Оразбек

784

0

Өткен ғасырдың 80-жыл­да­рының орта тұсында облыстық «Ленин жолы» газетінде ал­ғашқы қадамдарын бастаған бір қауым жастардың жолы бол­ды. Жастықтың желі­гі­мен желпініп жүргендер үшін барлығы қызық, барлығы таң­­сық. Кеңес дүниесінің 70 жыл тарихында бірінші рет іс жүзінде жүзеге аса бастаған демократия, жариялылық ұғым­дары құлаққа жағымды естіледі. Елде серпіліс. Бұрынғы түсінік көмескі тарта бастады. Сол жылдары «Ленин жолында» бір вакансия пайда болса, жан-жақтан қаумалап оншақты журналист сайысқа түседі. Бәсеке күшті, талап одан да зор. Айналасы бірлі-жарым жыл ішінде газеттің құрамы жастармен толықты. Қази Данабаев, Оразбек, Несібелі, Сәрсенкүл, Жолтай және мен…
Жолымыз болды дей­тінім, сол кездегі облыстық партия комитетінің бірін­шісі хатшысы Еркін Әуел­беков бюро мәжілісінің бірін­де облыстық газеттің құра­мындағы твор­честволық қызмет­кер­лердің орта жасы 44 екенін айтып, бас редакторға құрамды жасарту керектігін ескерткен. «Ленин жолында» сол дәуірде республикаға  белгілі қаламгерлер қызмет жасайды. Обкомның беделді басылымына 30-ға жетпей қызметке тұру дегеніңіз – әркімнің пешенесіне бұйыра бермейтін бақыт. Біз келгенде 60-ты алқымдап, оны еңсеріп қалғандардың шамасы редакция құрамының үштен бірін құрайтын. Бөлім меңгерушісі ретінде Оразбекті Шора Ералиев, мені Мырқы Исаев «еншілеп алды».
Оразбекпен түйдей құрдаспын. Екеуміз де кеңестік дәуірдің әскер қатарында қызмет жасау, жұмысшы сияқты еңбек сынақтарынан өткенбіз. Орекеңнің тілі жұмсақ, адамды баурап алатын қасиеті бар екен. Жақсы сыйласып кеттік. Көп ұзамай отбасыларымыз араласа бастады. Байқаймын, өзіме қарағанда Орекең ұқыпты, жұмысына тиянақты. Обкомнан келген бас редактор Нұрділда Уәлиев өмір бойы үлкен орындарда қызмет жасағандықтан, ұқыптылық пен тәртіпті ұнатушы еді. Ол жастарды тәрбиеледі. Адамгершілік қағидатты жоғары ұстайтын Нұрекең ә дегеннен біздің ақылшы ұстазымызға айналды. Сол кезде Кеңес Одағын билеген Михаил Горбачевтың демократиясы мен қайта құру саясатының лебі Мәскеуден бізге де келіп жетті. Көп ұзамай бөлім меңгерушілері ұжымның сайлау сынағынан өтті. Орекең бөлім меңгерушісі болып сайланды. Айтпақшы, соның алдында ғана екеуміздің компартия қатарына қатар қабылданғанымыз бар. Жетпіс жыл билеген компартия беделі қайта бастаған тұста бізге осындай несібе бұйырды. Себебі қызметке келген екенсің, өсу үшін міндетті түрде партия мүшесі болуың керек. Ондаған жылдар бойы партияға өте алмай сарсылатын аға буынмен салыстырғанда демократия арқасында екеуміздің тағы жолымыз болды.
Оразбек көп ұзамай обкомға, лекторлар бөліміне қызметке шақырылды. Алайда, компартияның тарауына орай бұл қызметті көп атқара алмады. Бірақ, өзінің сүйікті қызметі – журналистиканы облыстық теле және радио хабарларын тарату комитетінде жалғастырды. 1997 жылы редакцияда басшылық ауысып, ол газетке қайта оралды. Жауапты хатшылыққа, кейін бас редактордың бірінші орынбасарлығына тағайындалды. Осы жолы біздің қызме­тіміздің сабақтастығы қайта жалғасты.
