазған еді. 1912-1913 жылдардағы Түрік-Балқан соғысы кезінде патша үкіметінің славяншылдық саясатына наразылық білдірген шерулерге қа­тысып, Түркияны қолдауға белсенді ат­салысады. Өзінің түркістандық досы Садық Өтегеновпен бірге Түркия ел­шілігіне қаржылай көмек  те көрсетеді.
Мұстафа Шоқай студент кезінде-ақ өз халқының басынан кешіріп отырған жағдайды жақсы білді, сонысымен қазақ зиялы қауымына таныс болды. Ол бір топ студенттермен бірге 1913 жылғы ақпанда Орынборда шықпақшы болып жатқан «Қазақ» газетіне қуаныштары қойындарына сыймай, басылымның «қадамы қайырлы, бауы берік, өмір жасы ұзақ болып, мақсұтқа жетпегіне тілектестіктерін» білдірген болатын. Сонымен қатар хат иелері қазақ жұр­ты үшін аса маңызды екі мәселені кө­терді. Оның бірі – «Қазақ» газетін «бір жағадан бас шығарып, бір ауыздан сөз  шығарып, жас та болса бастай көріп, халық ортасына «қарақшы» қы­лып, әркім шын көңілімен батасын беріп, халінше не көмегі болса тигізіп тұру. Өз сөздерімен айтқанда,  қол­­қалары мынау: «Қазақ» газетіне «қаламменен жәрдем бере-тұғын мұ­сыл­манша оқыған құрбыларымыз бір нәрсе жазғанда басқа әріп, фарсы, но­ғай қарындастарымыздың (қандас­тары­мыздың деген мағынада – Ә.Б.) сөз­дерін; орысша оқығандарымыз орыс, яки, басқа Еуропа жұртының тіл­­дерін орынсыз көп кірістірмей, өзі­­­міздің қазақтың нағыз қара тілі­мен жазып тұрса, «Қазақ» қалың жұр­тымыздың оқып тұруына оңды, түсі­німді болар» деген пікір білдіріп, осы­ларды бас редактордың әрқашан на­зарында алып жүруіне тілек айтқан еді. Осыдан кейінгі Петербургтегі түр­кі жастарының «Сиратель-Мустаким» (Тура жол) жақтаушыларының жаңа әрекеттері туралы» үндеуінің де мәні зор.  Бұл, бір жағынан, Мұстафа Шо­­қайдың жасынан түркітілдес жас­тар­мен жиі араласқанын, пікірлес бол­ғанын көрсетсе, екінші жағынан, пат­шаға жағымпаз осындай бір топтың діни ұйымына қарсылығын білдіреді. Мұн­да да діннің тазалығы әңгіме болады.  Осы екі материалдың өзі түркі хал­қы­ның ұлы перзентінің болашағын айқындаған алғашқы нышандар деуге болатын.  
Мұстафа Шоқайдың саяси-әлеу­мет­тік көзқарасының қалып­тасуында Ресей империясының отаршылдық сая­сатының зорлық зомбылықтарын бас­тан кешіріп отырған түркітектес ха­лықтардың, оның ішінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жақып Дулатұлы секілді Алаштың тұл­­ғаларымен қарым-қатынастар, олар­­дың ақыл кеңестері ерекше болды. Әсіресе, 1905 жылдан бастап қазақ хал­қының ұлт-азаттық қозғалысын басқарған, Мемлекеттік Думаның мү­­шесі болған, қазақ ұлттық «Алаш» пар­тиясының негізін қалаған, оның бағ­дарламасының авторларының бірі Әлихан Бөкейхан айрықша орын алады. Бұған ұстазының «Ұлт­қа пайдалы адам болғыңыз келсе, бә­рінен бұрын орыс өкіметінің ата­ме­­кеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп-үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді» – деген сөзінің өзі жетіп жатыр еді.
