«Он төрт жасымда ашық теңізге шықтым…»

938

0

Түс мезгілі. Маржанкүл Орынбасарқызы шақыру хаттағы өлең жолдарын заулатып оқып отыр.

– Сан жылды артқа тастап қас-қағымда,

95-тің келіп қалыппын асқарына.

Сондықтан ақ дастархан жайылады,

Ағайын, құда-жекжат, достарыма!

– Ау-у, бұл жүзге қарай өрлеген қарияңыз кім болды? – деп сұрадым зайыбымнан.

– Бұл ма, бұл Толқын есімді құдағи Шәуенқызы, Аймахан келіні, – деді толық түсінік беріп, – өзі он екі жасынан балық аулапты, әуелі ауыл-аймақ маңындағы көлдер мен өзеннен жылым тартуға қатысса, ал он төрт жасынан, яғни 1942 жылдан бастап, соғыс кезінде тұрақты қонысынан тым шалғайдағы ашық теңізді шарлапты. Әйтеуір, келін-кепшіктері осылай да осылай деп аса құрметтейді.

– Ашық теңізге… Он төрт жасында!.. Апырай, ә?! Әрине, соғыс тұсында, 13-14 жас шамасында-ақ теңіз тереңінен балық сүзгендердің бірсыпырасын баспасөзде жариялаған да едік. Өзім де солардың сапында болғанмын. Ал Шәуенқызы?

– Білдің бе, қай ауылдан екен?

– Сірә, бұрынғы «Райым» қалқозының ізінен болса керек.

«Райым» колхозының құрылғанына 60 жыл толуына орай басқарма төрағасы Дәуқара Аймағамбетұлының тапсырысымен шағын кітапша шығарғанмын. Соны ақтарсам, 1941-1945 жылдардағы Отан соғысы кезінде ашық теңізге шыққан қыз-келіншектер арасынан Шәуенқызы Толқын құрдасымның аты-жөні де шыға келді. Сосын не тұрыс болсын, апыл-ғұпыл киініп, жолға шықтым…

– Е-е, әдіріс бойынша келіп тұрсыз, – деді келімі келісті Толқын бәйбіше Роза келіні құйған қызыл күрең шайдың бір кесесін тастап жіберіп, –  туып-өскен мекеніміз – қазіргі «Қызылжар» ауылы. 1928 жылдары сол маңдағы Шөмішкөл, Аманөткел, Райым, Қызылжар, Кәрібөгет, Алаша, Бесжарма, Таспа, Бұхар, Ескіұра және-және де шағын ауылдар «Қамыстыбас» серіктестігіне беріледі. Кейін әрқайсысы өз алдына колхоз болып ұйымдасады ғой. Соғыс жылдары ауылдық кеңесті Шахиева Аққатша, ал «Райым» колхозын Демісінов Мақсұтқали басқарды. «Қызылжарда» үш сыныптық мектеп болды. Соны бітірдім. Жетіжылдық мектеп қалқоз орталығы – «Райымда». Оған бару үшін Сырдария өзенінен өтіп, «Райым» көлін жағалап, «Водокачка» маңындағы арқырап ағып жатқан арық үстіндегі қалт-құлт еткен көпір арқылы жету керек. Алты-жеті шақырым. 9-10 жастағы балалар үшін қауіпті. Шәйман анам жібермеді. Ал әкем Шәуен мен 5-6 жастағы кезімде дүниеден озған. Алдымда  Жәкебай мен Уақ есімді ағаларым болды. Жәкебай балықшы, бригадир қызметтерін атқарды. Уақ ағай 1940 жылы әскер қатарына шақырылды. Одан әрі Ұлы Отан соғысына қатысып, ақыры қанды шайқастан оралмады. Шәйман анам 1941 жылдың күзінде шалының жанына кетті. Сөйтіп 12-13 жасқа толар-толмаста тұл жетім болып қалдым.

Қария тағы бір кесе шайды сызылта тартты. Көзіне іркілген жасты жеңімен сүртіп тастады.

– 1941-дің жазында соғыс өрті бұрқ етті, – дедім көңілін әңгімеге аударғым келіп.

– Сұмдық-ай! Сұмдық десеңші. Елдің қаймағын сыпырып кетті. Нар жігіттер еді-ау! Шағын «Қызылжардың» өзінен 15-20-сы эшелонға мінді. Жұрт қайғы құшты. Ешкім селт етпейді. Ол-ол ма, 1943 жылдың бас шамасында «Еңбек армиясына» деп 50-60 адамды, елу бес жастағыларды  тағы әкетті. Қаусаған кемпір-шал қалды. Тіпті түнде ит те үрмеді. Кеткендердің орнын біз бастық. Шал-шауқан, келін-кепшік. Бойжеттіге ілінбесек те, сапқа тұрдық. Сол 1941-дің қыркүйегінде «Райым» мен  «Жалаңаш» көлінен жылым тартуға қатыстым. Қыс болды. Мұз қатты. «Қосжар» мен «Қаракөлге» ауыстық. Орынбай, Жалғасбай, Омар, Жанпейіс, Көптілеу, Әбжәми, Шайғон  есімді қариялар бас-көз болды. Ал көктем келе, наурыз айында арқаланып, ұлы теңіз қайдасың деп жаяу тарттық.

– Жаяуыңыз қалай? Сонша шалғайға ма?

Толқын құдағи күлді. Шай кесесін дастарқанға қойып маған тесіле қарады.

– Сіз «Қаратерең» ауылынансыз. Ол – Сырдарияның теңізге құяр аяғындағы қыстақ. Үйіңнен шығасың да қайыққа мінесің. Бел ескекке отырып тартып кетесің. Рақат қой! Ол бізде жоқ. Ау-құралды, қайықты да түйеге артады. Ізінен біз жаяулаймыз. Машина жоқ. Екі-үш күн сапарлап теңіз жағасындағы «Жыңғылтүп» аймағына құлаймыз. Осы арада ау-құрал жинайтын қойма бар. Керек-жарақты содан аламыз. Жылым бригадасына он екі адам мүшеміз. Қыздардан Алма, Жәміш, Әлия, Шәмшу және мен. Өзгелері – күйеуі соғысқа алынған келіндер. Звено жетекшісі Орынбай Кетебайұлы. «Жыңғылтүптен» теңіз ортасындағы «Қасқақұлан», «Көзжетпес» аралдары еміс-еміс көзге шалынады. Бұларда ел бар. Ал біз олардан беріректегі «Көзкөрмес» аралына барып түстік. Мұнда ел жоқ. «Көзкөрмес» десең – көзкөрмес. Төбесінен түспесең көрінбейді. Міне, суға жылым жібердік. Төрт қыз ескекте, мен – жылымның арқалығына иемін. Сұлубике жеңгем табандықтағы тасты сілт еткізбей суға тастайды. Орынбай ата командир:

– Былай қарай, оңға-солға, ескекті тартыңқыра, – деп, майлыққа жылым келгенше бақылау жасайды. Құбыладан жел тұрса, әлгі аралшық су астында қалады. Қайыққа мінеміз. Төсек-орын да осында, ас та қайық ішінде асылады. Жел ішін тартса жылым төгеміз. Балық бар. Ертелетіп балық қабылдайтын моторлы қайық келеді. Тәулігіне бір, кейде екі мәрте жылым тартамыз.

– Әлгі «Көзкөрмес» деген қылдай аралшықта Кәрібай Әдішевтің звеносымен серіктес болыпсыздар?

– А-а, сіз оны қайдан білесіз? – деп сұхбаттасым таңырқады да қалды.

– «Райым» колхозының 60 жылдығында көп адамдармен сөйлескенмін. Соның бірі Оңдасынұлы Жәли еді. Екі ағасы Смағұл мен Ысқақ соғысқа кеткен. Анасы болса сырқат. Сосын да оқудан шығып, балық аулағанын айтқан-ды.

– Ә-ә, есіме түсті. Қостас болғанымыз рас. Бір оқиға ойға оралды. Төрт тәулік құбыладан дауыл соқты. Приемкамен бірге азық-түлік, ішетін тұщы су келетін-ді. Ол да жоқ. Қорегіміз тек балық. Шөл алып барады. Кәрібай звено ер балдарға суға тереңірек сүңгіп су ішіңдер және бөтелкемен қыздарға да су әкеліңдер деп тәртіп берді. Расында солай болды. Әйтеуір дәтке қуат. Балықты да сол суға астық. О кезде ақша жоқ. Урлон береді. Соған ұн, шай, шекер, шикі сөк деп жазылады. Азық-түлік тапшы. Урлонның өзіне де есеппен, әр рабкооп өз көлемін ғана қамтиды. Төртінші тәуліктің ертеңіне Кәрібай Әдішов ақсақал, өзі алпысты алқымдап қалған кісі:

– Әй, Жәли! – деді әлгіде сіз атын атаған он төрттегі Оңдасыновқа, – мін қайыққа, – кеттік «Жалпақ-Манасқа»!

