Наурыз нақыштары

1686

0

Бәсіре

Дархан – үй-ішіндегі балалардың ең кішісі. Кенже деп бетінен қақпағандықтан шығар өте ерке. Биыл мектеп табалдырығынан аттап, бірінші сыныпта оқып жүр. Сабаққа деген ынтасы жақсы. Мұғалімдерінің айтқанын тез ұғып ала қоятын зеректігі бар. Ол қыс бойы әкесі мен шешесінің мазасын алды. Сондағысы: «Ауылға барып қайтайықшы. Атам мен әжемді қатты сағындым» дейді. Бұл екеуі: «Қазір күн салқын. Қыс өтіп, көктем келсін. Атаң мен әжеңе сол уақытта барамыз» деп дәлел айтады.

Дарханның көптен бергі көкейде жүрген ойы жүзеге асты. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында шешесі екеуінің ауылға жолы түсті. Атасы мен әжесіне кездесіп, арқа-жарқа болып қауышты. Жан-жүрегі мейірім шуағына толы олар немересін ұзақ айналып-толғанды. Дархан әжесіне шешесінің арнайы дайындап берген сыйлығын тапсырды. Атасы мен әжесі ағынан жарылып, сандық түбіндегі сақтаған құрт, майы мен қауынқұрт, қауынқағын немересінің аузына тосты. «Біздің баламыз ақылды азамат болып өседі әлі. Құдайым тек қана тіл мен көзден сақтағай» десті қариялар немересін орталарына алып.

Ертең қайтамыз деген күні атасы Дарханды далаға ертіп шығарды. Үй маңындағы қора аузына алып келді. Жал-құйрығы күзеліп, ертоқым салынған, қызылкүрең тайды жетегіне алды. Сосын атасы: «Балам, бірінші сыныпқа барған қадамың құтты болсын! Бұл – менің өзіңе атаған бәсірем. Тәуелсіздік байрағын көтерген еліңе адал қызмет ететін абыройлы азамат болуыңа тілекшімін, құлыным!..» деп немересін ат үстіне отырғызды. Бала болғалы ат тізгінін алғаш рет ұстаған Дарханның жүзі бал-бұл жанып, жүрегі айрықша толқу үстінде болатын…

Осындайда лайым, бәсіре тай мінер жас бүлдіршіндеріміздің қатары көктемдегі жауқазындай қаулап, өсе берсе екен дейміз.

Бүршік

Бейсен ақсақал шаруашылықта тобылғы сапты кетпенін серік етіп, диқаншылықпен айналысты. Кейінгі он жылдан бері зейнет демалысында. Үй жанындағы шағын бақшалықта түрлі жеміс ағаштары мен көк терек, ақ терек бар. Мұның бәрін де кезінде өз қолымен отырғызған еді.

Бұрындары жұмысбастылықпен ағаштардың күтіміне қарай да алмайтын. Зейнеткерлікке шыққалы бері бағбандыққа шындап көңіл бөле бастаған. Жаз бойғы ермегі осы. Мезгілінде суарып, отағын жұлады. Алма, жүзімі піскенде оның жемісін көз қуанышына айналған немерелеріне ұсынады.

«Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» деген. Ол әдеттегіше бүгін де ұйқысынан ерте оянды. Шығыстан таң енді ғана сібірлей атып келеді екен. Есік алдындағы сыйдиған ағаш бұтақтарына көзі түсті. Жанына жақын келіп, алақанымен сипап өтті. «Міне, айналаны жасартып, көгілдір көктем ортамызға оралды. Күн көзі сәл-пәл қыза бастаса ағаштар түгел жапырақ жайғалы тұр-ау, жарықтық. Ағаш екеш ағашқа да аялы алақан, ерекше қамқорлық жасау керек-ақ. Талдарды бұтап, күтім жасаудың қамына кіріспесем болмас». Көңілінің көкжиегін осындай ой сағымы торлаған қария үйге қарай бет алды.

Есік алдындағы сарай құлпының кілтін алып, қайтадан аулаға шықты. Ертеңгі шай дастарханы әзір болғанша ойға алған ісін тындырмаққа бел буды. Түртінектеп жүріп сарай түкпірінен күрегін, арасы мен кішкене балтасын тауып алды. Олардың жүзін тазалап қойды.

Сөйтем дегенше, көктем күні көкжиектен арайлы шуағын төгіп, көтеріліп келе жатты. Таң алдындағы сіркіреп өткен жауыннан кейін ағаштың нәзік бүршіктерінде тұнып қалған тамшылар моншақтай мөлдіреп, айналаға ерекше әсемдік сыйлап тұрды.

Уыз дәмі

Бәтес пен Салиха кейуана бір ауылда көрші тұрады. Екеуі де кезінде фермада сауыншы болып, ұзақ жыл еңбек еткен. Сонау жылдары мал шаруашылығы жақсы жолға қойылған кезеңде талай мәрте алғы шептен көрінген. Алқалы жиында сый-сияпаттан кенде болған жоқ. Қазір де  олар көрші-қолаң, ағайын-туыстарына қадірлі. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған ардақты аналар.

Толықша келген, әрдайым жүзінен күлкі табы сезіліп тұратын Бәтестің Салихадан бес жастай үлкендігі бар. Сонда да екеуінің жарастығы апалы-сіңлілі жандардан кем емес. Қорадағы азын-аулақ малды жайғап тастап, кейде өзара әңгіме-дүкен құрады. Ондайда алыста қалған жастық шақтың қызықты күндерін еске алып, көңілдеріне шаттық орнайды.

Сол дағдылы әдеттері бойынша бүгін де бастары қосыла қалған. Наурыз айы туғалы бері күн сәулесін Жер-анаға бұрынғыдан молырақ төге түскен.

Көктемнің осы бір жанға жайлы шуағына бөленіп, жандары жадыраған қос кейуана әңгіме өрбітті. «Бәтес апа, кеше біздің үйдегі қара ала сиыр бұзаулады, – деді бір сәт көңілдене тіл қатқан Салиха. – Жас төлді суыққа ұрындырып аламын ба деп көптен уайымдап жүр едім. Жазғытұрымға жетіп туғаны мұндай жақсы болар ма?!».

– Қарағым, балаларыңның аузы аққа тигеніне шүкіршілік ет. Бұл – биылғы қой жылының төлі. Жаңа жылда түлігіңе түлік қосылса – үлкен жаңалық. Қуанышың құтты болсын! – деді Бәтес апасы ыстық ықыласын білдіріп.

– Апа, енді үйге барайық. Жаңа осында шығарда қара ала сиырдың сүтін сауып, пісіріп қойғанмын. Сол уыздан дәм татыңыз, – деп емен-жарқын мінез танытқан Салиха көршісінің қолтығынан демеді.

…Қашан да ақ көп болып, әрбір отбасының ырзық-несібесі молая бергеніне не жетсін!

Сахи ҚАПАР,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<