Шәкірттері шыңға шыққан ұстаз

2559

0

Мыңдаған мұғалім бар, бірақ оның ішінде шәкіртке білімімен ғана емес, бар болмысымен үлгі болатын ұстаздар санаулы десек, ешкімнің таласы жоқ шығар? Сондай санаулы ұстаздың бірі  Жалағаш ауданының тумасы, бүкіл саналы ғұмырын білім саласына арнаған Жақсылық Жылқышиев еді. Жалпы Жақсылық ағайдың түр-тұлғасы, табиғи болмысы есіміне сай болатын. Дәлірек айтсақ, ол кісінің қоғамдағы орны, елге еткен қызметі, білім дәрежесі мен қайраткерлігі қанша биік болса да, қарапайымдылық қасиеті содан жоғары тұратын.

Биыл ұлағатты ұстаздың туғанына 90 жыл толады. Өзі өмірден өткенімен ол кісінің еткен еңбегі елінің есінде сақталып қалды.

Жақсылық ағай үлкенге де, кішіге де ілтипатпен қарайтын. Кез­десе қалсаң, берген сәлеміңді бар ықыласымен қабыл алып, уақыт бөліп, амандық-саулығыңды сұрайтын. Ал егер жұмыс барысында көмегіне жүгінсеңіз, ақыл-кеңесін аямайтын. Әрдайым әділ­дік жағында болатын. Көңілінен шықпаса, кез келген адамның қа­те­лігін бүкпесіз бетіне айтатын, ла­уазымына, дәрежесіне қарамайтын. Осындай жоғары адамгершілігімен ұстаздардың арасында беделі биік болды. Зейнетке шықса да бала тәрбиелеу ісіне араласып, аудан оқушыларын математикаға баулып, олимпиадаға дайындау ісіне көп еңбегін сіңірді. Бұл күнде аудан орталығындағы З.Жарқынбаев атындағы №202 мектеп-лицейде Жақсылық Жылқышиев атындағы математика кабинеті бар. Заманауи көрнекі құралдармен жаб­дықталған кабинетте бүгінгі жас өрендер білім алуда.

Иә, мамандығы жағынан ол кісі математика пәнінің оқытушысы, жәй оқытушы емес, ең мықты мұ­ғалім болатын. Өз мамандығына барынша берілген адам еді. Сон­дықтан болар, біз білетін Жақ­сылық ағай көп жылғы еңбек жо­лында басшылық қызметке немесе атақ-мансапқа қызыққан емес. Есесіне осындай ұстаздан білім алған шәкірттерінің басым көп­шілігі жоғары лауазымдарды иеленіп, беделді, абыройлы қыз­меттерімен көпке танылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары қатарында, мемлекеттік органдарда халыққа қызмет етті. Олардың бірі Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев ұстазы туралы былайша толғанады:

– Жақсылық ағамыз Жалағаш ауда­нының орталығындағы орта мектепке математика пәнінен мұ­­ғалім болып келген оқу жылында біз 9-сыныптың оқушысы бола­тынбыз. Ағайымыздың сабақ бере бастаған алғашқы күнінен бастап, оның оқушыларға сабақ беруінде өзге мұғалімдерге ұқса­майтын өзіндік ерекшелігі барын байқадық. Біріншіден,  сабағында ешкім жалықпайды, керісінше, жаңа тақырыпты өту кезінде оқу­шылардың белсенділігі өте жоғары болатын. Өйткені, әрбір сабақ барысында математикалық теңдеулер мен формулаларды нақ­ты өмірдегі мысалдармен байланыстыра отырып түсіндіретін. Сон­дықтан ол кісінің сабағында бұрынғыдан шығарылмай қалатын есептер, дәлелденбей қалатын тео­ремалар, қорытындыланбайтын теңдеулер, формулалар болмайтын. Аптаның бірнеше күні бойы жаңа сабақты түсіндіріп, тек соңғы күндері балалардың алған білімін тексеретін. Кейде сыныптағы оқу­шылардың жалыға бастағанын бай­қаса, сабақты қоя салып, емін-еркін сөйлесіп, күлдіре отырып, сергітіп алатын, – дейді.

Бүгінде мемлекет және қоғам қайраткері Қожахмет Баймахан­ов ұлағатты ұстаз туралы естелі­гінде былай деп жазған екен: «…Жәкең – өзінің бүкіл саналы ғұ­мы­рын халқымыздың рухани өмі­рін өркендетуге, білім саласын да­мытуға, мектеп қабырғасында мықты шәкірттер тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаз,  абыз азамат. Осы тұста сөз зергері Ғ.Мүсі­реповтің жаны таза, жақсы адамдар жөнінде айтқан мына бір сөзі еріксіз ойға оралады. «Тұла бойы тазалықтан ғана, бауырмалдықтан ғана, айнымас, бұлжымас мейірім­діліктен ғана жаралғандай жан еді» деген тұжырымы тұп-тура Жәкеңе арнап айтылғандай.