Университет қабырғасында жүріп- ақ қатарластарынан бөлек сергек сезімді, еңбекқор және парасат-пайым иесі Ресей мұсылмандары қоғамдық ұйымдары Орталық комитетінің жұмысына тартылады. Осы жұмыста жүргенде Мұстафа 1916 жылғы тамызда Мемлекеттік Думаның жанындағы Мұсылман фракциясының төрағасы  Қ.М.Тевкелев жетекшілік еткен топ құра­мында Шәкір Мұха­медияров Александр Керенскийлермен бірге Түркістан өл­кесіне келіп, Самарқанд, Әндіжан, Қоқан, Ташкент уездерін және кейбір ауылдық жерлерді аралап, жергілікті жағ­даймен жақсы танысады. Бұл Мұс­тафа Шоқайдың Мемлекеттік Дума жұ­мысына алғашқы қатысуы болатын.
Ресей патшасының 1907 жылдың 3 маусым күнгі жарлығымен қазақ сияқты «бұратана» халықтың Мем­ле­кеттік Думаға сайлану құқығынан айырыл­ғандығы ұлты­мыздың зиялы қауымын ойландырмай қоймады. Түркістан аймағынан 1916 жылғы сәуірдің басында Қожахмет Оразаев, Мұстафа Оразаев және Жүнісбек Байменовтер «Қазақ» газетіне «Жұрт жақсыларына ашық хат» жазып, онда Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясына жәрдем һәм жәрдемші мәселесін алғаш көтерген болатын. Олар Мемлекеттік Думада қазақтан депутаттың жоқты­ғын, өзге депутаттардың қазақ жайын жете білмейтіндігін, саны өте аз мұсылман депутаттарының жұмыс­тары аса көптігін айта отырып, ноғай туған­дарымыз да депутаттарының қасына жәрдемшіге кісі қосып жатқанын жазады. Түрлі мәселелер туып, басы-қасында кісіміз жоқ болып тұрған кезде, қазақ жұмыстарын бірге кеңесетін ақылшы адам керектігін, ол үшін екі мың сом шығаруға уағда қылатынын, оны «Қазақ» басқармасына жіберетінін айтып және қазақ атынан фракцияда  қызмет қылуға Әлихан Бөкейхановты қалайтынын білдіреді.
Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясының бюросына Әлихан Бөкей­ханды жіберу мәселесі шешіліп, жұрт қаулы қылғанда екінші адам­ның баруын қаржы табылуына қа­рат­қан еді. Бірақ та, көп ұзамай қар­жы табылғанымен,  жергілікті жұрт­шылық оған кандидатураны атай ал­май тұрғанда бюродан хабар келеді. Онда екінші кісіге бюро адамдары сту­дент юрист әрі мұсылман комитеті ашыл­ғаннан бері сонда қызмет етуші Мұстафа Шоқайды лайықтап, оның бұл қызметке кәміл жарайтыны айтылған еді. Сондай-ақ, Әлихан Бөкейханның 1916 жылғы 31 қазанда «Қазақ» газетінің №203 санында жарияланған «Бюроға екінші адам қою» (IV-ші Думаның мұсылман фракциясындағы қазақ өкілеттігі турасында) атты қысқа хабары да бұл кандидатураға автордың бейжай еместігін білдіреді. Бұдан бұрын түркістандықтар Әлихан Бөкейханды бюроға қалағанда, ол өзінің Түркістан жағының жай-күйіне аса жетік еместігін, сондықтан да осы өлкенің өзінен бір адамның болғаны жөн деген болатын. Әсілі, бюродағылар бұл сөзді де ескерген болуы керек.
Мұстафаның бұл жұмысқа ұсы­нылуы жайдан-жай емес-ті. Кандидатура талқыланғанда оның Петербургта  тұратындығы, бұл жұмысқа жан-жақты дайындығының барлығы, Түркістандағы жағдайды жақсы біле­тіндігі, Мұсылман комитетінде жұ­мыс істеп, бюроның келешек мүше­лерінің бірсыпыраларымен танысып, тапсырмаларын орындап жүргендігі ескерілген-ді. Осы кезде бір топ Петро­градтағы қазақтар қол қойған «Бюроға екінші адам қою туралы» атты материал жарық көреді. «Қазақ» газетінің №203 санында жарияланған хатта бюроға екін­ші адам керек болды деп, бюро адам­дарының шақыруымен және «Қазақ» басқармасының ұнатуы­мен оған студент Мұстафа Шоқайдың кіріп отыр­ғанын білгендерін, мұны  жер­­­гілікті халықпен ақылдас­па­ған­­­дарына және күні бұрын газет ар­қылы жария етпегеніне наразылық біл­діріп, оның орнына кіргізуге болар еді деп бірнеше сол кездегі қазақ қауымына белгілі кісілердің есімдерін атайды. Осылардың ішінде  екінші Мемлекеттік Думаның депутаты бол­ған инженер Мұхаметжан Тынышбаев та аталады, алайда ол бірде  мұндай ұсынысқа Мұстафа Шоқайдың лайықты екен айтқан болатын. Ал хат соңында берілген редакциялық тү­сі­ніктемеде Мемлекеттік Думаның ашылуы жақындап қалуына байланысты Мұ­­сылман фракциясы және оның бюросы қазақ облыстары мен Түркістан уа­лаятында болған уақиғалар жайынан көп материал жинақталып, мұны реттеу, басқару үшін қазақтан тағы да өкіл керектігін және оған Петроградта тұр­ған Мұстафаның жарайтындығын білдіріп, соны лайық көргенін жазады. Оның үстіне  едәуір сома тапсырған түр­кістандықтар да Мұстафа Шоқай­дың кандидатурасын қолдаған болатын.
Осыдан кейін Әмір Көтібарұлы, Қожақмет Оразаев, Әуез Досболов, Қалжан Қоңыратбаев (белгілі әдебиетші Әуелбек Қоңыратбаевтың ағасы – Ә.Б.) «Бюроға екінші кісі қою туралы» хат жазып, онда  1916 жылы   жұрт Әлиханды қалағанда ол бұл жұмысқа Түркістанды білетін кісінің болғаны жөн дегеннен кейін өздерінің Мұстафамен хабарласып, бюрода қызмет етуін сұрағандарын, бірақ оның уақытының жоқтығын айтып, оқуына байланысты ұсынысты қабылдай алмағанын, алайда биыл (1916 жылдың тамызы – Ә.Б.) депутат Мұсылмандар фракциясының басшысы Қ.М.Тевкелевпен бірге келгенде тағы жұрт болып, бюрода қызмет етуді сұрағанда оның «қолдан келсе, тартынбас­пын» дегенін жазады. Одан әрі өздері Мұстафаның Түркістан өлкесінің жай- жапсарын жақсы білетініне көздері жететінін, қажет болса, қаражат тауып та беретіндіктерін мойындарына алады. Кейінгі ұсыныс оқудың соңғы кездерінде әкесі Шоқай қайтыс болып, уақытша ауылға қайтуына байланысты университетті мерзімінен кештеу болса да бітірген кезінде болған еді.  
Мемлекеттік Думадағы Мұсылман­дар фракциясы бюросында қызмет істей жүріп, Мұстафа Шоқай депу­тат-мұсылмандар мен фракция мү­шелеріне Түркістан туралы және өлкеге қатысты басқа да қажетті материалдар, баяндама мәтіндерін даярлап береді. «Түркістан туралы материалдар жинайтынмын әрі Мемлекеттік Думадағы мұсылман өкілдеріне Түркістанға қатысы бар, қажетті материалдарды дайындап беретінмін. Революция қарсаңында бітірген соңғы ісім – депутаттардың дума мінбесінен сөйлеуге қажетті 1916 жылғы Түркістан көтерілісі туралы материал әзірледім әрі мұсылман тобы атынан сөйлейтін депутат Мұхаммад Юсуф Жағыфардың сөзін жазып бердім» дейді қайраткер бұл жайлы.
Қазақтың атақты жазушысы Әнуар Әлімжанов өзінің 1991 жылы 24 және 31 мамыр күндері «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған «Мұстафа Шоқай… Ол кім?» деген мақаласында осы өкілдік туралы айта келе: «Түркістан халықтарының теңдігі мен тәуелсіздігі үшін, оларды қорлық-зорлық пен рухани құлдықтан құтқару үшін аса зор жауапкершілікті арқалауға бар, болып көрмеген қан шеңгел құрылысқа қарсы ауыр да айрықша күрделі идеологиялық һәм саяси күресте басын тігуге  әзір тұғыры заңғар тұлғаның алдағы тағдырына арна тартқан» еді деп жазды. Шынында да, Мұстафа фракция мүшелерімен күнделікті ара­ласып, олардың ой жиектерін байқап, өрістерін  таниды, тиімді ақыл-кеңестерін естіп, соған сәйкес әрекет етуге тырысады. Бұл жағдай оны сол кездегі Ресей орталығындағы барлық дерлік елеулі саяси оқиғалардан хабардар етті. Мұның тағы бір тағылымды жағы өз халқын азат ету басқа да түркітектес езілген халықтарды патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы ұйыстырудың нәтижесінде ғана мүмкін екендігін түсінуі болды. Бұл болашақ ұлтшыл саясаткер үшін ерекше маңызды, айрықша мәнді жайлар болатын.
Мұстафа Шоқайдың қажырлы еңбе­гін, терең білімін, саяси сауат­тылығы мен ерекше іскерлігін бай­қаған мұсылман депутаттары оған өздеріне әріптес ретінде де қараған еді. Мария Шоқай өз естелігінде Мұстафа Шоқайдың түрік халықтарының саяси өміріне араласқанын айта келіп, оған Еділ татарлары, Қырым та­тарлары, Кавказ халықтары, Орал баш­құрттары түрлі саяси мін­деттер жүктейтінін, оның бұл мін­деттерді ылғи өте жақсы орындап отырғанын жазған болатын. Егер 1917 жылғы Ақпан төңкерісі болмағанда, Мұстафа Шоқайдың Мемлекеттік Думаға мүшелікке сайлануы да мүмкін еді. Патша жарлығына сәйкес, Түр­кістанның Думаға өкіл жіберуге рұқсаты жоқтығынан Мұстафаны Уфа уәлаятынан сайлау  ойластырылған еді. Уфа уәлаятының помещигі, қазақ сұлтандарының бірі С.Жантөрин (Мемлекеттік Думаның мүшесі болған, белгілі саяси қайраткер – Ә.Б.) оған өз иелігіндегі жерін сыйлап, Дума мүшелігіне кандидатурасын осы өлкеден ұсынуға келісім берген болатын. Алайда жол басқа арнамен тартты. 1917 жылғы наурыздың соңғы күндерінде Мұстафа Шоқай Ташкенттен жеделхат алады. Онда өзінің Ташкентке шақырылғаны және жолда Орынборға өтетін Торғай облысы қазақтарының  құрылтайына қатысуы керектігі туралы жазылды. Содан Мұстафа Шоқай Петербургтан Орынборға қарай жол тартты. Оны басқа тағдыр, әлдеқайда күрделі Түркістан Мұқтариятын құру тағдыры күтіп тұрған болатын.  
Мұстафа Шоқай Петербург университетіндегі оқуымен қатар Мемлекеттік Думаның Мұсылмандар фракциясы бюросының хатшысы болып қызмет атқарды. Думаға мүшелікке ие болу мүмкіндігі де туып еді, бірақ тағдыр оны бұйыртпады.
Әбдіжәлел БӘКІР,
 саяси ғылымдарының докторы,
профессор.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<