Ойран бола жаздаған отбасы

870

0

Биыл – Отан соғысындағы Ұлы жеңістің 75 жылдығы. Иә, уақыт өткен сайын сол бір жаралы зұлматтың зардабы мен ойранды оқиғаларының шындығы ашыла түсуде. Алғашында КСРО-ның адам шығыны 7 млн (И.Сталин) деп көрсетілсе, кейін бұл сан 20 млнға (Н.С.Хрушев), артынан оданда көп санға (Л.И.Брежнев), ал соңғы нақты дерек 42 млнға (В.Путин) тірейді. Ал қазақстандықтардың соғыста мерт болғаны 1,7 млн мүмкін, одан да көп болуы мүмкін. Демек, соғыс зардабын шекпеген отбасылары жоқ десе де болады. Бүгін бір үйден арыстай үш азамат соғысқа алынып, оның тек біреуінің ғана мүгедек болсада, елге оралғанын, ал қалған екеуінің соғыстан оралмай хабарсыз кеткен бимәлім тағдырын тілге тиек етпекпін.

Жазғалы отырған мақаламның материалдары Сырдария ауданы (Тереңөзек) «Шіркейлі»-ауылының ардагер азаматы ұстаз Біләл Махашұлы ағамыздан алынған және нақты деректерге негізделген. Біләл ағаның үшінші атасы Әлқожа заманында өзбек ағайындарымен сауда- серік болып күнкөріс жасаған. Бірде өзбек досының әкелген заттарының ішінен «тай тұяқ» таза алтын шығыпты. Бабамыз алтын көрседе жолдан таймай, оны өзбек досына қайтарған екен. Достыққа адал, дүниенің құлы болмаған Әлқожа атамыздан Баймағанбет одан Әлиасқар, Махаш, Рахыш, Торыш апай өмірге келген. Баймағанбеттен тарайтын үш азамат аталарының атына жазылып, үшеуіде соғысқа алынады. Енді солардың сан қилы тағдырларына үңілейік.

Әлқожаев Әлиасқар 1902 жылы дүниеге келген. Әкесі қайтыс болғанан кейін, жас іні қарындастарын жетілдіру үшін еңбекке ерте араласады. Он саусағынан өнері тамған ол шебер етікші, ағаш пен темірден түйін түйетін ұста, көздегенін мүлт жібермейтін аңшы болыпты. Ескіше сауатты есеп қисаптан хабардар,  жастарға ауызша есеп үйретудің маманы екен. Соғыс кезінде әскерилерге киім жетіспей жатқанда Әлиасқар ағаны әскери комиссариат шақырып,ауданда етік тігумен айналыстырады. 1943 жылы соғысқа алынады. 1945 жылы 9 сәуірдегі хатында: Біз Берлин түбінде соғысып жатырмыз жақында соғыс бітіп, елге аман-есен оралармыз – деп жазыпты. Боздақатр кітабының № 1 санының 281 бетінде Қауақов Әлиасқар АӘК арқылы әскерге алынған, 1945 жылы Берлин шайқасында қаза тапқан делінсе, 12.05.2019 жылы интернеттен алынған жаңа деректе. Қауақов Әлиасқар 1902 жылы туылған. 1914 жылы 15 қазанда әскерге шақырылған. 1945 жылы хабарсыз кеткен. в/ч 44669 «Я» -деп көрсетілген.

Әлиасқар аға атасы Әлқожа молда болған соң, әрі кожа деген сөзден қорқып, оның – Қауақ деген лақап атын иеленіпті. Сондықтан бізге жеткен деректерде Қауақов Әлиасқар деп көрсетілген. Оның бірінде «Қаза тапқаны», екіншісінде «хабарсыз кеткені» айтылған. Әскерге алынған уақытында бірінде 1943,  ал екіншісінде 1944 жыл көрсетілген. Не болғандада оның елге оралмағандығы, өмірден өткенше жарын күткен Айғанша анамыздың жесір, екі қыз бір ұлының әкесіз жетім қалғандығы шындық. Бәріне кінәлі сұм соғыс.

Әлиасқар ағаның інісі Әлқожаев Махаш 1909 жылы дүниеге келген. Соғысқа кеткенге дейін «Қызыл жалау» төрт жылдық мектебін басқарған. 1943 жылы қыста армияға шақырылып, әуе әскерлері қатарында ұшқыштарды ұшуға дайындайтын бөлімде болған. Самара қаласында 4 айлық кіші  медицина қызметкерлерін дайындайтын курсті тәмамдаған. 1945 жылы қараша айында соғыс жарақатымен елге оралған. 40 жылдай ағарту саласында еңбек етіп, «Халық ағарту сінің озаты» және бірінеше ордендердің иегері атанған. 1974 жылы өмірден озды. Махаш ағаның көзін көргендердің бірімін. Сабақта берді. Махаш аға есікішеде  сауатты, дастан, қиссаларды жатқа айтатын құйма құлақ ұстаз еді.

Араб әрпімен жазылған Әбуғали Ибн-Сина дастанын қазіргі әріпке көшірген. Сол қолжазбаны кезінде ақын інісі Әбіраш Жәмішов  сұрап алыпты. Қолжазбаның кейінгі тағдыры белгісіз. Махаш ағаның біздерге қалдырған өнегелі істерін ұлы Біләл ағамыз жалғастыруда. Жақында мұсылманның қажылық парызын өтеп қайтқан ағаға денсаулығыңыз мықты болсын, аяулы әке, ардақты ата, аға болып жүре беріңіз! Сізді ел сыйлайды, жастар өнеге тұтады демекпін.

Махаш ағаның інісі Рақыш Әлқожаевтың өмір жолы бірде оңға, бірде солға бұрылған сан-салалы, соқпақты болыпты. Ол 1915 жылы «Қызылжалау» ұжымшарында өмірге келген. Мектеп бітіргеннен кейін Ташкентке оқуға түсіп, ашаршылық жайлаған кезде оқуын жалғастыра  алмай елге қайтады. Қызылордадағы екі жылдық мұғалімдер даярлау институтының «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін бітіріп, Тереңөзек ауданындағы (Сырдария) Қызылту жеті жылдық мектебінде ұстаздық етеді. Осы жылдары табиғи талантты ақын болғандықтан, көптеген  жүрек тебірентерлік жырларын жазыпты.

«Сахараның Сағирасы» деген дәптері сүйіктісі Гауһарға арналған амандық хаттан басталып, сағынышқа толы өлеңдермен жалғасады.

Ұстаздық еткен жылдарында шәкірттерімен, дос жараңдарының құрметтісі болған Рахыш аға фин соғысы басталғанда әскерге алынады. Үш жарым айға созылып, Кеңес елін жүз мыңға жуық адамынан айырған соғыс  тоқтатылды.

Кейінгі тағдырының азапты әрі ауыр болатынын сезгендей елге «Анаға хат» деген өлеңін жолдайды. Ол:

Ей, Маха! Інің отыр түсіп ойға,

Төтеннен салқын хабар тиіп бойға.

Кім біледі кездесеміз қанджай жайға,

Сондықтан, хош айтысар келді кезең.

Туған ел, туған-туыс жамағайға.

Бірінші айттым сәлем анамызға,

Төтеннен қалған түсіп көп қайғыға.

Төрт бөліп түн ұйқысын, ақ сүт беріп,

Балам деп бағалаған туған айға – деп басталатын өлеңнің соңғы жолдары ағайын-туыстарына арналған екен.

Елге қайтар кезінде 1941 жылғы Отан соғысы басталып кетедіде әскерге қалдырылады. Рахыш аға қару жарақ тиелген эшалондарды тиісті жерлеріне жеткізетін әскери бөлімге тап болады. Соғыстың қайнап тұрған қанды кезеңдерінің бірінде бұлар келе жатқан эшалон түгелдей жау сомалеттерінің шабуылына ұшырап жоқ болады. Құдайдың құдыретімен Рахыш аға бір орыс жігітімен аман қалады. Қанша жарақаттанғанмен, әскери  міндеттерін түсінген олар сол станциядағы әскери комендатураға барып, жағыдайды айтады. Жау ұшақтарының тұтқыннан жасаған шабуылы нәтижесінде болған материалдық шығындардың барлығын аман қалған екеуіне жауып әскери трибуналдың шешімімен ату жазасына кесіледі. «Жазаланғандардың» екеуініңде сауаттылығы арқасында, жоғарғы сотқа шағымдалып, ату жазасы жиырма жылмен сотталуға алмастырылып, Сібірдің Норильскідегі түрмесіне айдалады.

Ауыр жұмыс, аштық. түберкулез індеті,рухани жәбірлілік, түрмедегі бассыздық, мұсылмандарға деген кемсітушілік Рахыш ағаныда айналып өтпей, денсаулығына әсер етіп лазаретке түседі.  Оның бақытына қарай бас дәрігер мұсылман-азербайжан ұлтынан  екен. Қасындағы туберкулезбен ауырып жатқан адамның анализін осыған қойып, бұны түрмеде ұстауға болмайды,  басқаларға жұқтырады, түбі өледі деген қортындымен 1943 ж. Қараша айында еліне қайтарады. Тек әлсіздіктен болғандықтан 4-5 айда сауығып, 1944 жылы наурыз айында Аудандық әскери комиссиаратқа барып, Кавказ бағытындағы соғысқа аттанады. Оның елге жеткен өлеңмен жазылған соңғы хаты:

Мұқамаңдар туыстар,

Мұқағанмен өнбейді.

Болат қылыш қолда тұр,

Дұшпанға қарай сермейді.

Жауды жеңбей балаңыз,

Елге әзір келмейді.

Аман болса ер жігіт,

Не қиындық көрмейді.

Неше бір боран соқсада,

Амалсыз шыбын өлмейді.

Осыдан кейін Рахыш ағамыздан хатта хабарда болмаған. Боздақтар кітабының бірінші санында Әлқожаев Рахым қатардағы жауынгер Шіркейлі ауылдық Кеңесі бұрыңғы Қызылжалау колхозында 1915 жылы туған Білімі жеті класс, мұғалім. Тереңөзек АӘК арқылы 1944 жылы әскерге алынып хабарсыз кеткен – деп жазылыпты. 12.05.2018 жылғы интернеттен алынған соңғы жаңа деректе: – Әлқожаев Рахыш 1916 жылы туылған 1943 жылы наурызда әскерге шақырылған. 1944 жылы хабарсыз кеткен п/п № 44353 Я-10 – делінген.  Келтірілген деректерде әскерге шақырылған жылы мен есімінде сәйкессіздіктер кездеседі. Ал шындығы соғыста хабарсыз кеткендігі.

Ия, уақыттың адам басына түсетін қиындықтарды ұмыттыратындығы анық және оның жүректердегі жараны жаза алмайтындығыда рас. Отанын қорғауға жанын тәрк еткен, жастайынан жалындап келе жатқан ақынның артында қалған тұяғыда жоқ. Қыршын кеткен Рахыш ағаны қалай ұмытуға болады? Ол жүректе тұратын жазылмайтын жара. Деседағы Әлқожа бабамыздың тұқымы жойылып кетпегенмен, одан тараған отбасыларының ойраны шыға жаздағанын жасыра алмаймыз. Ағайынды үшеудің бәріде соғысқа қатысып, екеуінің хабарсыз кеткені өзектегі өкініш.

Біләл қажы ағамнан алған дүниелердің бәрі менің қолымда. Оқыдым, таныстым, тағылымдадым, ойымды алға жетеледім. Латын харпінен көшірілген Рахыш ағаның өлеңдерін, мазмұны мен ойын білгенмен, әдеби шығармашылық деңгейіне баға бере алмаймын. Әрине бәрін зерттеп, зерделегеннен  кейін өлеңдерін кітапша етіп шығару өзінен – өзі сұранып тұрғандай.

Қазір Әлиасқардың ұлы Дайрабай ағамыздың ұл-қыздары Әлқожа бабамыздың ұрпақтарын жалғастыруда. Махаш ағамыздың ұлы – Біләл қазіргі ел ағасы, құрметті қажы, немересі Шынболатты Рахыш ағасының атына жаздырды. Ол жақсы азамат болып өсіп келеді. Отан үшін от кешкен Рақыш ағаның есімін елге танытады деген сеніммен ойымды аяқтаймын.

                            Қазбай Құдайбергенов

                            ҚМУдің профессоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<