Алланың нұрындай,  көктемнің ақ жауынындай елге, жұртқа пайдасы көп тиген аға еді. Төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей, жақын мен алысты бірдей тең көрген, елінің жігері, қоғамның тірегі бола білді. Өзіме ұстаз бола білген Жәкең жарық дүниеден кеткенше, басынан бағы таймаған адам деп білемін».

Жақсылық ағаның тағы бір қасиеті – хоббиі десек те болады, өмірлік тәжірибесінен ойына түйген афоризмдері бар болатын. Оның ішінде қазақтың нақыл сөздері, мақал-мәтелдері, сондай-ақ, орыс мақалдарынан аударған дәйексөздер көп кездесетін. Одан бөлек, өзінің де әртүрлі жайттарға қатысты ой-пайымын екі ауыз сөзге сыйғызып, мейлінше астарлап, тұспалдап, мақал-мәтелмен жеткізетін. Сондай-ақ, өмірге қажет болар деген көне сөздер мен көркем естеліктерді ыждағаттап жинап жүретін. Осындай ойлы дүниелерін ара-тұра аудандық га­зетке де жариялап тұрушы еді. Айталық, білікті де тәжірибелі ұс­таздың бала тәрбиесіне, жалпы оқыту методикасына арналған бір­неше мақалалары республи­калық, облыстық, аудандық газеттерде жарық көрді.

Жылқышиев Жақсылық Ишан­бек­ұлы 1931 жылы Жалағаш ауданы «Иіркөл» ауылында туған. Ел тарихындағы естен кетпес ауыр кезең – екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ол он жастағы бала болатын. Елді мекендегі «Иіркөл» мектебінде оқи жүріп, сабақтан бос уақытында өзі құ­ралпы жасөспірімдермен бірге кол­хоз жұмыстарына қолғабыс ететін. Осылайша бейнетпен бел­дері қатайып, ат арқасына мінер азамат жасына жеткенде соғыс бітіп, ел іргесіне тыныштық орнады. Жастайынан білімге құштар Жақсылық Жылқышиев 1949 жылы С.Киров атындағы Қазақ мем­лекеттік университетінің математика факультетіне 1949 жылы оқуға түсіп, оны 1954 жылы бітіреді.

Еңбек жолын Алматы облысын­дағы Сакко Вансетти атындағы мектепте ұзтаздық етуден бастаған ол кісі туған жер­ге келіп, өз ма­мандығы бойынша Мақпалкөл, М.Шәменов ауыл­ындағы орта мектептерде, кент орталығында №31 орта мектепте ұстаздық қызмет етті. Сонымен қатар, №201 орта мектеп директорының орынбасары, қазіргі Бұқарбай батыр ауылындағы №33 орта мектептің директоры, аудандық білім бө­лімінің әдіс­теме кабинетінің мең­герушісі қыз­меттерін абыроймен атқарған.

Ғылымдардың «атасы» саналатын математика пәні бойынша ұстаздың атқарған еңбегі ұшан-теңіз! Ол еңбегі үшін лайық­ты бағасын да алды. «Қазақ ССР-нің халық ағарту ісінің озық қыз­меткері», Қазақстан Комму­нистік партиясы Қызылорда облыстық комитетінің, Қызылорда облысы Халық ағарту ісі бөлімінің Құрмет грамоталарымен, «Еңбек ардагері» медалімен және көптеген мереке­лік медальдармен марапатталған. Қа­зақстан Республикасы Прези­ден­тінің Жарлығымен «Ерен ең­бегі үшін» медалін иеленді. Жала­ғаш аудандық мәслихатының ше­шімімен «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы» атанды.

Жақсылық Ишанбекұлының жұ­байы Керимова Халипа – апайы­мыз да 40 жыл өмірін ұстаз­дыққа арнаған жан. Жалағаш ауда­нын­дағы №123 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болды. Жылы шырайлы, жан дүниесі тап-таза, ізеті мен инабаты бөлек Халипа апайдың түр-тұлғасы адами асыл қасиеттің, ақыл-парасат пен ұстамдылықтың үлгісіндей көрі­неді. Өмір жолында, еңбек жолында қатар жүрген қос ұстаз 8 бала өсіріп, тәрбиелеп, немере- шөберенің қызығын көрді. Қазіргі таңда балалары әр салада абыройлы қызмет атқарып жүр.

Халқымызда «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген керемет сөз бар. Осы сөздің мән-мағынасы да Жақсылық ағай сынды жайсаң жандардың өмірлік өнегесін, бітім-болмысы мен ақыл-парасатын айқындай түседі.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<