«ШӘКІРТКЕ ДЕГЕН ШЫНАЙЫ ҚҰШТАРЛЫҚ ШЫҢҒА ШЫҒАРАДЫ»

545

0

Қай заманда болмасын, ұстаз қауымын халқымыз кадірлеп, кастерлеп, төрден орын беріп келген. Облыс мұғалімдері арасында ең биік шыңдарға қол жеткізгендер аз емес. Соның бірі –  қала тұрғыны Тақан Көдебаева.

Тақан апаймен жақында ғана таныстық. Өз басым әу бастан қариялармен әңгіме-дүкен құрғанды ұнатамын. Бұл кісі көпті көрген көнекөздердің санатында екеніне «ә» дегеннен-ақ көзім жетті.

– Сұрапыл соғыста жеңіске жеткен 1945 жылдың қыркүйек айында дүниеге келіппін, – деп бастады ұстаз әңгімесін.  1951 жылы қаладағы №140 мектептің табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа бардым. Бірнеше жылдан соң әке-шешем мені Ғани Мұратбаев атындағы №171 орта мектепке ауыстырды. Ол кездерде мектеп жетіжылдық болатын.

Әкесі Ұлы Отан соғысының бас­тапқы жылдарында-ақ ауыр жараланып, бірнеше ай госпитальда жатады. Нәтижесінде арнайы комиссияның шешімімен мүгедек­тікке шығып, елге оралған екен. Содан балалардың болашақ анасын кездестіріп, үйленеді, бір-екі балалы болады. Алайда, балалар кішкентай кезінде шетіней беріпті. Содан соң дүниеге тағы бір нәресте келгенде қазақтың ырымы бойынша қыз балаға «Тақан» деп ер адамның есімін қойыпты. Апайдың айтуынша, ата-анасы қарапайым шаруа болған екен, Абай атындағы кеңшарда тұрыпты. Отбасында жеті бала дүниеге келеді. Сол жеті ағайыннан бүгінде Тақан апай мен сіңлісі ғана қалған.

Жетіжылдық мектепті бітірген бой­жеткен 1959 жылы Қызылорда қала­сындағы Мәншүк Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесіне тү­седі. Табандай төрт жыл оқып, 1963 жыл­дың шілде айында қолына «қызыл» диплом алады. Сол жылы Н. Гоголь атында­ғы Қызылорда педагогикалық институттың филология факультетіне «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқуға түседі.

Алайда, бұйрық­тан қашып құтыл­ған кім бар? Инс­титутқа оқуға түс­кен жылы Аман­­тай Қара­мыр­­заев деген жігіт­пен та­нысып, аз уақыт ішінде көңілі жарасты, екі жас «үй­ленеміз» деген шешімге келді. Ол кездерде апайдың айтуынша, қыздың күйеуге қа­шып кетуі жиі кез­десетін еді. Сонымен күндердің күнінде Тақан да қашып кетеді. Со­дан оқу жайына қалды да, кейін­нен сырттай біті­руге тура келді.

Адам жас­тайынан армандағанына бейімделетіні белгілі. Ауладағы балалар жиналып, «мектеп» ойнағанда кішкентай Тақан қолына қалам, қағаз алып, «мұғалім» болып шыға келеді екен. Өскенде ұстаз болып, балаларды оқытып-тәрбиелеуге атсалыссам ба деген арман сол кезден басталған көрінеді.

– Аллаға шүкір, арманыма жетіп, мұғалім атандым және де бүкіл өмірімді балаларды тәрбиелеуге арнадым, – дейді қарт ұстаз.

Отбасында екі қыз бен төрт ұл дүниеге келді. Үлкен екі ұлы анасының жолын қуып мұғалім болды. Бірінші үлкен ұлы Қарағандыда колледж, одан кейін Алматыда институт бітіріп, қазір мектепте дене шынықтырудан сабақ береді. Екінші ұлы музыкант, 8-ші сыныптан кейін қаладағы әуез мектебін, одан кейін музыка училищесін бітірді. Алайда, достарына еріп Ресейдің Ярославль қаласындағы жоғары әуе қорғанысы әскери оқу орнына түскенімен, екі жарым жылдан кейін оқуды тастап, елге келді. Сол кезде Кеңес Одағы ыдырай бастаған болатын. Содан кейін ол Алматыда жоғары оқу орнының музыка факультетіне түсіп, бітіріп шықты. Қазір ол да мектепте жұмыс істейді. Үшінші ұлы Байқоңыр қаласында тұрады, сондағы мекемелердің бірінде жоғары қызметте.

Тақан апай 1963 жылы ке­ліншек болып түскеннен кей­ін Тасбөгет кентіндегі №11  мектепке жұмысқа орналас­ты. Үш жыл «Орыс тілі мен әдебиеті» пәнінен сабақ берді. Содан кейін сегіз жылдай бастауыш сыныпта­рында жұмыс істеді. Ол кезде балалар­ды алты жастан оқыту жүйесі енді қолға алы­нып жат­қан. Бір топ бастау­ыш мек­теп­тің мұға­лім­дерімен бірге об­­лыстық педа­гоги­ка­лық білім жетіл­діру инс­­титутында арнайы курстан өтті. Мектеп­те жаңа оқу жылынан бастап бірінші сыныптың балаларын алды. Сынып жетекшісі ретінде оларды 11 жыл бірге алып жүрді де, білім ұясынан өз қо­лымен ұшырды. Институт қабырғасынан шығы­сымен жолдама­мен №11 мектепке келіп, онда 33 жыл еңбек етті де, сол жылы 50 жасында зейнетке шықты. Айта кетері, апайдың еңбек кітапшасында бір ғана жұмыс орны жазылған.

33 жылдың ішінде Тақан апайдың алдынан қаншама ұл-қыздар өтті десеңізші! Биыл шәкірттері кездесу ұйымдасты­рып, сынып жетек­шісін құрметті қонақ ретінде ша­қырды. Тақан апайдың айтуынша, бір кездердегі ұл-қыздардың бүгінде балалары, немерелері бар екен. Бірі Астанада банк филиалының басшысы болса, енді бірі шетелде қызмет етеді.

Жалпы «Еңбек Қызыл Ту» орденін алған мектеп мұғалімдері облысымызда санаулы болса керек. Т.Көдебаеваның бастауыш сыныптарда жұмыс істеп жүрген кезі. Сол жылы Алматыдағы республикалық педагогикалық ғылы­ми-зерттеу инс­титутынан Дәмегүл Қа­тембаева деген жоғары лауазымды қызметкер облысқа келіп, мұғалімдердің кәсіби деңгейін тексеру мақсатында бірнеше аудан мен елді мекендерде олардың ашық сабақтарына қатысқан еді. Алматыдан келген қо­нақтар, облыстық білім басқармасының қызметкерлері, мектеп мұғалімдері апай өткізген ашық сабаққа қатысып, жоғары баға берді. Содан бастап Т.Көдебаеваның есімі об­лыстық, республикалық газет беттеріне шыға бастады. Бірнеше рет газет, радио тілшілеріне сұхбат берді. Соның аяғы 1981 жылы облыстық партия комитеті оны орденге ұсынды. Бірінші хатшы Сағидолла Құбашев салтанатты жиналыстардың бірінде орденді табыс етті.

Бүгінгі таңда қоғамда қалыптасқан сан алуан пікірлер бар екені жасырын емес. Солардың бірі – қазіргі жастардың білімге, жұмысқа ынтасы бұрынғыдай емес дегенге саяды. Ол жас мұғалімдерге де қатысты, өйткені бүгінгі бала тәрбиесі ертеңгі қоғамды қалыптастыратыны мәлім. Бұл тұста Т.Көдебаевның пікірі қанша жыл өтсе де, өзгерген емес. Апайдың айтуынша, ең бастысы – мұғалімде балаға деген мейірімділік болуы керек. Мұғалім оқушының жан-дүниесін сезе білуі тиіс, оқушыны баласынан кем көрмеуі қажет. Бүгінгі мектеп оқушысы ертең білімді, білікті һәм айналасындағы жұртқа мейірімді болғанын қай мұғалім болса да қалайды ғой. Тақан апайдың үлкен өмірге жолдама берген ұл-қыздары өте білімді, жан-жақты және табандылықпен танылды. Жылына екі-үш рет келіп, ұстазының хал-жағдайын сұрап тұрады. Әсіресе, мектепте өтетін соңғы қоңырауларда міндетті түрде кездеседі.

Тағы бір айта кетері, 33 жыл тер төккен №11 мектеп ұжымы да ардагерлерін ұмытқан емес, жиі хабарласып, жиындардан қалдырмайды.

Әңгіме үстінде Тақан апай шалын да атап қойып отыр. Сөйтсем, біз сұхбаттасып отырған күні, яғни тамыз айының үшінші жұлдызында екеуінің отасқандарына 55 жыл толып отыр екен.

– Ол кезде мен 17 жаста едім, күйеуім 20-да болуы керек, – деп Тақан апай әңгімесін жалғастыра түсті.  Педучилищеде оқып, шашымыз жалбырап жүрген кезде танысқанбыз ғой. Отағасы бастапқы кезде Тасбөгеттегі автобазада шофер болып істеді. Ата-енеммен бірге тұрдық, екі қайным болды, соларды көтердік. Кейіннен политехникумды сырттай бітіріп, еңбек қауіпсіздігі жөніндегі инженер қызметін атқарды, штаттан тыс мемелекеттік автоинспекция қызметкері болды. Қазір ол да зейнетте.

Ұстаз, ана, әже ретінде Тақан Көдебаева өзін бақыттымын деп санайды. Немерелері үйлене бастады. Жалпы қазір 19 немере, олардан  13 шөбересі бар. Мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұстаз үшін ең басты байлық –  еліміздің тыныштығы мен бүгінгі бейбіт күн.

Қазыбек КАМАЛҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<