– Ау-у, ағасы қойыңыз, осы дауылда екі жүз шақырымдағы құрлыққа қалай жетесіз? – деп өзгелер үрпиісіп қалды.

– Сонда қалай?! Ұнсыз, шай-қантсыз екі қостағы жиырма жанды ашқұрсақ ұстаймыз ба? Жел арттан, желқұм көтереміз!

Сөйтіп Жәли екеуі кетті де қалды. Екі тәуліктен кейін оралды. Барарда он бес сағатта жеткен. Қайтарда жел қырындау келіп көбірек жүрген. «Жалпақтың» Нағи деген сатушысы қарияны сыйлап урлонына 5-6 қап ржанай ұн, шай, шекер беріп, жұртқа көрінбей кетіп қалыңдар депті. Өйткені, ол магазин бағынатын рабкооп бізге азық-түлік босатуға міндетті емес екен. Әні, солай! Мұндай кездейсоқ жағдайларға көз үйренген. Солдатша киініп алып керзі етікпен теңізді кешіп жүреміз. Көбіне жылымды таң біліне шығаратын кезіміз болады. Бес жүз метрлік жылым ғой. Осылайша 1942, 1943, 1944, 1945-тегі соғыс жылдарының жазын теңіз үстінде өткердік. Жұмысқа әбден төселдік. Балық аулаудың қыр-сырын, тәсілін меңгеріп, күн-түні дауыл-жауынмен арпалыста да сыр бермедік. «Бір торта – жауға атылған бір оқ» деген ұран, шақыру болды. Соған лайықты  үлес қостық. Сөйте-сөйте Жеңіс күніне де жеттік-ау!

– Соңғы деректе «Жыңғылтүп» жақтан 1946-ның күзінде оралыпсыз?

– Иә, иә… Он сегіз жасқа толдым, – деді құдағи жүзі жайнап, – «Қыз он сегізге толғанда…» деген әнде «Девушку крутит любовь» демей ме? Солай болды. Соғыстан жарақат алып, елге есен-сау оралған 118-атқыштар полкінің айтулы мергені Нұрғали Аймахановпен бас қостым. Арал теңіз портына қарасты «Коммуна» кемесінде рулевой әрі капитанның орынбасары қызметінде екен. Бала-шағалы болып, одан әрі жұмысқа шыға алмадым.

Ерлі-зайыптылар әдепті де бауырмал ұл-қыз өсірген. Жалпы саны сегіз. Гүлханыс, Жеткерген, Гүлмараш, Өткелбай, Әлмұхамбет ертерек өмірден озыпты. Жарасып, білісіп қосылған аяулы жары Нұрғали да 1970 жылы бақилыққа аттанған. Қазіргі бары Гүлстан, Қонысбек, Әділбектер өз айналасында. Қария Қонысбек есімді ұлының қолында. Оннан астам немересі мен он бір шөбересі «әжелеп» шапқылап жүр. Омырауында әлденеше медаль жарқырайды. Олар: «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске елу, алпыс, алпыс бес және жетпіс жыл» мерекелік медальдары екен.

Демек, ол – тыл ардагері. Біз әдетте тыл ардагеріне соғыс кезінде кемі алты ай еңбек еткендерді жатқызып жүрміз. Бұрын әр шарбақтың сыртында «Бұл үйде соғыс ардагері тұрады» деген жазу болушы еді. Олар мүлде азайды. Біздің ауданда тіпті жоқ. Сол орынды тыл ардагері басса артық па және бұл ұсыныс ұрпақ сабақтастығы идеясына да сай келер еді. Сондай-ақ кейіпкерімнің ауданның Құрметті азаматы атағына сұранып-ақ тұрғанын да жасырғым келмейді.

 Толқын құдағи қоштасарда:

– Тәуелсіздік елімізге береке-бірлік берсін, келер ұрпақ біз азабына куә болған соғыс атты пәлені көрмесін, рухани жаңғырып, көркейіп, өркениетті елдердің қатарынан көрінуге баршасы болып жұмылсын, – деп аналық ақ батасын берді.

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының  мүшесі.

Арал қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<