Қоғамға ой салады

311

0

      Биыл қазақтың ұлы ақыны, аса дарынды ақыл-ой иесі Абай Құнанбайұлының  туғанына –175 жыл толып отыр. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы баспасөзде жарияланды. Ақын мерейтойын атап өтудің маңызын алға тартып,  оның әдеби мұрасын әлемдік деңгейге танытуды мақсат еткен бұл мақала қоғамға ой салып, жас ұрпақты жігерлендіреді деп ойлаймын.

      Әрине, Абай шығармашылығы зерттеусіз қалған жоқ. Ғасырдан астам уақыт бойы жүздеген зерттеулер, мыңдаған мақалалар жазылды. Бірақ біз көбіне Абай шығармаларын ХІХ ғасырдағы ақын өмір сүрген қоғам аясында қарастырып келдік. Ал Президент ақын мұрасын бүгінгі ХХІ ғасыр деңгейінен бағалайды. Осылайша Абайды жаңаша танудың, жаңаша зерделеудің, жаңаша түсінудің үлгісін ұсынады. Мақаланың басты ерешелігі де – осы.

      «Дүние жүзінде ғылым мен білімнің түрлі салаларын дамытуға зор үлес қосып, бүкіл адамзатқа ортақ ойшыл ретінде танылған тұлғалар баршылық. Мысалы, Қытай дегенде Лао-цзы мен Конфуций, Ресей дегенде Достоевский мен Толстой, Франция дегенде Вольтер мен Руссо бірден ойға келеді. Сол сияқты шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек»,– дейді Президент. Сондай-ақ, осы ойын жүзеге асырудың нақты жолдарын ұсынды. Әлбетте, Абай шығармаларын әлемнің он тіліне аудару мәселесі қазақ ақынын ғана емес, жалпы қазақ халқының  рухани бет-бейнесін әлемдік өркениетке мойындататын басты және шешуші қадам екені рас. Осы орайда Президент ақын мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын іс-шара ретінде қарай отырып, бүгінгі қазақ үшін ой түзеуді, Абай айтқан «Толық адам» деңгейіне жетуді ұсынады.

       Бір сөзбен айтқанда,  бұл мақала қоғамға жаңа ой әкелер құнды дүниенің бастауы болмақ.

 

                                                                                       Ғабит ТҰЯҚБАЕВ,

                                            Қорқыт ата атындағы қазақ әдебиеті 

                                           және журналистика кафедрасының доценті,

                                           филология ғылымдарының кандидаты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<