Сегіз қырлы Сексенәлі

706

0

Сынаптай сырғитын уақыттың билігіне бағынбайтын жан жоқ шығар. Ал сол уақыт билігіне бағына жүріп, қай кезеңде де кісілік қалыбынан таймайтын жандар тым сирек. Тамырын тереңге жіберген тектілігі, көргені мен түйгені, кісіге жасаған қайырымы мен кеңдігі, ойының орамы мен көңілінің көркемдігі бір төбе замандасым, Сыр бойының азаматы Сексенәлі Рахановтың сегіз қырлы ерекшелігіне тоқталғанды жөн көрдім. 

Секеңмен сонау сексенінші жылдардан бері таныспын. Сол уақыттан бері жұмыс бабы­мен араласа жүріп, жақын бау­ырдай болып кеттік десем, артық айтқандық емес. Тарихи күндерге шолу жасап, таразылап отырсам, төрелі жастың төріне озған С.Рахановтың облыстың кәсіптік білім беру саласына қосқан еңбегі орасан.  Бұл са­ла­ның жүгін нардай көтеріп, ыстық-суығына мойымай тер төккен үзеңгілес досым әрі сыйлас ағам жайлы кейінгі ұр­паққа жеткізуді мақсат еттім.

Қаратаудың етегіндегі «Бір­лік» ауылында дүниеге кел­ген ол алғаш еңбек жолын меха­низа­торлықтан бастады. Дәл осы мамандық кейінгі өмір белестерінде тамаша педа­гог, білікті басшы, ұтқыр ұйым­дас­тырушы болуына ықпал етті. Өмір бойы іздену, еңбек ету, тынымсыз тірлік жасау – оның басты қасиеттерінің бірі. Қандай қызметте жүрсе де, Секең ең алдымен ұлағатты ұстаз бола білді. Дегенмен оның тұтас өміріндегі бөліп алып қарайтын бір белес – 1987-2005 жылдар аралығы. Бұл кезеңде кәсіптік-техникалық бі­лім беру оқу орындары ди­рек­­тор­ларының облыстық ке­ңе­сінің төрағасы және рес­пуб­ликалық директорлар ке­ңе­сі­нің алқа мүшесі, оған қо­сымша Қазақстан-Германия жо­басын жүзеге асыру және білім стан­дартын дайындау комис­сия­ла­рының мүшесі болды.

Тәуелсіздіктен кейінгі жыл­дары қоғам өмірінің бар­лық са­ласында  өзгерістер кеңі­нен етек жайды. Бүгін әлем та­ны­ған Қазақстанның тәуел­сіз­дік ал­ған алғашқы қиын кез­­дерін еске алудың өзі өте ауыр.  Дегенмен, сол аласа­пы­ран уақытта ерен еңбек етіп, болашақтың дамуына жол салды. Бір қуаныштың бір өкі­ніші болатыны секілді, тап сол кезеңде ондаған жыл жүйелі түрде жұмыс жасаған жоспарлы экономика құрдымға кетті. Жа­ңа экономикалық жүйе – на­рықтық қатынастар төрімізге озды. Тың жүйенің алғашында түсініксіз тұстары да көп болды. Қиыншылықтарға кезіктік. Мі­не, осындай сергелдең кезең­де Секең жауап­кершілік жүгін өз мойнына ала отырып, жұртын «жұттан» алып қалғандай еді. Сөзіме нақты дәлел келтіре кетейін, 1997-1998 жылдары кәсіптік-техникалық оқу орындарын ықшамдау, оң­тайландыру кезеңдерінде ди­ректорлар кеңесінің төрағасы есебінде облыс басшыларының алдына бірнеше мәрте кіріп, өңірдегі 17 училищенің 4-і ға­на қысқарды. Ал өзге аймақ­тарда бұл көрсеткіш 50-60 про­центті құраса, Қызылордада 23 процентпен шектелді. С.Ра­хановтың облыстық кәсіп­тік-тех­никалық білім басқар­ма­сында қызмет істеген ке­­­зең­дерде облыстағы училище саны 18-ге, ал онда оқитын оқу­шы­лар 12 мыңнан асты. Соны­мен бірге 8 жаңа кешенді оқу ғимараты салынып, пайда­лануға берілді. Басқарма жа­нындағы «Еңбек резервтері» спорт қоғамы мен мәдениет жұ­мыстары республика бойынша жоғары дәрежеге көтерілді.

С.Рахановтың ширек ға­сыр­дағы қызметі облыста бі­лік­ті мамандар даярлаумен ерек­шеленеді. Ағарту саласын­да 40 жылдан астам басшы­лық­та болған ол 1987-2002 жыл­дарда №9 кәсіптік лицейде (қазіргі атауы Қызылорда политех­ни­калық колледж), 2002-2005 жыл­дары №7 кәсіптік лицейде (қазіргі атауы Қызылорда ин­дустриалды техникалық кол­ледж) директорлық қызметтер атқарды. Саланың дамуына үлес қосумен бірге, әр баланың лайықты білім алуына жан-жақты жағдай жасап, өнер мен спортқа баулып, олармен тығыз байланыста болғанын білеміз.

Мен білетін Секең жаңа­лыққа жаны құмар. Жылт еткен жаңалықты оқу тәжірибесіне ен­гізетін. Кәсіптік білім сала­сының қиындықтары мол еді. Арнаулы пәндерден оқулықтар жетіспеген уақыттар болды. Бар болғанның өзінде орысша кітаптар – қазақы балалар үшін тү­сі­ніксіз дүние. Ел қы­зыға бер­мейтін техникалық білімді игеру арқылы еңбек етуді шәкірттеріне ұлағатпен үйретті. Саланың қыр-сырын терең меңгергендігі сонша оқы­тушыларға қажетті методи­ка­лық кітапшалар шығарды. Оның қаламынан туған 50-ден астам оқу-тәрбие жұмыстарын жақсартуға арналған қосымша оқулықтар бар. 

Ұлтжанды замандасым ру­хани баға жетпес мұраларды халқына қалдырудан жалыққан емес. Негізгі мамандығы физи­ка-математика саласы болға­нымен, шығармашылыққа бір табан жақын жанның қала­мынан туған мақалалар мен туындылар көп. Оның «Әке аманаты», «Маңдайға біткен марқасқа», «Сырдың Смекесі», «Дананың сөзі – ақылдың кені», «Тамыры терең бәйтерек», «Са­ғындырған сағым жылдар», «Қа­ратаудан түлеп ұшқан», «Абай туралы айшықтар» ат­ты кітаптары – көзі қарақты оқыр­манға үлкен олжа. Сол секілді, Алпамыс батыр, 1937-1938 жылдардағы жазықсыз жазаға ұшыраған азаматтар жайлы жазылған мақалалары бар. Осы еңбектердің бір төбесі – «Сырдың Смекесі», «Салмақты ойдың сәруары» кітаптарын айрықша атауға бо­лады. Қызылорда об­лы­сын­да кәсіптік техникалық білім беру саласының негізін салушылардың бірі Смағұл Ысқақов ағаның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында оның ру­хын асқақтатып, келер ұр­пақ­­тың зердесіне қалды­ру үшін есімін кәсіптік мектеп­ке беру арқылы алғаш баста­ма көтеріп, құзырлы орын­дар­ға ұсынуға ықпал жа­сап, аза­маттық танытқан да Сыр­дың Сексенәлісі екенімен мақ­танамын.

Рухани досымның тағы бір қыры – оның табиғатты ерекше сүйетіндігі. «Атадан мал қал­ғанша, тал қалсын» дегенді бе­рік ұстанған ұстаз әрбір басқан қадамын жасыл желекке айналдырып, өңірдің гүлденуіне үлес қосты. Үлкен жолдың бо­йында орналасқан қазіргі Қы­зылорда политехникалық колледждің ауласындағы қалың ағаш сырттан келген мейманды бірден өзіне қаратып, назар аудартады.

Сырбаз мінез, ширақ қимыл иесі бүгінде зейнетке шық­қанына 10 жылдан асса да, өңірде әлі де жасап жатқан еңбегі орасан. Ол зейнет демалысына шық­қаннан кейін М.Мәметова атындағы гуманитарлық кол­ледж ди­ректорының орынба­сары қызметінде көп іс тын­дырса, «СПФ Монтаж­спец­строй» ЖШС және «Тор­ғай Петролеум» АҚ оқу орта­лығының басшысы болған уақыттары өңірдегі мамандарды қайта даярлауға атсалысты.

С.Раханов ешқашан жеке басының қамын күйтте­ген емес. Атақ, даңқ қумады. Басшы­лардың есігін тоздырмады. Сон­дықтан да болар, құрмет оны өзі іздеп тапты. Халқының шынайы ықыласы, оның сүйіс­пеншілігіне бөленуі небір мара­паттардан артық деп ой­лай­мын. Десе де, үкімет тара­пынан мадақтауларға ие бо­лып, кеудесін көптеген ме­дальға толтырды. «ССРО және ҚР кәсіптік-техникалық білім бе­ру са­ласының үздігі», «ҚР Бі­лім беру саласының Құр­метті қызметкері», Қызыл­орда облы­сының «Құрметті қай­раткері», Бірлік ауылының «Құрметті азаматы» атағы, «Ы.Ал­тын­сарин атындағы медаль», 10-ға жуық мерейтойлық төсбелгі, министрлік пен облыстық пар­тия, атқару комитеттерінің Құр­мет грамоталары, қоғам және мемлекет қайраткері С.Қожанов атындағы сыйлықтың иегері Секеңнің еңбегінің бағалан­ға­нын көрсетсе керек.

Ұлттық құндылықтарды кейінгі буынға дәріптеу оның тағы бір қыры десек, қателес­пейміз. Себебі мен білетін са­лиқалы жанның жүрген жерінде қазақылықтың иісі аңқып тұ­ратын. Сонау тоқсаныншы жыл­дардың басында ұлттық ме­рекеміздің лайықты түрде тойлануына бір адамдай ең­бек еткенін екінің бірі біле бер­мес. Жай ғана сценарийге құрылған шара емес, ұлттық мерекені шынайы өмірлік оқи­ғаға ұластырғанын, сол уақыт­та қызмет жасаған адамдар әлі ұмыта қоймаған болар. Сан ұлтты біріктірген «СПФ Монтажспецстрой» ЖШС-да бұрын соңды аталып өт­пеген Наурыз тойының кең көлемде тойлануына, ондағы өзге ұлт­тарды халқымыздың бай дәс­түрімен таныстыруы аза­мат­тың болмысын толықтыра түс­кен­дей. Демек, бұдан ұлтының жанашыры, халқын жан жүре­гімен құрметтейтін кісілік кел­бетін көреміз. Жүрегінің та­залығын, адамгершілігін, кең пейілін оны­мен сырлас, за­мандас болған адамдар біледі. Бұл – өз алдына бөлек тақырып боларлық дү­ние. Біз ұлағатты ұстаздың ең­бек жолындағы іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін сөз еттік. Ал оның адами бол­мысы, биік тұлғасы – бір төбе.

Жетпіс бестің белесіне көте­рілген жаңа жасында мықты денсаулық, отбасына амандық тілеймін. Қалған байлықтың барлығын бір бойына жинаған парасатты жанның жүз жасауын Алла нәсіп еткей.

Қадырбек БӨРІБЕКОВ,

ҚР Білім және ғылым министрлігі  жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі,

ҚР «Құрметті қызметкері»,

Ы.Алтынсарин медалінің иегері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<