Қарусыз майдандағы қалтқысыз қызмет

205

0

Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 21 маусым – Медицина қызметкерлерінің кәсіби мере­кесі қарсаңында бірқатар дәрігерді нарградтады.

Қажырлы ең­бектеріне алғыс айтып, аман­дық тілеп, мемлекет жан-жақты көмек беретінін жеткізді.
Осындай марапат биігінен кө­рінген жанның бірі – «Ерен еңбегі үшін» медалімен мара­патталған Қызылорда жұқ­палы аурулар ауруханасы ба­лалар бөлімінің балалар ин­фекционист-дәрі­гері Збира Айдарбекова.

Өз маман­дығын сүйетін жан үшін атақ та, байлық та, мансап та маңызды емес. Олар үшін ең бастысы– адам денсаулығы. Алдына келген науқастың жанына жылу сыйлап, ертеңіне үміт берсе, олар үшін зор қуаныш. Міне, Збира Айдарбекова – бiлiмі мен тәжірибесін жүрек жылуымен ұштастыра білген абзал жан.


Ол Қазалы ауданында дүниеге келген. Дәрігер болсам деген арман жетегінде Ақтөбе медициналық институтына «Педиатрия» дәрігер маман­дығы бойынша оқуға түсіп, тәмамдайды. Кейін Сәкен Ибраевпен отбасын құрып, ұл-қыз сүйіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды.
Кейіпкеріміз – бірінші са­натты педиатр, жоғары санатты инфекционист-дәрігер. Оның осы біліктілігі қазіргідей пан­демия жағдайында көп септігін тигізіп келеді.

«Сұлулық – саулықта» деген сөз бар емес пе?! Қатерлі індет алқымнан алғанда өмірдегі ең маңызды дүние – денсаулық екенін көп адам ұғынғандай. Дем жетпей қиналған науқас тек дә­рігердің біліктілігіне ғана үміт артады, сенеді. Ал дәрігерге сол сенімнен шығу – ең басты міндет. Жағдай белгілі, қазір ауруханаға түсетін науқас саны тым көп кез. Тіпті қабылдап үлгірмей жататын, кезек­ші­ліктен шар­шап-шал­­дығып шығатын уа­қыт. Одан кейінгі анализ қабылдау, талдау жасау, ем тағайындау секілді біт­пейтін процестің арасында жүріп кейіпкерміз өзін де ұмытып кетіп жатады.

Отбасынан оқшау жүріп жұмыс істеу қандай қиын?! Әсіресе әйел адам үшін бұл – қиынның қиыны. Немеренің тәтті иісі, ша­ңырақтың шаттық жылуы, дас­тархан басындағы әңгіме-дүкен, бәрі-бәрін айыр­бастау шынын­да да шаршатады. Алайда артыл­ған сенім бар, жүктелген жауапкер­шілік бар. Міне, осы міндеттер оны жігер­лендіре түседі.


Айта кету керек, Збираның жары Сәкен Ибраев та осы сала­ның маманы. Отыз жылдан аса дәрігерлік қызметте келе жатқан ол соның 27 жылын облыстық полиция департаментінің ме­ди­цина қызметі саласына арнаған. Ол – «Жоғары санат­тағы дәрігер», Медицина ғылым­да­рының кан­дидаты және полиция пол­ков­нигі. Елімізде төтенше жағдай жарияланғанда қауіпті індетке қарсы күресте жанын салып еңбек еткен жанның бірі. Блок-бекеттерде күндіз-түні кезек­шілікте тұрған қызмет­кер­лердің қауіпсіздігін бақылау Сә­кен­нің мойнында болды. Ел ба­сына түскен қиындықты жан-тәнімен түйсінгендіктен әрі осы саланың шебері болғандықтан, жары Збираның қызмет жо­лын­дағы қиындықтарын ұғы­нады, түсінеді.

Мамандыққа адалдықтан айнымау қажеттігі қос дәрігердің кеудесінде сай­рап тұр. Сонымен бірге қос дәрігердің Ақерке атты қызы да С.Асфендияров атын­дағы Алматы медицина университетін тәмамдап, Алматы қаласының №12 емханасында дәрігер-эпиде­миолог болып қызмет етуде.

Бір саланы таңдаған бұл отбасы мүшелерінің өлшеусіз ісіне елдің алғыстан өзге айтары жоқ.


Света АРТЫҚБАЙҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз