Мемлекеттік сыйлық иегері

548

0

«Қара алтын» өндірісінің ел экономикасы үшін маңызы өте зор. Десе де, ірі мұнай державаларымен салыстырғанда біздің елде бұл саланы игеру біршама қымбатқа түседі. Оның көптеген технологиялық себептері бар. Мәселен, елімізде өндірілетін «қара алтын» құрамында парафин және асфальт-шайырлы заттардың көп болуы. Бұл әсіресе Батыс Қазақстан мұнайында анық байқалады. Осы себепті 30 градустық аязда қоюланып, қатып қалады. Оны құбырмен тасымалдау үшін 50 градусқа дейін қыздырып, ыстық күйінде айдайды. Бұл әдіс көп энергияны қажет етеді. Энергияның 80%-і сорғы жабдықтары мен жылыту пештеріне жұмсалатын болғандықтан,  қосымша қаржы шығыны көп.

Соңғы кездері осы техноло­гиялық процестерді оңтайлы бас­қару нәтижесінде энер­гияны тиімді жұмсауға қол жет­ті. Отандық ға­лымдар мен инженерлердің ізде­ністері экономикалық тиімділік әкеліп, қаржы үнемдеуге мүмкіндік берді.

ҚР Президентінің 2019 жылғы 6 желтоқсандағы Жар­лығымен «ҚазТрансОйл» АҚ мұнай құбыры маршруттары бойынша мұнай және мұнай қоспаларын тасымалдауда энергия үнемдеуді ғылыми-техникалық қамтамасыз ету» та­қы­рыбындағы жұмыстар циклі үшін оның авторларына Қазақ­стан Республикасының Әл Фара­би атындағы ғылым және техни­ка саласындағы 2019 жылғы мем­лекеттік сыйлы­ғы берілді. Осы авторлар қа­тарында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының түлегі, техника ғылымдарының докторы, профессор Ұзақ Жаппасбаев та бар.

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу уни­верситетінің «Энергия модельдеу» ғылыми-өндірістік зерт­­ханасының меңгерушісі қыз­метін атқаратын жерлесіміз әріптестерімен бірге мұнай құбырларында «ақылды» тасымалдау технологиясын жа­­сап шы­ғарды. Олар ма­гистральд­ы құ­­бырлардағы қон­дыр­ғыларды цифр­­ландырып, SmartTranPro, SCADA және ACKУЭ ақпараттық жү­йе­­лерін біріктірді. Ол алдымен «Өзен-Атырау-Самара» мұ­най құ­бы­рында қолданылды. Бұл жер­ден нәтижелерге қол жет­кізілген соң осы бағдарлама бүкіл жүйеге енгізілген. Ол еңбек өнімділігін, мұнай та­сымалдаудың технологиялық ре­жим­дерін басқаруды жоспарлау тиімділігін арттыруға мүмкіндік  берді. «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Димаш Досанов келтірген мәліметтерге сәйкес, компанияның 2018 жылы шо­ғырландырған пайдасы 39,5 млрд теңгені құраған. Ал энергияны үнемдейтін технология­лар 19,3% экономикалық тиім­ділік берді. Бұған SmartTranPro техно­логиясының да қосқан үлесі бар.

Сөз жоқ, бұл – үлкен жетістік. Осындай ілгерілеушілікке қол жет­кізген мамандар қатарында жер­лесіміз Ұ.Жаппасбаевтың бол­ға­нына қуаныштымыз. Жал­пы Ұзақ Қайырбекұлының таңдаған ма­мандығы өндірістік процестермен тікелей байланысты. Ол 1971 жылы КазМУ-дың механика-математи­ка факультетін механика мамандығы бойынша үздік бітіргеннен кейін аспирантураға оқуға қалады. 1976 жылы ғылым кандидатының, ал 1991 жылы Сібір академиялық қала­шығында докторлық диссертациясын қорғады. 175 ғылыми еңбегі бар, 63-і республикалық және 99-ы шетелдік басы­лымдарда жарияланған. Сон­дай-ақ 6 монография, 7 патент және авторлық куәліктері жарық көрді. Оның жетекшілігімен 14 кан­дидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<