Бұл өзі буырқанған кезең еді. Кеңес дүниесі құлап, оның қираған үйіндісінің астында қалған мыңдаған проблемалардың көпшілігі газеттің қызметіне де қатысты болатын. Мемлекеттің жаңа саясаты – мемлекет мүлкін жекешелендіру көп түсіндіруді қажет етеді. Бұл жерде газеттің әрбір жарияланымы көпшіліктің көз алдында. Алдағы уақытта мемлекеттің осы саладағы саясатын түсіндірудің бүкіл қиямет-қайымы редакцияның, оның са­наулы қызметкерлерінің мойнына жүк­телді. Нені, қалай жазу керек, бұл енді журналистің сауаттылығына байланысты. Тақырыпқа кез келген журналистің тісі бата бермейді. Бұрынғыша, Кеңес дәуіріндегідей редакцияға келетін арыз-шағымдар көп. Халықтың менталитеті өзгере қоймаған. Санаулы дейтінім, сол кездегі облыс басшылығы өз құзыретіндегі жалғыз газеттегі мақалаларға жіті қарайды. Өйткені уақыт өзгеріп жатыр. Сол кездегі облыс әкімі Б.Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша екеуміз Жезқазған, Ақтөбе, Шымкент қалаларына сапар шектік. Тапсырма бойынша нарық қатынас­тарының талаптары жергілікті  газеттерде қалай көрсетіліп жатқанын жария ету. Өзара тәжірибе алмасу. Ақтөбе облыстық газетінде болдық. Об­лыстық әкімшіліктегі эко­но­мика саласындағы орыс ағайындармен әңгіме­лес­­кеніміздің куәсі болған жер­гілікті журналистер бізге қыз­ғанышпен қарайтынын байқадық. Олар облыстық бас­қарма басшысын қалай дөңгелентіп алғанымыздың куәсі болды. Облыстардан қадау-қадау сараптама мате­риал­дары жарияланды. Ақтөбенің бас редакторы (аты-жөні есімде қалмапты) кейін «міне, мақаланы осылай жазу керек», деп қызметкерлеріне бізді үлгі етіпті дегенді естідік.
Орекең өзінің табиғат берген болмысына сай өте сақ. Тілшілер жазған әрбір мақалаға шұқшиып қарайды, күмән туғызатын жерлері болса, түн жарымына дейін тиісті орындардан анықтағанша жариялауға жібер­мейді.
Жылдар өткенде көп нәрсеге басқаша ой-таныммен қарау заңдылық. Сол себептен өткенге көз жүгіртіп, оның әділ бағасын беру үшін көп зеректік керек деп ойлаймын. Ертеден қалыптасқан философиялық ой-толғам бойынша өткенді сана сүзгісінен тазалап өткізу үшін оған сол уақыттың өлшемімен жауап беруге тура келеді. Біз жақсы сыйластық, бір-бірімізді жақсы түсіндік. Кәдімгі қазақша ұғыммен айтқанда, араласуымыз «Досы көппен сыйлас, досы жоқпен сырлас» деген түсініктің аясында болды. Себебі Оразбекте дос көп болды. Барлығын үйіне қонақ етіп, сыйласып жүретін. Мүддеміз бір болған соң, өзімізді бір-бірімізге керек адамдай сезіндік.
Ал түсіністік менің ойымша, біз үшін ортақ тірлікте барлығынан маңызды болды деп ойлаймын. Бұл орайда сол жылдары бас редактор болған Жақсылық Рахматулланың ұжымда жақсы қарым-қатынас ахуалын қалыптастыруға деген адами тұлғалық қасиетінің әсері болды. «Ақылмен арыстан да ұстауға болады, ал күшпен тышқан да ұстай алмайсың» депті ортағасырлық данышпан Махмұд Қашқари. Біз бір-бірімізбен осы қанатты сөздің мазмұнына сай араласып, сыйластық, көп нәрсеге кешіріммен, түсіністікпен қарадық. Ертеден қалған пәлсапа бойынша «есі бар адам өмірге икемделеді, ессіз адам өмірді өзіне икемдегісі келеді» деген ұстаным бар.  Сол алмағайып, бүгінде бағасы беріле қоймаған, бірақ өтпелі кезең дейтін шамамен 20 жылды қамтыған дәуірді біз осылайша жоғарыда айтылған ұстаныммен өткіздік.  
Орекеңнің шығармашылығына қатысты тебірене қалам тербеген белгілі ғалым Алдажар Әбіловтің ой-толғамынсыз бүгінгі айтпағымыз толыққанды болмас еді. Ол бір мақаласында әріптесі туралы былай деп жазды. «Оразбек Мақсұтұлының жорналшылық қызметі, оның Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сый­лы­ғының лауреаты екені, аз жазса да саз  жазып, бірнеше әңгімелерді өмірге әкел­гені, аудандық «Сырдария» атты газетте шыңдалғаны, облыстық теле­радиокомитеттің тілшісі, редакторы, бас редакторы, облыстық партия комитетінің лекторы, облыстық «Сыр бойы» газетінде тілші, жауапты хатшы, бас редактордың бірінші орынбасары сияқты қызметтер атқарғаны көзі қарақты оқырманға белгілі деп ойлаймыз. Оны еске алған телехабарларда марқұмның тәлімгер ұстазы, туған ағасындай болған жазушы-жорналшы Жақсылық Рахматулланың, ақын  құрдасы Шакизада Әбдікәрімовтің, жары Бибігүлдің және т.б. басқалардың айтқан жылы лебіздері, сағынышқа толы іздеулері де, бала күннен бірге өскен досы, жазушы Жолтай Жұматтың (Әлмашов), ақын, жорналшы Мұхамеджан Нұрхановтың еске алулары да қалың жұртты «Ей, өмір-ай» дегізгені анық. Біз бұл тұста оларды қайталаудан аулақпыз. Марқұм Оразбектің өзіміз аңғарған, өзіміз білген жайларын көңіл көзінен өткізбекпіз.  
…Оразбек Мақсұтұлының «Падашы», «Нәпақа», «Адыраспан» және т.б. бірнеше әңгімелері ішкі үндестіктегі шығармалар. Қаламгер шығармалары оның алыстан материал жинап әуре болмайтынын, қиялдан сюжет құрамайтынын, оның өз басынан кешкендерін, көңілге тоқып, түйгендерін ғана жазатынын аңғартады. Шындығында, материалды өмірдің өзінен алу дегеніңіздің өзі де оңай шаруа емес. Көрген-білген өмір құбылысына, сол болған оқиғаға құл болып  калмай,  оны  типтендіріп,  таразылап, өнерлік  кұбылысқа айналдыру кез келген суреткерден айрықша шеберлікті қажет етеді. Оразбек әңгімелерінен де мөлдіреген өмір шындығын көресің. Және бір қызығы, күнде өзіміз көріп жүрген елеусіз-ақ жайттың  көр­кем дүниеге айналып құл­пырып шыға келгеніне риза боласың. Риза боласың да шағын әңгімелермен-ақ повестер кө­терер жүкті көтерген Оразбек шеберлігіне тәнті боласың».
Ия, белгілі ғалым осылай дейді. Өзіміз білетін, жүй­кені жұқартып жіберетін жур­налистиканың азапты жолымен жүріп, көркем шы­ғарма жазу алғырлық пен зеректіктің белгісі деп ойлай­мын. Басынан өткізбеген адам күнара шығатын ресми газетте басшылық жасаудың қан­шалықты қиын екенін түсіне бермейді. Шындығы керек, ол өзіне осындай азапты жолды таңдады. Сол жолда ақырғы демі біткенше сүрінбей, жығылмай өтті…
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<