«Саулығыңызды тілеймін!»

1776

0

Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесінде бір топ қыз-келіншек отбасылық өмір мен ел тыныштығы үшін тынымсыз тіршілікті қатар алып жүр. Соның бірі − әділет майоры Меруерт Маратқызы. Ол – Қазақ мемлекеттік заң университетінің түлегі. Еңбек жолын Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының криминалды полиция бөлімшесінің жедел уәкілі болып бастаған.

Тәжірибе мен тәлімді тең дамытқан талдырмаш қыз­дың ертеңіне алғашында кү­дік­­пен қарағандар болды. Алай­да ізденісі мол жас баста­ма­шыл­­ды­ғымен көп ұзамай бас­­шы­лықтың назарына ілігіп, әріп­тес­терін мо­йындатты. Мер­уерт өзіне біраз ауыртпалық әке­ле­тініне қарамай, маман­ды­ғына адалдық танытып, қажырлы қыз­мет атқарып жүр.

Әр жылдары оқу орталы­ғында кабинет, тир бастығы, оқу орталығының мемлекеттік тіл саясаты және ақпарат тобының инспекторы, учаскелік полиция инспекторы, Тасбөгет полиция бөлімі штаб тобының инспекторы, аға инспекторы болып жұмыс істеді. 2016 жылы ауысу тәртібімен облыс бо­йынша ҚАЖ департаментінің қалалық пробация қызметінің инспекторы лауазымына та­ғайындалып, аға инспектор қызметіне дейін көтерілді. Про­бация қызметінде төрт жыл бойы сотталған азаматтарды қо­ғамға қайта бейімдеуге, олардың психологиялық, құ­қық­­тық әлеуетін жетілдіруге ықпал етті. Әрбірінің жаңа мамандық мең­ге­р­уіне, жеке кәсіп ашуына, жұ­­мысқа орналасуына қолдау көр­сетіп отырды. Бүгінде Мер­уерт Маратқызы – департаментте сотталғандардың ең­бегін ұйым­дас­тыру тобының бас маманы, әділет майоры.

Ал майор Бақыт Әбілова – үлгілі қызметімен көзге түскен ару. Әкесі Изенбек те саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнап, жемісті еңбек етті. Әкеге тартқан табанды қыз бала күнінен әке жолын қууды армандады. Сөйтіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетін бі­тір­ді. Ең­бек жолын департа­ментке қа­­расты 169/5 түзеу меке­месінде кадр бөлімінің инс­пекторы болып бастады. Бақыт Изенбекқызы бүгінде пробация қызметіне бас­шылық жасау тобында.

– Қиын салада еңбек етіп жүрсем де еңбектің арқасында майор болдым. Армандар орындалады. Тек сенім керек, – дейді кейіпкеріміз.

Ал Шырын Әбдиева салада жиырма жылдан астам жемісті еңбек етіп келеді. Қызылорда қаласындағы тергеу изоляторында жұмыс істеп бастаған ол арнайы есепке алу бөлімінің есеп технигі болып ауысты. Он жылын осы бөлімде өткізді. Жалағаш аудандық пробация қызметінде аға испекторлық атқарған кезде пробация қыз­метінің қыр-сырына қаны­ғып, сот­талғандардың түзу жолға тү­суіне себепкер болды.

– Бұл салаға келуіме се­бепші – ағам Ораз Қалиұлы. Осы күні қызметте ғана емес, отба­сылық өмірде де бағым жанды, – дейді әділет майоры.

Ағаларының қызметтік фор­масына қызығып, құқық қор­ғау саласын таңдаған ­Эльвира Пазылқызы да – қазіргі таңда әділет майоры. Қажырлы ең­бе­гінің арқасында Ішкі істер ми­нистрлігінің, Қылмыстық ат­қару жүйесі комитетінің бір­неше марапатын иеленді.

Қызылорда қалалық пробация қызметінің аға инспекторы, әділет майоры Айым Тау­кенова ішкі істер органының қызметкері болуды о бастан армандады. Бүгінде сүрініп ке­тіп жаза басқандармен жұмыс істеп, олардың өткен қателікті қайталамауы үшін профи­лак­тикалық жұмыс жүргізіп келеді. Еңбегі еленіп, түрлі марапатқа лайық деп танылды. Айымның жолдасы Бағдат та өзімен бірге бір салада қызмет етеді.

Нәзіктік пен қайсарлық бір-біріне қиыспайтындай көрінеді. Алайда бұл асыл қасиеттер кейіпкерлерімізге тән. Ұжымды бірлік пен берекеге бастаған бес майордың жетістігіне әріптестері риза.

Гүлбану МАҚАЖАН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<