ПІЛДІ ЖЕҢГЕН ПАЛУАН

559

0

Сыр өңірін Қоқан хандығы билеп тұрған заманда өзбек елімен екі арадағы сауда-саттық жайы біршама жолға қойылғаны тарихтан мәлім. Сол замандарда Сыр бойының қазақтары Бұхар шаһарына мал айдап апаратын болған. Осындай саудагерлік сапардың бірінде Есабыз әулиенің шөбересі Шақа баласы Құдайберген де бай кісілердің малын айдасып, Бұхарға барады. Отар-отар қой бірер күнде пұл бола қала ма? Оларға қойын бір мезгіл өріске жайып алып, көбіне қораға қамап, апталап жатуға тура келген.
Осындай бір күні Құдайберген шаһарды аралап көрмек болып, көше бойлап келе жатса, ду-ду бір дүрмектің үстінен түседі. Сөйтсе, бай-пачалар бәйге тігіп, палуан күрестіріп жатыр екен. Құдайберген де тамашалаушылар қатарына қосылады. Ортадағы жаршы белдескеннің бәрін жеңген өзбектің бас палуанына қарсы келер кім бар деп айқайлайды.
Бір кезде Құдайбергеннің иығынан біреу түртеді, қараса егде тартқан кісі екен.
– Қазақсың ба? – дейді ол.
– Ия, қазақпын, – дейді Құдайберген.
– Шаһар хакімі  жұртты жиып күнде осылай жар салғызады. Барлық палуанды жеңген өзінің жеке палуанына қарсы келер біреуді іздейді. Бірақ, ешкім шықпайды. Қақпақтай жаурыныңа қарап білдім, мұнымен сен күресе аласың. Аруаққа сиын да, ортаға шық» – деп әлгі кісі дем бере сөйлейді. Құдайбергеннің өзі де шыдамай тұр екен, «Мен бармын» деп сырт киімін шешіп тастап ортаға шыға келеді. Шаһар хакімі де осы жерде екен, жұрт кеу-кеулеп, шуласып кетеді. Өзбек палуаны Құдайбергенге шекесінен қарап, менсініңкіремей күресуге ыңғайланады. «Иа, Есабыз әулием, қолдай гөр!» деп Құдайберген басы мен иығы тұтасып кеткен өзбектің белінен қолы жеткенше қапсырып, бар салмағын бір жағына қарай аударып, аяқтан шалып, гүрс еткізеді. Мұндайды күтпеген көпшілік бір сәт демін ішіне тартып, үнсіз қалады. Шаһар хакімі Құдайбергеннің «көлденең көк атты» екенін біліп, бәйгесін бере салғысы келмей:
– Бір палуанды жеңгенің есеп емес, менің бір қоңыраулы палуаным бар. Ертең сонымен күресесің. Жеңсең екі жүз қой бәйгеңді аласың, жеңбесең құлым боп қаласың, – дейді.
Сол жерден әлгі бейтаныс қазақ Құдайбергенді үйіне ертіп апарады. Хакімнің қоңыраулы палуан деп отырғаны адам емес, піл екенін айтады.
– Пілмен қалай күресем деп уайымдама. Оның да әдісі бар, – дейді бұхарлық қазақ. – Қол күшің қалай еді? – деп сұрайды сосын.
– Жас сексеуілді алақанға қысып бұрағанда сөлін шығарушы едім, – дейді Құдайберген. Бұған бұхарлық қазақ риза болады.
– Пілдің қолға ілінетін жері тұмсығы ғана, бір мытып ұстап алсаң, бұрай бер, бұрай бер. Әйтпесе сені табанымен таптап өлтіреді, – деп ақыл береді.
Ертеңіне күрес алаңына жұрт күндегіден көп жиылады. Төрешілер Құдайбергенді ортаға шығарып, қоңыраулы пілді босатып қоя береді. Хайуан  шұбатылған тұмсығын жоғары көтеріп алып адамға бірден тап береді. Бұл жағдайда ештеңе істеуге болмайтын. Қозғалмай бір орнында тұрды да, піл бір-екі қадам қалғанда жалт берді. Бұл ақылды да бұхарлық қазақ айтқан еді. Мұны күтпеген піл ебедейсіз кері бұрылып, тұмсығын жерге салбыратты. Осы кезде әбжіл қимылдаған Құдайберген «Иа, Есабыз әулием, қолдай гөр!» деп тұмсықтан шап беріп, бұрай берді, бұрай берді. Тұмсығы аурып, тынысы тарылған піл сәлден соң қос тізесін бүгіп, жата кетті. Мұны көрген хакімнің тұздай екі көзі ала тақиясынан бір-ақ шықты. Жұрт шулап кетті, төреші амалсыз Құдайбергеннің қолын көтерді.
– Бәйгеңді бүгін кешкілік аласың, – деді намыстан жарыла жаздаған хакім.
Бұхарлық қазақ Құдайбергенді тағы да үйіне апарып:
– Кеше де, бүгін де атын атадың, Есабыз әулиең қолдады. Бірақ, хакім саған бәйге бермейді. Ол бұл намысқа шыдамай сені өлтіртеді. Мына атқа мін де, еліңе қарай шап. Бұл саған менің берген бәйгем,  – деп жалғыз атын Құдайбергенге мінгізіп, жанына ас-суын байлап, жолға салып жібереді.
Кейін естіп біледі. Бұхар хакімі қазақ саудагерлерін «сендер қашырдыңдар» деп базарға кіргізбей қойыпты, өзінің артынан қуғыншы салыпты. Бәйге беретін адам қуғыншы сала ма, демек, бұхарлық қазақтың айтқаны шын болғаны.
Осылайша Құдайберген әуелі бір Алла, Есабыз әулиеге сиынып, пілді жығып, бейтаныс қазақтың бауырмалдығы арқасында өктемшіл өзбек хакімінің тырнағынан аман құтылып, еліне жеткен. Ал, «Пілмен күрескен Құдайберген» деген аты күні бүгінгі бізге жетті.
«Алып анадан туады» деген, Құдайбергеннің анасы тоғай отынын жіппен теңдеп, иығына салып тасығанда өзі отыннан көрінбей қалады дейді. Сондай кездерде тоғыз-он жасар қайнылары жүгіріп барып, иығындағы отынның үстіне мініп алады екен.  
Осы бүгінгі Жаңақорған жерінде «Көктөбе», «Қаратөбе», «Қостөбе», «Келінтөбе», «Балапантөбе», «Абызтөбе» деген жер атаулары бар. Бұл жоңғар шапқыншылығы кезінде жаудың келе жатқанын хабарлап, төбе үстіне от жағып, түтін арқылы келесі төбедегілерге белгі беру үшін қолдан үйілген төбелер. Ортақ жауға қарсы тұру мақсатында істелген осы іске қосқан үлесі есебінде бір төбені Шиелі табанындағы абыздарды бастап барып, Құдайберген палуан үйгізген екен. Сол төбе «Абызтөбе» деп аталады.  
Халық атса, қалт айтпаған. Бұл оқиғаның тарихта болғаны ақиқат. Оны бүгінде Шиелі ауданында өмір сүріп келе жатқан палуанның алтыншы, жетінші ұрпақтары да айтып отыр. Олар мұндай әңгімелерді өз әкелерінен, әкелері аталарынан естіген.
Біз де естігенімізді ел назарына салып отырмыз.
Түйгеніміз рухани жаңғыру жолына түсіп жатқан ұрпағымызға осындай ұлы бабаларымызды өнеге есебінде таныту бүгінгі біздің парызымыз болмақ.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<