Өмірі өшпес өнеге

730

0

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген ата-бабалардың керемет сөзі бар. Осы сөз атадан балаға, қанша ғасырлардан бері ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып, айтылып келе жатыр. Өмір үнемі қозғалыста. Адам баласы үшін дүниеге келу де, бұл пәни жарық дүниеден бақилық болу да табиғат заңдылығы. Бірақ, бұл өмірді әркім әртүрлі өткізеді емес пе? Өмірде өнегелі із, атадан балаға таусылмайтын мұра қалдырған данагөй бабаларымыз бен ата-ағаларымыз қазақ жерінде көптеп кездеседі.
Осы жылдың қазан айында Қызылорда қаласында Смағұл Ысқақовтың туылғанына 100 жыл толуына орай «Кәсіптік бі­лімнің жанашыры» атты іс-шара ұйымдастырылатыны туралы ақпарат алдым. «Сырдың Смекесі» атанған Смағұл Ыс­қа­қов туралы алғаш рет Қа­ра­ғанды политехникалық инс­­ти­тутында бірге оқыған, қы­зыл­ордалық белгілі ақын-жазу­шылардың ел аузында жүретін тапқыр да тағылымды сөздерін жатқа айтатын, әңгімешіл досым Құдайберген Досмамбетов деген азаматтан естіген едім. Өйткені біздер институт­тан кейін еңбек жолымызды кә­сіптік-техникалық білім саласынан бастаған болатынбыз. Кез­дескенде Құдайберген досым Қызылорда облыстық кә­сіптік білім жүйесі туралы жә­не сол кездегі басқарма басшысы Смағұл Ысқақұлы туралы өзі білетін және қызметтес ағаларынан естіген әңгімелерін көп айтушы еді.
Қашанда ақыл-ойлы ел бас­қарған парасатты ағалардың өне­гелі істері, жақсы сөзі ұмы­тылмастан ел есінде қалады. Сондай парасатты жандардың бірі Сыр бойына танымал, ұс­таздардың ұстазы атанған, 1919-1995 жылдары өмір ­сү­рг­ен Смағұл Ысқақов аға­мыз еді. Ол кісі туралы көзі тірі­сінде де, дүниеден өткеннен кейін де, қаншама естеліктер газет беттерінде жарық көрді, өмір жолы бірнеше әңгіме шы­ғар­малардың да арқауы болды. «Ұлық болсаң кішік бол», дегендей Смағұл аға үлкен ла­уазымды басшылық қыз­метте жүргенде, өз қызмет­кер­ле­рімен де, жастармен де тең отырып сөйлесетін қарапайым­дылық ­ қасиеті бір­­ге жүрген әріп­тестеріне ­ұм­ы­тылмастай жақ­сы әсер қал­дырған.
Уақыт өтеді, өмір ал­ға жылжиды, жақсы­лардың жақ­сы­лығы, өнегелі істері, өсиетті сөздері әркез жаңғырып тұрады. Шыңдары көк тіреген асқар таудың алыстаған са­йын тұлғаланып, биіктей түседі. Уақыт өткен сайын ардақты ағаның қадір-қасиеті биіктеп, кезінде бірге қыз­меттес болған жандардың сағы­нышын тудыратынын, Қы­зыл­орда еліне танымал, өңір тарихы мен білім жүйесін зерт­теуші, Қазақстан Білім және ғы­лым саласының Құрметті қыз­меткері, Ы.Алтынсарин ме­далінің иегері Сексенәлі Раха­новтың Смағұл Ысқақов туралы айтқан әсерлі әңгімесінен бай­қадым. Кезінде Смағұл аға­мен қатар қызмет істеген Ораз­ғали Бекбанов, Нұрахмет Ерниязов, Мақсұт Ибрагимов, Дәметкен Айтжанова, Молдабай Ақниязов, Ыдырыс Маусымбаев, Жақып Әбдіқалықов, Тұрсынхан Нысанбаев, Иса Же­тербаев және осы мақалаға бай­ланысты әсерлі әңгіме айтып берген Сексенәлі Раханов көп жылдар бойы ол кісімен бірге болып, Смағұл ағаның тәжірибе мектебінен өткен тұлғалар. Олар Қызылорда өңірінде кәсіптік-техникалық оқу орындарының өсіп-өркендеуіне, 90-жылдары кәсіптік-техникалық білім жүйесінің сақталып қалуына, материалдық-техникалық база­ла­ры­ның нығаюына өз үлестерін қосқан. «Смағұл аға барлық саналы өмірін Отан мен халық мүддесіне арнап, қай салада, қандай лауазым­ды қызметте болмасын өзіне жүк­телген міндеттерді адал атқарды. Білім мен біліктілігінің, терең рухани байлығы мен парасатының арқасында көпшіліктің көңілінен шы­ғып, абырой мен бедел биігі­не көтеріле білген және өз орта­сының құрметіне бөленген. Қыз­мет бабындағы ұшқыр ой-пікірлері мен тапқырлығы, қыз­меттес болған әріптестерімен қарапайым қарым-қатынасы, әрбір адамның жеке бас шаруа­сына мән беріп, оларға ақыл-кеңес пен жол-жоба көрсететін инабаттылығы шынайы кіші­пей­іл жан болатын» – дейді С.Ра­ханов.
Әрбір адам өз рухани дүние­сімен ерекшеленеді ғой. Иә, Сырдың біртуар азаматы, Ұлы Отан соғысының және Еңбек ардагері, ұстаздардың ұстазы атанған Смағұл ағаның дү­ниеден өткеніне 25 жылға ­жу­ық­­тапты. Смекеңді есте қал­дыру мақсатында ол кісімен қыз­меттес, әріптес болған аза­маттар біраз іс атқарыпты. Ол кісінің көп жыл бойы тұр­ған үйінің қабырғасына ес­керт­кіш тақта орнатылған. Қы­зыл­орда қаласының және ту­ған жері Қармақшы ауданы ор­талығының көшелеріне Сма­ғұл ағаның есімі берілген. Қы­зыл­орда  қаласындағы құры­лыс мамандарын даярлайтын оқу орны Смағұл Ысқақов атын­дағы «Құрылыс және биз­нес» колледжі деп аталды. 100 жылдығына орай кәсіп­тік-техникалық білім беру сала­­сы­ның ардагерлеріне, озат ин­женер-педагогтарға, үздік сту­­денттерге арнайы төсбелгі­­ шығаруға шешім қабыл­данған. Ол кісімен көп жылдар қызметтес болған ізба­сарларының, шәкірттерінің естеліктері жинақталып, «Сыр­дың Смекесі», «Маңдайға біткен Марғасқа», «Шежірелі жылдар сыр шертеді», т.б. үлкенді-кішілі жинақтар жарық көріп, облыстағы кәсіптік-техникалық оқу орындарына таратылып берілді. Смағұл Ысқақовтың 100 жылдығына орай «Салмақты ойдың сәруары»  атты ол кісінің бет-бейнесін, мінез-құлқын, ты­ныс-тіршілігін бейнелейтін із­басарларының тағы бір жинақ-кітабы жақында жарық көретінін айтып берді.
Осы шаралар Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, кезінде партия, комсомол, ағарту саласының сардары болған Смағұл Ысқақовтың өмір жолы мен жеке еңбегін Қызылорда елінің әлеуметтік экономикалық даму жолындағы бөлінбес бөлшегі ретінде қабыл­дау деп ойладым.
Смағұл Ысқақов 1919 жы­лы шілденің 15 жұлды­зын­да Қы­зылорда облысы, Қар­мақ­шы ауданында дүниеге келген. Жастайынан колхоз шаруа­шылығына, ауыл мекте­бінен қол үзбей жүріп араласады, он жасында «Құмжарған» жер серіктестігінің мүшесі болыпты. 1935 жылы 16 жасында Қызылорда қаласындағы ке­ңес сауда техникумына түсіп, оны 1939 жылы жақсы бітіріп шыққан. Техникумды бітірген соң, әскер қатарына алынып, Қиыр Шығыста борышын өтей­ді. Ұлы Отан соғысында болып, Сталинград шайқасына қа­ты­сыпты. Қатардағы солдат, дивизия және артиллериялық бри­гаданың саяси бастығының ком­сомол жастар жұмыстары жө­ніндегі саяси көмекшісі болады.
1946 жылы әскер қатарынан босағаннан кейін Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің әс­кери бөлім меңгерушісі қыз­метін атқарады.
1948-1950 жылдар аралы­ғын­да Қазақстан компартиясы Орталық комитеті жанын­дағы екіжылдық партия мек­­те­бін бітірген соң елге ора­лып, Қызылорда облыстық партия органдарының бөлім меңге­рушісі, партиялық комиссия төр­ағасы қызметтерін атқарды.
1962 жылы Қызылорда об­лыстық кәсіптік-техникалық бі­лім беру басқармасы Шымкент аймақтық басқармасынан бөлініп, өз алдына шаңырақ тіккен кезде облыста 4 кәсіп­тік-тех­никалық училище, 1 құры­лыс­шылар мектебі (оқушылар саны орта есеппен бір мыңға да жетпейтін) болған. Осы жа­ңа басқармаға басшы болып бұрынғы партия, кеңес, ком­сомол қызметкері, соғыс арда­гері Смағұл Ысқақов бекі­тіледі және оны 1985 жылға дейін үзіліссіз  басқарды. Өзінің ұйым­дастырушылық, еңбек­сүйгіштік қасиеттерінің арқа­сында об­лыстағы  кәсіптік-техни­калық учи­лищелердің мате­риал­дық-техникалық базала­рының ны­ғаюына, оқу-тәрбие жұмыста­рының, жас жұмысшы кадр­ларды даярлау сапасының ар­туы­на көп еңбек сіңіреді. Ол кісінің тікелей қатысуымен әрі білікті басшылығының арқа­сында 8 жаңа жобамен училищелер салынады. 1985 жылы облыста кәсіптік-техникалық училищелер саны 18-ге, ал оқушылар саны 12 мыңға жетті. Білікті жас жұмысшылар даяр­лайтын алдыңғы қатардағы Қызылорда облыстық кәсіптік-техникалық жүйесі жасалады.
Смағұл Ысқақов ағамыз қыз­мет істеген жылдары облыс­тық кәсіптік-техникалық білім беру саласынан Қасымов Тө­леп­берген Смағанбетұлы КСРО халық мұғалімі және бір­қатар оқытушылар мен өн­ді­рістік оқыту шеберлері  Ке­ңес ода­ғының және Қазақ Рес­пуб­ликасының осы саладағы үздік­тері атағына ие болады. Жо­ғары басқару мекемелерінің төс­белгілері және мақтау қағаз­дарымен марапатталады.
Қазалы №5 теміржолға жұмысшы кадрын даярлайтын кәсіптік-техникалық училище Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Қызылорда қаласындағы №69, 58, Қазалыдағы №8, Жаңа­қорғандағы №187, Сұлутөбедегі №120 училищелер ВЦСПС-тің (Одақтық кәсіподақ комитетінің) бірнеше дүркін ауыспалы Қызыл Туының жеңімпазы болған.
Кезінде Одаққа аттары бел­гілі болған қызылордалық Еңбек Ерлері Ұлбала Алтайбаева, Шырынкүл Қазанбаева, Оразбай Әбішев, Бақытжан Серімбетов, Арапбек Әбиев, Карбоз Әлимов, Жадыра Таспамбетова, Салима Жұмабекова, Аманкелді Ахметов сияқты еліміздің көптеген ұл-қыздары да осы кәсіптік-техникалық білім саласынан білім және мамандық алған азаматтар болатын.
Смағұл Ысқақов ағамыздың Ұлы Отан соғысындағы ерлік­тері үшін І, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, бейбіт өмірдегі  ерен еңбектері мен жетістіктері бағаланып «Құрмет белгісі» орденімен, ондаған медальдарымен марапатталады.
«Жақсы адамның жақсы ісі ел аузында жүреді» дегендей-ақ, өз заманында да және күні бү­гінге дейін Смекең туралы артық сөз естіген емеспіз. Ол кісі кеудесін көтерген шенеунік те, мен білемін дейтін бюрократ та болған емес, қайта ұжымның жеткен жетістіктерін әріптестерімен бөлісе отырып қуанатын, балаша шаттанатын. «Әрбір күнімізге аманшылықпен аттап, сол күнімізде қоғамы­мызға кішкентай да пайдалы іс жасасақ, алға қарай қадам бассақ, бұл да біздің жеңісіміз. Бірақ оны көре де, көрсете де білу керек» деген өзінің қағидалы сөзін үнемі ай­тып жүретін. Иә, Смағұл Ысқақовтың өмірлік енбек жолы туралы көптеген әңгімелер ай­туға да, жазуға да болар. Амандық болса, талай рет жазылар да», – дейді  Сәкең және бір сөзінде.

Қадырбек БӨРІБЕКОВ,
ҚР Білім және ғылым министрлігі қоғамдық кеңесінің мүшесі.
Нұр-Сұлтан қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<