Парасатты прокурор

88

0

Қызылорда қаласының 200 жылдың мерейтойы аясында аймақта ауқымды шаралар атқарылғаны баршаға мәлім. Шаһардың тарихына үңілсек, ел басына күн туған талай қиын күндер мен сындарлы сәттерді аңғарамыз. Сондықтан ертеңгі күнге тағылым боларлық оқиғаларды көпке жеткізгеніміз абзал.

Басқасын былай қойғанның өзінде, ұлттың қуғын-сүргінге ұшыраған үш кезеңін айтсақ та жеткілікті. Оның алғашқысы – 1928 жылдан басталған байлардың мал-мүлкін тәркілеу. Қарсылық білдіргендерді қылмысқа тарту, жер аударып, қуғын-сүргінге ұшырату. Екінші кезең – 1937-38 жылдары «Троцкийшіл-Бухариншіл сатқындар мен герман-жапон шпиондарына қарсы күрес» деген желеумен елдегі қазақ оқығандарын, жалпы интеллегенцияны қуғынға ұшыратып, қырып салу. Ал үшінші кезең – 1951-53 жылдары жүзеге асқан «Космополитизм мен ұлтшыл-буржуазияшыларға қарсы күрес» белең алды да, елінің әдебиеті мен тарихын зерттеген қайраткерлер зобалаңға ұшырады. Бұл құрту мен жою, кемсітушілік пен бұғауда ұстау табаны күректей 70 жыл бойы жалғасты. Қазақ халқы жанының сірілігін, рухының тірілігін көрсетті.

Шын мәнінде репрессияның алғашқы толқыны осы Қызылорда қаласынан басталған. Алаш қайраткерлерін қудалау ісі 1929 жылы басталады. 1925 жылы Қызылорда астана болған тұста А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов халықты сауаттандыруға қатысады. 300-400 азаматқа арнайы курстан сабақ береді. Бұл туралы деректер алаштанушы Т.Жұртбаевтың еңбектерінде, мұрағат материалдарында кездеседі. Бірнеше айға созылған сот туралы ақпарат сол кездегі кейбір басылымдарда ғана жарияланады.

Зобалаң жылдары қаншама қазақ зиялылары, тіпті қарапайым шаруалар жазықсыз атылып-асылып кете барды. Тіпті, репрессияға ұшырағандардың ұрпақтары ақталғандарын көрмей, естімей о дүниелік болып кеткендері қаншама? Өзегіңді өртер өкініш.

Тек қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға байланысты бұйрық шыққаннан кейін ғана сұрапыл саясаттың бет пердесі сыпырылды. Репрессия құрбандарын ақтау Прокуратура қызметкерлеріне тапсырылды. Осындай жауапты іске жанашырлықпен кіріскен К.Баймахановтың айтуынша, 7000-нан астам азаматтың ісі қаралып, 1600 азаматты ақтау туралы анықтама берілген.

Қоғам қайраткері Ш.Мұртаза «Отанды, ұлтты, әдебиетті, оның болашағын сүю үшін көп айқайдың керегі жоқ. Тынымсыз, жанашыр, әрі табанды әрекет керек» деген екен. Облыс прокурорының аға көмекшісі қызметін атқарған К.Баймаханов қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға байланысты қылмыстық істерді қарап қана қоймай, зұлмат жылдардың зардабын республикалық, облыстық және қалалық бірнеше басылымдарға жариялап отырған. Осының өзі проркурордың азаматтық болмысын, ұстанымын айқындай түседі. Мәселен, К.Баймахановтың облыстық «Сыр бойы» газетінің 1997 жылғы 31 мамырдағы санында «1928 жыл немесе қанды дүрмектің басы» деген тақырыппен мақаласы жарияланған. Онда автор Голощекиннің солақай саясатының құрбаны болған Алаш зиялылары С.Сәдуақасов, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, С.Қожановтардың азапты тағдырын сөз етеді. Елдің басына түскен бар ауыртпалықтың қасіретті суретін көз алдыңызға әкеле отырып, ол Қармақшы жеріндегі небір атпал азаматтардың концлагерьлерге жіберіліп, атылып кеткендігі жайлы дерек келтіреді. Республикалық «Заң» газетінің 2000 жылғы 17 мамырдағы санында Кажденбек ағаның «Жалған жала құрбаны немесе әкені іздеу» деген тақырыппен мақаласында Қапан Ермекқараевтың жазықсыздығы ақырында дәлелденгендігі айтылады. Халқының талайлы тарихы мен қаралы қасіретіне көз жұмып қарай алмайтын, сол тарихты болашаққа хатқа түсіріп қалдырғысы келетін прокурордың үлкен жүректілігіне таң қалмасқа шараң жоқ.

Прокурор К.Баймаханов «Асандар көтерілісінің сарбаздары» туралы да зерттейді. Қармақшыдан шыққан «Он сегіздің тағдырын» тергеп, ақтағанын жеткізеді. Солақай саясаттың куәсі Бақтияр Ноғай ақсақалдың өз әкесі, оның қос бауырын, олармен қоса сталиндік-голощекиндік қара түнектің құрбаны болған қазақтың аяулыларын іздеген оқиғасын оқып сүйсінесің. Бақтияр қарияның әке алдындағы перзенттік борышына адалдығы кейінгіге үлгі болса керек.

К.Баймаханов қараған қылмыстық істер бойынша мына бір статистикалық мәліметті еріксіз көңіл аудартады. «Ақмешіт апталығы» басылымының 1997 жылғы 30 мамырда жарық көрген саяси қудалаудан зардап шеккен 1600 адамға анықтама берілгендігін жазады. Сол кездегі солақай саясаттың кесірінен трактордың дөңгелегін екі рет тесіп алғаны үшін атылған азамат тағдыры, жазықсыз сотталған әкенің зардабын тартқан баланың мал бағып, қанша еңбектенсе де марапатқа ілінбей қалғаны жаныңды күйзелтеді.

Осы уақытқа дейін прокурор қылмысты әшкерелеп, жазалаумен ғана айналысады деген пікірде болғанымды жасыра алмаймын. Кажденбек Баймахановтың ұлт тарихына қатысты мақалаларын оқып, сұхбаттасқан соң ойым мүлдем өзгерді. Өйткені К.Баймаханов қолына алған том-том құжатты мұқият қарап, тарихи жағдайдың мән-жайын ашу үшін тынбай зерттеген. Құрбан болғандардың тізімін жасап, олардың не үшін істі болғанын анықтаған. Тіпті сол жылдары Қызылорда облысына қоныс аударған этнос өкілдері жайлы статистикалық мәліметті өз мақаласында нақты мысалдармен жеткізеді.

Бір қызығы, жазықсыз сотталып, не атылып кеткен азаматтардың ұрпағы олардың ақталғаны туралы біле бермейді. Газетке шыққан тізімнен әкесінің атын көрген бірен-саран азаматтар келіп, анықтамасын алып кеткен. Алаш қайраткерлерінің істеріне байланысты сұрағымызға К.Баймаханов Қызылорда ОІІД Ақпараттық-аналитикалық орталығының арнайы мемлекеттік мұрағаты мен облыстық прокуратураға хат жолдап, мұндай құжаттардың жоқ екендігін жеткізді. 

Әрбір азаматтың өмірге, қоршаған ортаға, Отанына деген жаңа қарым-қатынасын қалыптастыру – қоғамдық сананы жаңғыртудың басты шарты. Әсіресе елге қызмет ету ұғымын жастар санасына сіңіру аса қажет. Оның жарқын мысалы – бүгінгі кейіпкеріміз Кәжденбек Баймаханов. Өз қызметін атқарып жүріп, ел тарихындағы сұрапыл жылдардың шындығын ашуға септігін тигізген азаматтың еңбегі ескерусіз қалмаса екен. Парасаттылықты әркім өзінше түсінеді. Философ Ғ.Есім «парасаттылық – адамның өз жолын таңдай білуі» деген екен. Ол өз жолын таңдай білді, сол жолда елге қызмет етудің үлгісін көрсетті. Өткен күнге бей-жай қарамай, әрбір оқиғаны ой таразысынан өткізді. Тіпті сол кездегі қала әкімдігіне «Айтбай» мешітінің айналасын тазарту, қаланың абаттандыру жұмыстарына байланысты ұсыныстарын айтып, елге қызмет етудің қарапайым үлгісін көрсеткен.

Рухани жаңғыру өткенімізді таразылаудан, болашаққа бағдар жасаудан, ұлттық құндылықты дәріптеуден тұрады. Ең бастысы, рух тазалығы К.Баймахановты өзгелерден ерекшелеп тұрғандай.  Сондықтан да арыстарды ақтаған аға өнегесі – бүгінгі ұрпаққа тағылымы мол тәрбие.  

       

 Гүлмира Әшірбекова,

Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының 

бөлім басшысы 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз